Рухани мешеуліктің ақыры…

576

Рухани саладағы жеңіліс­тері­міз өркениет жолындағы қазақ қоға­­мының өзара бірегейленуі мен тұтас­тануына ауыр соққы болып отыр­ғаны белгілі. Рухани азғындаулар мен ауыт­қулар, этикалық, эстетикалық дезинтеграциялар, шектен шыққан көрген­сіздік пен бассыздықтар ұлттың біртұтас болып ұюына кері әсерін тигізуде. Тобырлық психология жалпылама сипат ала бастады. Тұтынушылық дүниетаным мен іс-әрекет форматы басымдылыққа ие болып, ұлттық қасиеттер мен адами құндылықтар кері ысырылуда. Мұндай тобыр өкілінің діттегені де басқа, өмірлік ұстанымдары да өзгеше. Жасампаздық іс-әрекетті тұтынушылық менталитет ауыстыру үстінде. Сезімдік, тәндік қажеттіліктерді қанағаттандыру, көңіл көтеру, өмірден тек ләззат іздеу, сауық-сайран салу, құмарлықты басу адамдар іс-әрекетінің жетекші тетіктеріне айналуда. Мұндай сипаттағы адамдар саны жыл санап көбейіп келеді, болашақта да көбейе бермек. Ондай адамдардың дүниетанымы рухани құндылықтардан алшақ. Мұндай тіршілік иесі өзгенің ақылына сенгіш, бөтеннің кеңесін қа­был­дағыш, еліктегіш, сыртқы ықпалға бейім болып келеді. Онда сыни ойлауға орын жоқ. Манипуляцияның объектісіне жиі айналып, қателіктерге көп бой алдырады. Олар тұтынушылық қоғамның жемісі және басты субъектісі. Іс-әре­кет­терінде этикалық нормалар мен адам­гер­шілік ұстанымдар жиі ауысып, жауыз­дық пен ізгілік, әділеттілік пен әділет­сіздік, ар мен арсыздық жиі орын алма­сып тұрады. Мұндағы басты себеп – рухани мешеулік, жеке тұлғалық қа­сиет­тердің қалыптаспауы. Ондайлар үшін тобырлық сана шеңберінде қалу әлде­қайда тиімді және ыңғайлы. Осы жағ­дайда тәуелсіздікті қалай қорғай аламыз?

Бізде тұтынушы қоғамды қалыптас­тырып отырған мұндай ағымдарға қарсы тойтарыс беретін рухани күштердің қайнар көзі қайда? Жасампаз рухани күштердің тиімді тетіктері қандай деген сұрақтар туындайды. Әрине, ойға бірден оралатын құндылықтар, ол – отансүйгіштік, патриотизм, ар, намыс, ұят, әділеттілік, парасаттылық, білім­паздық, еңбекқорлық, достық, өзара сый­ластық, өзара көмек, мәдениет­тілік және т.б. құндылықтар. Аталған құн­дылықтарды қоғам санасына сіңірмей тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну әсте мүмкін болмайтыны сөзсіз.

Төлеуғали ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз