Сәрсенбі, Қыркүйек 12, 2018
Негізгі > Бас баған > Поэзия Меккесі – Жидебай емес, Ақшоқы!

Поэзия Меккесі – Жидебай емес, Ақшоқы!

(Абайдың ұмыт қалған қыстауы жайында ой-толғау)

Ақшоқы ауылы… Саналы ғұмырының ең ұзақ кезеңін Абай осы ауылда өткерген. Өзіңіз де ойлаңыз, онда ұлы ақын отыз қысты қыстаған, ондай өзгедей мекен кәне?! Сырт Шыңғыс – кең жайлау. Көшпенді дәуірде тобықты жұрты жаздың ыстығы басталғанда сол жайлауға жетуге асығатын. Қақаған қыстың ұзақ кештерінде әркім сағына еске алатын, қызығы мол үш ай тез өте шығатын да, күзгі салқын бастала бергенде ел Шыңғыстың Ертіс жақ етегі – бауырға қайта оралатын.  Кезінде сол бауырдағы күзеу, қыстаудың бірі – Ақшоқыға Абайдың бәйбішесі Ділдә ханым жас келін болып түсті. Елсіз, қарсақ жортпас құлаздүздің игеріліп, жайлы қонысқа айналуы – Ділдәнің ерен еңбегі. Бәйбіше осы іске күллі ғұмырын сарп етті. Ақшоқы  мекенін халықтың «үлкен ауыл» деп атағаны содан. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінде Абай:

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,

Болмаса мінезінің еш кесегі.

…Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан қапыл қалма, –

дейді. Ақын көбіне-көп өз тәжірибесіне сүйенетінін ескергенде, бұл жерде Ділдә бейнесі, оған деген риза көңілі тұрғанын аңдау қиынға соқпаса керек.

Айта өтері, «Абай жолы» эпопеясында Ақшоқыға Ділдә емес, Әйгерім иелік еткендей суреттелген. Яғни, Мұхаң көбіне-көп Әйгерім бейнесіне екпін түсірген. Мұны көркем шығарма талабы, соның арналы желісіне бейімдеу деп ұқсақ дұрыстық. Шындығында «кіші ауыл» атанған Әйгерім қонысы Бөрілі маңындағы Аралтөбе деген жерде, бұл басы ашық жәйт.

Абай поэзиясы мен Ақшоқы мекені, әлбетте, ажырамастай тығыз байланыста. Жылдың төрт мезгіліне де жыр арнауының өзі неге тұрады. Туған топырақ, қоршаған орта, айнала табиғат Абайдай өткір сезім иесінің жан дүниесі өрлеуіне өзгеше әсерін тигізуі һәм шығармашылығында терең із қалдыруы табиғи заңдылық. Сенсеңіз, «Абай – жаңа жазба әдебиеттің атасы», – деп баршаны мойындатқан тамаша өлеңдердің басым көпшілігі Ақшоқыда туылған. Бірақ киелі топырақ – Ақшоқының статусы әзірге көңіл көншітерлік емес. Неге? Төменде осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірімізді ортаға салуды жөн санадық.

Алдымен «Қыс айлары Ақшоқыда қалай өтті? Ақын уақытын неге жұмсады?» деген нақтылы мәселеге тоқталып, оның жауабын іздеп көрейік.

Әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген әйгілі «Абай жолы» эпопеясының «Биікте» тарауына Мұхтар Әуезов Ақшоқыны, ондағы Абайдың 1887-90 жылдар аралығына келетін  өмірін өзек еткен. Ақынның ән шығарумен қалай әуестегенін өте-мөте таратып айтқан. Сол сияқты тоғызқұмалақ ойынын апталап, тіпті айлап қызықтағаны да тап осы жылдар екенін аңдатқан. Билік айту, дау-шарды шешу сияқты ел жұмысына белсене араласқан Абай да Мұхаң назарында. Мұны бас абайтанушы былайша көркем тілмен жеткізеді: «Осымен қатар, Абай өзі тілемесе де, ауыр көріп, бойын алып қашамын десе де, еркіне қоймай, бұған масыл болып, асыла жүретін тағы бір міндет, бейнет бар. Ол – ел ішінің дау-шары».

Сөйтіп, көріп отырмыз, Мұхаң қаламы 1887-90 жылдары ақындық қызметіне қоса-қабат ән шығару мен тоғызқұмалақ ойынына құлай әуестенген, сонымен қатар, уақытын билік айтуға жұмсаған Абай бейнесін көз алдымызға әкеледі.

Ақшоқыда қыс айлары тап осылай өткеніне көзі көргендердің естеліктері бойынша да дәлелдер алып, бекіте түсейік.

Көкбай: «Билікке келгенде Абайдай әділ де таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысында болса да көрген жоқ деп айта аламын», – десе, мұны Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген естелігінде былайша қостаған: «Менің әкемнен басқаға разы іздеп жүгінетұғын адамды көргенім жоқ». Абайға 1890 жылға шекті дау-шарға, өзге де таусылмайтын ел іші жұмысына қызу араласуға тура келгеніне ресми дәлел – осы жылдың қыркүйек айында генерал-губернатор барон Таубенің аңшылық мылтықты сыйға тартуы. Мұндай сый-құрмет ерен еңбектің куәсі екені өз өзінен белгілі.

Абай қызықтаған ойын-сауықтар қайсы дегенге қатысты Көкбай: «Абай ауылы қысы-жазы өте қонақшыл, дәйім күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. …Ел елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады», – дейді.

Ненің болса да түбіне жетпей тынбайтын әдетіне сәйкес Абай, әсіресе, тоғызқұмалақты (бұл ойынды «ойшылдар ойыны» дейді) салынып ойнап, ақыры жете меңгеріп шығады. Бұл жайында Көкбай: «Абай тоғызқұмалақта Тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең ілгері қатарында болды», – десе, бала, бозбала шағы сол Ақшоқыда өткен Тұрағұл: «Тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып ойнап қайтатұғын» дей келе: «Құмалақта әкемді жеңген адамды көргенім жоқ», – деп тиянақтай түседі. Демек, «Ойға түстім, толғандым» деп басталатын өлеңінде ақынның  «…Көрінгенге қызықтым» деуінің бір себебі осы ойында жатқаны анық.

Мынаған қараңыз: ақын 1891 жылдан беріде уақытын ән шығаруға және тоғызқұмалақ ойнауға жұмсаудан бас тартқан. Неге? Оған себеп – Абай ағартушылықтан ойшылдық сатыға аяқ басқан болатын. Осы жылы, Мұхаң сөзінше, өмірдің жаңа беліне шықты. Ендігі уақыты мен күш-жігері ғақлия мұрасына сарқа жұмсалмақ. Бұл ниетін бірінші қара сөзінде: «Енді мұнан басқа еш жұмысым жоқ» деуімен Абайдың өзі паш етеді емес пе! Осы тоқтамына сай Абай маңында әнді, дойбы мен тоғызқұмалақты қызықтаған сауықшыл көпшілік толық сейіліп, жанында балалары мен шәкірт болып ерген жастар, яғни іні-достары ғана қалған.  Сөйтіп, бұрынғы уақыт байлығы да, «көрінгенге қызықтым» дейтін сауықшыл Абай да енді жоқ-тын. Міне бұрылысты шешім қабылдаған жері де – Ақшоқы болған. Абай шілде айында жайлауда дүниеден өткенде, мәйітін төл мекені – Ақшоқыға жерлеу ұйғарылған еді. Бірақ аптап ыстық оған мүмкіндік бермей, жер бесіктің Жидебайдан бұйырғаны аян.

Қорыта келгенде, 1894 жылға дейінгі Абайдың ұзақ өмірі Ақшоқыда өткен. Жоғарыда келтірілген эпопея тарауы және  Көкбай, Тұрағұл естелігі арқылы ақынның машығына қанығамыз және шығармашылықтан бос уақытын жоғарыда сөз етілген үш нәрсеге (ән шығару, тоғызқұмалақ және билік құру) жұмсағанының куәсі боламыз.

Мен сөзімді Абайдың керегелі мекені – Ақшоқы статусы туралы бастап едім. Енді соныма қайтып оралайын.

Үстіде аталған «Биікте» тарауына тағы бір көз салар болсақ, Ақшоқыда үйінің терезесінен сыртқа қарап ойға шомған, шабытына мінген Абай бейнесі суреттелген екен: «Ішінде ой шырағы жанғандай болып, салмақпен қараған көздері қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі. Өзінше бір мығым күшпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер. …Өзімен өзі боп толғана ойланған уақыттарында көз алдына көптен-көп оралатын осы адырлар».

Көрдіңіз бе, суреткер Абай жанын билеген сезім-шабыт пен Ақшоқы табиғатын ажыратпай, бір бүтін қылып  жеткізген. Бұл, әрине, кейіпкер ұзақ тұрған, кемелдік дарытқан мекенге тән,  иланымды құбылыс.

Өкінішке қарай, кешегі кеңестік кезеңде «Поэзия Меккесі – Жидебай» деп жаңсақтыққа ұрындық. Шындық үшін айтайық, Абай өлеңдерінің басым көпшілігі Ақшоқынікі, ал Жидебай еншісіндегі өлеңдер санаулы ғана. Себебі, ұлы ақын Жидебай қыстауында 1893-94 қысынан бастап, небары 10 жылдай ғана ғұмыр кешті ғой. Екі қыстауда туылған Абай поэзиясы сан жағынан ғана емес, мазмұн жағынан да өзгеше. Дұрыс түсініңіздер, Ақшоқы кезеңіндегі ақын шығармалары «Абай – қазақтың ақындық өнерін шырқау биікке көтерген классик ақын» деуіміздің тірек, дәлелі, ал Жидебайдағы шығармашылықтың болмысы басқа. Ол «хакім Абай  – әлемдік деңгейдегі ой алыбы» деуіміздің негізі және осы шыңға қалайша шыққанының айнасы. Принциптік айырма осы арада. Сондықтан Жидебай статусы мәңгі жоғары, енді оны Абайдың «даналық Меккесі», «даналық Қағбасы» деп атауға машықтансақ құба-құп. Әділеттілік те, бүгінгі уақыт талабы да осы деген ойдамын.  Нақты дәлел керек қой дерсіз. Дәлеліміз – Абай кітабы. Оған шолу жасасаңыз, біз сөз еткен айырма растығына көз жеткізеріңіз кәміл.

Сонымен, Абай поэзиясының Меккесі – Ақшоқы! Шыны осы.

Бірақ Ақшоқы қыстауы еленіп-ескерілмей келеді. Негізгі туристік маршрутке кірмей сырт қалып отырғаны соның айғағы. Қарапайым көпшілік оны Абай ауылы санатында емес, Құнанбай қажы және оның ұрпақтары жерленген қорым деп қана біледі. Қазіргі таңда Ақшоқыға ат тұмсығын тіреген сапаршы қауым таспен биік етіп қоршалған қорымға зиярат етіп, құран бағыштап, оны бір айналып шығады. Онан соң қайтадан көліктеріне мініп, келген ізімен кері қайтатыны өтірік емес.

Бұл, әрине, Абай рухынан қапы қалу. Егер ақын көп жылдар қыстаған және Мұхаң қаламы суреттеген орынға өз көзіңмен қанықсаң әңгіме басқа. Ұлы ақын күнде кешке басына шығып, тыным алған, ойға шомған төбеге көтеріліп, ондағы қойтастарға қол тигізсең тіпті жақсы. Сол биіктен Абайды толғандырған кең әлемнің, тыныш теңіздей даланың жүзін көріп, тынысың ашылса, ол-дағы ғанибет емес пе. Жігіт Абай өз қолымен тұрғызған үйдің орны анықталса, сол араға белгі тастар қойылса деген мақсат міне осыдан туады.

Тап осындай мақсатпен бір топ азамат 2017 жылдың маусым айында Ақшоқыға сапар шеккенбіз.

Бірден айтайық, Ақсарыбас! Абай отыз жыл тұрған үйдің жұрты табылды!  Оқиға былайша өрбіді. Өз бетімізше іздестіру бос әуре болған соң, жалғыз тұрғын үйдің есігін қақтық. Үй иесі біз іздеген ескі жұртты өзінің бастығы білетінін айтты. Оған телефон шалып, хабарласқанымыз сол еді, айналайын азаматтың әне-міне дегенше келе қалғаны. Амандық-саулық сұрасқан соң фермер жігіттің: «Маған баяғыда бір қария айтып, көрсеткен» деп бізді соңынан ерткені.

