
Алаш астанасы Семей қаласының тұрғындары «Алтын адам» жәдігерін тамашалады. Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның ұлттық музейінің бастауымен тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұлттық музей – сенің қалаңда» атты мәдени тур өтіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Олай дейтініміз көрмені тамашалауға келгендердің қатары көп болды. Әсіресе, олардың арасында оқушылардың қызығушылығы ерек. «Алтын адам» құнды жәдігер туралы тек кітаптан оқып, суретін ғана тамашалай алып жүрген олар енді өз көздерімен көріп, естелік суретке де түсе алды. Шараның өтуіне Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы қолдау білдіргенін де айта кеткен жөн.
Мәдени саяхат осы уақытқа дейін Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Шымкент, Павлодар қалаларында да өтіп, кеше Семей қаласына атбасын тіреді. Зерделі тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттайтын бұл шараны құшақ жая қарсы алған семейліктердің қуанышында шек жоқ. Осындай зор мүмкіндік тудырып отырған ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырған көрермендер көп болды. Тың жобаның тамашалаушылары да сағат сайын көбейіп, қызығушылық танытқандардың саны артты. Көрмені тамашалауға қаламыздың зиялы қауым өкілдері де келді. Абай қоғамдық қорының президенті Отантай Кәріпжанұлы: «Семей төріне әкелінген Алтын адам дүйім қазақ жұртының мақтанышы десек болады. Сақ дәуіріндегі ата-бабамыздан қалған ескерткіштің құны ұрпақтары үшін әрдайым жоғары. Бірнеше облысты аралап келе жатқан Алтын адам бүгін біздің төрімізде. Бұндай мүмкіндік күнде туа бермейді. Мереке құтты болсын!» деген жылы лебізін жеткізген еді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінің беташар сөзін алған Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бекен Теміров: «Құрметті жерлестер, бүгін біз үшін бір айтулы күн болып тұр. Елдігіміздің символы, қазақ халқы тарихының куәсі, құдіреті тәрізді «Алтын адам» біздің мұражайда қонақта. Алғаш рет жетпісінші жылдары Есік қорғанынан «Алтын адам» табылғанда бүкіл дүниежүзіне үлкен жаңалық болған еді. Міне, содан бері қырық жылдан асыпты. Әлем халқы таңданыстарын әлі күнге жасыра алмай келеді. Біздің бағымызға қарай «Алтын адамның» тағы да әріптестері қазақ жерінен табылып жатыр. Олардың ішінде ханшайымдар да бар. Біздің Үржар өңірінде табылған ханшайым әлі зерттелу үстінде. Бұл акцияны тәуелсіздік мерекесіне қарсы қазақстандықтарға жасалған үлкен тарту деп білеміз. Өкініштісі, бір-екі күн ғана аялдайтындарыңыз. Жиырма бес қаланы аралауды көздеп отыр екенсіздер. Жорытқанда жолдарыңыз болсын құрметті әріптестер. Әрдайым осындай жылы кездесу, ыстық ықылас, ақ алғыс жолдарыңызда шашылып жатсын» деді.
-Аталмыш іргелі жоба еліміздің барлық аймағын қамтуды көздеп отыр. Мәдени саяхаттың бір маңызды тұсы – Тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған «Алтын адам» жәдігері барлық облыстар мен қалаларды аралайды. Ауқымды турдың басты ерекшелігі – тек музей төрінде ғана тұратын бағалы мұрамен өзге өңір тұрғындарының да жақынырақ танысып, түсініп, зерделеуіне жол ашу. «Әлемге танымал «Алтын адам» артефактісі музейдің бетке ұстар жәдігері болатынына күмәнданбаймын»,- деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Алтын адам – Қазақстанның ең құнды жәдігері, елдігіміздің басты символы, – деді Қазақстанның ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Әнел Кемал.
Еліміздің батыс өңірінен бастау алған ісшара барысында көрермен қауым назарына «Ұлттық музейге саяхат» және ЗД графикалық видеороликтер ұсынылып, жиналған қауым Ұлттық музейге саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өткен тарихымызды байыптайтын, рухани мұрамызды зерделейтін және бүгінгі дамуымызды бағамдайтын аса ірі мәдени орталық. Отанымыздың бай тарихын түгендеу, баянды дәстүрін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау барша халықтың міндеті», – дейді музей қызметкері Алпамыс Шаримов.
Көрменің ашылу салтанаты барысында сөз алған Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Пердехан Мысырманқұл: «Қазақстанның бүкіл облыс орталықтарын аралап келе жатырмыз. Соның ішінде тарихы тұнған, киелі өлке Семейге киелі жәдігерін алып келу бір тарихи заңдылықтай. Оны тек қана Астана төріндегі Ұлттық музейде ғана тамашалау емес, бүкіл республика жұртшылығы тамашалуы тиіс деген ниетте жергілікті әкімдіктердің қоллдауымен музей басшылығы мәдени турды ұйымдастырып отыр», – дей келе – Назарларыңызға ұсынылып отырған «Алтын адам» үш бөліктен тұрады: бас киімі, кеуде киімі, төменгі бөлігі. Алтын адамның бойында 4 мыңан аса әшекейлер бар. Барлығы да саф алтыннан жасалған, жоғары сападағы үлгіде. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «аң стилінде» жасалған. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, камзолы құрастырмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар-ақинақ бар. Шалбарының балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Алтын адамның әшейкейлерінен өзге жанынан қылыш, қанжар, 26 таңбасы бар күміс тостаған табылған. Бұл екі жарым мың ғасыр бұрын қазақ даласында жазу болғандығын дәлелдесе, қолындағы екі жүзіктің бірін мөрі ретінде пайдаланған деген тұжырым жасайды, – деп көрерменге «Алтын адам» жөніндегі құнды деректерді ұсынды.
Көрмені тамашалауға жиналғандармен тілдесу барысында олардың осы шарадан алған әсерлерін айтып тауыса алмай жатты. Зиялы қауым өкілдері де «бұл игі шара жалғасын тапса, өскелең ұрпақтың тарихымызға күн сайын тереңінен меңгере түсуіне түрткі болар еді» дейді.
Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Берік Көпбаев: «Құрметті Семейліктер, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Осы қазақ халқы тарихындағы аталу мерекенің символы Алтын адам Тәуелсіздігіміздің баяндылығын көрсету мақсатында Абай еліне келіп жетті. Бізде Астанада ұлттығымызды насихаттайын ұйымдар жетерлік. Солардың бірі, мәдени мұраларымыз сақталған Ұлттық музейдің басты жәдігері болып табылатын «Алтын адамның» құны бүкіл Алаш жұртына жоғары. Оны жақыннан көрген ұрпақтарын мақтаныш кернеп, ата-бабаларына ұқсағылары келетіні сөзсіз. «Алтын адамды» көрмеген жастар қауымы тұрмақ, аға буын өкілдері де бар. Ал, бүгінгі бастама сол олқылықтың орнын толтыруға таптырмас шара» десе, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және тыл еңбеккерлерінің Семей қалалық кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов: «Семей жерінде өтіп жатқан бүгінгі көрменің жөні бөлек. Қазақтың жері қасиетті ғой. Жердің астында қаншама құндылықтарымыз жатыр. Соның бірегейі осы «Алтын адам». Дархан даламызда ашылмай жатқан дүниелер жетерлік. Солардың барлығын ұрпағымызға ашып көрсету біздің, аға буынның асыл міндеті. Бұл бастама жастарға патриоттық, ұлттық тәрбие беретін үлкен шара екен. Ұйымдастырушыларға айтарым, істеріңіз өне берсін, жалғаса берсін. Тарихи құндылықтарымызды насихаттап жүре беріңіздер. ««Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші Ұлттық музейді Семей жұрты тарапынан қолдап-қолпаштаған өлкетану музейінің басшылығы мен қызметкерлеріне мың алғыс. Осындай танымды көрмелеріңізбен өз көрермендеріңізді таба беріңіздер» деп, ұйымдастырушыларға семейліктер атынан алғыс білдірген еді.
– Өлкетану музейіне келіп «Алтын адамды» өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Сондай-ақ, «Алтын адам» жөнінде көптеген мәліметтерге қанықтым. Бұл жәдігерді мен газет-журналдардан оқып, теледидардан ғана көргенмін. Бүгін мінеки, осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Бұл бастаманы көтергендер мен ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Біз өткенімзді білмесек, болашаққа қадам баса алмаймыз. Тарихымызды терең түсінуге осындай көрмелердің ықпалы зор, – дейді «Жанұя» бірлестігінің өкілі Айжан Төгіс.
Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