Дүйсенбі, Қыркүйек 3, 2018
Негізгі > Абайтану > 7-дәріс. ЖАҢАШЫЛ АБАЙ

7-дәріс. ЖАҢАШЫЛ АБАЙ

Абай – шын мәнінде жаңашыл тұлға. Ол сыншылдық қабілетіне жаңашылдық қасиетті қосты. Ешкімге ұқсамаған мінез содан. Сол сияқты Абайдың формуласы болып табылатын рух пен заттық арасындағы үйлесім (гармония) қазақ поэзиясы дамуының алтын арқауы, жалпақ тілмен айтқанда, ат шаптырар алаңы болды.

 

Жаңашылдық майданында

ХІХ-ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында екі идеология бетпе-бет келді. Бұл жайлы белгілі ғалым Рабиға Сыздықова былай дейді: «Әлеуметтік ой-сана негізгі екі түрлі бағытта өмір сүрді: бірі – реакцияшыл-кертартпа, екіншісі – ағартушы-демократтық».

Сөз болып отырған кезең қазақ елінің түкпір-түкпірінде діни қисса, хикая жазу өрістеуімен ерекшеленеді. Мәселен, Майлықожа, Мәделі, Ораз молда, Шәді төре, Мәулекей, Мақыш, Мәшһүр Жүсіп және т.б. Семей өңірінде Ақылбек Сабалұлы, Шәкерім, Көкбай,  Әріп қай қайсысы да «қиссашы ақын» атанды. Р.Сыздықова кеңестік цензура талабына сәйкес «реакцияшыл-кертартпалық» деп осы бағытты айтқан.  Ескі мен жаңаның таласына белсене араласқан ағартушы Абай  осынау жас поэзия тасқынын діни арнадан әлеуметтік арнаға бұру қажет деп білді.

Ресей мұсылмандарының мәдени қозғалысы – жәдидизм ағартушы-демократтық бағыттың жарқын көрінісі. Оның қос қыры: қараңғылыққа Батыс ғылымын қарсы қою және мәдени-рухани бастау ретінде ислам мен ұлтшылдықты негіз ету – Абайдың гуманистік идеясына жат емес-ті. Жаңашылдар мен қадымшылар арасындағы алғашқы келіспеушіліктер мектеп-медреселер төңірегінде көтерілген. «Тәржіман» газетінің оқырманы Абай бұл әңгімеге де қанық болатын. 1890 жылдардың басында «Тәржіманның» таралымы 20 мың данаға жетті. Мұхтар Әуезов: «Тәржіман» газеті Абай кезінде қазақ сахарасына да көп тараушы еді» деп атап өтеді.

Абай марқұм ескіге ермеуші еді,

Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.

Мысырдан төте жолмен оқу шықты,

Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді.

Көкбайдың осы шумағында біраз астар бар. «Мысыр» деп, Қырым мен Қазандағы жаңаша оқуды уағыздаған жәдидизм орталықтарын меңзесе керек. Бірақ Абайға жәдидшілдер шешуші ықпал етті деп қорытынды жасауға асықпайық. Неге десеңіз, ақын шығармашылығында батыс әдебиеті сияқты жәдидизмнің де айшықты іздері жоқ. Абайдың өзінің ақыл-ой еңбегі олардан әлдеқайда қуатты, түбірлі екені байқалады. Ақынның жаңашыл реформаторлығы шала сауатты молда, имамдарға көзқарасы жөнімен де көзге ұрады.

Абай батыс-орыс әдебиетін табандата оқып, індете тексерді. Ескі ақындықтың «кемшілігін әр жерде-ақ көру» дәрежесіне көтерген және «өлең – ел мінезін түзеудің құралы» деген жаңа парадигмаға табан тіреткен міне осы жәйт еді.

1888 жылғы «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңінде Абай:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі –жамау, бірі –құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, –

дейді. Бүгінгі ұрпақтың көңілі түкпірінде «Ескі ақындықты соншама сөгіп, жер қылғаны несі? Қайта отаршы саясатқа қарсы шыққаны үшін олар Абайдың құрметі мен қошеметіне бөленуі керек емес пе еді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Ақиқат мынау: «ескі жыраулық дәстүрден үйренейік, сонан үлгі алайық» дейтін Шәкерім сияқты албырт ақындарды ыңғайына көндіріп, жаңа жолға салу Абайға қиынға соққан. Өлеңді басқаға емес, адамның көкірек көзін ашып, мінезін түзейтін құрал ретінде жұмсау керек. Абайды жатса-тұрса толғандырған дара мақсат осы. Сол үшін поэзияны майдан алаңына айналдырып, үйренішті дәстүрге аяусыз соққы беру керек болды.  Міне, өзі ұстаз тұтқан үш жырауды «құрбан» қылу құпиясы осы арада. Бұл пайымды соңғы шумақтағы «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер» деген жол растап тұр.

Абай поэтикасының генезисі қазақтың қара өлеңінен тамыр тартады. Жыраулар мұрасы – Абай үшін мектеп, сөздік қорының қордасы болғаны хақ. Ал, хан Абылайға исі қазақ сияқты Абай да «символ» деп қараған. Қазақтың елдігінің, қазақтығының символы. Жинақтап айтқанда, атақты ханның ақылшысы болған Бұқар жырауды, жалпы жыраулар поэзиясын Абай місе тұтпаған деген қате, ақылға сыймайтын пайым.

Бір қызығы, біз сөз етіп отырған мәселенің басын М.Әуезов сонау 1922 жылы «Шолпан» журналында жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында-ақ былай деп ашып береді: «Абай ол дәуірдің ақыны емес екендігін өз өлеңінде де айтып кеткен. Сондықтан өлеңді бастағанда, ескіліктің ақындарымен арбасудан бастайды. Рас, олармен ұрысу Абайдың хатасы шығар, өзін тапқан енесін тепкенге ұқсар-ақ. Бірақ ол ұрысу ескіліктің бетін қанағаттанбай, жаңадан бет іздеудің белгісі болатын. Сондықтан ол хатасы Абайға кешіріледі».

Сонымен, қазақ даласында екі идеология бетпе-бет келді. Төменде Абай мен Шәкерімнің арбасуын талдау арқылы оған көз жеткізетін боламыз.

Ескертпе: 1988 жылы ақын ақталған тұста орысша «Шакарим» делінген соң, соған сәйкес «Шәкәрім» деп жазу қалыпқа енді. Дұрысы – Шәкерім. Ата-анасы, күллі Тобықты елі ақынды осылай атаған болатын.

 

Алғашқы арбасу

Құнанбайдың шу асаудай немересі Шәкерім Абайдай ақылшы ағасын мойындауға асықпаған, сенсеңіз, бәсекелес бақталасы болған. Оның себептерін «Жастарға» атты ұзақ толғауында  Шәкерімнің өзі ағынан жарыла отырып жеткізеді. Біз де жалпы ахуалға қысқаша ой шолу жасалық.

Шәкерімнің есімі ақын ретінде Тобықты елінде Абаймен қатарласа шықты (ол отыз жасқа шекті көптеген өлеңдер мен қисса, дастандар жазып үлгерді). Оның үстіне, 1888 жылы Семей қаласында өткен аты-шулы «Тәкежан-Базаралы» дауында Шәкерім мұқым Тобықтының «шешен биі» атанды. Бүкіл Семей уезінің билері қатысқан бұл дауға Тәкежан жағынан Шәкерім түсіп, көп мақтау естіген-ді. Өзі туралы «Мұтылғанның өмірі» атты жырында «Қарасам мақтау айнадан, Әлемнен озған мен бір жан» дейтіні сол. Бұл-бір.

Екіншіден, хандық дәуірде қазақта ақындық қадірсіз еді, ол мал табудың көзі, асса, думан-сауықтың өнері саналған. Қазақылық ой-сананы жаңғыртам десең алдымен осы көзқарасты сейілтіп ал. Жаңашыл Абай көзқарасы осы болды. Жігіт Шәкерім ше? Ол, әрине, дәстүршілдікті ұстанды. Тек қазақы жыр дәстүрді кеудесіне қондырғаннан кейін жаңаны жатырқағаны түсінікті. Ол аздай, Абайдың жаңаша жолы, мұраты орысшылдыққа баланды.

Сөйтіп, ескішіл Шәкерім мен жаңашыл Абай арасында болған шығармашылық ырғасу мен қақтығыс кездейсоқтық емес.

Нақты дәлелге көшейік. Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1886, бәлки 1887 ж.) атты туындысында өлеңші туралы ескі көзқарасты қатал сынға алған. «Ақындары ақылсыз, надан келіп», «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деп ескі ақындықты және «Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп», «Терең ой, терең ғылым іздемейді» деп жас өспірім замандасты қабаттап соғады.

Сын найзасының ұшы өзіне қадалғанын «жүйрік ақын» саналып жүрген Шәкерім қапысыз ұққан, сезген. «Ескі ақындық» жырының тууы содан дейміз.

Бұл Шәкерім әлі ағаның ізіне түспеген кезі, жоғарыда айттық, қайта Абайды «орысшыл» деп сөккен қарсы топтың ішінде болған деп. Шәкерімнің жаңа аталған көлемді толғауында ескі ақындықты мейлінше қорғаштап, мадақтап шығуы соның айғағы. Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей, Марабайлар жайында: «Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландар!» деп шамырқанады.

Ескі ақын бізден әлі артық,

Ол кезде туған бала артық.

Жасымыздан шал артық,

Тақпақ пен мақал тағы артық.

Шәкерімнің ескі ақындықты мақтауы мен жақтауы осылайша жалғаса береді. «Ескі жыраулар бізден ұйқасымен де, жігеріңді тасытар насихатымен де озық, үйренсең, солардан үйрен». Жыр арқауы осыған саяды. Көрдіңіз бе, Абай «Өлең – сөздің патшасы» туындысында паш еткен шарттарды жоққа шығару, яғни жаңаша ақындыққа қарсылық бұл.

Дәстүрлі ақындықты үлгі қылу, оны мадақтау – үйренішті салт-сана, қалың бұқараға да ұғынықты әсте. Шәкерімге «ақын болса, сендей болсын!» деп жел бергендер, ал Абайды «орысшыл, өлеңші болуы содан» деп сөккендер аз болмаған (бұл сөз негізсіз де емес еді).

Сөйтіп, Шәкерім «Ескі ақындық» жырымен елді елең еткізген. Мұндай қарсылыққа Абайдың үнсіз қалуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.  Көп күттірмей-ақ «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» (1888) деген өлеңі туады. Онда Абай ақындықтың жаңаша шарты пен биік талабына қайыра соғып, індете айтады. Өлең  Шәкерімнің жаңағы «Ескі ақындық» толғауына   қарымта жауабы деуге толық негіз бар.

Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,

Айтсаң да үддасынан шыға алмайсың.

Сен білмейді екен деп айтпасын ба,

Неге мұнша сіресіп құп алмайсың?

Бір қарағанда «Сен білмейді екен деп (ағасы) айтпасын ба» және «неге сіресіп құп алмайсың» деген Абай сөзі жалпыға айтылған сияқтанады. Шынында нақты Шәкерім нысанаға алынған.  Соңында:  «Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер», – деп түйін түйеді Абай. Бірақ көпше түрде айтылған бұл түйіннің де нақты адресі бар, ол – Шәкерім екеніне сеніміміз кәміл.

Абай мен Шәкерімнің диалогына қайтып оралайық.

Абай 1886 жылы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген әйгілі жырын жазып, онда:

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап, –

деуімен ескі ақындықты жүндей сабап, оған «кісімсіген, жеп кетер білімсіз» жастарды қосақтап, басқа ұрып, көзге шұқып айтады:

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Ағаның сынын көңіліне ауыр алған Шәкерім оған «Ескі ақындық» деген өлеңімен жауап береді. Тиісінше Абай іле-шала «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген өлеңін жазады. Мұхиттың суы бір тамшыдан-ақ білінеді. Сол сияқты бұл шығармаларда ескі мен жаңаша ақындық таласы атой салып тұр.

Қорыта айтқанда, Абай қазақ топырағына жаңаша құндылықтар жүйесі дәнін септі. Ағалы-інілі ақындар шарпысуы – екі ақындық жолдың бірін таңдаудың айнасы есепті. Шытырман түйінді тарқатуға ынта-пейіліміз содан. Ренессанстық тұлғамыз Абай ұлт поэзиясын қазақтың жоғын жоқтау, елдің мұңын мұңдауға салды. Нәтижесінде ақындық өнер «үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбекке» (Әуезов) айналды.

Абай, Шәкерім арасындағы тайталас көрігі қыза түскен. «Ақынның өмірін оның өмірбаянынан емес, өлең жолдарынан іздеу керек» депті бір білімпаз.  «Маған өз шығармаларымен Абай көмекке келді» дегенді Мұхаң да айтқан болатын. Демек, дәлел-дәйектерді ақындардың төл өлеңдерінен сүзіп алу амалы әрі қарай да жалғасын табады.

 

Арбасудың жалғасы һәм соңы

Ағалы-інілі шайырлардың арбасуы – тартысты диалогы 1889 жылы қайтадан жалғасты. Бұл жолы да диалогтың ақылың таң қаларлық, нәзік бүркемелі түрде өткендігі соншалықты оның болғанына көз жеткізу жақын келуді, ой елегінен өткізуді қажетсінеді.  Тұрағұл: «Менің әкемнің өз еліне, ағайын, туысқанына арнап айтқан сөздері жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі», – дейді естелігінде. Осы сөздері Абайдың Шәкерімді баулыған жайына тұп-тура келеді. Төменде рет-ретімен байыпталық.

«Сегіз аяқ» – Абайға аса қымбат, қадірлі шығармасы. Өйткені, сол арқылы шемен боп қатқан шерін тарқатып, беріш боп қатқан мұңын шақты.  «Өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарады, – деп жазады Мұхаң. – Бұл да өлеңнің мазмұны мен мақсатына ақынның ерекше зер салғанын көрсетеді».

Бірақ інісі Шәкерім өлеңде тұнған асыл ой, сыр, ішкі тебіреністерді ұға алмаған. Ең жаманы, осы шығармаға еліктеп, сыртқы формасын сонан айнытпай, бірақ мазмұны жеңіл-желпі, яғни «ермек үшін» өз  өлеңін шығарған. Бір жағынан – ақындық жарысы, екінші жағынан – бақталастықпен. Шәкерімнің сөз болып отырған «Жастық және кәрілік туралы» (қысқа түрде «Жастық туралы») деген өлеңін естігенде Абайдың қатты ашынған, жан дүниесі алай-дүлей хәлін түсіну қиынға соқпас, әсте. Кәне, үзінділер алайық.

 

Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

Қаңғыртты, қысты басымды.

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды (1889 ж.), –

дейді «Сегіз аяқта» 44 жастағы ер данасы Абай.

 

Сынаптай толқып,

Түлкідей жортып,

Кетеді көңіл әр жаққа.

Қырандай қағып,

Алмастай ағып,

Мұратын түгел алмаққа.

Бұл жасы 30-дағы Шәкерімнің жаңағы «ермек үшін» өлеңінен үзінді. Бақсақ, қос өлеңдегі ұқсастық ғажап: екеуі де мінсіз шеберлікпен өрілген. Өрнегі, ұйқасы қос тамшыдай. Тіпті көлемдері де дәлме-дәл, екі жүз жолдан тұрады. Тұп-тура бәсекелестік жарысы. Бәсекелестік болатыны, «Жастық туралы» өлеңді Шәкерім 1889 жылы «Сегізаяққа» ілестіре жазған. Өкінішке қарай, Шәкерім жинақтарында бұл туынды «1879 жылғы» деген өрескел қате орын алып келеді (ол біраз зерттеушілердің басын қатырып, шатастырды).

Қайталап айтайық, «Сегіз аяқ» халқының қамын жеп, қайран елім деп елжірегенде көкірегі тарылып, көзінен ыстық жас ыршыған ел ағасының жыры. Екінші өлеңде жігіттік дәуреннің көрігі лаулап, көңілі күлкі мен тоқтықтың құшағына бөленген сахараның бұла баласы ат ойнатып тұр. Яки қос өлең  мазмұны жағынан жер мен көктей алшақ.

Әкем-ау, інінің таудай ағасына шәлім-шәлкес мінез көрсеткені несі? Біріншіден, Абай жастарды, оның ішінде ақындарды қатты сынап, көп қақпайлап отырған. Ащы тілмен түйрей бергенді кім ұнатсын. Екіншіден, «тура тілді кісіні дейміз орыс» деп өзі айтқандай, ақынның жаулары «Абай орысшыл» деген күңкілді көп таратты. Осыған албырт Шәкерімнің асау мінезін, Тобықты ішінде Абайға бақталастығын қосыңыз.

Енді Абай қатты ашуланған дегенге қайтып оралайық.  Тұрағұлдың әке мінезі туралы «ашуы да, қуануы да жылдам», «көңіліне билетіңкіреп отыратын еді», «өткір сезімді Құдай мол берген», «өлеңді себепсізден себепсіз жазған емес» дегендерін еске түсірген орынды.  «Өмірінің бұл шағында, – дейді Мұхтар Әуезов, – Абай өзінің бүкіл ойын, алған әсерлерін өз туындыларында қалдырып кеткен» (Әуезов М. Әр жылдар ойлары. -Алматы, 1959. -555 б.).

Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты айтулы туындысы  «Жастық туралы» өлеңнің иесі Шәкерімге берген соққысы әрі жауабы екені хақ. Күмән-күдік қалмауы үшін әйгілі өлеңнен мысалдар алайық.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Иә, басқы шумақ жаймашуақ. Бірақ оған алданып қалмаңыз, енді «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар» деген қатқыл сөзге жетіп: «Апырай, неге бұлай деген?», – деп лоқып тұрып қаласыз. Абай болса:

Түзу кел, қисық-қыңыр қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей, –

деп сын найзасын ырғай түседі. Кімге «түзу кел» деп сес көрсетіп, кімнің мінезін мінеп-шенеп отыр? Құпияның көкесі осы. Бағымызға қарай, көмекке Шәкерімнің  өзі келеді. Ол «Жастарға» деген толғауында «Тым туралап айтыпты сұғындырып, Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?» деп ағынан жарылған. Ол ол ма, «Шиқанымды езгендей шықты жаным, Айтқанда естігендер ұғып келіп» деп үстейді. Демек, Шәкерім ағаның кімді, не үшін сынға алып отырғанын жақсы ұққан.

Абай шын мәнінде нысанаға жалғыз Шәкерімді ғана алса да, оны тасалау амалын табады. Ол амал мына ортаңғы шумақта:

Сөз айттым «Әзірет Әлі айдаһар»­сыз,

Мұнда жоқ «алтын иек, сара-ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Бұл жерде мұсылманда атақты сахабаның бірі – Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты деп қисса жазған Көкбай, «Зияда» деген қиссасында «алтын иек сары ала қыз» деп жазған Әріп және «Жастық пен кәрілік» өлеңінде кәрілікті жамандаған Шәкерім екені көпке аян. Халық санасында «Абай үш жас ақынды қатар қырына алған», сол үшеуіне «ой салып, ақыл көрсетпекші болып жазған» деген пікір әлдеқашан қалыптасты. Сөйтіп, өлеңнің жазылуына себепкер «Жастық пен кәрілік»-тің авторы тасада қала берді.

Өлеңдегі «тасыр», «қисық-қыңыр», сондай-ақ, «арсыз», «елірмелі», «сәнқой, даңқой», «керім-кербез»  деген ауыр сөздердің Көкбай мен Әріпке еш қатысы жоқ. Шәкерімге келер болсақ, осы мінездің бәрі басында болған. «Абай жолында» суреттелген Шәкерім-Шұбар бейнесі шындық ауылынан шығандап кетпеген.

Жиырма мен қырық арасы –

Жас өмірдің сарасы,

Бос өткенін қарашы,

Жүрекке төгіп қанды ірің.

Шәкерім «Мұтылғанның өмірі» атты жырында осылай айтқан. Өлеңші әрі өнерлі болғанын,  сонымен бірге, «Мінімді аяп қалдырма»  деп ғылымсыз, надан қалған жайын да ашып салады, өкіне мойындайды.

Абайдың өлеңіне қайтып оралайық. Оның соңғы шумағында:

Өлеңі бар, өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге, –

десе, бұл да Шәкерімге дөп тиеді. Ал Көкбай, Әріпке қатысы жоқтың қасы.

