Бейсенбі, Қыркүйек 6, 2018
Негізгі > 1 > Жаңашыл ұстаздың ізі де жарқын

Жаңашыл ұстаздың ізі де жарқын

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей, оқушыға білім беруден жалықпаған маңдайалды ұстаздардың  үлгі – өнегесін, тәлімі мен тәжірибесін насихаттап отыру білім саласын жаңғыртудағы маңызды мәселелердің бірі деп есептейміз. Біздің мақаламыз да сондай бір ұлағатты ұстаздың өмірі мен білім саласындағы тәжірибесі, қалдырған ізі туралы болмақ.

Әңгіме өзегі Шалабай ауылындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектептің жоғары санатты биология пәнінің мұғалімі болған Серік Жұмаділов атты азамат жәйлі. 1955 жылы Шар қаласында дүниеге келген Серік Жұмағалиұлының білім саласымен байланысты тағдыры өте қызғылықты. Бір қызығы, оның ата–анасының білім саласына ешқандай қатысы жоқ еді. Әкесі – Жұмағали, құқық қорғау органдарының қызметкері, дәлірек айтсақ бұрынғы Семей облысының Абай, Шар, Ақсуат, Үржар аудандарының прокуроры болып, еңбегінің зейнетін көрген, «ҚССР – на еңбегі сіңген юрист» атанған облыстағы санаулы, таңдаулы заңгерлердің бірі болды. Анасы Күлзира Мұқашқызының мамандығы бухгалтер екен. Міне, осындай отбасыдан шыққан Серіктің мектеп бітіре сала Семейдегі зооветинститутқа түсуі де біртүрлі болып көрінері хақ. Әрине, ол заманда ауыл шаруашылығы – дамыған мықты сала, совхоздар мен колхоздар, фабрика іспеттес іргелі шаруашылықтар болатын. Ал институт түлектері басқа да халық шаруашылығы салаларында жемісті еңбек ете беретін.

1979 жылы жоғары білімді зоотехник атанған Серік Жұмағалиұлының еңбек жолы мамандығы бойынша Ақсуат ауданынан басталып, кейін Шар аудандық атқару және партия комитеттерінің жауапты қызметкері болып жалғасты. Осы қызметтерде көзге түскен жас жігітті аупартком «Киров» атындағы совхоздың партия комитетінің хатшылығына тағайындайды. Бұдан соң «Шар» совхозына ауысып бастапқыда диспетчер, одан соң Үкілі ауылында ферма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Кейін аумалы – төкпелі заман басталып, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ыдырап, мемлекет иелігінен алынып, жекешеленгені белгілі. Осы тұста, пединститутта сырттай оқып, мұғалімдік диплом алған Серік өзі үшін жаңа жолды таңдап, ауылдағы «Верный путь» аталған негізгі мектепке 1998 жылдан бастап мұғалім болып орналасады.

Ұстаздық қызметте болған кезі С.Жұмаділовтің аса бір жарқын жылдары болды деуге әбден болады. Міне осы жерде Серік Жұмағалиұлының тек арнайы педагогикалық білімі ғана емес, өмірлік тәжірибесі де, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығымен тікелей айналысқандығы, ұйымдастыру шараларының бел ортасында жүргендігі кәдеге асты. Өйткені, ол сабақ беретін биологиялық пәндер бойынша тек кітаптармен, теориялық білім берумен шектеліп қою мүлдем жеткіліксіз екенін ол жақсы түсінді. Әсіресе, ауылды жерде ботаника, табиғаттану, зоология, биология секілді пәндерден білім беру барысында оны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндіктер мол болатыны түсінікті жағдай, яғни ауыл өмірін төрт түлік мал, жайқалған шөптер мен егістік және де әртүрлі құстар мен жәндіктер дүниесінсіз елестету мүмкін емес. Осы жағдайды Серік ұстаз ұтымды пайдалана білді. Тәжірибелік және факультативтік сабақтардың бір бөлігін табиғат аясында жан – жануарлар дүниесі, өсімдіктер әлемімен тікелей байланыстыра өткізуді дағдыға айналдырды. Оның әдістемелік негіздемесін жасады. Оқушыларды оқығаны мен айнала, қоршаған ортадан көргені мен тоқығанын байланыстыра отырып, рефераттар жазуға баулыды. Оны тексеру барысында баяндама жасатып, сыныпта талдап, жетістіктері мен кемшіліктерін айтып, көрнекі құралдар арқылы көрсетуге бағыттап, ізденістерін әділ бағалап, оқушылардың пәнге деген терең қызығушылығын оятуға ден қойды. Мұнымен тоқтамай, таңдаулы жұмыстарды Семей пединститутының биолог ұстаздары, Шәкәрім университеті аграрлық факультетінің ғалымдарының сараптауынан өткізіп, кейбір жұмыстарды сонда өтетін конфереция мен семинарларға да ұсынып, оқушылары диплом, мадақтамаларға ие болып жүрді. Тіпті, сол жоғары оқу орны ұстаздарын мектепке шақырып, мастер – класс өткізіп, оқушылармен табиғат аясында іс–шаралар ұйымдастырып тұрды. Оның мұндай  жаңашылдық бастамаларына сол кезде мектеп директоры болған Төлебаева Анаш Әбиқызының оң көзбен қарап, үлкен қолдау білдіргенін айта кеткен жөн. Серік ұстаз сенімді толықтай ақтады деуге болады. Соның бір дәлелі, 2008 жылы ол он жылдық тәжірибесі негізінде «Жалпы білім беретін мектептерде ғылыми – зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру әдіс – тәсілдері» атты оқу – әдістемелік құралын баспадан шығарды. Бұл еңбегі Жарма ауданы мектептеріне таралып, талай ұстазға пайдасы тигені анық.

Осы кезеңде ол ара шаруашылығымен тұрақты түрде ден қоя айналысып, үйінде бал ара омартасын ұстады. Қазақ үшін таңсықтау келетін, соның ішінде Шар, Жарма өңірінде онша тарала қоймаған шаруашылық түрімен ол ерекше қызығушылықпен айналысты. Тек кітап, әдебиеттен ғана оның қыр-сырына үңілмей, елдің оңтүстігінен, тіпті көршілес республикалардан келіп жататын омарташылармен етене жақын араласып, семинарларға да қатысып тәжірибе жинақтады. Жыл сайын арадан алатын бал және басқадай өнімдері молайып, онымен тек туған–туыстары, көрші–қолаңдарымен ғана бөліспей, сатуға болатын жағдайға жетіп, отбасының  бір кіріс көзіне айналдыра білді. Сол жылдары 12 ара ұясынан 10-12 фляг бал жинап, Шар қаласы тұрғындарының қажеттілігін өтейтіндей нәтижеге жеткенін кезінде ол кісінің аузынан естіген де едік. Серік Жұмағалиұлы бұған тоқмейілсімей, ара шаруашылығына қызығушылық танытқан кейбір ауылдастарын омарта ұстауға үйретіп, ең бастысы мектеп оқушыларын оның қыр-сырына қанығуға баулыды.

Осындай жаңашылдық, ізденімпаздық қасиетінен С.Жұмаділов 2010 жылы Үкілідегі мектептен Шалабай ауылындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі болып ауысқан соң да танбады. Осы жерде оның ұстаздық шеберлігі барлық қырынан ашылды десек қателесе қоймаспыз. Мәселен, жоғарыда айтқан ара шаруашылығын өзінің үй шаруашылығы деңгейінен енді мектеп жағдайында омарта ұстап, оны дамытуға тікелей оқушыларды тартты. Бұл саланың адам денсаулығы үшін аса маңыздылығын сөзбен емес іс жүзінде дәлелдеуге кірісті. Соның жарқын бір куәсі, оның жетекшілігімен 10 – сынып оқушысы А.Еренгаипова «Ара терапиясын өткізуге арналған стационарлы пункт» жобасын дайындап, оны мектеп жанына орнатуға ұйытқы болды. Ал бұл бастаманың мақсаты: Ара терапиясын өткізуге арналған стационарлы пунктты орнату арқылы жалпы ауыл адамдарының  денсаулығын жақсарту, мектептің асханасын таза ара балымен қамтамасыз ету. Ара терапиясын жүргізуге арналған стационарлы пунктты қолдана отырып, мектеп жанындағы омарташылықты, экологиялық туризмді дамыту, балалардағы табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту болатын.

Осы мақсатты орындау, омартаны ары қарай дамыту үшін оқушылар балалардың республикалық бизнес-жобалар байқауларына қатысып, 90000 теңге көлемінде грант ұтып алды. Ол ақшаға қосымша ара ұялары сатып алынып, ара ұяларын 3 тен 8-ге жеткізді. Бұл жағдай оқушыларды мектеп асханасынан дәмді балмен жеткілікті қамтамасыз етуге жеткізді. Мектеп жанындағы омартаны ұйымдастырғаннан кейін «Жас омарташы» үйірмесі де қатар ашылды. Үйірмеде балалар аралармен жұмыс істеп үйренеді. Әрбір ара ұясындағы тіршілікпен танысады. Үйірмеге балалар жас ерекшеліктеріне де қарамай келе алады. Себебі, мұнда үлкенге де кішіге де жұмыс табылады. «Жас омарташы» үйірмесі жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Қыста жас натуралистер омарташылықтың теориялық жағымен танысады. Ал көктем, жаз, күз мезгілдерінде балалар аралармен омартада жұмыс істейді. Шеберханада оқушылар ара ұяларын, жақтауларды жөндеумен айналысады. Үйірмеге қатысушы балалардың көбі аралармен жұмыс істегенді өмір бойына ұнатып, кейбірі ара өсірудың шебері болғылары келеді. Тіпті бірнеше оқушы ата-аналарын иландырып, екі-үш ара ұясын сатып алып, іске кірісіп, кеткен шығындарын сол жылы ақ өндірген балмен ақтап алғанын газеттен оқыған едік.

Серік Жұмағалиұлы мұнымен шектелмей балалардың омарташылыққа деген қызығушылығын арттыру үшін және тәжірибемен бөлісу мақсатында «Основы ведения пчеловодства  на пришкольной пасеке» атты электронды кітапты жарыққа шығарды.

Мұндағы мектеп ұжымы, мүдірі Р.Нұралинов, орынбасары Г.Мұздыбаева секілді адамдар да С.Жұмаділовтің бастамаларына әрқашан қолдау білдіріп отырды.

Әрине, осындай жұмыс өз нәтижесін берді. Бүгінде Шалабай ауылындағы орта мектеп аудандағы экологиялық туризмнің орталығы болып табылады. 2015 жылы шәкірті Мұздыбаев Назар туризмді дамыту үшін оқушылар республикалық VІІ “Экология  бойынша балалар  бизнес-жобалары” атты байқауға қатысып, 90 000 теңге көлемінде грант ұтты. Грант ақшасына аймақтағы экотуризмді дамыту мақсатында барлық қажетті құрал-жабдықтар алынды. Келесі бір шәкірті, жас зерттеуші А.Еренгаипова «Жас экологтардың» слетына (2012) қатысқаны үшін сертификатқа ие болса, аудандық биология пәнінен ғылыми-практикалық конференцияда – 1 орын (2013) алып, сол жылғы «Экологиядан» 7 – Республикалық Олимпиадаға қатысты. 2013 жылы өткен Жарма аудандық биология пәнінен Олимпиадада 3 – орын, ал Өскеменде болған «Қазақстан-менің елім» атты облыстық жас натуралистер мен экологтардың форумында – 1 орын (2014) алды. Тағы бір шәкірті 9 – сынып оқушысы Мәлика Төлеубекова 2015 жылы «Шеврон» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен Жердің флорасы мен фаунасының биоалуандыған сақтауға қатысты өткізген жәрмеңкесінде 130 – дан астам бинес-жобалардың арасынан «Тұрақты экологиялық жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 200 мың теңгенің грантын мектепке әкелді. Бұл жерде компания аталған мектептің жыл сайын тұрақты түрде конкурсқа қатысып келе жатқанын лайықты бағалағанын айта кеткен жөн.

Мектептегі игілікті бастама шаралар туралы бірнеше рет аудандық «Қалба тынысы» газетінен бастап, облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай» және респуликалық «Казахстанская правда» арнайы репортаждар берді.

С.Жұмаділов бұл игі іс – шараларын тек мектеп деңгейінде ғана қалдырмай Шалабай ауылдық округының негізін құрап, қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсірумен аты шығып тұрған «Шалабай» ЖШС басшылығына ара шаруашылығын өндірістік деңгейде дамытуға ұсыныспен шықты. Бұл бастаманың мән–жайын жақсы түсінген шаруашылықтың бас директоры Қ.Сүлейменов бірден қолдау білдіріп, алғашында 50 ара ұясын сатып алып, оны дамытуға барлық жағдай жасады. Ал Серік Жұмағалиұлы болса  осы шаруаның басы қасында жауапты адамдармен бірге жүріп, әбден қалыптасып кеткенше кеңесін, қолынан келгенін аямады. Міне, 3 – 4 жыл болды бұл ынтымақтастық жемісін беріп, шаруашылық омартасынан тонналап бал өндіріп, тек өз жұмысшыларын қамтамасыз етіп қоймай, аудан, облыс қала берді Алматы, Астана тұрғындарына да сатуда.

Шаруашылықпен ынтымақтастық бұл шарамен ғана шектелмей 2013 жылы таңдаулы шәкірті А.Еренгаиповаға «Шалабай – қазақтың ақбас сиырының отаны: тарихы, бүгіні мен келешегі» атты тақырып беріп, ал жұмысқа «Шалабай» ЖШС бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары С.Дәулетова мен Шәкәрім университетінің профессоры, ғылым докторы А.Жанәділов кеңесші болды. Бірнеше ай мұрағаттарды ақтарып, еңбек ардагерлерінен сұхбат алып, жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде дүниеге келген қомақты еңбек шаруашылық басшылығы мен мамандарының талқысына ұсынылды. Қорытындысында шәкірт пен ұстаз ізденісі жоғары бағаланып, еңбектері мадақтама және лайықты сыйлықпен марапатталды.

Жалпы, Серік Жұмағалиұлы, ұстаздық жолдағы қызметі үшін бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық  дәрежедегі мадақтама, диплом, сертификаттарға ие болды. Ол «Білім берудегі инновациалар – 2009» облыстық фестивальнің  жеңімпазы; «АСБК» Қазақстанның биоалуан түрлілік ассоцициясының 2009 жылғы кырқүйек айының адамы; Халықаралық кұстар қорғаушылар  тренингіне  катысушы, Қорғалжын мемлекетік қорығы, Ақмола облысы, 2010; «Педагогтан-педагогқа» Халықаралық педагогикалық  шеберлік фестивалінің баяндамашысы, Семей 2011; «Экологиялық білім беру  және тәрбиелеуде аймақтық  компонентті  қолдану – 2011» облыстық  конференцияда  үздік  баяндамашы (Өскемен); Жарма аудандық  Құрмет тақтасы, 2011,2012,2013; Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Алғыс хаты», 2012; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», 2012; Қазақстандағы «Шеврон»компаниясы мен «Дарын» РҒПО «Алғыс хаты», 2013; «Халықаралық құстар қорғау  мекенінің  сақтаушысы» және т.б. марапаттар иесі болды.

Дегенмен, ол үшін ең бастысы оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер мен тұрғындар алдында ары таза, білімді де білікті ұстаз  болу басты мұраты, беделі мен атағы деп түсінгенін оның өмірлік ұстанымы, қызмет жолы дәлел демекпіз. Бір жағынан, бұл жағдайды біз осы жылдың басында Серік Жұмағалиұлының тұтқиылдан келген кесел-сырқаттан, ем табылмай қайтыс болып, соңғы сапарына шығарып салған  кездегі қалың жұртшылықтың көніл-күйі, тебіреністі сөздерінен оның қаншалықты  адамгершілігі жоғары, ел құрметіне бөленген ұстаз болғандығын анық байқағандай едік.

Иә, тағдыр жазуы солай болды. Сөйтседе, айтулы ұстаздың соңынан қалған, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері, етене араласқан ел жұрты, жан жары Мәнсия, балалары Әсет, Әсем, Меруерт пен Гауhар және немерелері тұрғанда, өмірде қалдырған ізі көмескі тарта қоймас деп сенгіміз келеді.

         Өмірзақ Сұлтанов,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation