Айтарымды бірден бастайын. Екі мыңыншы жылдарда, Семей филормониясының Алматыда сан қайтара қойылған концерттерінің біріне кетіп бара жатқан іс сапарда, Тұрсынғазымен купелес болдым. Оны ондай сапарға шығарып салушылардың өзі бір төбе болатын, көкбурыл болып кірдік. Мені өнерпаз деп сыйлай ма, бастық деп сыйлай ма, қайдан білейін, әйтеуір мен де біраз жерге барып қалсам керек. Вагонға кіргеннен кейін де көрші вагондардан келіп, жол болсын айтушылар да аз болмады.
Баяғыда, біздің бала кезімізде, ағайынды Абдулиндер Өскеменге келіп, концерт қойып, қатты құрмет көрсе керек. Әлде нешінші күнгі салтанатты дастархан басынан соң, есік алдына шыққан Мүсілім ағамыз жылап отыр дейді. Төңірегіндегі белсенді, атқамінер, шашпаугерлер шошып қап, қалбақ қағып «Ой, Мүсеке, не боп қалды?» демей ме баяғы. Сонда ағамыз «Устал от уважение» деген екен. Сол сияқты, Тұрсынғазының да «уважениеден» шаршаған кездері аз болған жоқ.
Таңертең үзіліп-созылып тамбурға шығып, терезенің алдында тұрмыз, көз алдымызда Қапшағай теңізі жарқырайды. Сұлулықты сезініп тұрғанымыз шамалы, теңізге құр телміріп, бақырайып тұрмыз әйтеуір. Мең-зең дүние, жымиған боламыз… Қасымызға бір егделеу кісі келгенін байқамай да қалсақ керек. Ауылдың қазағы екені анық. Жақсылыққа, өнерге жаны құмар, ешкімді жатсынбайтын, кез келген адамды өзімсініп кететін, осындай ауылда аңқылдаған қазақтар болады. «Ой, Тұрсынғазы, ой, Құсмілия, амансыңдар ма, хәлдерің қалай?» — деп, қауқылдап жатыр. Біз өз-өзімізден қысылып «қайсымыздың танысымыз еді?» дегендей күмілжи амандасып, бір-бірімізге қарап қалсақ керек. Сұңғыла кісі екен «жоқ, екеуің де мені танымайсыңдар, мен сендерді танимын» деді. «Қазақтың кез келген долы қатыны батыр ұл табады. Ақын мен әншіні ақсұңқар әйел ғана табады! Жүріңдер, мен сендерге шай берейін» дегені. Анамның дүниеден өткеніне жыл толмаған еді, несін жасырайын, екі жүзден кейін пора-порам шығып жыласам керек. Тұрсынғазы « пәлә, бастықтар да жылайды екен-ау!» деп, артынан өзі қоса жылағаны есімде.
Қалалық мәдениеттің басында тұрған соң, елдің бәріне жалпақ шешей бола алмайсың, біреуге ділің тиеді, біреуге тілің тиеді. Осы дәстүрлі әннің болашағы мазалап, Бердібекке бес жыл хат жазып жүріп, Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінен дәстүрлі ән класын аштырдым. (Шенеуніктік ерлігім!) Директоры Отантай ағамыз еді, басшылармен үнемі алысып жүретін Келденбайдан гөрі иі жұмсақ Тұрсынғазыны жетекшілікке қалады. Осыны кім аштырып еді деп менімен санасқан да ешкім болмады.Оның есесіне Келденбайға қалалық Мәдениет Сарайынан класс аштық. Дәстүрлі ән тынысының көкжиегі кеңігендей күй кешкен кезіміз де болды.
Тұрсынғазы екеуміздің арамыз бал жаласқандай болды десем өтірік болар, менің жасым үлкен еді, аға мен інінің ара қатынасына келіңкірейтін. Төкен Ибрагимов ағамыз екеуміз арнайы шақырып, бірер рет ашық әңгімелестік. Баяғы сол арақ мәселесі! Ағамыз екеуміз қыспаққа алғанмен, Тұрсынғазы бізге мінез көрсетіп көрген жоқ. «Дұрыс қой, дұрыс қой, ағалар» деумен болатын. Тіпті, айлап арақты татып алмай, ораза кезінде ауыз бекітетін.
Арақ мәселесінде өзіммен өзім көп күрестім, тіпті, өлеңдер де жазғанмын, соның бірінде
«Жүрегімде уақыт салған аз ба мұң,
Сен де талай «мәселемді» қозғадың.
Ей, қу арақ, болмайды екен қоймасам,
Осы жолы өліп қала жаздадым.
Дей алмаймын «бұл әкемнің асы ма?»
Әкем оны жастап ішкен басына!
Қу соғыстан жан қала ма деп ішіп,
Айналдырған өмір бойғы досына.
Менде бүгін қарап тұрсам, дос та жоқ,
Арақ ішсем кетем кейде шошқа боп.
Қу өмірге құштарлық та сарқылған,
Жүрегімде жалындаған от та жоқ!» деген екенмін.
Шындығында, өзім ішкенді тәуір көрсем де, Тұрсынғазының ішкенін қаламадым. Осыншама ұлы өнерімен, өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбір бастықсымақтардың қолпашы мен қолжаулығына айналып жүргеніне ыза болатынмын. Тұрсынғазыда дос деген жыртылып айырылатын, олар Тұрсынғазыны іштіргеніне мәз болатын. Тұрсынғазы солардың кейбірін танымайтын да!
Дос деген ұғым қазақта бүгін сәндік үшін айтылатын культ, мода болып кеткен сияқты. «Ол менің досым ғой!» деген ұғым ол менің арақ жолдасым, немесе атын білмейтін таныс-бейтанысым дегендей естіледі. Арзан, ештеңеге міндеттей қоймайтын қыстырма сөзге айналған. Ленин жарықтықтың «Детская болезнь левизны при коммунизме» деген еңбегі бар болатын. Біз де сол достықтың балалық ауыруынан әлі шыға алмай келе жатқан сияқтымыз.
Бүкіл север халықтарын арақпен улап, деградацияға ұшыратқан орыс империясы алпысыншы жылдарда қазақпен айналысты. Никита Хрущевтің «оттепелінен» бастап қазақ жаппай ішуге көшті. Арақпен уланған құлдық сана біздің бойымызға осылай тереңдеп ене берді, ұрпақтан ұрпаққа ауысты, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін шарпылды.
Тоқсан бірінші жылы саяси тәуелсіздігімізді алдық. Ғасыр басында экономикалық тәуелсіздігімізге жеттік. Ал, рухани тәуелсіздік үшін күрес әлі де жалғасуда. Ол алдымен санаға көршегедей кірген арақ пне темекіден арылу! Ұлттық деколонизация осыдан басталу керек!
Тұрсынғазы туралы мен білетін шындықтың бір парасы осы. Өнерпаздың түбіне өтірік пен қолпаш, айт пен той жетеді.
Осындай кереғар пікіріме қарамастан Тұрсынғазы екеуміздің арамызда творчестволық одақ та болған кездері бар. Оның соңғы жылдардағы бірнеше әніне мәтіндер жаздым.
Төрт жыл бойына созылып, құрылысы әрең біткен, Қызылорданың Жаңа Қорған жерінде тұрғызылған Төлегетай бабамыздың кесенесінің ашылу салтанатына кетіп бара жатып, поезда «Төлегентай» әнінің бірақ сәтте туғанына өзім куә болдым. Домбыраны тартып отырып, арасында шай ішіп, ағайынның әзіл әңгімелеріне араласып отырып, распевка жасағандай сыңай танытып, бір әннің қайырмасы сияқты әуезін қайталай, қайталай, бір сәтте шырқап ала жөнелді. Лал-ла-ла-ла, Ла-ла-ла, Ла-ла-ла-ла-ай! Ал, Құсаға, осыған сөз керек! Мен Түркістанға жеткенше тыраштанып сөз жаздым. Ұлы бабамыздың Асы осы әнмен ашылып, Ас үстінде жұртшылықтың сұрауымен неше қайтара орындалды.
Тұрсынғазы көбіне, алдымен әнді шығаратын да, «Құсаға, бәлен буынды, түген өлшемді, мынадай тақырыпқа сөз керек» дейтін. Мен алдымен әніңді тыңдайын, оның пафосын сезінейін, содан соң қолымнан келсе көрейін деп кергиіңкірейтінмін. Ондағым, менен де талантты ақындардың жолына бастықпын деп тұрмайын дегенім. «Көрсең, көр, сенің тақырыбың» дейтін. Керей Жәнібектің 300 жылдығына арналған «Ер Жәнібегім» атты ән осылай туған. Әннің сөзінің көркем, қуатты болуына Несіпбек Айтовтың қосқан үлесі де аз блған жоқ.
Бір жылы,мөлшері 2011 жыл болса керек, Семей полигонының жабылуының бәлен жылдығына арналған, жыл сайын 29 тамыз күні Семейдің Алаш аралында өтетін халықаралық форумға арнап Тұрсынғазы Рахимов «Мазасыз әлем» деген диапозоны екі октавалық, кең тынысты, табиғаты бұрынғы әндерінен өзгешерек, бүгінгі күннің ділгір саяси тақырыбына ән шығарды. Бұл оның жөні басқа жаңа биігі еді. Әлемдік бейбітшілік проблемасын сезіну, сәт сайын ұлғайып келе жатқан әлем аспанындағы соғыстың қаһарлы қара бұлттарының гүрілі, күңіренген, күрсінген адамзат қасыретінің үні, шерменде жердің шері… бәрі-бәрі кеудеде өксік болып, көкіректі кернеген! Әлемді бейбітшілікке Семей шақырмағанда кім шақырады?! Алақандай қазақтың Алатаудай қасыретімен қосып, Әлемнің тоғыспас жолдар торабын көкірегіне түйген Тұрсынғазы айтпағанда кім айтады?! Бұл өзі Тұрсынғазының ұлылығын көзіміз жасаурап, ішіміз майдай еріп,егіле жүріп мойындаған эйфориялық кезең болды.
Семейдегі әнге мәтін жазып жүрген ақындардың бірталайын жинап, осы әнге он күннің ішінде мәтін жазуды ұсындым. Бұл тақырып кезкелген ақынның оң жамбасына келе бермейтіндігінен айтылған мерзімде бес-алты мәтін ғана түсті. Оның өзін қузап әрең жаздырдық. Соқталы ақындар бұл тақырыпты менсінбеген сыңай танытты. Менің бастықтығымның әсері болды ма, білмеймін, комиссия менің мәтінімді бекітті. Осыдан кейін-ақ іске кірістік, әнді нотаға түсіру, оркестрге партитуралар жаздыру,(Абай театрының музыканты Мұрат Омаров), дрижерлік, хорды дауысқа бөлу, репетициялар (Сағынай Тезекбаев)… Осы қарбаластың бәрінде Тұрсынғазы бел ортасында жүрді, тіпті басында запевал болып жеке бастады да, олардың санын төртке жеткізді.(Нұрлан Көшеров, Мырзахан Сыдыков, Бекзат Омашев) Тұрсынғазының бұл әні бәріміздің рухымызды көтерді, эйфориялық күй кешірді, бар әлем бізді қолдайтындай көрінді.
Тұрсынғазы туралы бүгінде естелік жазушы дос-жараны көп болар. Бірақ мені «Тұрсынғазының тұрсынғазылығы неде еді?» деген сұрақ жиі мазалайтын сияқты. Бұл мәселеде, алдымен тіліме, Тұрсынғазы дүниеден өтер алдындағы, Семейде өткен, бүкілқазақстандық деп айтайық, оның атындағы республикалық ән фестивалі оралады. Қазақтың дәстүрлі әнін орындауымен аты шыққан асқаралы әншісінің бәрі жиналды! Бүл – Семейге бүкіл алаш жиналғандай көрініс еді! Алаш рухының, алаш өнерінің салтанатты шеруі! Ашығын айтқанда, Семейде бұндай ән шеруі болған емес.
Тұрсынғазы көзі тірісінде халқының махаббатына бөленді және оны көзімен көріп кетті, ұлы өнерінің өлмейтініне көзі жетіп кеткен кемеңгер сазгер. Бірақ, қайсыбіреулердей биліктің махаббатына бөлене алмады. Сол биліктің құрамында тұрып үш мәрте марапатқа ұсынған жайым болды.Неше ауданның құрметті азаматы болған Тұрсынғазыны екі қайтара Семей қаласының құрметті азаматына ұсындық. Екінші жолы қалалық маслихат депутаттарының денімен жеке-жеке кездесіп, тіпті кейбіреулерінің үйлеріне барып, арағын ішіп,уәделерін алған едім. Амал қанша, кімдер алдағанын білмеймін, бір дауыс жетпей қалды. Шыңғырсаң естімейтін таскереңдіктің қамалына ұрынып, бармақ тістеп қайтқан жайымыз болды. Ал, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер» атағына да неше мәрте ұсынылып, Тұрсынғазы өтпей, басқалары түгел өтіп жатты. Бұл облыстағы Жақсылықтың жақсылығы болатын, ешкімнің ала жібін аттамаған Тұрсынғазы еді…
Иә, біз қазір еліне тұрман болған, жұртына құрбан болған кешегі алаш ерлерінің аруағын асқақтатып, бүгінгі күні ұлтының өнердегі туын көтеріп, жұртының өнердегі жоқшысы бола алатын көзі тірі ардақтыларымыздың тілеуін бірге тілесуді дәстүрге айналдырып келе жатқандаймыз. Әйтпесе, бір-бірімізді біле жүріп, білмегенсуден, көре жүріп, көрмегенсуден Ер бағын да, Ел бағын да талай-талай байлап тастаған тұстарымыз аз ба еді?!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тіл – ұлттың жаны, өнер – жүрегі» деген қанатты сөзі бар. Сақ, Ғұн, Көктүрік замандарынан бері сан ғасырларды көктей өткен ұлтымыздың өнері бүгінгі қазақтың алтын ғасырына да аман-есен жетті, оны жеткізген – өнерпаз ұрпақ жалғастығы. Соның бірі – ұлтымыздың ерен тұлғалары қатарынан табылатын асқаралы әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов!
Иә, «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» деп аталатын советтік кезең дәстүрлі ән өнерімізді өгей баладай екінші кезекке ысырып тастағаны бүгін ешкімге құпия емес. Ақандар, Біржандар, Әсеттер айтылмады емес, айтылды, жетесінде биті бардың жетесіне жеткізілді, одан кенде қалдық десек өтірік болар.Советтік дәстүрді де дәріптеген әндеріміз аз болған жоқ еді. Паравоздай «арқыратқан, гүрілдеткен, сарқыратқан», «шаттық пен салтанаттың мекенін» асқақтатқан кездеріміз де болған. Әйтсе де, басын тасқа қашаған Күлтегін жырынан алатын Кетбұға, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Марқасқа, Ақтанберді жыраулармен жалғасқан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы әнші-композитор, дастаншы, толғаушы, жыршы, термешілердің дариясы сарқылып, өткен ғасырдың ортасында бұл өнер құрқұлаққа ұшырады. Өткенді орындаушылар бар, оның өзі саусақпен санарлық, ал дәстүрлі ұлттық үнмен, ұлттық бояумен, ұлттық нақышпен ән шығаруды жалғастырушылар жоқ! Құлаққа ұрған танадай меңіреу тыныштық! Сондай кезде соноу бір көз ұшында көлбеген, мұң мен шер толғап, мұнар басқан Тарғыбатай тауларының бауырынан мұнартып ұшқан ән көтерілді! Тарлан ән!Бұрын естімеген, сарсылтқан сағыныш, серменде арман жоғалтқанын тапқан, аңсаған, шаршаған, ет жүректі елжіреткен, егілткен, сәбидей уілдеген, саусағын айға созған, тіпті қазақ емес қазақтың өзін селт еткізген шерменде ән! Пәктікті,сұлулықты, тазалықты іздеген ақын жүрегіндегі қазақы мінездің үндегі көрінісі! Онсыз да мұңға толып кел-қайт, кел-қайт боп тұрған әнқұмар қазақ жүрегін тербетіп-ақ жіберген еді. Бұл – Тұрсынғазы Рахимовтың Мұқағалидың сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді» әні болатын.
Солай ТҰРСЫНҒАЗЫ РАХИМОВТЫҢ әншілік ғұмыры ұлы сазгерлікке ұласты!
Тұрсынғазы басы болған дәстүрлі сазгерліктің жаңа толқыны дертіп тұрған боз інгендей боздады дерсің! Жаңа бір ұлттық дәстүрде ән де төгілді, жыр да төгілді, күй де төгілді. Мұхтар Мағауин алты ғасырға апарған қазақ әдебиетінің ұлы жыраулар әлемінің үнін Бекболат Тілеуханов көкке өрлетіп, жаңғыртып, дабылдатып жатты, Бұл Тұрсынғазының ұранға айналған «Қабанбай» әні мен «Қазағым-ай» әніне ұласты.
Біз тәуелсіздікті ұлттық идеясыз аттаған ел едік. Біздің ұлттық идеямыз – ұлттық өнеріміз, мәдени мұрамыз, ұлттық тіліміз еді. Бүгінде ол жүз ұлыстың басын қосқан Мәңгілік Ел идеясына, Ұлы Дала Еліне айналып отыр. Бұл идея Күлтегін ескерткіші мен Тоныкөк ескерткішінде тасқа қашалып жазылған. Ата-бабаларымыз сегізінші ғасырдың өзінде-ақ Мәңгілік Ел екенімізге сенген.
Тұрсынғазы болса, бүгінде Бекболаттан да әріге кетті, былтырғы жылғы Республикалық конкурста жүлдегер атанған «Әз Жәнібек, Керей хан – кемеңгерлер» атты әнінде «Арғы атам Аттила, Күлтегін Ер!» деп асқақтатты. Бұл әнді Семейде Мафруза Өтеуленова орындаса, Астанада Клара Төленбаева аспанға қалықтатты!
Ендігі жерде өрем жетсе, Тұрсынғазының ерекше ұлттық колоритте туған екі әні туралы айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Бұл алдымен «Қабанбай» әні. Құландай ашты дауысты, ұран шақырғандай биік айғаймен басталатын бұл ән рухыңды дүрк көтеріп, асау аттай арындап ала жөнеліп барып, басын тартқанда ұлтын сүйер, қазағын сүйер, аруағын ардақтар кез келген азаматтың делебесін қоздырып, тамағына өксік тығындап, керек болса көзінен жасты бұрқ еткізетін ұран-ән. Қазақ халқының жалаугер жыраулары Қазтуған, Марқасқа, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтанберді,кешегі Махамбеттер жорық алдында, ұлы шабуылдар тұсында қалың қолдың алдына шығып, осынау ерлердің намысын қайрайтын, рухын көтеретін толғау-жырларды төгіп-төгіп тастағандары анық! Заманнан заман олардың үні ұрпақтан ұрпаққа ұрандай болып сондықтан бізге жеткен! Төменнен жоғары шаншылмай-ақ, бірден көктен сорғалап төгілетін бұл шығарма төбе құйқаңды шымырлатып, бүкіл болмысыңды ата-бабаңның аруағымен табыстырып, өзіңнің кім екеніңді, тарихыңның қандай екенін, елің қандай ел болғанын білдіріп, есіңнен тандыра әрі таңдандыра, әрі кеудеңді мақтанға кернетіп, бойыңды халқыңның өткені үшін шаттыққа бөлейтін, дауылдай дүркіреген, селдей күркіреген құдірет еді. Осы әнмен бірге оны Тұрсынғазы айтқан кезде өзі де ұранға айналып кете баратын! Ұлттық санасы айқын, ұлтын сүйген жүрегі бар әр қазақ кеудесімен ұлтының мүддесін қорғамасқа әддісі қалмас, шіркін! Тұрсынғазының «Қабанбайын» тыңдаған қазақ ұрандап атқа қонуға әзір!
Тұрсынғазының ән фестивалінде Еркін Шүкімановтың орындауындағы «ҚАБАНБАЙДЫ» тыңдағанда біз осындай күй кештік. «Ән әншісін тапты!» деген қуаныш та бар еді жүрегімізде.
Бар тарихы аттың тұяғымен жазылған, бар ғұмыры ат үстінде өткен қазақ үшін Тұрсынғазының «Ерке жирені» САҒЫНЫШПЕН ЖҮРЕГІН СЫЗДАТҚАН, бүкіл қазақ тіршілігін, оның жүйрік атқа деген қазақы махаббатын әнмен кестелеген ән-сурет-понарама. Көңіл күйін тербеген, шуақты сезімін әлдилеп тербеткен, қазақы жандүниесін жарқырата көрсететін картина десе болғандай. Осы бір әнді Тұрсынғазы ерекше шабытпен орындағанда, бұл өзі тұтас спектакльге айналатын. Сайын сахара, мырсындай боп қонған ел, түтіні тік ұшқан қазақы тіршілік, қазақы той… «Ерке жирен, ерке жирен, ерке жирен-ай!» дегенде сенің де ұлы далаға деген сағынышың, жылқыға деген сағынышың, ауылыңа деген сағынышың кеудеңде «АХ!» ұрып, аузыңнан жалын шығарып барып, күрсінтіп тынады…
Уақыт өтер, заманалар алмасар, лек-легімен ұрпақтар көші жөңкілер. ҚАЗАҚ БАРДА – ТҰРСЫНҒАЗЫ БАР!
Құсмілия НҰРҚАСЫМ,
мәдениеттанушы. Семей қаласы.