Қоғам қайраткері, ардагер журналист Сейдахмет Құттықадам «Дат» газетіне (2018 жыл, 3 мамыр)көлемді сұхбат берген екен. Сейдағаң кезінде «Правда», «Известия», «Труд» сияқты орталық басылымдар санасқан танымал тұлғамыз. Сұхбат иесі: «БАҚ-тың жағдайын талқылау керек. Мұндағы жағдай сұмдық!» сынды батыл пайымдармен бірге,«Орыс тілі шет қалмасын!» және«Қазақтарға міндетті түрде екінші тіл қажет!» дегенжанға шиқандай батқан теріс пікірлердіде діттепті. Әрине, бұл орыс тілінде көзін ашқан қисапсыз көп қазаққа ортақ пікір. Билік те тап осы саясатты іске асырып отыр. Әттеген-ай, елім, жұртым деген Сейдағаңдар «екінші тіл қажет» десе, онда не болдық? Енді қайттік? Тағдырлымәселе осы арада екенін біле тұра, «Дат!» деп дауыс көтермей қалуға дәтім шыдамады.
Көпке аян, кез келген ұлттың үш тағаны: жері (тән қорегі), тілі (қарым-қатынас құралы) және салт-санасы (рух азығы, діні, адамшылық тәрбие). Құдай солай жаратқан – бұлар өзгермейтін үш шарт. Осы үшкіл үшін әр ұлт жан алып жан беріседі. Мысалға тілді алайық, оның кешегі тас қамалдай КСРО-ны ырғап, шайқалтқан ең басты құдірет болғанын тез ұмытқан сияқтымыз. Сөйтіп,ұлттың ұлт, елдің ел болып қалуына қажетті үш бұт, үш таған ғана бар. Оған «екінші тілді білу» дегентөртінші тағанды қосақтаған кім кімде қатты қателеседі. Күллі халықты шатастырады. Бұл ғылымға да жат, жасанды ұғым.
Қазаққа қосалқы тілдіқосақтап, жүктеп жүргендер – ғылым-білім дамысын, болашақ ұрпақ бақытты болсындеген уәжін дәйім алға тартады. Қара халықты тырп еткізбей иландыратын сиқыр да, кім қарсы келсе, соның аузын жабар қақпақ та осы.
Сондықтан алдымен осы уәждің ақ-қарасын айырып алғанымыз жөн-ау.
Бірден айтайық, «бөтен тілсіз күніміз қараң» деген кешегі отарлық заманның синдромы, соның санамызға салған қара таңбасы. Қазақтар тек өз тілінде сөйлеген Абылай, Абай өмір сүрген заманда қазақтардың жан дүниесі тапшылыққа ұрынды, әмсе тәлім-тәрбиесі кем соқты, азды-тозды деуге ешбір дәлел жоқ. Қайта бүгінгі таңда отбасылық құндылық шайылып, мәңгүрттік қарқыны үдей түсті. Алапат дерттің шет жағасы қазірдің өзінде-ақ байқалып отыр. Бұл – білім беру саласы үштілділік құрбаны болғанының да, яғни түзу жолда еместігінің де көрсеткіші.
Иә, Абай орыс тілін меңгеруге шақырды, бірақ ол заман мен бұл заман тең бе? Көрші халықтармен үзеңгі теңестірдік дегенде дауысымыз жер жарады емес пе,қазір. Білімсіз, надан қазақты көрсек, көзіміз шықсын. Сондықтан Сейдағаң кешірсін: «Ресейге ерегесіп, олардың тілінен бас тартып, білім алмай, надан болайын, бірақ тәкаппарлығымды жоғалтпаймын деу – тыр жалаңаш патриоттық, тіпті есуастық ұстаным», – деген пайымы, менімше, негізсіз, ол ол ма, залалды (бұл жерде білімді орысша алған өз басының тәжірибесін бүкіл халыққа таңу орын алған сияқты).
Шын ғылым, шын имандылық бар болуының белгісі – қоғамның іргесі шайқалмайды, қайта беки түседі. Әзірге мұндай жақсылық нышаны байқалар емес. Сіз: «Болашақ үшін бізге білім ауадай қажет», – депсіз. Дұрыс-ақ. Бірақ біздің шет тілін (орыс, мейлі, ағылшын) үйренуге тыраштануымыз ғылым-білімге бас қою емес, бар болғаны – жат тілдің жетегіне жегілу. Бұл ешбір бәһра бермейтін қарекет.
Осы пайымды әр қырынан қаузай түсейік. Кімде кім ғылым сарасына, өнер шыңына шын талабымен ұмтылса, соғанқашанда жол ашық. Сонау 11-ғасырда терең ғылым іздеген Әбунасыр сияқты жүздеген жастар қазақ жерінен Мысыр, Шам елдеріне жол тартыпты. Кешегі алаш арыстарының бәрі дерлік Ресей мен Түркияда білім нәрімен сусындағаны көпке аян. Бүгінгі күнгі мүмкіндікті айтудың өзі артық, тұсап қойсаң да, талапты жастар жол табады. Күмәнсіз, ғылымды тек даралар жасайды, қоғамдық сана да солар арқылы толысады. Ал бөтен тілді жаппай енгізу – өз еркіңмен мойныңа қамыт ілумен бір. Көптілді білу – білімді болудың көрсеткіші емес. Өзгенің жақсысына қызықсаң – өз тіліңе аудар! Әлемдік тәжірибе міне осы.
Біз бұрын бодан болған елдерге (Латын Америкасы, Үндістан, Пәкістан, Мысыр және т.б.) еліктеп емес, ешқашанда бодан болмаған елдерге (Түркия, Германия, Франция, Жапония, Корея және т.б.) қарап бой түзеуге тиіспіз. Соңғы аталған жұрттар ішінде, мәселен, ағылшын тілін түсінетін түрік я неміс халықтың 4-5 пайызынан аспасы хақ. Өзгелеріне бұл тілдің құны көк тиын.Неге? Өйткені, надандық пен қараңғылықтан құтқаруға өз тілінің қауқары ағылшыннан асып түспесе, кем соқпайды.
Сіз: «Қазақтар үшін бір ғана қазақ тілі жеткіліксіз», – дейсіз де, оған мынадай уәж айтасыз: «Әлі күнге дейін қазақ тілінде мінсіз деп айтуға болатын оқу құралы жоқ. Бәрі аударма, әрі сапасы төмен». Сапалы оқулық деген не, тәйірі? Бұл битке өкпелеп, тонды отқа тастағанның кері болмай ма? Сол үшін бөтен тілге бас ұру ақылға сия ма? Көлік жүргізуші, малшы, аспаз я болмаса зауыт жұмысшысы қазақтың орыс я ағылшын тілінде қай әкесінің құны бар? Оны бала жасынан жат тілге неге мәжбүрлеп оқытуымыз керек?
Қорыта келгенде, ғылым-білімді желеу етіп, күллі халықты көптілді қылмақтық, жұмсартып айтсақ, өте күмәндіидея. Қазақ баласы шет тіліне ана тіліндей жүйрік болу керек деген ұғым – құлдық сананың жемісі екені, сонан шыққаны хақ. Мұны қалай мойындасақ, солай түзу жол да табылмақ.
Төл тілін менсінбеудің салдары – қазақ тілдік бөлініске тап болып отыр. Өзіңіз де ойлаңыз, ұлттың екіге бөлінуі жалғаса берер болса, онан асқан сорақылық бар ма, бауырлар? Ендеше мәселені қаузай түсейік.
«ДАТ» газетінің сөз болып отырған №17 санында Асқар Әбдімомынов дегеннің «Я-МАНГУРТ» деп жар салған ашық хаты бар. Түрі ғана қазақ, жан дүниесі таза орыстанған міскін бауырымыз: «Я был истинно советским человеком. Я продукт СССР в его расцвете. Она дала возможность познакомиться с мировой культурой через русский язык», – деп сыр бөліскен болыпты. «Мен-мәңгүртпін, қазақ тілі маған керек емес, ал қайтпексіңдер?», – деп қасарысқан Асқар сияқты жүздеген мың халқымыз бар.
Құлдық сана! Жаның неткен сірі еді? Тамырың жеті атаға жетпек пе, сенен арылып, айығар күн қашан? Кәрілер осылай қайғы ойлап, күрсініп жүрген жағдайда «орыс тілінен айырып қалмайық» деп ұрандау отқа май құйғанмен бір. Өзінікін қор, өзгенікін зор санау құлдық сана емей не.
Құрметті Саке, Сіз айтқан: «Егер орыс тілінен алшақтасақ, онда ағылшын тіліне бет бұрайық. Оған ең кемі 30-40 жыл қажет болады. Сол кезде ғана орыс тіліне қош айта аламыз. Ал оған дейін орыс тілінен бас тарту – өзімізге надандық тілеумен бірдей. Ал оған жол беруге болмайды», – деген идеядан шошынып қалғанымды жасыра алмаймын. Әйтеуір, надандық деп сойылды бір сілтеп қаласыздар. Қайдағы? Еуропаның жазушылары мен философтарын қазақ баласы не, аз оқып келді ме, онан шыққан мүйізі кәне? Онан не пайда? Жаңа ғана аты аталған қазақтықтан жұрдай бауырымыз сондай сабаздың бірі. Оның батыс, орыс әдебиетінен бас алмаған, ал Шығыс қайнарына мүлде қарамаған пенде екеніне кепілмін.
«Батысты оқымасаң надан бейшарасың!». Біле білсек, бұл күштеп таңылған еуроцентристік көзқарас. Әлем бойынша отаршыл саясаттың ұраны осы болған. Аядай ғана Еуропа негізін қалаған мәдениетті «мировая культура» деп әлі күнге жалаулатамыз-ай, онан жалығар түріміз көрінбейді.
Сізсөз болып отырған сұхбатыңызда: «Дюма мен Шиллердің, Платон мен Аристотельдің не керегі бар деп жүре берейік онда. Бұл – өте қате көзқарас» депсіз. Келісе алмайтын шығармын. Неге?
Өйткені, жақсы мен жаманды айыруды үйрену, ұрпақты махаббат пен әділетке баулу, яғни жан мен рухтың азығын алуғақажеттікөмбеәр ұлтта да бар. Фалсафа саласын ширек ғасыр зерттеген маман ретінде айтайын, Абай, Шәкәрімнің ойшылдық мұрасы атағы жер жарған неміс философиясынан төмен емес. Ғажайып ақыл иесі Гетенің: «Мен Шығыстың жеті шайыры қолына су құюға да жарамаймын», – деуі көп жайды аңғартса керек-ті. Біз Сократ пен Платонды, Шекспир мен Шиллердібасымызға көтереміз, тіпті ортанқол философтарына шекті білеміз, бірақ Батыс әлеміне Яссауи мен Абай теологиясы танымал емес. Керексіз. Сіз талай классиктерді атап өтіпсіз, оларды танып-білуге, ол ол ма, түпнұсқада оқуға біз неге ұмтылуымыз керек, оған қандай қажеттілік бар? Ешқандай да жоқ. Жастарымыз алдымен қазақ жыраулары мен ұлы Абай өсиетін ұғып, «Абай жолы» эпопеясын әлденеше оқып-тоқып алсын да.
Сөйтіп, бізге рухани тұрғыдан надан, жабайы болып қалмайық деп Батысқа телміру, оның таланттарын пір тұту басы артық шаруа. Бұл – соңғыекі ғасыр тудырған теріс стереотиптің бірі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деген екен. Өз тіліне сенбеген халыққа да бәйге жоқ, болашағы бұлдыр.
Батыс несімен күшті? Әрине, материалдық-техникалық прогресстің қозғаушы күші болуымен (орыстілді қауымның қазақ тіліне шекесінен қарап, менсінбей отырған жайы сол). Осы заттық жетістіктерінен үлгі алу, үйрену керектігі сөзсіз. Бірақ бұл уақыттың еншісіндегі тірліктің шаруасы ғана.Сыртқы дүние жарысында кім озды, кім артта қалды? Бұл маңызды емес. Мақсат – адамның рухын, ақылын толтыру болса ғана алданып қалмаймыз.
Қорытып айтсам, қостілділік – қасиет емес, ол – орасан зор қасірет. Қазақ қоғамы үшін онан асқан қатерлі идея жоқ. Оның қатерін мынадан біліңіз: орыс тілінің мұрты да қисаймай, ал 1989 жылдан бері көтерілген қазақ тілінің жағдайы жыл санап мүшкіл күйге түсті. «Бұл не деген заманға ісім түсті?!» (Абай) деп аңырып, абдырап отырған жайымыз да содан.
Осы пайымның иесі «тыр жалаңаш патриоттың бірі» екен демеңіз, мен де Сіз сияқты білімді орыстан алған (Челябинск қаласында институт, Мәскеуде аспирантура) пақырмын. Қатты шүйліккенім тілге қатысты пікірлеріңіз ғана, ал саяси көзқарастарыңыз тамаша. Сұхбат соңында айтқан «Билікке үміт артудың қажеті жоқ. Біз тізгінді өз қолымызға алып, жан-жақты зерттелген зерделі материалды ұсынуымыз қажет» дегеніңіз нағыз саясатқа жорға патриоттың сөзі. Сіз сияқты дуалы ауыз азаматтарарқылы «Ірі қалаларда ағылшын және орыстілдібірер мектептер болса, сол да жетеді. Өзгелерінде оқу таза қазақ тілінде жүргізілсін. Үштілділік реформа тоқтатылсын!» деген бұқараның үнін жоғары жаққа жетсе керемет болар еді.
Елімізде қазақ тілі дараланса ғана ұлттың бірігуі, ғылым тілінде идентификация процессі басталмақ, әйтпесе жоқ. Мемлекеттік тіл дамыса, қазақ тұрмақ, Қазақстанды мекендеген барлық ұлт пен ұлыстардың басын біріктіру мәселесі өзінен өзі шешілмекші. Қазіргі жағдайда қазақтың қазақ болып қалуының өзі қыл үстінде тұр. Бұл қатерге көз жұма қарауға Сіз бен біздің қақымыз жоқ, Сейдахмет мырза!
Сөйтіп, өз білуімде, тығырықтан шығарар жол жалғыз. Ол – қазақ тілін еркін дамыту, оны кәсіп пен ғылымның тіліне айналдыру. Сөз басында айттық, ұлтты сақтап тұрған үш таған бар. Тілмен бірге, қазақ кәсібі, салты, мәдениеті де сұранысқа ие заман туары сөзсіз. Сол кездерде: «Сендер, қазақ тілін білетіндер, не тындырдыңдар, жақсылық атаулы – азық та, киім де, саяси еркіндік те күллісі шет елден келіп жатыр» дейтінкерауызға да қақпақ қойылары сөзсіз.
ҚұрметпененАсан Омаров,
философия ғылымдарының кандидаты.
Семей қаласы.