Instagram- күш, үлкен күш. Оны тек жеке альбом ретінде ғана емес, жеке кәсібіңізді жандандыратын құрал ретінде де пайдалануға болады. 7kun.kz тілшісі осы әлеуметтік желіні сауда бутигіне айналдырған кәсіпкерлермен байланысып, кеңестерін алыпты.
Біз тілдескен Жанар (есімі өзгертілді) киім-кешек саудасымен айналысады, 30 мың оқырманы бар парақшаның иесі. Дегенмен жеке кәсіпкер (яғни ЖК) ретінде тіркелмей сауда жасайды екен. Оның сөзінше, инста сауда үлкен сомаға базардан орын алып сауда жасағаннан әлдеқайда тиімдірек. Кәсіпкер парақшаны нөлден бастап, өзі оқырман жинаған. Қазір күніне 20 шақты оқырман хабарласып, оның 7-8 адам сол мезетте тапсырыс береді. Ал сатылған тауарды жеткізу үшін курьерлік және поштаның қызметін қолданамын деді. Қала ішінде — 1000 теңге болса, басқа облыстарға – 1500 теңге. Жеткізу құнын сатып алушының қалтасынан төленеді.
Ал парақшасында 7 мың тіркелушісі бар тағы бір кәсіпкер оқырмандары аз болғандықтан түрлі танымал топтарға жарнама берген. Жарнама құны – 15-60 мың теңге аралығында. Тіркелушісі көп парақшаны сатып алғысы келгенін, бірақ әр оқырманы бес теңгеге бағаланғанын айтты. Сатып алушылардың саны күнде өзгеріп отырады, шамамен күніне 3-4 адамға сауда жасайды. Қала ішінде тауарды өзінің көмекшісі жеткізсе, өзге облыстарға поштамен жібереді.
Осы тұста Instagram желісінде өзінің парақшасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен әңгімелесу арқылы анықталған Instagram желісіндегі сауданың өркендеуіне жасалатын бірнеше қадамды ұсынамыз.
1-қадам. Сіз Instagram желісінде қандай тауар сататыныңызды анықтап алуыңыз керек. Қазіргі таңда аталған әлеуметтік желі де киім және сұлулықты сақтау құралдары сұранысқа ие. Сатуға шығаратын тауарыңыз нарыққа жаңадан шыққан не желіде бәсекелестік тудырмайтын тауар болса ісіңіз алға баспақ.
2-қадам. Instagram желісінде өз аккаунтыңызды ашыңыз. Желі атын оңай әрі креативті етіп, сан қоспағаныңыз жөн. Тұтынушы сізді желіден оңай тауып алатындай болуы керек.
3-қадам. Аккаунтыңызға жеке логотип ойлап табыңыз. Мұны кәсіби дизайнерлермен кеңесе отырып жасағаныңыз абзал.
4-қадам. Парақшаңызға тауарларыңыздың жеке-жеке фотосын орналастырыңыз. Төменгі жағына байланыс нөмеріңізді, жеткізу жолдарын жазуды ұмытпаңыз.
5-қадам. Желіде парақшаңызға көп тұтынушының жазылғанын қаласаңыз, фото топтамаңызды жиі жаңартып тұрыңыз. Сіз де желідегі түрлі оқырманға жазылып отырыңыз. Сонымен бірге, сұрақтарға толықтай жауап беруге тырысыңыз.
6-қадам. Өзіңіздің тұрақты хэштегіңізді қалыптастырыңыз.
7-қадам. Оқырмандарыңызды жалықтырып алмайтындай қызықты конкурстар мен акциялар ұйымдастырып отырғаныңыз жөн.
8-қадам. Тұтынушыңыздың жылы лебізін рұқсат алу арқылы өз парақшаңызға орналастырыңыз. Бұл сіздің тауарыңызға деген сұранысты арттырады.