Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > 1 > Саяси қуғын-сүргін жағдайы «Сырласу бұрышында» сөз болды

Саяси қуғын-сүргін жағдайы «Сырласу бұрышында» сөз болды

 

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Сырласу бұрышында» қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарын, қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандарын еске алу кеші болып өтті. Зобалаң жылдарында өнер иелері мен сахна саңлақтары да  саяси қыспаққа ұшырап, репрессияның дәмін тартқан. Алайда олар жайлы көп айтыла бермейтіндіктен, бізге беймәлім болып келді. Олқылықтың орнын толтыру үшін, бүгін әкемтеатрдың үлкен буын өкілдері, халық әртістері көзі көрген ұстаздарының, сахналастарының, әріптестерінің басынан кешкен тауқыметі мен көрген азаптары жайлы естеліктерді, қиыншылықта мойымаған жігерлерін  жас буынға өнеге ретінде айтып берді.

Бақыт Беделхан, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын:

–   Қалибек Қуанышбаев бастаған Серке Қожамқұлов, Қапан Батыров, Шахан Мусин, Елубай Өмірзақов ағаларымыз, Сабира Майханова апаларымыздың өзі қайсарлықпен, қайтпастықпен осы театрымызда өнер көрсетті. Мен кейін уақыт жағынан қарасам өте бір қиын кезеңде театрдың негізін қалап, қуғын-сүргін, аңдудың кезеңінде өнерді өлердей сүйіп, өртеніп жүріп осы хәлге алып келген екен. Ол кісілерді еске алмай кету бізге –  ерсі.

Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық артисі:

–  Егеменді ел болған соң, осындай мемлекет болған соң жоғымызды жоқтап, асылдарымызды, көрген қорлықтарын еске алып отырмыз. Мен 3 том кітап жаздым. Соның ішінде Әміре Қашаубаев жөнінде жазып едім. Оның өзі емін-еркіндік келген кезде ғана айтылды, бұрын айтылмайтын. Әміре Қашаубаев жөнінде сұрағанда Серағаң да, Елағаң да: «Әй, балам не қыласың оны қазбалап?! Мен айтқанмен де, сен айтқанмен де, ол түзелетін нәрсе емес!» – деген еді. Шынында да ол кісілер өте бір қиын кезеңде театр құрып, ел боламыз деп еңбек етіп жүрген кезде бастарынан өткізген осыншама үлкен қасіретті айта алмаған, халқына жеткізе алмаған, ал жеткізгендердің басы кесілген.

Шара барысында елімізге танымал режиссер Еркін Рақышевтың еліміздің аумағында болған болған жантүршігерлік деректерді келтіріп түсірген «Ашаршылық» атты деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ шараға арнайы шақыртылған дәстүрлі әндерімізді насихаттаушы өнерпаздар Алаш арыстарына арналған әндерді орындаса, қазіргі тәуелсіздіктегі ұрпақтың рухын оятатын, «сөз құдыреті – қазақтың өз құдыретін» ұстанып жүрген ақындарымыздың бірі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әбубәкір Қайран өз өлеңдерін оқыды.

Еске алу кеші соңында ашаршылықта көз жұмып, азаппен қасіретті бастан кешіп, жазықсыздан – жазықсыз «халық жауы» атанып өмірлері ерте қиылған Алаш арыстарына құран бағышталды.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation