Екі жылдан бері елді елеңдеткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуы да тақап қалды. Ол төңіректе әлемнің назарын өзіне тартуға бағытталған қадамдар аз жасалып жатқан жоқ. Бірақ, сол әлем назарын қандай ерекшеліктерімізбен баурай аламыз. Негізгі мәселе де осы тұста тұрса керек. Соның басты өлшемдерінің бірі – ұлттық ерекшелігімізбен. Дәл осы нысананы ұстануды Елбасы да бірнеше мәрте тапсырғанын білеміз. Сол тапсырманың қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетер. Десе де, қырағы жұрттың көңілін көншітпеген жайлар әлден кездесіп жатқанын қайтерсіз.
Ол не десеңіз, ЭКСПО – 2017 логотипінде ұлттық болмысты айшықтайтын қазақы өрнектің жетіспейтіндігі екен. Соны алғашқы болып байқағандардың бірі семейлік дизайнер Ерлан Шаяхметұлы. Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Ерлан Шаяхметұлы осы бір олқылықты кәсіби маман ретінде дөп басып, нақты ұсынысын да білдіріп отыр. Әлеуметтік желідегі өз парақшасына қолданыстағы Логотипке еш нұқсан келмейтін, қайта ажарлана түсетін үлгі жасаған. Қазақы ою жарасымды жымдасқан үлгіні өзінің әлеуметтік желідегі https://www.facebook.com/profile.php?id=100007651004966&fref=ts парақшасына жариялап қойыпты. Қызығушылық білдірушілердің қатары да күн сайын артып келеді.
«Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, Ерлан енгізген өрнекке тиісті басшылық пен жауапты мекемелер ден қойып, қолданысқа енгізуге шешім қабылдаса Логотиптің сәні артпаса кемімес еді.
«Жерұйық»-ақпарат.