Шамасы 50-60 метр қашықтықта бір үлкен жұрттың үстінен шықтық. Үйдің іргесі, қора-қопсының қалдығы әлі де қапысыз  танылады. Айнала тастар көп. Шашылғаны, жартылай жерге көмілгені бар, олардың кезінде ықтасын дуал орнына қаланғаны байқалады. Енді алысырақта Ақшоқының қос биігі көрінген төбе-төбелерге көз салып, оның ең тақау тұрғанына беттедік. Шоқыға шығып айналаны тамашалау – неткен әсерлі десеңізші.  Орындық сияқтанған қой тастар жатыр. Күнде кешкісін тап осы арада отырып Абайдың дамыл тапқаны, мәңгі өлмес поэзиясының талай шумақтарын дүниеге әкелгені сөзсіз. «Қазір Абай сол адырдың жадыраңқы бір қабағын көргендей болды, – дейді Мұхаң манағы сөзінің жалғасында. – Қоралы қойдың алды солай қарай өріп барады екен. Сарылып, сазарған үнсіз адыр енді тас басында жүріп шырқаған қойшы әнінен сергіген сияқты».

Біз де қойшы жүрген биікше тастақ төбенің басынан сол ақ адырға қарап тұрып қалдық. Қойтастың бірінде шапанын желбегей жамылып отырған Абай еріксіз көзге елестеп, ерекше сезімге бөленесіз. Кез келген туристке керегі де құмардан шығар сәтті сезіну емес пе.

Көңіліміз көкке жетіп, ерекше тебіреніспен төменге қарай құлдырап, енді үйдің төңірегін зерттеуге кірістік.  Ғажабы, үлкен күл төкпе орын табыла кетті, тас құдық қалдығы да менмұндалап жатыр. Тағы айтайық, осы арадан көрінетін панорама жаңағы эпопеяда суреттелген сай-сала көрінісіне тұп-тура келеді.

Сөйтіп, Абай 30 жыл тұрған үйдің орны, жұрты табылғанына күмәніміз қалмады. Керемет сәттіліктен бас айналғандай боп, қауқылдасқан сол шақтар естен кетер емес.

Әрбір әлемдік классиктің саналы ғұмырын өткізген аумақ киелі. Гетенің, Пушкин мен Толстойдың шабытын шалқытқан құдірет – туған жерлері деп саналады. Абайдың поэзиясы туылған және таралған топырақ –  Ақшоқы. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан-салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып тарап жатты». Көрдіңіз бе, Мұхаң турасын айтқан. Әрине, тараудың «Биікте» аталғаны да осы себептен.

Сөйткен киелі жер – Ақшоқының ұмыт қалғаны несі? Әттең дүние-ай, киелі жерге жан бітсін десек, табылған үй орнына жол төселуі керек. Сол арада Абай үйінің макеті орнауы керек. Үй алдында Ақшоқы патшалығының ханшайымы Ділдәнің, шоқының үстінде ұлы Абай мүсіні тұруы керек.  Бірақ бұл керектер қашан іске аспақ? Тілекті кім орындамақ? Жермен жексен болуға аз-ақ қалған шаңырақ орнына, ең болмағанда, бір белгі тас қойылса шіркін. Біз, Еуразия Ұлттық университетінің доценті Омар Жәлел, Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының вице-президенті Ғани Бейсембаев, «Айтуға оңай» (қазіргі атауы – «Қаракет») телебағдарламасын жүргізуші, белгілі журналист Бейсен Құранбек және осы жолдардың авторы, тастақ төбенің басында тұрып, осы мәселе қабырғадан қойылса, халыққа да, жоғары жаққа да жеткізілсе дескенбіз. Алдарыңыздағы мақала жазылуының жай-жапсары да міне осы.

Сөз соңы, бүгінгі рухани жаңғыру аясында Ақшоқы қыстауына үкімет назарын аударса игі. Оған жан берудің қамы жасалар деп абайсүйер қауым үкілі үмітпен күтеді. Өйткені, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» өсиеттеген данышпан Абай бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың ұлы ұстазы. Және мәңгі ұлттық рухани брендіміз. Осыны ұмытпайық, алаш жұрты!

Асан Омаров,

абайтанушы ғалым,Семей.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation