Сәрсенбі, Тамыз 8, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > “ЖЕРҰЙЫҚ” САПАРЫ

“ЖЕРҰЙЫҚ” САПАРЫ

Құрметті «Жерұйық» оқырмандары!

Өздеріңіздің алдарыңызда үмітін үкіліген тағы бір қазақ порталы медиакеңістікке жол тартып барады. Медиаорталықтардан бастап әлеуметтік желілерге дейінгі ақпарат алаңында өзіндік үні, көтерер жүгі бар сайт болуға бел буып отыр. Қазіргі таңдағы саналуан ақпараттардың тасқыны мен иірімдерін байыпты бақылап, лайықты саралап, керегі мен кебегін айыра білуге басымдық берілмек.

Желкенін көтерген «Жерұйық» ақпарат айдынына сапарын түзеді. Алдынан жауын мен жел де, асу мен бел де кездесер. Темір таяқ тебендей, темір етік теңгедей болғанша ілгері басуға бел буды. Нысанасы елдің іргесі, ұлттың мүддесі! Ол жалғыз біздің ғана емес, жалпақ жұрттың, мемлекеттің мақсат-мұраты. Ниетіміз сол айтулы арман-мұраттың өміршең, баянды болуына өз тарапымыздан мысқалдай болсын үлес қосу. Біз таңдаған жол – өнегеге жаршы, өрескелге қамшы болу.

Тәуелсіздіктің тұғыры мен ғұмырын арттыратын негізгі арна – қоғамдық сана. Қоғамдық сананың су ішер бастаулары – діни таным, ұлттық құндылық, ақпарат айдыны. Қазіргі тілмен айтқанда идеология. Бұқаралық ақпарат құралдарының да білек сыбана белсенді болатын жері осы тұс. Егер өзін ұлты мен жұртының алдында жауапты сезінсе. «Бәріне мен жауаптымын!» (Мұқағали) деген сөзді жадында ұстар ел жанашырларының қатары көбейсе екен дейміз.

«Баспасөзі мықты елдің болашағы да мықты» деген Алаш арысы Міржақып Дулатовтың ұстанымына сай болуға тырысатын «Жерұйықтың» есігі барша қауымға ашық. Қоғамдық сананың оң қалыптасуына пайдасы бар ақпарат пен танымдық-тағылымдық материалдардың барлық түріне орын болады.

Қадірлі оқырман!  Көңіліңіз қаласа бізбен байланыс орнатып, ойыңызды ортаға салыңыз. Ұсыныс, пікір білдіріңіз. Оқырман белсенділігі – ақпарат құралының арқатірегі болғандықтан сіздердің ұтымды ой, сүбелі сөз, соны көзқарастарыңызға ынталымыз.

«Жерұйықтың» тұғыры Семейде болса да  аудиториясы – мұқым Алаш жұрты. Интернеттің желісі мен өрісінде «Жерұйықтың» да қалың елдің Жерұйығына айналуын қалаймыз. Асан қайғының болмысындай қасиетті Жерұйық сөзі заманалармен бірге жасап, жүректерді жылытып, ұлттың рухы болып келеді. Ұлттық рух Елдің мүддесі мен Ердің намысын жоғары бағалайтын жандармен бірге ғасырдан ғасырға көше беретіні анық.

Қадым замандардан бері құндылығын жоғалтпаған Жерұйық философиясы Тәуелсіз Қазақстанда «Мәңгілік ел» иедеясы болып жаңаша жаңғырды. Айтулы идеяны ортақ идеологияға айналдырып, ұлттық рухқа көшіру – ең маңызды мәселе. Оның ойдағыдай жүзеге асуына әркім мүдделі болғанда ғана идея игілікке ұласып, мол жемісін бермек.

«Жерұйық» мақсаты да осы игілік жолында қал-қадірінше қызмет жасау.

Құрметпен, «Жерұйық» алқасы.
Семей қаласы.
4 маусым, 2016 жыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation