Старшын Салқынбай және бодандық жүйесі

727

Қазақ жерін толық отарлағаннан кейін Ресей үкіметі хандық-сұлтандық билікті түпкілікті жойып дала өлкесін басқарудың жаңа нұсқасына көшуге кірісті. 1867-1868 жылдардағы реформамен енгізілген «жаңа мизам» жүйесі бойынша жергілікті басқаруға ерекше көңіл бөлінді. Мұндай жаңғырудан біздің өлкеміз де тыс қалған жоқ. 1854 жылы құрылған Семей облысы 1869 жылы Семей, Павлодар, Қарқаралы, Көкпекті уездері мен Зайсан приставтығына бөлінді. Зайсан кейіннен уез болып оның құрамында 17 болыс қараған.  Қазақ жерлерін болыстық басқару жүйесі осы уақыттан, нақтырақ айтқанда 1869 жылдан басталып еді. Ол және біздің атамыз Салқынбай Қомай ұлының туған жылымен тұспа-тұс келді. «Жаңа мизам» ережесі бойынша әр болыс 1000-2000 шаңырақтан құралатын болды, оның құрамындағы әр ауылда түтін саны 200 шаңырақтан кем болмауы тиіс деп белгіленді. Болыстың басқарушысы мен ауыл старшыны 3 жылға сайланатын. Және олар жеке сайланбайтын, ең көп дауыс алған адам болыс немесе старшын болып сайланса, одан сәл төмен дауыс алған адам «кандидат» болып сайланып отырды. Болыс сайлауына 50 шаңырақтан бір сайлаушы қатысатын да старшын сайлауына 10 шаңырақтан бір сайлаушы қатысып дауыс беретін. Осы сияқты ауыл билері де үш жыл сайын сайланып отырды, мұнда да ең көп дауыс алған үміткер болыс немесе старшын сияқты«ауыл биі» (халық судиясы) болып сайланатын да, дауыс саны бойынша екінші орында тұрған адам кандидат сайланатын. Сайлауда жеңіп шыққан старшын мен биді кандидаттарымен қосып уезд бастығы бекітеді. Ал болысты сол уезд бастығының ұсынуымен генерал губернатор бекітетін болды. 200 шаңырақтан тұратын бір ауыл бірнеше атадан құралатын болғандықтан олардың өз ішінде партияласып билікке таласуы орыс үкіметі үшін тиімді болғаны сөзсіз. Ауылдарда старшынмен қатар би сайлауы жүргізіліп, ауыл биін де 3 жылға сайлау ел ішінде дау-дамайды көбейте түсетін. Ауыл биі даулы мәселелерді шешетін заңдылықты бақылаудың бірінші сатысы болды. Ауылдың биі елге сыйлы, беделді, білім-парасаты жеткілікті адамдардан сайланатын. Жасы жиырма бестен асқан, әділдігімен ел көзіне түсіп жүрген азамат би болып сайлана алады. Ауыл биі-сол кездегі билік-сот жүйесінің бірінші сатысы ретінде жеке дара билік айтатын. Орыстың 1868-1869 жылдан бастап енгізілген «Жаңа мизам» заңы бойынша ауылдың биі құны бес жылқы, немесе елу қойдың құнынан аспайтын даулы істерді қарап шешеді, бұл сол кездегі малдың құны бойынша 100 сомнан аспайтын істер деген сөз. Бір-ақ сол он тоғызыншы ғасырда да ақшаның құны тұрақты болмаған. Ал құны мың сомға дейінгі даулы істерді болыстық билер съезі қарап шешеді екен. Билер съезіне бір болысқа қарасты барлық ауылдардың билері қатысады да олар өз ішінен төраға сайлайтын болған. Бұл сайланған төрағаны қазақтар «Төбе би»деп атағанын білеміз. Билер съезі белгілі бір кезеңмен шақырылады, болмаса жедел шешетін ерекше даулы жағдай болғанда, екі болыс елдің арасында даулы мәселе туындағанда жиналады. Қалай болғанда да болыстық билер съезін уездің бастығы шақырады деп көрсетілген ережеде. Билер сотының ең жоғарғы сатысы «төтенше билер съезін» (Черезвычайный съезд) генерал-губернатордың келісімімен ғана шақырылады делінген. Бұл екі сатының атқаратын қызметіне тоқталмай-ақ, ауыл билеріне келсек, олар ауыл старшынының өтінішімен, болмаса әлде біреуден жәбір көрген адамдарының шағымы бойынша істер қарайды. Былайша өз бетімен шешім жасап билік айта алмайды. Ауыл биі дау-шарды шешуде негізінен қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптық заңдары бойынша жұмыс істеген. Арасында Ресей заңнамасына сай старшынның заңды талабын орындамағандарды, елдің береке бірлігі мен тыныштығын бұзғандарды, салт-дәстүрді сақтамаған тентектерді жөнге салып тәртіпке шақыратын. Сондай-ақ олар қазақи отбасылық салт-дәстүр мен береке бірліктің сақталуына көп көңіл бөлетін. Сонда би мен старшын құдай жолынан да заң жолынан да ауытқымай, ата дәстүрі мен азаматтық парасатын биік ұстаса ғана ауыл-аймаққа абыройымен танылып құрметке бөленеді. Әділдік жолынан алшақтап, қиянатты қадамға барып ел ішінде дау тудырған жағдайда старшын мен бидің де ара жігі ажырап жауласуға дейін барған жағдайлар қазақ арасында кезігіп жататын.

1868 -1869 жылдары басталып 1898 жылға дейін бірнеше рет толыққан реформалар бойынша отаршылдық биліктің жергілікті жерлердегі негізгі тірегі болыстық басқару жүйесі болуы керек еді. Сол үшін патша үкіметі болыс басқарушысына бір жылғы қызметі үшін 500 сомға дейін, старшындарға жылына100 сомнан 200 сомға дейін жалақы белгіледі. Сол кездегі баға бойынша ересек жылқы 50-80 сом аралығында бағаланатынын архив материалдарынан көреміз. Негізі ол кезде де баға тұрақты болмағанын айта кету керек, кейіннен бір жылқының құны 20 сомға түсіп қалған да кездері болған.

Ауыл старшындары тікелей халықпен жұмыс істейтін, үкіметтің заң-зәкүндерін іске асыратын, толып жатқан салықтар мен алымдарды жинайтын, мал-жанның есебін жүргізетін, жоғарыдан келген нұсқаулар мен міндеттемелерді орындататын болғандықтан олар шынын айтқанда екі оттың ортасында жүрді.

Үш жыл сайын шаңырақ санын, адам мен малдың санын, жер көлемін растап өткізетін де осы старшындар дедік. Жасырған жағдайда оларға белгіленген жаза түрлерін де заңмен айқындап қойған екен. Старшынның жұмысын уезден келіп тексеріп тұратын комиссиялар өз алдына, өзінің бақталас-кандидаты және бар, арыз жазғыш ағайын тағы бар, оған жақпаса бұра тартатын ауыл биін қосыңыз. Сонда старшындардың екі рет қайта сайлануының өзі оңай шаруа емес екен. Дегенмен өз борышын абыроймен атқарған старшындар аз болған жоқ. Солардың бірі ел-жұрты ерекше құрметтеген, «Хабарасу» болысының №3 ауылының старшыны болып 30 жыл абыройлы қызмет атқарған өз атам Салқынбай Қомай ұлы жайында жазсам деп көптен ойлайтын едім. Кезінде білетіндерден, көзімен көрген, басы-қасында болған үлкендерден ешнәрсе жазып алып қалмаппыз. Олар да бізге тиянақтап ештеңе айтпапты. Кейде бастары қосыла қалғанда өткен замандары туралы ешкімнен жасқанбай ұзақ сонар әңгіме айтатын кездерін көріп қалдық. Сол қариялардың бастан кешкен заманын саралап, көрген тауқыметтерін барласақ та көзіміз жетер еді, олардың нені, неге жасырғандарына.

Дәм тартып Семейге көшіп келгеннен кейін мұндағы мемлекеттік архивке, одан кейін Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивіне қол жетіп, өзіміз үшін құнды құжаттар таптық. Сол деректер бойынша атамыздың фамилиясы орыс құжаттарында Бекчин болып жазылғаны, басқа да ол кісіге қатысты мәліметтер анықталды. Негізі Бекше атамыздың Қомай, Жекешбай деген екі ұлы болған. Алғашқы немересі болғаннан кейін Бекше атамыз Салқынбайды өзі бауырына салып алып, сол кісінің қолында тәрбиеленген екен. Сол кісінің қамқорлығымен мұсылманша жақсы білім алып, орыс жазуын да толық меңгеріпті. Семейдің архивінен табылған 1920 жылғы Зайсан уезі кеңсесінің, сол уезге қарайтын болыстар мен ауылдардың атқару комитеттерінің қызметкерлері туралы жүргізген мәліметтік кітабында Бекшин Салқынбайдың қолында «қырық екі жастағы әйелі, екі ұлы және жетпіс бес жаста шешесі бар» деп көрсетілген.

Бекшенің біз білетін екі ұлының үлкені Қомай да ертерек қайтыс болған деп жататын үлкендер. Ал «Жекешбай Бекше байдың ықпалымен старшындыққа сайланып біраз уақыт елге қызмет жасады» дегенді естіп едім дейді. Салқынбай атамыз сол Жекешбай старшынға көмекші болып, жазу-сызуын жүргізіп жүріп старшындық жұмыстың қыр сырын меңгерген, сол арқылы билікке қол жеткізгенге дейін өзінің қабілетімен көзге түсіп ел назарын аударды деген де қисын айтылады. Сөйтіп старшындыққа 1899-1900 жылдарда болған сайлауда көпшілік «Бекше байдың баласы» деп сенім артып сайлап жіберген екен. Содан бастап бұл кісі бірнеше рет қатарынан сайланып патша үкіметі кезінде де ел-жұртының алдында абыройлы қызмет жасағанын көп айтушы еді үлкендер. Атамыздың 1916 жылы старшын болып сайланғаны туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік архивінде деректер сақталған. (Қор №15, тізбе №1, 1608) Осындағы Нұғыман Жұбаныш ұлы туралы Зайсан уезі, бірінші бөлімшесінің крестьянский начальнигінің хаттамасында «Нұғыман Жұбанышев-киргиз Хабар-Асуйской волости, №3 ауыла» деп жазылған. Нұғыманға дейінгі Билеуші болыстың да №3 ауылдың аумағындағы «Ақжалды» мекендегеніне алда тоқталамыз. Сондықтан да №3 ауыл старшынының болыс басқармасына да, олардың басқару ісіне де етене жақын жүргенін дәлелдейтін мәліметтер бар. Мысалы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік архивіндегі Қор №462, тізбе №1, №2003 істе старшын Бекшин Салқынбайдың «Хабар-Асу» болысы басқарушысының атынан құжатқа қол қойып мөр басқанын дәлелдейтін дерек сақталған. Болыс басқарушысы әлдеқандай жоқ болған жағдайда шұғыл жөнелтілетін құжаттарды старшын «уақытша міндетін атқарушы» ретінде бекітіп жіберетін болған.

Атамыз 1917 -1919 жылдары алғашында «Уақытша үкіметтің», одан кейін ауылдардағы «Алашорданың» билігін нығайтуға байланысты тапсырмаларды орындауға белсене араласқан. 1920 жылы большевиктер өз билігін тұрақтандыру мақсатында «Сайлау» өткізіп, болыстық және ауылдық атқару комитеттерін құрған екен. Болыс болып сайланған Күдерин Жақия, руы Тоғас ішінде Кәдір, ол кісінің зираты Тарбағатай ауданының Жамбыл ауылында. Атамыз бұл жолы да «Хабарасу» болыстық атқару комитетінің мүшесі, № 3 ауылдың атқару комитетінің төрағасы болып сайланғанын архив материалдарынан көреміз. (Семей Мемлекеттік архиві, қор-72, тізбе-1; іс № 155) Осы қызметті 1928 жылы болыстар тарап аудандар мен ауылдық кеңестер құрылғанға дейін атқарған атамыз старшындықтан ары қарай жоғарылап болыстыққа, басқа мансапқа ұмтылмаған екен. Біз ол кісінің 1920 жылы сайланғанын, 1928 жылы ауылдар ауылдық кеңестерге біріккенде қызметтен босағанын архив құжаттарыарқылы дәлелдедік. Арасында «сайланбай қалып еді» деген дерек жоқ болғандықтан, сол 1928 жылға дейін қызмет атқарған деп санаймыз. «Осыншама ұзақ жыл қалай старшын болдыңыз» дегендерге: «Мен билік үшін емес игілік үшін еңбек істедім» дейді екен. 1928-1929 жылдан бастап «Болыстық атқару комитеттері» таратылды, демек, «Хабарасу» болысы да тарап жаңа құрылған «Тарбағатай» ауданына қосылған. Сөйтіп, болыстың құрамындағы старшындықтар таратылып, солардың негізінде ауылдық кеңестер құрыла бастаған болатын. Бұл жағдайдың бір ерекшелігі-бұрынғы старшындық ауылдардың көбі бірнеше ауылдық кеңестерге бөлініп кетті. Біздің атамыз басқарған үшінші ауылдың құрамындағы «Жайлау» ата ұрпақтарының көп бөлігі екі ауылдық кеңесте жинақталды, қазіргі Жалаңаштың, Жамбылдың тұсындағы Айдар, Қойбағар аталардың бес-алты шаруашылық ауылдары ғана Құйғанға қарап кеткен. Одан бөлек төртінші ауылдың, жетінші ауылдың көп бөлігі осы жаңа ауылдық кеңеске кірген. Бұл жаңа құрылым кейіннен «Комсомол» ауылдық кеңесі деп аталды. Осы ауылдық кеңесті басқарған он тоғыз-жиырма жастағы Дина Қыбырова Салқынбаймен бір жылы, бір айда туған Жекешбайдың ұлы Сағынбайдың (Қыбырдың) келіні еді. Старшын қыр–сырын жетік меңгерген қызметін келіні Динаға өз қолымен өткізіп берген. Жалпы Дина апамыз орысша-мұсылманша сауатты болғандықтан старшынның қамқорлығында бірер жыл қызмет атқарған дегенді де естігенбіз. Одан кейін старшын Динаның қызметке тұруына да, ары қарай істеп кетуіне де қамқорлық жасаған көрінеді. Қисыны да солай, қызметтің шетінде жүріп, көзге түскен адам болмаса, үйде отырған жас келінді большевиктердің бірден қызметке ала салуы қиын. Олар көбіне сырттан, ысылған партия қызметкерлерін, революционерді әкеледі, әдетте.

Өзі алғаш старшындыққа сайланғаннан бастап сол ауыл-елдің берекесі мен бірлігін сақтай отырып игілігін арттыруға өмірін арнаған атамызды өзінен үлкендер «старшын», кішілер «молда аға» деп атаған. Өзі ел ішінде де, уезде де беделді, әрі өтімді болғанға ұқсайды. Елдің әл-ауқатын арттыру үшін шаруашылықтарды тиімді ұйымдастыру керек болса, ауылдағы еңбекті, елдің тұрмысын жаңартудағы атамыздың атқарған жұмыстары, оның жолын табудағы амал-шараларының да нәтижелі болғаны анық. Мысалы,«меншігіндегі малының саны жылқыға шаққанда 8-ден аспайтын шаңырақтар саны ауылдың 40 пайызын құрайды» деп құжаттар жасап дәлелдеп, болыстың пәтуәсімен уезден егіншілікпен айналысуға келісім алғанын, несиеге тұқым алып, оны егуден бастап орып алып бастырғанға дейін басы қасында жүретінін айтатын көнекөздер. Бұл соноу мың тоғызжүздің басынан басталған шаруа болатын. Ол кезде де уезд ауылдардағы шаруашылықты қатаң бақылап, есебін жүргізіп, соған сәйкес салық жинатып отырғанын даархив деректері айғақтайды. «Түбінде баянды еңбек егін салған» деп Абай айтқандай атамыз егіншілікке, үй салуға ерекше күш жұмсаған көрінеді. Және бұл ауыл егінге басқаларға қарағанда ертерек бет бұрған болатын. Бала күнімізде ақсақалдар: «Старшын Ұзынбұлақтың қырына су шығарып егін еккізді, қол орақпен егін орып маншаңмен бастырды» дегенін көп естіп едік. Сол ақсақалдардың ішінен есімізде қалғаны Уса, Әзи аталар болатын. Бұлар сол кездегі бозбала, жас жігіттер болған соң старшын оларды әртүрлі жұмыстарға жұмсай береді екен. Кәзір Ұзынбұлақтың суы атамыздың зираты тұрған тұсында, қырдан бес-алты метр төменде ағып жатыр. Бірнеше шақырым жоғарыдан арық тартып осы суды қырға шығарудың қанша еңбек екенін ойлап көріңіз. Кетпен-күректен басқа құралдары да жоқ, оның өзі санаулы. Сол болар-болмас құралдармен арық тартып қырға су шығару-қазіргі жағдайда қисынсыз болып көрінуі мүмкін. Жаңағы көзімен көріп басы-қасында болған, қырға су шығарудың тауқыметін көрген аталарымыз «үнемі арық жағалайтынын» айтатын. Тауда жауын-шашын бола қалса судың деңгейі көтеріледі, су шалқып арықты бұзып кетсе оны қайта байлап қалпына келтіру үлкен жұмыс болады ғой. Арық жағалағандар топырақтың шайылып кетейін деп тұрған жерлерін қомдап биіктетіп отырады. Жер жыртуға өгізбен сүйрейтін «тісағаш» жасатып егінді «Маншаңмен» бастыру әдістерін қолданған. Маншаң деп жүргендері орып бауланған астықты малдың тұяғымен бастырып алуды айтады. Бірыңғай асау тайыншаларды қосақтап ортадағы ағаш бағанаға байлап қойып айналдыра қуалайды екен, солардың тұяғымен тапталған егіннің дәнін ұшырып сабан-топанынан ажыратып алады. Олардың осы егіншілікпен айналысқанына жеті-сегіз жыл өткен соң, 1909 жылы Орыс географиялық қоғамының жүргізген есебі-«Записи Семипалатинского подотдела. Русского географического общества» деген кітапта №3 ауылдың шаруашылығы туралы таблица бар.  Тура осындай таблицалар барлық болыстардың барлық ауылдарына жасалған, онда старшындық ауыл «шаруашылық ауылдарға» бөлініп, олардың әрқайсысының бес түлік малының саны, қай жерді жайлайды, қай жерді қыстайды, қай бұлақтан су ішеді дегенге дейін мәліметтер беріледі. Ал енді, адамдар жөнінде берілген мәліметтер де жан–жақтылы жасалады, қай жастағы адам саны қанша екені есепке алынады. Жекелеген ауылдарда сауатты адамдар бар ма, мұсылманша сауатты адам қанша, орысша сауатты қанша, оқып жатқандар нешеу деген сияқты мәліметтер бар. Ауылдардың егіні мен шабындығына дейін, соқа, тісағаш, кетпен-күрегіне дейін есепке алынған.

Бұл деректер «Семей облысы, Зайсан уезі қырғыздарының шаруашылығы мен жер иеленуін қайта зерттеу» экспедициясының 1913 жылы Санкт-Петербургте басылған жинағынан алынып отыр. Осы санақтан бірнеше жыл бұрын егіншілікпен айналысуға рұқсат алып, жер көлемін белгілегенде, «олар жер көлемін артық жазған шығар»деген ой кімге болса да алдымен келеді. Алайда, ол кезде де жер көлемін артық жазудың жөні жоқ еді, үйткені қанша жазса, сонша салық төлейтін болған. Демек сол экспедицияның дерегіндегі жүз елу-жүз алпыс десятинаның мөлшері рас болғаны.

Салқынбай старшын осы егіншілікті дамыту үшін «шаруашылық ауылдарды» ұлғайтып отырды. Болыстық жүйеде «Старшындық ауылдар» аталық-рулық белгіге қарай құрылады, оның ішіндегі әкімшілік бөліністің бір сатысыбір әулеттен, бір атадан тараған отбасылардан құралатын, оны сол кездегі үкімет «шаруашылық ауыл» деп атаған да, оны «Ақсақал» басқаратын болған. Ары қарай бір «шаруашылық ауыл» бірнеше «жеке шаруашылықтан» құралады. Сөйтіп, жақын ағайын туыстан құралған бір шағын ауылда, немесе «шаруашылық ауылда» көп старшындарда 10-15 шаруашылықтан аспайтын. Ал С. Бекшин басқарған №3 ауылда көбі 17-20 шаруашылық болып біріккенін көреміз, оның ішінде Жадыраның Құрманғалиы (орыстар Курмангали Джабра деп жазыпты) бастаған бір шағын ауылда 27 шаруашылық болған. Бұл жалпы Хабарасу болысы бойынша ең көп жеке шаруашылықтың бірігуі (346 -бет).Шаруашылық ауылдың ірі болуы егінді бірлесіп егу, күтіп баптау үшін қолайлы еді. Салықты да көп болып көтеріп уақытында өтеуге көп жеңілдік береді.

 

Төлеухан Салқынбаев, ҚР Білім беру саласының үздігі.

Этнографиялық – деректі «Старшын» кітабынан үзінді

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз