ӨСУ ЖОЛДАРЫМЫЗ
(мақалалар)
ӘДЕБИЕТТІҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУРАЛЫ
Бұл еңбегімді Советтік Қазақстанның қырық жылдық тойына арнаймын.
Автор
БІЗДІҢ ӘКЕМІЗ — ОКТЯБРЬ
Сыланған қыздың көңіліне кір келер деп ойламай, мінін жарқыратып алдына көрсетіп беретін айна қандай болса, тарих та сондай. Біреу қолақпандай мінін қолындағы алтын жүзігіндей етіп көрсетемін десе де, тарих оның ырқына көнбей, жақсылық, жамандығын жарқыратып айтып береді. Тарих бір күндік емес, көп күндік. Тарихта бір күннің емес, көп күннің көп күндегі тұрмыстың тізбегі бар. Егер тарих болмаса, өткен уақыттағы жақсылық, жамандықтан түк білмейтін соқыр, әңгүдік болар едік. Сондықтан біздің тарихпен есептеспеуімізге болмайды. Тарих бетіне қарап отырсаң, адам баласының білім қалай аттағанын, біреуге біреудің істеген зорлық-зомбылығын, қандай кісінің жақсылыққа басшы болғанын, қандай кісінің жауыздыққа басшы болғанын айтып береді. Әрине, оның бәріне тоқтап түсіндіріп кетсе, бірталай кітаптар жазылуға керек, жазылып та жүр. Менің мақсатым әзірше ол болмағандықтан тек қазақ халқының тарихына, бүгінгі тіршілігіне де тығыз байланысты тоқтап кеткім келеді.
Жуырда Орынбордағы бір шешеннің лекциясын тыңдадым. Ол қазаққа деген жақсылық біткеннің бәрін маңдайына басып бірнеше кісіге бөліп берді.
Шешеннің бұл сөзіне «аузыңды ашсаң нанамын, өтірік айтсаң зауалым саған» дейтіндер де бар шығар Бірақ мен ондай ойдан аулақ болғандығымнан өз пікірімді жалпы еңбекшілердің сынына салмақшымын.
Шешен мақтаған адамның бірі — Кенесары ханды алсақ, оның өз өмірінде істеген зұлымдық, жамандығы халыққа мәлім. Кенесарының орысқа қарсы соғыс ашуының мәнісі, қазақ орысқа бағынса елдігінен айырылады деген ой емес те. Өзі Абылай ханның немересі, Қасым ханның баласы болды. Егер Россияға бағынса, жер тәңірсісіндей көріп аузына қаратып тұрған қазақ елі, Кененің әміріне бағынбайтынын, Кенені ханына есептемейтінін сезді. Сондықтан ол қазақтың қамын ойлап, қазақтың жоғын жоқтаған жоқ, өз мүддесін ойлап, Абылай мен Қасымның мұрасын жоқтады. Егер Кене шын қазақ елінің қамын ойласа, маңайындағы қазақ руларын қысқа күнде қырық рет шауып неге маза бермеді? Өтірік айтса жаны шықсын, қазақтың қарт адамдары, «Кене пәлен жерде пәлен румен өштесіп, талап алды, жүкті әйелдердің ішін жарып, баласын керегеге іліп кетті» деп отырады. Соған қарағанда Кенені қазаққа залалсыз еді, тізесін батырмап еді, момын еді деп мадақтаған адамның адасқандығы. Егер Кенесары тимеген елге соқтықпаса, қырғыз елімен соғысқан мәнісі қалай?
Шешеннің екінші мақтаған адамы Ахмет Байтұрсынов. Оның жайында айтатыным: жалғыз Ахмет емес, әрісін айтқанда жалғыз қазақ емес, бұратана халықтың көбін оятқан 1905 жылғы Россиядағы төңкеріс болатын. Онда да алдымен татар ұлтшылдары «Милләтім» деп бас көтерсе, Ахмет Байтұрсынов, Мержақып Дулатов пен Әлихан Бөкейхановтар соларға еліктеп ұлтшылдық туын көтеруге кіріскен. «Ахмет қазақтың Ақаңы болса, мен Жақаны» деп жүрген Мержақыптың «Оян қазақтағы» мәслихаты, шариғаты, мағрифаты, табиғаты, хайриаты, жамғиаты дегендері… соқыр кісі болмаса, көзі барға татар ұлтшылдарын еліктегендігін көрсетіп-ақ тұр. Ахметті алсақ, ол жалпы қазақ халқының Ақаңы емес, қазақтың ақ жағаларының, байларының Ақаны. Егер Ахмет жалпы қазақ халқының Ақаңы болса, қазақтың жуан жұдырықтарының кедейлерге істеп келе жатқан қиянаттарын көріп, я сөзі, я ісімен жуандарға жұдырық көрсете алды ма? Жоқ, Ахмет Байтұрсыновтың патша заманындағы әрекетін айтпай-ақ қояйық. Ал Октябрь революциясынан кейін де ол кедей мүддесін қорғаса қайда қалды?
Қысқасын айтқанда, ақ жаға мырзалар Ахметті Ақаң демей құдай деп шоқынып отырса да еркі, бірақ қазақ еңбекшілері Ахмет ұранына қосылмайды, дүние жүзі еңбекшілерінің бірлік ұранына қосылады.
Сондықтан манағы шешендер тілмәрсіп, Ахмет Байтұрсыновты еңбекшілерге майлап өткіземін деуді қоюы жөн. Еңбекшіл қазақтың арасынан Ахметке орын жоқ.
Ахмет байдың Ақаңы, «күле кіріп, күңірене шығып жүрген» арамзалардың тірегі. Еңбекшілердің Ақаңы да емес, әкесі де емес ,досы да емес. Еңбекшіл қазақтың әкесі — өздерінің қолын теңдікке жеткізген Октябрь революциясы. Ендеше шешендерге айтатыным: қисынсыз сайраймын деп, еңбекшілердің қара тақтайына жазылып қалып жүрмеңдер!
Еңбекші қазақ газетінің 1923 жылы шыққан 69 санында «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» деген атпен басылған мақаладан қысқартылып алынды.
СЫНҒA СЫН
«Жазушының жазғанына сыншы би, сыншының жазғанына оқушы би» дейді, «Темір қазық» журналының 1923 жылы шыққан бірінші санында Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына жазған мақаласында Нәзір Төреқұлұлы. Оның бұл сөзіне менің де қол қойғым келеді. Жазушының шығармасын бағалау сыншының еркінде болса, оның сынын қалай бағалау оқушының еркінде. Сондықтан мен, Нәзір жолдастың сыны туралы бір-екі сөз айтып өтуді мақұл көрдім.
Нәзірдің бұл сыны — қазақ совет әдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың бірі. Бүгінге дейін қазақ тілінде жазылған шығармаларға партия қызметкерлері назар салмағандықтан, партиялық тиісті сын жөнді болмады, сондықтан, коммунист Нәзір Төреқұлұлының сын жаза бастауы жақсы беталыс. Қазақ республикасында марксизм буыны қатпаған жас әдебиетшілердің баспада жарияланғандарының бәрі дұрыс болып көріне беруі ықтимал. Сондықтан, әр басылған кітапқа марксизм тұрғысынан баға беріп отыру қажет болады.
Бірақ, бұл секілді жауапты жұмыста Нәзіршілеу лайықсыз-ақ. Олай дейтін себебіміз,— Нәзір «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ, о жақ, бұ жағын сығалай қарап, ішінен сөкет нәрсе табуға тырысады. «Асау тұлпардағы» жақсы шығармалардың ешқайсысын көрмейді, ол шығармалардың революциялық, советтік қазақ әдебиетіндегі алғашқы қарлығаштар екенін айтпайды. Ол, тек, бұл жинақтың қате, кемшіліктерін ғана тереді. Біз де бұл мақалада «Асау тұлпардағы» жақсы шығармаларға талдау жасамай, Нәзір Төреқұлұлының қате, кемшіліктерді қалай сынауына ғана тоқталамыз.
Кемшілікті ғана іздеген оның көзіне ен алдымен мемлекеттік баспаның басып шығаратын кітаптарының сыртына .қоятын маркасы түседі. Онда «күш — білімде» деп жазылған. Нәзір осыны оқиды да, «Бәсе күш білімде, дедім де, Сәкен бізге не білім береді екен деп басынан аяғына шейін оқып шықтым» дейді.
Нәзір жолдас, «сын» ісіне бұлай қарау, цирктегі Бим-Бомдарға ғана лайық. Олар халықты күлдіру үшін аузына келгенін айтады. Біздің Нәзір де сөйтіп, сыншылық бетіне мемлекеттік баспаның маркасын ұстай келеді де, сөзін жазушының шығармасын мысқылдаудан бастайды. Мемлекеттік баспаның таңбасы тұрмаса Нәзір Асау тұлпарды» оқып шықпақ емес.
Осы да сөз бе екен? Кітаптың өзіне емес, сыртындағы маркесіне қарап оқуға бола ма екен? «Асау тұлпарды» осылай қисая оқыған Нәзірдің шығармаларға беретін бағасына келейік.
«Сынның» дұрысы — әрбір коммунист, олардың ішінде Нәзір сықылды жауапты қызметкер қазақ тілінде шығып жатқан жаңа кітаптың бәрін оқып, біліп отыруға тиіс. Баспасөз — тәрбие қаруының бірі. Бұл қаруды Коммунист партия кім көрінгеннің қолына беріп отыра алмайды. Бұны, Нәзір жолдас та білетін сияқты. Бірақ таңқалдырарлық нәрсе — ол Түркістан республикасында басшылардың бірі боп тұрған шағында онда басылған кітаптардың ешқайсысына сын жазған емес. Кітаптарды былай қоя тұрғанда, соңғы екі-үш жылда «Ақжол» газетінің беттерінде коммунистік идеяға жат талай мақалалар басылды. Нәзір жолдас ол кезде Түркістан Орталық Атқару Комитетінде жауапты хатшы еді. Нәзір жолдас сыншы болса сонда қайда қалған?
«Асау тұлпарды» сынаумен Нәзір ескі қарыздарын үстінен түсіре алмайды. Түркістан республикасының баспасөзінен Орта Азия жастары түгел тәрбие алуға тиісті. Бірақ оның беріп отырған тәрбиесі қандай? Ондағы баспасөз орындарының көбінде Қазақстаннан сытылып барған байшыл ұлтшылдар отыр. Нәзір олардың Совет өкіметіне қарсы жазып, баспада жариялап жүрген шығармаларын неге көрмейді?
Нәзір жолдас «Асау тұлпардың» халыққа тарап кетуінен қорқады, сондағы дәлелі: «69 өлеңнің төрттен бірі әйелге деген махаббат туралы жазылған. Әйелдің түрілген жалаңаш балтыры да өлеңге қосылған».