Қайталап айтсақ, Абай «Сегіз аяқты» аяқасты қылған іні ақынның сазайын береді. Сөйте тұра, келешегінен көп үміт күттірген «көкірегі сезімді, тілі орамды» Шәкерімді сырт көзден бүркемелеп қалуы  шеберлікпен іске асқан.

Тартысты диалогтың соңы мынау. Сол 1889 жылы Шәкерім Абайдың алдындағы кінәсін толық мойындап «Жастарға» деген өлеңін жазады.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

Бұл ұзақ жырдың басы (бақсақ, Абай «данышпан» деген теңеумен тұңғыш аталып отыр. Ұлыны ұлы ғана таниды деген осы шығар).

Онан соң, Абайдың өзін неліктен сынағаны туралы:

Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін деп,

Қатты  сөзбен қайырып қамалаған, –

дей келе, жоғарыда сөз етілген қатқыл сынды естігенде:

Қайырусыз, қағусыз өскен басым,

Бұлқындым шу асаудай мойны қатты, –

деп турасын айтады шыншыл ақын. Өлеңге соңғы нүктені былайша қояды:

Байладым белді бекем буайын деп,

Жүректі адалдықпен жуайын деп.

Талпынған мақсат іздеп, махрұм қалмас,

Адамдық ғылым жолын қуайын деп.

Шәкерім осы сертіне адал болды. Өз кезегінде Абай да өнерлі ініге бар пейілін береді. Қос ақын арасындағы рух туыстығы, әсіресе, ауыл арасы жақындап, Абай Жидебайға орныққан соң (1894), жылма жыл нығая берді.

Ағалы-інілі ақындардың теңдессіз диалогы осымен тәмам.         Ескі мен жаңаның арпалысында Абай жеңді. Шәкерім 1889 жылғы «Жастарға» деген өлеңінде ағасын алғаш рет «данышпан» деп атады әрі ұстазым деп мойындады. Абайға шәкірт болып еруі де тап осы кездерден екеніне кепілміз. «Мені Абай тәрбиеледі» дегенді Шәкерім жасы 30-дан асқаннан кейінгі өміріне айтқан.

Сөз етілген ақындар диалогын Мұхтар Әуезов жақсы білген. Оған 1922 жылғы «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласынан бір үзінді дәлел: «Абай ол дәуірдің ақыны емес екендігін өз өлеңінде де айтып кеткен. Сондықтан өлеңді бастағанда ескіліктің ақындарымен арбасудан бастайды. Рас, олармен ұрысу Абайдың хатасы шығар, өзін тапқан енесін тепкенге ұқсар-ақ. Бірақ ол ұрсысу ескіліктің бетін қанағаттанбай, жаңадан бет іздеудің белгісі болатын». Бұл жерде «ескіліктің ақыны» деуінде астар бар. Тағы Мұхаң: «Өзі үшін, елі үшін ізденді, ізденді де тапты және бар тапқаны мен тудырғанын ұстаздыққа салды. Ақын болып өсер ақынды тәрбиеледі. Қазақтың жаңа әдебиетінің, классик әдебиетінің іргесін өзі қалап туғызып, сол әдебиетке басшы, халыққа қамқор қайраткер болды». Ғұлама «ақын болып өсер ақынды тәрбиеледі» деп Шәкерімді меңзеген десек несі айып.

Қорыта айтқанда, «Мен жазбаймын…» өлеңін Абай тек Шәкерімге арнаған. Бірақ бұл пайымды қарапайым оқырман түгіл, әдебиетші мамандар да айтқан емес. Неге?

Біріншіден, Абай айтарын әдіптің астымен мейлінше астарлап айтқан.  Тұрағұл: «Менің әкемнің өз еліне, ағайын, туысына арнап айтқан сөздері жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі» десе, бұл шындық. Екіншіден, кешегі кеңестік цензура «халық жауы» деп Шәкерім есімін ататтырған жоқ. «Абай жолында» бір Шәкерім екі бейне – Шұбар және Дәрмен болып суреттегені де содан.

Осымен, екі ақын арасында орын алған түсінбеушілік пен арбасу ұзақ жылдар зерттеушілер назарынан тыс қалды.  Әлі күнге түрен түспеген соны тақырып болғаннан кейін арнайы тоқталдық.

Асан Омаров,
абайтанушы ғалым.
Семей.

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation