Жасы сексенді орталған Қабдолла ақсақалдың әңгімелері ден қойған жанға қызықты-ақ. Таныса келе Қабдолла ақсақалдың бабасы болыс, атасы қажы, әкесі қари болған адамдар екенін білдік. Өзі де мұсмылмандықтың бесінші парызын 2006 жылы толық орындап, қажы атанып қайтқан. Түгендей айтқанда, төрт атасынан бері қажылық үзілмепті. Десек те, Қабдолла қарт келтірген деректердің ішінде Мырзахан бидің өмірі мен өнегесін көпшілікке жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Мырзахан Мотыұлы 1838 жылы Шығыс Қазақстанның Ақжар өңірінде дүниеге келіпті. Бәйжігіттің Жұмығынан тарайтын атасы Ақтөбет батыр немересінің есімін әрі мырза, әрі ел басқарсын деген ниетпен «Мырзахан» деп қойыпты. Өскен ортасы, көрген өнегесіне байланысты болса керек Мырзахан да зерек болып, ел ісіне ерте араласып, 18 жасында би сайланыпты. Тізгінді тең ұстаған, айналасын алаламаған әділдігімен көптің құрметіне, ағайынның алғысына бөленгендігінің арқасында арада 2 ғасырдай өтседе есімі ел ішінде сақталып келеді. Алғашқы билік айтуы екі ағайынның бір тайлаққа таласуына төрелік айтуынан басталыпты. Шылғаубай мен Томпақ деген ауылдас кісілер бір ботаға таласып: «Мына бота менің түйемнің төлі» деп, ұзақ дауласады. Әлгі ботаның екі түйені тел еміп жүргені дау түйінін тарқатуға тіптен кедергі келтірген. Екі жақ ақырында биге жүгінген. Мырзахан би сонда екі түйені екі жаққа шөгертіп тең ортасына қос түйені қатар еміп жүрген ботаны жықтырып, қылбырау салдырыпты. Ботаның қиналған сәттегі ащы дауысы естілгенде бір түйе орнынан атып тұрып ботаның қасына келгенде, екіншісі жатқан орнынан қозғалмапты. Сөйтіп, ботаны қай түйенің төлі екенін шүбәсіз айырып беріпті.
1856 жылдан Ақжар өңірінде би болған Мотының Мырзаханына 1874 жылы болыстық шен бұйырған. Оның сыртында 1873 жылдың қаңтарында Ресей императоры ІІ Александрдың қабылдауына Алтай, Тарбағатай аймағынан барған 19 адамның қатарында болған. Осы 19 адамның сол сапардағы суреті мұрағаттарда сақтаулы, аракідік ақпарат құралдары мен деректі кітаптарда жарық көргенінде байқағанбыз. Соның бір көшірмесі Зайсан ауданына арналған албом-кітаптан орын алыпты.
Қазақстан даласына болыстық жүйе енген тұста Мырзахан болыстық тігзінді Семей губрениясы губернаторының өз қолынан алған көрінеді. Губернатордың қабылдауынан елге оралған кезде жаңа дәрежесіне құттықтау айта келгендерге болыс: «Мені бүгін мақтап төбеге көтеріп отырсыңдар, ертең өзіме жүктелген міндеттерді әрқайсыңнан талап ете бастағанда қазіргі мақтап отырған сөздерің далада қалып, меннен жаман адам таппай қалып жүрмеңдер» дегенді де айтыпты. Айтқанындай, Патша ағзамның жан салығы мен мал салығына қатысты ережелерін сақтап, соған бағынышты тәртіпті күшейтпесе губерния талабы ойдағыдай орындалмайды. Олай етпей тағы болмайды, жоғары жақ талабын орындатпай қойсын ба?.. Оның үстіне болысқа жүктелген тарпсырмалардың ішіндегі ең қиыны – Рессейден келетін мұжықтарға шұрайлы жерлерден кісі басына 15 гектардан жер тауып беру міндеті бар. Бұл дегеніңіз, сол кезде болыстар үшін екі оттың ортасында жүргенмен бірдей еді. Бір жағы намысқа тырысып, екінші жағынан қарашекпенділерге қарадан-қарап шүйгін жерді беріп қоймаудың қамымен Мырзахан болыс қазақтарды жермен шұғылдануға шақырады. Ақжардың Шеткі Қарасу жағынан егін салу мақсатында 65 түтінді осы шаруаға жұмылдырып, тоған тарттырып, жер жыртқызған. Нәтижесінде жұрт егін салуды тәуір-ақ меңгеріп кетіпті. Соған байланысты айтылған «Шорға бидайының балық көз майы бар» деген мәтел ел аузында сақталып қалыпты. Сол кездегі тоған мен үйлердің орыны әлі бар көрінеді. Елді егістікке қалай баулығаны жөнінде алдағы уақытта кеңінен тоқтала жатармыз.
Ендігі кезекте негізгі айтпақ әңгімемізге көшейік. Осы Мырзахан Мотыұлы, Бұтабай Жұндіұлы бастаған өрдегі бәйжігіт руының дәулетті адамдары бірігіп Мекке жерінде қонақ үй салыпты. Бұл мөлшермен алғанда 1876-1878 жылдардың шамасы. Бұл дерек Құнанбай Өскенбайұлы, кіші жүзден Досқана шешен меккеде тәкие (қонақ үй) салдырған уақытымен сәйкес келеді. Соған қарағанда сол заманның үрдісіне орай қазақтың бірқатар елағалары Мекке жеріне инвестиция құйғанға ұқсайды.
Бір қызығы, Мырзахан Мотыұлының өзінен кейінгі екі ұрпағы меккеде, өздері салған тәкие-қонақжайда тұрып тұрақты білім алған. Мырзаханның баласы Ыдырыс сол жақта ұзақ мекендеп өз баласы Нұрқасымды 10 жыл оқытып, қари дәрежесіне жеткізіп елге оралыпы. Біздің кейіпкеріміз Қабдырасыл ақсақал әкесі, ата-бабасы жайлы осы деректермен бірге Мырзахан, Бұтабай және Мінәсіп, Жұмабике ата-әжелеріне топырақ сол жақтан бұйырғанын айтып отыр.
Осы деректерді естігенде менде іштей бір таңданыстар болды. Олай болатыны, 2007 жылы Иса қажы Сонабайұлы туралы материал жиыстырып Мақаншының Қарабұта ауылында болғаным бар. Иса қажы 18 жасында1874 жылдары әкесі Сонабаймен Меккеге еріп барып, арада 5-6 жыл өткеннен кейін елге оралады. Солай болуына басты себеп әкесі Сонабайдың сол жақта қайтыс болуы. Сақталған деректерге сүйенсек Сонабай қажылыққа аттанарда жаназасын шығартып ел-жұртпен хоштасып кетіпті. Осы жайларды әңгімелеп берген Иса қажының немере інісі Нүсіп ақсақал «сол кезде өрдегі бәйжігіттен қажылыққа 30 адам аттанған» деген мысал келтіріп, «осы көршеткішті үлгі тұтқан Иса қажы да ойдағы бәйжігіттен ауқаттылардың қажылыққа көптеп баруына ықпал етті» деп еді. Ол кісінің «өрдегі, етектегі бәйжігіт» деп отырғаны осы рудың Тарбағатайдың Алтай жағындағы бөлігін өрдегі десе, Барқытбел маңайындағы бөлігін етектегі деп жіктеген екен.
Тарбағатай тауының екі жағын мекендеген жұрттың дінге, мұсылмандық парызға деген көзқарастарының ұқсастықтары да ойлантпай қоймайды. Бұтабай болыстың баласы Зейнолла әке жолын сабақтасытырып еліне мешіт-медіресе салдырса, Сонбайдың Исасы да 1925 жылдары қазіргі шекараның сыртындағы Шағантоғай аймағының Жиек ауылына Мешіт-медресе салған. Сол мешіт күні бүгінге дейін аталған елдімекенде сақталып тұр. Естуімізше бұрынғы мешіт жанынан жаңасы салынса да, Иса қажы есімі сол мешітте сақталып қалыпты.
Осы жайларды айта келгенде, Мырзахан, Сонабай сынды бабалардың өмірлерінің соңын меккеде өткізуге мақсатты түрде бел буғандығының сыры неде деген ойға қаласың. Бұл ешқандай аңыз, ертегі емес ел ішінде ұрпақтарының жадында сақталған деректер. Мысалы, Сонабай қажылыққа алдында бір барып келіп, екінші қайтара аттанғанда айналасымен хоштасып, жаназасын шығарып кетуінде не сыр бар екен. Олардың бұл бастамалары аймақтағы ағайынға үлкен әсер еткені шындық. Ақсуаттың Хабарасу жағында Лашын, Әлімбай есімді ағайынды қажылардың зираты бар. Ел аузында бұл мола «Қос қажының зираты» деп аталады. Осыдан 1,5-2 ғасырдай бұрын өмір сүрген осы аталардың бүгінде барлығының ұрпағы бар.
Қайрат Зекенұлы, журналист. Семей.