1. Өмір – өнер, әрі ойын
Өнер, әрі ойын.
Ләкин, ережесі бар және оны сақтау талап етілетін ойын.
Ережесі бар.
Алайда, кешегі Кеңестер дейтін құдайсыз қоғамнан шыққан кейбіреудің мұны түйсінуі қиын. Хакім Абай «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық… Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ» – деп қапалы. (Шығармаларының екі томдық толық жинағы, 2-том, 96-бет, «Жазушы», 2005ж.). Соның салдарынан «ойын» дегенге ой жүгіртпестен өмірді ойыншыққа айналдырып, қақпақылға салатындарды да көріп жүрміз. Ондай опырғандар мен соңынан опынғандар жайлы сөз өз алдына бөлек әңгіме.
Ал, өмір сүрудің – өнер екенін білмеген күйі жалғаннан ұйқылы-ояу өте шығатындар ше? Сол сияқты тірліктің табиғи тәртібін қатаң сақтай отырып-ақ өмір сахнасында ойын ережесін меңгере білудің қажеттігін түйсіну де екінің бірінің маңдайына жазылмаған.
Көкіректе сәуле жоқ.
Әркімнің өз пешенесіне бұйырған сыбағасы бар, әрине. Бірақ, бес күндік дүние есігін ашқан соң, қоршаған ортамен үйлесімді де сыйласымды өмір сүру, тірлікті мәнді де сәнді өткізу, айналаңа, тіпті көлеңкеңді де түсірмеу тектілікті талап етеді. Өйткені, өмір сүру өнері – бір немесе бірнеше буынның көрген-білгенінің, оқып-тоқыған тәжіриебесінің жемісі емес. Өмір сүру өнері түп-тұқияннан тұтанып, ата-баба көкірегін нұрға бөлеген жарық сәуленің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тектілік жарығының шалқи таралуы.
Жарық сәуле.
Тегі жарық текті ұрпақ, тіпті қателессе де мұның одан басқа ешкімге зәредей де зияны тимейді. Әдемі қартайған, кеудесі де, жүзі де нұрға толы қариялар қаншама! Айналаңызға бір сәтке болса да зер салыңызшы, олардың мейірімді жүзі жаныңды шуаққа бөлейді. Мұны, бірақ кім аңғарып, кім білген?
Ал, өмірді ойынға теңеу – жауапсыздық боп көрінер еді. Сонда қалай, «аш құлақтан, тиыш құлақ» дегеніміз бе? Тірлік талабы мен тәртібіне адал бола отырып, өнер сахнасында ойнай да білгенге не жетсін! Бұл, әлбетте ақыл мен қайратты қажет етеді, «…сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды» (Абай, сонда, 2-том, 104-б.)
Ақиқатына көшсек.
Осы арада сәл тағат қылып, әуелгі әңгімені өмір-өнер, өмір-өзен ағысымен тербеп көрелік. Бұл арада өмірді ойынға теңегеннен әлдеқайда оңай. «Өмір сүру – өнер» деген сөзбен баршамыз бірден келісіп, жапатармағай жіктеп ала жөнелетініміз де шындық. Алайда, жаңа айтқандай, өмірдің өнер екенін байқамай қалатындар да толып жатыр.
Көп, тіпті.
Өкінішті, ләкин шындық солай. Жаңағылар, күйбең тірліктің құйрығында салпақтаумен етекбасты күйде бақидан озады. Осыны көре тұра іші толған у мен өрт, сырты дүрдей Ұлы ақын жан қапасын жайып салады: «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,/ Етекбасты көп көрдім елден бірақ» (сонда, 2 том, 22-б.) Шіркін, әрбір жан өзінің алашапқын қалпына бір сәтке ғана ой жіберіп, тірлік қарбаласында бір мезет үзіліс жасай алса… ақиқатқа көздері ғана емес көкірегі де сәл де болса ашылады. Тірлікті қайта бастамағанмен оны лайықты аяқтау мүмкін екенін де ол енді пайымдай алар еді.
Амал қайсы?
Бізде үнемі уақыт тапшы. Тіпті, адамзаттың қазынасы – Абай мұрасына бір мезгіл ден қоюға демдері жетпейтіндерге не дауа!? Әйтпесе, ұлы хакім «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,/ Және сүй хақ жолы деп ғәділетті», «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» дей отырып та, «Біріңді, қазақ, бірің дос,/ Көрмесең істің бәрі бос» деп қарындастарына ауызбірлікті аманат етеді (сонда, 2-том, 57,120-беттер, 1-том, 89-бет).
Адамды сүю.
Бұл – іс жүзінде өмірді сүю деген сөз. Тірліктің, қанша жалған десекте, қадірін білген пендең өзінің айналасындағыларды да сыйлай алады. Ол, тіпті, жандыға жаны ашыса, жансызды текке шашып, ысырап жасамайды. Олар үшін кейбіреулер секілді «қолынан келсе, қонышынан басу» мүлде жат. Бірақ, жаңағы кейбіреулердің, әсіресе, бәрі сатылатын және сатып алынатын жабайы нарықта кекірігі азды. Бір қарасаң, жап-жақсы кісі, «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,/ Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек» (сонда, 1-том, 47-бет). Жақын тани келгенде азғындық қиясында тұрғанын көріп, одан құтылғанша асығасың. «Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,..Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ» (сонда, 1-том, 52-бет).
Пендеміз.
Алайда, өзіңді-өзің басқара алмаудың түбі аранға жығады. Осыны есі кіресілі-шығасылы сезе тұра «қонышынан басатындар» арандарын бәрібір тыймайды. Бұ дүниедегі жақсының бәрі солардың меншігі болуы керек сияқты. Тіпті, күні кеше өзі ғашық жүрекпен таңдап алған жарын да отбасының бақшасына күз түскенде басқа бір гүлге айырбастап жүре беретіндер де солар. Олар үшін өз жаны желбіресе, жетіп жатыр. Ондайлар үшін замандастың құны бес тиын. Шындығында «Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» (сонда, 2-том, 102-бет).
Аянбайды.
Әлгілер бәрібір тоқтамайды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар». Өзінің, өз баласының, өз дүниесінің құлы. Өзге адамның ол үшін мүлде құны жоқ. Бірқатарымыздың, өмір-өнер туралы түсінігіміз «өнерді үйрен де жиреннен» аспайды. Тіпті, өнер киесін естен шығарып, оны ойыншыққа айналдыратындар қаншама? Нарық кезінде жасы бар, шал-кемпірі бар, әншілердің көбейгенін көзіміз көріп жүр. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар/ Үннің тәтті оралған мәні оятар./ Әннің де естісі бар, есері бар,/ Тыңдаушының құлағын кесері бар./Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,/ Өмір сәуле көрсетер судай тұнық./ Құр айқай бақырған/ Құлаққа ән бе екен?/ Өнерсіз шатылған/ Кісіге сән бе екен?..Құлағынан өтеді/ Құр айғай салған әндері … Құлағын басып жалынды,/ Қойғызы көр деп құрғырды» (сонда, 2-том, 5,6,14,37).
Өнер.
Біз Абайды тыңдасақ қой, ертерек: «Құлақтан кіріп, бойды алар/ Жақсы ән мен тәтті күй./ Көңілге түрлі ой салар,/ Әнді сүйсең, менше сүй» (сонда, 2-том, 15-бет). Әркімнің өзіндік дауысы бар. Бірақ, оны да тәрбиелеу, шыңдау керектігі кәміл. Ең бастысы, талапкердің жүрегі аса сезімтал болса, құба-құп. Әйтпесе, дауысым бар деп, сахнаға таласу обал-ақ. Кейбіреудің, тіпті өз жандарына жап-жақсы әншіні қосақтап алып, өнерді қор қылатынын қайтерсің!
Абайдың сөз өнері.
Ұлы ақынды өлең-өнер өлкесіне қырыққа келгенде мойын бұрды деп кесіп айту келіспес. Бұл жөнінде Мұхтар Омарханұлының ақынның жас кезіндегі өлеңдері бізге жетпегені, сақталмағаны туралы пікіріне тоқтаған жөн. Яғни, олар туралы бізге жетпеген немесе хакімнің өз көңіліне қонбаған деген ләзім. Көкбай «Жаз» өлеңі туралы: «Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен… сол күні, «Жазды күні шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім осы»- деп еске алады. Өйткені, өнердің, өлеңнің киесі бар. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,/ Қиыннан қиыстырар ер данасы./ Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,/ Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы».
Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерінен бастап, өмірдің өнер екенін жырлайды. Тіпті, 1855 жылы, яғни мөлшермен он жасында жазған «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» өлеңінде ұзатылған қызға «жауыр айғыр» берген бауырды сынға алады. (сонда, 1-том, 34-бет). Жат жұрттық қарындас тұрмыс құрғанда оны лайықты шығарып сала білу де – көргендік пен білгендіктің белгісі, өнер.
Ал, өнер – өмір сүру өнері ғасырлар бойы халықпен бірге жасайды және дамып, қанаттана түседі. Мәдениет те осылай қалыптасып, өркен жаяды. Сосын тағы өнер қанаттас өмір сүрген ел-жұрттан үйрене де үйрете, яғни салыстыра отырып өркен жаяды. Жасығы уақыт көшінен қалып, асылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, мәртебесі асады. «Иузи – рәушан, көзі – гәуһар,/ Ләғилдек бет үші әһмәр» (әдемі, асыл, лағылдай, қызыл). Осылайша өнерге бет қойған жас ақын «Мәдәт бер я шағири фәрияд» деп, шығыстың ойшылдары мен шайырларын арқа тұтады (сонда, 1-том, 34, 35-бб).
Жол басы.
Кез-келген жастың есею, азаматтық жолының бір баспалдағы – Жар таңдау. Өмірлік серігіңді дұрыс таңдап, таба білу де – өнер: «Көріп алсаң көріктіні,/ Таңдап алсаң тектіні,/ Сонда көңіл толмай ма?!» (сонда,1-том, 41-б). Сол сияқты саятшылықта – «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» немесе әдемілікте – «Бір жаңа ұқсатамын туған айды», тіпті «Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды» (сонда, 1-том, 42,44,49-бб). Әрине, әдемілікті танып, оған қорған болудың, саятшылық құрып, өмірді қызықтай білудің және ғылымның пайдасын дер кезінде түйсінудің де өмір сүру өнерін меңгерудің баспалдақтары екені анық. Демек, «Ер ісі – ақылға ермек, бойды жеңбек,/ Өнерсіздің қылығы – өле көрмек», шындығында не қажеті бар «Терін сатпай, телміріп, көзін сатып» (сонда,1-том,46,47-бб).
Ұлы Абайдың әрбір сөзі өмір сүрудің өнегелі қағидаты «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,/ Сапырылды байлығың, баққан жылқың», бұл аздай «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,/ Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда, / Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда» (сонда, 1-том, 49, 50, беттер). Тіпті, жайлауын, күзеуі мен қыстауын да ондайлар алтыбақан алауыздықтың салдарынан дұрыс пайдалана алмайды.
Сондықтан «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,/ Ең болмаса еңбекпен мал табалық», немесе «Керек іс бозбалаға – талаптылық,/ Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық», «Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,/ Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып./ Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,/ Оның қадірін жетесіз адам білмес» (сонда, 1-том, 53,54,55-бб). Хакім Абай осылайша толғана келе «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде өмір сүру өнерін меңгеруді былайша түйіндейді: «Өсек, өтірік, мақтаншақ,/ Еріншек, бекер мал шашпақ – / Бес дұшпаның, білсеңіз./ Талап, еңбек, терең ой,/ Қанағат, рақым, ойлап қой – / Бес асыл іс, көнсеңіз (сонда, 1-том, 60-бет).
Өнер де – ойын. Өз толқыны, тебіренісі, ережесі, талабы, әуені, бояуы, нақышы, машығы бар ойын. Ұлы ақын айтпақшы, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,/ Сендерге де келейін енді аяңдап». Абайды бір оқи бастасаң, айырылғың келмейді. Өлең сөзді қара сөзбен баяндау обал: «Білімдіден шыққан сөз/ Талаптыға болсын кез./ Нұрын, сырын көруге / Көкірегінде болсын көз» (сонда, 1-том, 73,86 беттер). Тыңдайтын құлақ болса, ұлы ақын ұлағаты мәңгілік мұра.
Түсінгенге солай…
Бөріліден Шақжан іні-дос келген. Әңгіме үстінде бір оқымысты ағасының өзінің айтып отырған сөзін аяғына шейін тыңдамайтынына шағынды. Оның жауабын әкесі, ардақты ақсақал, іргелі абайтанушы Бекен ақсақал беріпті: «сенің не айтпағыңды біліп тұрса, несіне тыңдайды».
Шыны сол.
Бекен ақсақал Абай ұлағатынан түйіп айтып отыр. «Жүрегі – айна, көңілі – ояу, / Сөз тыңдамас ол баяу, / Өз өнері тұр таяу, / Ұқпасын ба сөзді тез» (сонда, 1 том, 86, 87) – дейді ұлы ақын, немесе «… адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (сонда, 2-том, 105-б, он сегізінші сөзден).
Әрине, бұл өмірге келген соң білім мен өнерді меңгеріп, еңбектен ерінбей, «алға ұмтылу – адами қасиет, ал жанталасу – қасірет». Ұлы Абай отыз бесінші сөзінде: «Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болған, сопы болған, жомарт болған, шейіт болғандарды» және «Ахиеретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды» екіге бөліп, ара жігін ажыратады. Ақын дүние үшін болғандар мен құдайдың разылығы үшін өнер қылғандардың арасы жер мен көктей екенін атап көрсетеді (сонда, 2-том, 120, 121-бб).
Атақ пен құрмет.
Есеппен емес, адамдық талабымен ештеңеден тайсалмай алға басып, «ойнай» білу керек. Біліктілікпен шаруа жасап, адамгершілікті, ар-ұятты ұмытпау – борыш. Кейбір бастықтардың «қолынан келсе, қонышынан басып», шикі кадрларды жоғары орындарда шіренту практикасы да ойын ережесін белден басудың салдары. Жаңағы шикібастың жұртында қалған қоқсықты жинап, «бір қайнауы ішіндегі дүниенің» иін қандырудың өзі азап. «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың» немесе «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» (сонда, 2-том, 123, 122 беттер).
Иә, кейбіреу секілді «адамның адамшылығы… қалайша бітіргендігінен де білінеді» деп, фәлсафа соғу мүлде қате. Бұл жұмсақтап айтқанда, ал турасына көшсек, Абайдың «өкшесіне де жеткем жоқ» деп мойындайтын ғұлама Әуезовтің табанының ізінен садаға кеткірлердің жаңағыдай ділмарсып, Хакім Абай ұлағатын дамытпақ болуы еш ақтауға келмейді: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес». Ұлы ақынның игілікті істі асықпай иін қандырып барып қолға алсаң табысқа жетесің деген ұлағатын «тасыр ұқпас». Өйткені, «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» (сонда, 2 том, 124-бет). Олай болса, тірлік талабын, өмір сүру өнерін меңгеру және өмір-ойынның ережесін» мүлтіксіз сақтау әрқайсымыз үшін әділет талабы.
Демек, өмір – өнер әрі ойын. Өйткені, келешегің кеше келмесе, кешіккенің. Бүгінгі биігіміз бүрсүгіннің баспалдағы екен. Зерлі сөз зейінді ұрпақтың зердесіне қонса солай.
Болат Жүнісбеков,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі»
Мемлекеттік қорық-музейінің директоры.