Шариғатта әйелдің екі қолының басынан, бетінен басқа денесі «ғаурат». Нәзірдің осы «қағиданы» әлі ұмытпағаны ма? Ескілік шырмауындағы өзбек әйелдері бетін де қымтап жауып алады. Нәзір әйелдерді әлі де солай ұстау керек дей ме? Пушкин, Лермонтов секілді орыс ақындарының әйелді сипаттауын Нәзір оқымаған ба?
Қазақ ақыны Абайдың әйелді сипаттауын қайда қояды екен ол? Басқа ақындардан да бұл секілді өлеңдер аз табыла ма?
Нәзір Сәкенге «әйел туралы көп жаздың, төңкеріс тақырыбына аз жаздың» десе сыйымды нәрсе ғой. Ол өйтпейді… «Жұмыста жүрген әйелге құмартасың» деп, Сәкенді күрекпен қақ бастан салып жібергісі келіп тұрады.
Нәзір бұл «қиын мәселені» өзінше оңай «шешіп», Сәкеннің қасында әдепті революционер көріне қалғысы келеді. Жоқ, Нәзір жолдас, болмайды ол! Әйелге деген махаббат — табиғат заңы. Махаббат байлыққа, кедейлікке, жұмыскерлікке, капиталистікке қарамайды. Нәзірдің Сәкенге: «жұмысшы әйелге қарама» деген «ақылына» қосыла алмадық. Әйел сүюді революцияның тыйғанын мен әлі естіген жоқпын. Бұндай «революция» ишандардың «революциясы» болуы мүмкін, бірақ пролетариат революциясы бола алмайды.
Нәзірдің «Айт күні» деген өлең туралы сынына қосылуға болады. Бірақ, қосыла алмайтын жерім: «Сабаз исламды білмейді,— деп кейиді Нәзір Сәкенге, — «ақиқаттың қай күні түскенінен, туысқандықтың қай күні құшағын ашқанынан хабары жоқ. Махаббат һәм әйел туралы қанша білімді болса, «ислам» туралы да сонша!».
Бұдан көрінетін нәрсе, Нәзірді Сәкеннің «Айт күнін» мақтағандығы емес, ислам дінін білмегендігі ренжітеді. Сәкеннің ислам діні туралы білімі толық болса, Нәзір оған ренжу орнына қуанады. Бұлай сынаудан сынамай тек отырған көп жақсы. Сәкен сияқты коммунист «Айт күнін» мақтап жасөспірім азаматтарды бір адастырса, ислам дінін біліп, жеткізіп мақтай алмадың деп, Нәзір екі адастырған болып табылады.
«Азия» өлеңіне шыққан сыны да сын көтермейді. Сәкен Азияның майын ағызып мақтаса, Нәзір де сөйтіп Европаға кір жуытқысы келмейді. Шынында екеуінікі де қате.
Нәзір сынының ішінде оқушының езу тартып күлетін жері, Сәкеннің:
«Ән мен күйге түйе де
Шаттанар, хайуан десек те,
Сезбейтін оны, арамды
Салпаң құлақ есек те…—
деген жолдары. Нәзір Сәкенді «Ақмоланың түйелері болмаса, басқа жақтың түйелері әнші, күйші болғанын көрген жоқпын» деп сықақтайды. Жанды-жансыз табиғатты күйге еліту Сәкен бастаған ғана жол ма? Қай елдің, қай кездің әдебиетінен кездеспейді ол?
Нәзір жолдас әдебиет ісінде өзін білімсіз деп санамайды. Әдебиетте салыстыру, суреттеу бар нәрсе. Олай болса Нәзір сыны сын емес, оның аты құр байланысу мақсаты.
Сәкеннің «Жапон әдебиетінен» деген аудармасында:
«Сүйгеніме жасырын
Түнде жалғыз барсам мен…
…Арсылдап ит сен мені
Қорқытпа…
…Тастасам сүйек, үрмессің…» —
деген жолдар бар. Нәзір бұл өлеңге былай байланысады: «иттің көңілін табу жолын Жапонға бармай-ақ білуге мүмкін ғой. Түнде қызға барғанда жанына құрт салып кететін қазақтың бозбалалары да оны біледі ғой!»
Осы да сын боп па? Бұл өлеңді мейлі жапон жазсын, мейлі Сәкен, мейлі түнде жапон жігіті итке сүйек тастап жүретін болсын, мейлі қазақ жігіті қалтасына құрт салсын мұнан революцияға келер не пайда, не зиян бар?
Нәзір «Асау тұлпар» туралы мақаласын «Темір қазық бетіне жариялаумен қанағаттанбай, Қазан, Уфа, Ташкент газеттерінің бетінде де жариялатты. Онымен де қанағаттанбай, Москвадағы орыс тіліндегі журналға да өткізді. Естіп отырмын, Бұхара һәм Қырымда да басылған дейді. Бұның аты не? Бұл сын ба, болмаса бір жолдасты бүкіл Россия халықтарының бетіне қаратпастай етейік деп тырысқан науқан ба? Әрбір саналы кісіге соңғысы екені айқын көрініп тұр. Бірақ, одан ешнәрсе өнбейді. Сәкеннің кім екенін, Нәзірдің кім екенін қазақ еңбекшілері жақсы біледі. Октябрь төңкерісіне кімнің шын, кімнің өтірік қатынасуы да оларға мәлім. Байлар мен байшігештерге Сәкеннің ұнамайтынын білеміз. «Асау тұлпар» төрт аяғынан түгел басқан шығарма деп ешкім де айтпайды. Тұлпардың сүрінген, жығылған жерлері де бар. Бірақ, ол қазақ еңбекші табының мүддесінен туған бірінші көркем шығарма. Ендеше, оны ешбір қарсы науқан жоққа шығара алмайды.
Орынбор, «Қызыл Қазақстан» журналы, 1923 жыл.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ҺӘМ ЫБЫРАЙ
Ыбырай Сандыбайұлы (1856—1930) туралы мағлұмат берместен бұрын қазақтың жалпы әдебиеті туралы бір-екі ауыз сөз жазып кетуге тура келеді. Әрбір тарихқа аты түскен елдің қайсысын алсақ та өздерінше, яғни өзінін, тұрмысына, біліміне, шаруасына қарай әлемге көзқарасы болады. Әдебиетті бағалаушылар оны «айна» деп атайды. «Айна» деген сөз -кімге болса да түсінікті, ол — адамның сыншысы. Айнаны алдыңа қарсы ұстасаң, кескініңнің түзу я қисығын көресің. Әдебиет халықтың айнасы деген сөз, әдебиетте қоғам өмірінің суреті тұрады деген сөз. Қоғам немен тіршілік қылады? Түсінісі қандай? Білімі қандай? Не нәрседен жәбірленеді? Не нәрсеге қуанады? Не тілейді? Осының бәрі де әдебиетте суреттеліп келеді. Бірақ әдебиеттің әртүрлі сатысы бар. Ол саты өзінен-өзі жасалмайды. Әрбір сатының жоғарылау я төмендеуіне белгілі себептер болады. Тұрмыстың құбылысы адамның сезіміне жетекші. Әдебиет те осы заңға бағынады. Мәдениетте артта қалған, арбасын сықырлатып түйесін теңселтіп көшіп жүрген елмен, айлық жолды күндік қылып жүрген мәдениетті елдің әдебиеті бірдей емес. Екеуінің арасы жер мен көктей. Тарихқа қарап отырсаң жер жүзіндегі адамзаттың басынан көп дәуір кешкен. Мәселен, орыс елі бұдан бірнеше ғасыр бұрын жасаған дәуірін қазақ елі осы күнде жасап отыр. Бұл екі елдің әдебиет айырмашылығы да осындай.
Бірақ, қазақ әдебиетін төмен сатыда деп далаға тастауға болмайды. Енеден туа өнерленіп кеткен ешбір ел жоқ. Мәдениетті елдердің бәрі де бірте-бірте өнерленген.. Ендеше қазақ та алдағы аз жылда мәдениетті болуына сөз жоқ. Бірақ ол күнді күтіп отырмай, қазақ әдебиетін тексерудің негізін сала беру керек.
«Қазақ әдебиеті» дегенде біздің аузымызға толымды әдебиет шамалы сықылды көрінетіні бар. Бірақ, шынын тексергенде олай емес, бар. Әдебиет екі түрлі ғой: біреуі ауыз әдебиеті, біреуі жазба әдебиет. Қазақта жазба әдебиет әлі жан-жақты толық өркендеп болған жоқ. Ал, ауыз әдебиеті бізде бай, әдемі әдебиет деуге болады.
Қазақ арасында ауыз әдебиетті де, әнді де көп білетін, сыбызғы домбыра сықылды қазақ музыкаларын жақсы білетін кісілер көбіне еңбек иелерінен шығады. Өйтетін себебі — олардың жаратылысқа байланыстылығы. Қызарып атқан таңды, жалтырап шыққан күнді, көтерілген шықты, бұлтты яки ашық күнді, желді яки тымық күнді, батқан күнді, қоңыр дүрсін іңірді, жұлдызы ашық түнді, балқыған айды, күзді, жазды, қысты, жазғытұрым малдардың, аңдардың қалай шаттанатынын… қысқасы жаратылыстың нендей құбылыстарын көздерімен көріп өткізеді. Осы құбылыстар оларды еріксіз әнші, еріксіз өлеңші, ақын етеді. Олардың шығармаларын жинайтын, бағалайтын кісі аз болып жүр. Егер түгел жинап алса біздің ауыз әдебиетімізді мынадай деп мақтаныш етуге болады.
Қазақ ауыз әдебиетінің бір бай жері — Көкшетау. Онда туған: Орымбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Тоғжан, Біржан, Нүркей, Ақан сияқты ақындар бар. Қазақ ауыз әдебиетін жинаймыз десек, жоғары аттары аталған адамдардың сөздерін аттап өтуге болмайды. Солардың қазіргі тірі көзі — Ыбырай ақын.
Ыбырайдың руы—Қарауыл, оның ішінде, Есенай, – оның ішінде Жақсылық. (Сандыбайдың шешесі жаугершілікте келген қалмақ қызы болғандықтан, оны да, кейінгі ұрпақтарын да «Қалмақ» деп атаушылық бар). Сандыбай дәулеті дөңгелек кедей адам болған. Өзі темірші ұста болғандықтан «Қарамұрын» аталған екен. Ыбырайдың бір өлеңінде:
Әкеміз Қарамұрын ұста болған,
Көмірге өзімді-өзім қия алмадым,—
деуі содан. Сандыбайдан Ыбырай 1856 жылы туады. Ескі ауылдың салтында, ақындықтың да «аруағы» бар деген түсінушілік болған. Ыбырайдың да ақын болуын соған жорып, оған «аруақ» сегіз жаста қоныпты-мыс деген аңыз бар. Бұл аңыз бойынша, Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Түсінде: аулы шалқар көлдің жағасында екен. Ыбырай сол жағада асық ойнап жүрсе, көлдің арғы жақ қабағынан біреудің айғай салған дауысы шығады. Жалт қараса, ақсақалды, қолына домбыра ұстаған шал. Ол Ыбырайға «шырағым, мынаны саған сыйладым!» деп домбырасын лақтырып жібергенде Ыбырай қағып алыпты. Қолына домбыра тиген Ыбырай, шошып оянып, әндете, өлеңдете түрегеледі. Сол күннен былай қарай ол әрі өлең, әрі ән шығарғыш болып, елге атағы жайылады. Егде ақындар Ыбырайды бағалап, өсуіне жәрдемдеседі. Ыбырай бір өлеңінде:
Жігіт болдым он жетімде,
Тыңда айтқан кепімді,
Шаруадан бас тартып,
Қалжыңға бұрдым бетімді
Сал атандым он сегізде,
Қайықсыз кірдім бір теңізге,
Он тоғызда оттай лаулап,
Ойнақ салдым кемеңізде…
дейді.
«Аққумен аспандағы ән қосамын,
Шығарсам ащы күйді түптен тартып»,—
деп кең сахарада шалқып ән салып сынаптай толқып жүрген Біржан салдың жанына еріп әнінен өрнек алады. Бір өлеңінде:
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Қорғасындай денеңді балқытайын.
Біржаннан алып қалған аңыз еді,
Толқыта шалқымамды шалқытайын,—
дейтіні сондықтан.
Ыбырай «ұстазымның бірі еді» деп; Орынбай ақынның төмендегі сөздерін үнемі үлгі есебінде айтып отырар еді:
«Ежелден күш аттыда, сөз малдыда,
Ақыл, айла болмайды жоқ жарлыда
Кедей шәйқор болғаны оңбағаны,
Қырсығың соңыңнан қалмағаны…
Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ,
Сол таяқ таусыла ма жонған сайын…
Кедей шаруада туып-өскен Ыбырай, ақындық дарығаннан кейін ел ақтап өлең айтып кетеді. Ол замандағы ақындардың салты байларды мақтап, күн көрісіне талғажау табу. Ыбырай да сөйтеді. Бірақ үнемі байды мақтай бермей, кейбірін қатты сынайды.
Бұл арада, төмендегідей бір қызық әңгіме айта кеткен жөн: бұрынғы Қызылжар (Петропавл) уезінде 1868 жылдың қазақ даласын меңгеру туралы заңы шыққаннан кейін, сұлтан-правительдік тәртіп жойылып қазақ ауылдарында да болыстар, старшиндар сайланған. Осы сайлауды жүргізбек болған уездік начальник — Мамонтов (қазақтар оны —«Ақ байпақ» деп атаған», ол кезде ұй,саны шағын Қызылжарда бақташы болып отырған Пышқантай есімді кедей жатақтың орыс тілін жақсы білетін пысық, сөзуар баласы — Маймақты тілмәш есебінде ала кеткен.
Мамонтов болыстыққа орыс тілін білетін кісі іздесе, ауылдан . табылмайды да, ақыры Маймақты белгілейді. Болыс болған Маймақ тез байып, алты қатын алады, «салтанатымды елден асырам» деп, екі кигіз үйді қабаттастыра тіктіріп, шаңырағының үстіне айлы мұнара орнатады, Осы байды жас ақын Ыбырай іздеп кеп өлең айтқанда, бай оны менсінбей, мақтағанда жөнді ештеңе бермей, «енді жаманда» деп жиырма бес сом берген екен. Бірақ, Ыбырай ол бағаға сатылмай, намысына тиген Маймаққа:
Баласы Пышқантайдың Маймақ едің,
Өлі жүнің түспеген тайлақ едің
Әкеңді көрмесем де естуім бар,
Арбаңа жалғыз сиыр байлап едің
Қызылжар қойын жаяу айдап едің,
Күйген нан қатырлатып шайнап едің.
Бұл күнде «Маймақпын» деп күпілдейсің
Сол кезде «Маймақ» болсаң, қайда-ақ едің?
Осы кезде ақ майды жей алмайсың.
Сол кезде жылында бір тоймап едің,
Бір қатынға беруге малың жетпей
Отыз беске келгенше бойдақ едің
Мен сені жамандауды таппаймын ба,
Оңбаған, кісі өлтірген барнак едің —
деген.
Ыбырайдың байларды, зорлықшыларды осылай шенеп айтқан өлеңдері толып жатыр. Оның жеке тақырыптарға шығарған жақсы өлеңдері де аз емес. Соларынан бұл мақалада бірнеше мысал алайық. Бірінші мысал — аңшылық туралы. Ыбырайдың өзі де жаз қаршыға, тұйғын салуды, қыс бүркіт салып, ит жүгіртуді кәсіп еткен, аңшыларға да көп ерген адам, бұл жайда, халық арасына көп тараған, төмендегідей өлеңі бар:
Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа,
Мінген ат шабуылмен танауласа,
Кигенің іші қызыл орман түлкі
Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.
Болғанда биең жарау, атың қату,
Жігітке лайық па қарап жату,
Бір серілік, жастықта ерлік бойға қонып,
Жігітке ол бір қызық дуылдату.
Қызыл жел көңіліңді қыздырмалап
Тұрмай ма тағатыңды бұздырмалап
Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,
Үшеуі ер жігітке құйрық, қанат
Қалың бет, салыңқы төс, қамыс құлақ,
Бөп-бөлек ойынды еті тұрған құлап
Жүйрікті бір досыңнан сұрап алып
Кежімдеп кіреуетте жатсаң сұлап
Бүркітін сонда тұрса саңқ-саңқ етіп,
Күтіліп саятшымен бабы жетіп,
Қанды көз, қайқы тұмсық қарауытып,
Ұмтылып көрінгенге тап-тап етіп
Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып,
Керіліп бір сілкінсе дүр-дүр қағып
Таңертең аңға шығар мезгіліңде
Еркелеп келсе жетіп сылаң қағып.
Сол күні келе қалса аң құмарың,
Лепілдеп соға қалса ынтызарың
Бүгілтіп жылқыдағы жарау атты,
Ертемен алып келсе малшыларын.
Итті алып аңға шықсақ, құсты біреу
Еріне күміс балдақ қылып тіреу
Жігіттің бес күн жарым ғұмырында,
Па шіркін, «болса» деген бұл бір тілеу
Таулардан түлкі қашса бұлдыр қағып,
Соңынан қуса тазы сылдыр қағып,
Кейінгі дабылшының айғайымен
Шайқақтап қыран ұшса бұлтты жарып
Алғанда қыран бастан, тазы таңнан,
Құтылмас қашқан түлкі қос қыраннан,
Жігіттің бес күн жарым өмірінде
Мұншама қызық өтер сұм жалғаннан!..
Күн ұзын түлкі қуып тауды айналып
Қарайып күн кеш болса көз байланып,
Олжаны қанжығаға байлап алып
Қонуға қызды ауылға ыңғайланып
Желіккен сол көңілмен қайтқанда елге,
Мінген ат қырауытып батса терге
Өлеңші, домбырашың қасыңда боп,
Кез болсаң қоналқаға бұран белге.
Самауыр ақ шәйнекпен тұрса қайнап,
Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап,
Ол күні қыз әкесі үйде жоқ боп,
Отырсақ әзілдесіп күліп-ойнап.
Шешесі жез өкпелеу жастау келсе,
Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе,
Бір жігіт аузы епті, түлкі сойып
Әзілді қалжың сөзін бастай берсе
Сол жігіт бастай берсе әзіл сөзін,
Қараса қызға жігіт қадап көзін
Ішінде махаббаттың оты лаулап,
Балқыса қорғасындай сонда сезім…
Ыбырай табиғат бейнесін суреттеуге де өте шебер адам болған. Оған бір мысал, 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 2 апрельде шыққан 308 санында жарияланған «Жазғытұрым» деген төмендегі өлеңі:
Март ішінде қар кетті
Кеңшілік келді, тар кетті.
Кеңшілік жерге жайылып
Бетіменен мал кетті…
Байларға қосқан аз малын,
Өзді өзіне меңгертті
Балалар, бақ малыңды
Ұмытпа адал еңбекті
Қалың бұлтты қақ жарып,
Күн көрсетті шуақты
Алты ай жатқан ақ күртік,
Қимады жатқан тұрақты
Сол жақтан шыққан суық жел,
Ақ күртіктің арасын
Дем салғандай үшкіріп
Үңгірлеп ішін қулапты.
Шын келгенін білген соң
Денесіне суық жел,
Ызғарланып кірген соң
Қар де бекіп тұрмапты.
Жердің жүзі саз болып,
Сазы жоқ жер аз болып
Сай сайдан жылжып су ақты
Жол жолын тауып бұрмаштап,
Биіктен ақса құлаштап
Демін алып кідірмей
Көзі ілініп мүдірмей,
Қаншама күндер түн қатты
Тіке тартып кете алмай
Жалпақ жерде ылбырап
Терең жерде тұнжырап
Биіктен ақса сылдырап
Тұрымтайдай құлдырап
Ақылға салсаң қалайық
Жалтаң-жұлтаң бұлт еткен,
Көрсетті аз күн бұлғақты
Бастап жүрген басшы жоқ,
Бұраңдап жүріп бұлтыңдап,
Құятын барып жөн тапты
Құстар келді шуылдап,
Қанаттары зуылдап,
Білгенімше айтайын,
Бас-басына буындап.
Көк мойын таған құс алды,
Көрдік міне нысанды,
Жалаңаш-жалпы шуылдап
Бала-шаға қотанда
Алты ай қыс көрген қысамды.
Жасыл шұбар жүні бар,
Бұлбұлдайын үні бар,
Қараторғай деген құс,
Оның да атын біліп ал…
Жер жүзі тойып ыңқылдап,
Буланып беті дымқылдап
Ителгі келді сыбанып,
Сұлу қыздай мазданып
Көмейден даусы сыңқылдап
Сегіз найза қолында,
Тұяқтың ұшы жылтылдап,
Екі көзі мөлдіреп,
Шабыттанып сымпылдап
Ызғарын төгіп суық жүз
Аузынан жалын бұрқылдап
Жұмыртқа іздеп балалар
Өзекті, шілік, көлдерді,
Ізденіп жүріп аралар,
Балалықпен байқамай
Аяғын шөгір жаралар
Бұдан басқа мың түрлі,
Ғажаптары жаңа бар
Ойлап тұрсаң бұл кезді,
Қиялға қиял жамалар,
Құбылыстың мың түрін,
Қай ақын түгел шамалар.
Қазақтың ауыз әдебиетінде, көктем бейнесін бұдан көркем сипаттаған шығарманы мен өзім кездестірген емеспін. Бұл сипатты өлеңдер де Ыбырайдан көп табылады.
Ақындығымен қатар, Ыбырай ірі композитор адамның бірі болған. Кейін жасалған «Қыз Жібек» операсына өзек болған «Гәкку» әні Ыбырайдың шығармасы екені халыққа мәлім. Опера арқылы, оның бұлбұл — Күләш Байсейітова арқылы дүние жүзіне тараған бұл тамаша ән, Ыбырай шығарған көптеген әндердің біреуі ғана. Оның «Қарақат көзін», «Маңмаңкерін», «Мақпалын», «Қалдырғанын» қазақ халқы күні бүгінге дейін сүйіне шырқайды. Бұл әндер — қазақ әндерінің алтын қорына қосылатын шығармалар.
Ән шығарғыштық өнерінде, Ыбырай өзін «Біржан салдың шәкіртімін» дер еді. «Дауыс ашарым» деп айтатын Шалқыма» дейтін толқынды тамаша әнін;
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Қорғасындай денеңді балқытайын,
Біржаннан алып қалған әнім еді,
Азырақ Шалқымамды шалқытайын,—
деп бастар еді. Ел аузындағы аңызда, жасы егде тартқан Біржан жас Ыбырай қасына еріп, әндерінен үлгі алғаннан кейін, —«Ендігі Біржандарың — Ыбырай, соны тыңдаңдар деп, Ыбырай бар жерде өзі ән айтуды қойған деседі.
Біржанға шәкірт болған Ыбырайдың өзінде де көп шәкірттер болған. Бір мысалы —Бағаналы Тайжан ақын. Тайжан Ыбырайдың туған апасынан туған жиені.
Сол Тайжан әндері мен өлеңдерін:
Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан
Егіз туған анадан Арғын, Найман,
Қарауылда бір тиын жұмысым жоқ,
Бата алғалы барып ем Ыбырайдан.—
деп бастайтын. Тайжанның шәкірті жуық арада ғана уапат болған ардақты ақын — Нартай Бекежанов. Тайжан да, Нартай да әндерін Ыбырай үлгісінде екпіндете, қыздыра биік шырқай айтатын еді.
«Биік» деген сөзге бір қосымша: 1927 жылы, жаздыкүні Сәкен Сейфуллин Қызылордадан Көкшетау еліне, жер бөліс науқанын өткізуге барды. Бурабай тауын айнала отырған елде бұл науқанды жүргізіп жатқан Сәкенді, сол жылы 71 жасқа шыққан Ыбырай іздеп келді. Мен Сәкеннің қасында жүр едім. Ыбырай мен Сәкен бұған дейін жүз таныс емес екен. Ыбырайдың ірі ақын, ірі әнші екенін естіген Сәкен, «Оқжетпестің түбінде отырып тыңдау керек» деді де, ауылдан қымыз, тоқты алып, бір топ адам Оқжетпес түбіне кешке қарай бардық. Сонда, Көкшенің жотасы қоршаған Оқжетпес қасында Ыбырай «Көкшетаудың биігі-ай!» деп бастайтын «Қарагөз» әніне шырқап жібергенде, жантайып жатқан Сәкен орнынан атыл тұрып, Ыбырайдың алдына шөке түсіп қатты да қалды. Аса ырғақты, және аса биік бұл ән орындалып болғаннан кейін, Сәкен «Апырай, бұндай биік және көркем дауыс болады екен!» деп – Ыбырайды құшақтап сүйді. «Көкшетау» атты поэмасында, Сәкеннің:
Туса егер, өнерлі елдің бақтарына,
Білім ап жүрсе бәрі баптарында,
Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар
Алмас ед Шаляпинді қапталына!—
деп жазуы осыдан кейін. Ыбырай — жаңа, советтік тақырыпқа да әндер шығарған адам. Оның «От арба» дейтін тамаша әні қағазға түспегендіктен, ел аузында сақталмай қалды. Кәзіргі атақты әншінің және халық композиторының бірі — Манарбек Ержановтың «Паровоз» аталатын екпінді көркем әні (сөзі Әбділда Тәжібаевтікі), оған менің «Ыбырайда осындай ән болған еді» деп ыңырсуымнан туды.
Қазақтың ауыз әдебиет өкілдерінен Октябрь революциясын, совет өкіметін ең алғаш жырлаған ақындардың біреуі — Ыбырай. Оның бір куәсі — Қызылжарда шыққан «Бостандық туы» газетінің 1925 майда басылған 26 санындағы бір топ жарияланған өлеңінің төменгі жолдары:
Патша үкіметінің саясаты
Қазақ халқы. ішінде,
Бай болғанын ұнатты,
Жарлыны жардан құлатты —
Зар еңіретіп жылатты,
Абақтыда сулатты,
Барар жер, басар тауы жоқ
Көшенің бойын таптатты
Жалбыратып тымағын,
Қайда барсын сорлылар
Сөндірген соң шырақты!..
Тілеуі: қабыл бұл қазақ
Ақырын зарлап сұрапты
Сандалып халық тұрғанда —
Бір сәуле шығып таң атты!
1917-жыл, Октябрь
Күн күркіреп, жел шықты,
Тарлық кетіп, кең шықты
Суалып қалған көңілден,
Қуарып қалған өмірден
Тасыған дария — сел шықты
Тәнін-жанын пида қып
Құлашын жайып көсіліп,
Ақ жібектей есіліп
Большевик атты ел шықты!..
Большевик халқын бастаған,
Залымды жойып тастаған,
ЛЕНИН
деген ер шықты…
Совет
Зор қуаныш күн болды.
Ескі дүние тұл болды,
Николайшыл байларға —
Жарық дүние түн болды…
Жуан жұдырық залымдар,
Биік таудың тасы еді —
Бытырап ұсақ құм болды…
Дариядай толқып жүргендер
Суалып батпақ дым болды
Жүрмейтін арық шабандар,
Көтеріп енсе тең болды
Жасасын Кеңес, жасасын!
Жөн білмеген сорлыға
Осындай шаттық күн болды.
Азамат соғысы
Бұрынғы тәртіп жойылды,
Сындырды жуан мойынды,
Сұмырай көздер ойылды
Тастатты қамшы, сойылды,
Жуан білек, жұдырық
Келген соң Кеңес қойылды! .
300 жыл жұртты билеген,
Найзасын тасқа түйреген,
Белінен басып шойырды,
Биік тауды құлатып,
Теңіздерін сұлатып
Қайғымен басын қуартып,
Жер жүзінде нашардың
Шат қылып көңілін қуантып
Жауыздарға салды «ойынды!..»
Жаңа жол
Ұмытпа, қазақ, ұмытпа!
Қараңғы сасық тұманнан,
Көзіңді ашқан бабаңды!
Ленин салған түзу жол!
Жатыр міне жосылып!..
Жидек терген баладай
Жиыстырып ел қылды,
Кетіп едің шашылып!
Өткен күнді еске алып,
Жаңа жолменен топтанып
Қызметке кіріс ашылып…
Мысалға алған бұл жолдар, айтылуы бір түнге созылатын ұзақ жырдан үзінділер ғана. Толығы кезінде жазылып алмағаны қатты өкініш.
Революция тақырыбына, Ленинге арналған жырларды Ыбырай өте көп шығарғам адам. Солардан сақталған біреуі, 1927 жылы «Ақындар шашуы» деген жинаққа кіретін «Ленин ізіне» дейтін шығарма. Бұл жырды Ыбырай Ленин қайтыс болған шақта шығарып, халық аузына кең тарап кеткен. Ақынды еске алған бұл мақалада, осы жырды да түгелімен қайталау қажет:
Қараңғы түнде жол таппай,
Тұман басып, ел таппай.
Қанаты сынған қоңыр қаз,
Жүзейін десе көл таппай,
Жаралы жүрек зарланып,
Ауруға ем таппай,
Қабырға сынып, қысылып,
Өлімге мойын ұсынып
Қамалған сорлы халық едік,
Тарлықтан шығып кең таппай;
Сөйлейтұғын сөз таппай,
Қарайтұғын көз таппай,
Көзсіз жандай қармалап,
Іздеген ісін тез таппай,
Жарқырап шыққан алтын деп,
Қарап тұрған халқың деп,
Патшаға мұңды шаққанда,
Алтын түгіл, жез таппай,
Қорлықта жүрген халық едік.
Осындай күндер кез келді,
Аспандағы күн мен ай,
Нұры кетіп өзгерді,
Мұндай зәлім патшаға,
Керемет күн кез келді.
Владимир Ульянов,—
Биікке қолын созған ол
Мекалай атын өшіріп,
Алтын тақтан түсіріп
Жарыста ұлы озған ол
Ніл дариясын суалтып,
Бәйшешегін суартып,
Патшаның көрін қазған ол
Тастан бұлақ ағызып
Өнермен халқын суартып,
Жер жүзінде нашарды,
Шат қылып көңілін қуантып,
Патшаның тағын талқан ғып,
Тас-талқан таж, тахытын.
1824 жылында,
Поддан қазақ болғаны,
Үш жылда. сайлау бір болып,
Болысты қазақ алғалы,
Ауылнай, болыс, уезнай,
Күніміз соған қалғаны.
Жүз жыл поддан болғалы,
Теңдікке бізді кім алған,
Қайғы мен қасірет жүдетіп
Сақал-мұртын қуарған;
Тасыған бұлақ көз шықты
Құдық едің суалған
Ленин шығып бақытқа
Жетім-жесір қуанған
Сол Лениннің жолымен
Еңбекші тап ту алған.
Ленин-ақ сені аяды,
Жылаған қарап көзіне,
Бірақ, Ленин жетпеді
Толып жеткен кезіне
Көзіңді салып айрылма,
Оның жүрген ізіне.
Ыбырайда бұндай тақырыптардағы өлеңдер көп. Елде ол өлеңдерді және Ыбырайдың революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, әндерін білетін кісілер көп. Ендігі міндет, соларды және Ыбырайдың әндерін жинап баспада шығару. Қазақ ауыз әдебиетінде және музыкасында Ыбырайдың орны үлкен.
1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының июль-сентябрь айларындағы 7-9 сандарында жарияланған бұл мақала, алғашқы редакциясынан бұл жолы біраз өзгеріп, материалы толықтырылды.
(Басқа да мақалалары келесі жарияланымдарда)