Сенбі, Қыркүйек 8, 2018
Негізгі > Тарих > Семей – кезінде Қазақияның астанасы болған

Семей – кезінде Қазақияның астанасы болған

Бұл жолғы әңгімеміз атынан ат үркетін әйгілі ұлыс – Дешті-Қыпшақ (ХІ-ХІІ ғас.) туралы өрбімек. Оның Семей шаһарына қатысы қандай? Бұл жайлы сөзіміз төменіректе. Дешті-Қыпшақ-парсыша, оны қазақшалап «Қыпшақ Елі» делік, мейлі, «Қыпшақ Даласы» делік, одан мағынасы өзгермейді. Бастысы, Дала өркениеті ұғымына парапар символдық мәнге ие бірден-бір атау – осы Дешті-Қыпшақ. Оны «Қазақия» деп дәлелдеудің мән-маңызы осыдан-ақ айқын.

«Қыпшақ ханының мүрдесі» атты мақаланы ертеректе («Қазақ әдебиеті», 8 июль, 1983) оқып, таң қалғаным есімде. Онда мақала авторы қазіргі Украина даласынан көптеген қыпшақ обалары табылғанын тілге тиек ете келе, нағыз сенсациялық тамаша олжа – қыпшақ ханының мүрдесі табылған обаға тоқталыпты. Одан жануарлар стилінде (звериный стиль) жасалған алтын, күміс заттар (Қазақстандағы «алтын адам» сияқты) мол алынған. Осы заттар арқылы қыпшақ өнері мен мәдениетінің сонау скиф (сақ) және ғұн дәуірі мәдениетімен тікелей жалғасы бары тағы бір нақты дәлелін тапқан. Олай болса, ғалымдар «сенсация» деп басына көтерген шығар? Қайдағы?! Бұл олжа да, әдеттегідей, Ресей-Украина музейлерінің бірінің сөрелеріне жөнелтілген (Сөрелерге «симай» жатса, «шаң басқан архивтерде» елеусіз экспонат боп қала берері тағы белгілі. Өзге мәдениетке деген өгей шешелікке не етерсің?).

Мені таң қалдырған – ұлы Дала мәдениетінің біртектілігі. Соны айғақтайтын археологиялық заттардың ғасырлар бойы талан-таражға түссе де, әлі күнге таусылмай, сарқылмай келе жатқандығын айтамын. Неткен мол байлық десеңізші!

Шынында да, Дешті-Қыпшақ отандық тарихымыздың алтын парағы десе алтын парағы. Қорым-обалар таусылмас қазына болса, Дешті Қыпшақты дәріптеген келесі айғақ та бар. Ол – қыпшақ тілі. 11-ғасырда халықаралық тіл есебінде Батыс Европада «Кодекс куманикс» деп аталатын қыпшақ сөздігі шығады. Сөздік Европа елдерінің «Дешті-Қыпшақ» империясымен сауда-саттық, дипломатиялық қатынастар жасау қажеттігінен туғаны жақсы белгілі. Танымал зерттеуші В.В. Бартольд пікірінше, моңғолдар үстемдігі кезінде Сары Даланы жайлаған халықтың бәрі, соның ішінде моңғол тайпалары қыпшақ тілінде еркін сөйлеген. Өз басым бұл пікірге кәміл сенемін. Өйткені қолымда бұдан әрмән таң қалдыратын мәліметтер бар. Солардан бір-екеуін келтірейін.

«Тюрки, іх мови та літератури» (1930) кітабын академик А.Е. Крымский (аса ірі украиндық түркітанушы) түркітілді гректер-ұрымдар, түркітілді грузиндер-гүржі (гюрджи) және түркітілді армяндар әдебиетін зерттеуге арнаған. Бұлар Қырым және Украинада адамдар саны 40-50 мыңға жететін топ-топ (колония) болып қоныстанған аз халықтар. Міне, ғажап – бәрі де таза қыпшақ тілінде сөйлеген. Қыпшақ тілінде том-том жазба мұралар қалдырған.

Академик Крымскийдің зерттеулерін жалғастырған Түркітанушы А.Гаркавец қазір Алматы қаласында тұрып жатыр. Ол, мысалы, жазады: «К XI– первой половине XII в. относят начало армянской колонии в Киеве. Киевские армяне, как и каменецкие, судя по данным актовых книг, были кыпчакоязычны и принимали присягу на гражданство перед судом на кыпчакском языке» («Кыпчакоязычные армяне». «Абай» журналы, N 3, 1998).

(Бұл тұста Киевтік Русьте қостілді орта болған деп жар салған, дәлелдеген 0. Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабын қалайша еске алмайсыз).

Аты аталған ғалым Гаркавец қыпшақ тілді армяндар ұрым, гүржі, қарайым, құмық, қырым татарларымен бір тілдік ортадан деп қорытынды жасайды: «По происхождению армяно-кыпчакский язык представляет собой один из кыпчако-половецких языков крымского ареала» (сонда, 51-бет).

Мынаған қараңыз – қыпшақтілді армяндар да аса мол жазба мұралар (тарихи, азаматтық сот, әдеби-көркемсөз тағы басқа салалардан) қалдырыпты. Бізге керегі – осы тілдің қазіргі қазақ тіліне туыстығын аңғару ғой. Сондықтан көне жазбадан бір сөйлем болса да келтіре кетейін: «Көп хыйын аудардых хыпчах тілінә әрмені Сағмосны, йаманламаңыз, зере худрәтымыз бунча еді, артыхын Крістос түгәлләгәй». Осы сөйлемнің аудармасы: «С большим трудом перевели мы армянскую Псалтырь на кыпчакский язык; не осуждайте, ибо способностей наших хватило только на это, а остальное пусть довершит Христос» (сонда, 51-6).

Атам Қыпшақ тіліндегі сөйлемді тағы бір оқыңыз, оқырман! Қазіргі қазақ тілімен дәлділігі және үйлесімділігі керемет. Арада мың жыл жатқанын ескерсек, ғажап емей не?!

Сонымен Дешті-Қыпшақ туралы материалдық және рухани айғақтар орасан мол. Осынау мәдениет ізі туралы жазбалар мен зерттеулер де том-том боп сөрелерде жайғасқаны анық. Осыған қарамастан, өкінішке орай, « Скифия» сияқты «Дешті-Қыпшақ» та әлі күнге «жұмбақ ел» («страна незнаемо») боп қалып отыр. Неге?

Бұл ретте ой жүйесі ретінде – Қазақияға жүгінудің, танымдық тәсіл ретінде «Отырықшы» және «Көшпелі» ұғымдарына сүйенудің қажеттігі менмұндалап көрінетіндей. Өйткені, тарих асулары арасына алтын көпір салудың кілті осы арада сияқты.

Әзірге Дешті-Қыпшақ құпиясына үңілуден бұрын, «Қыпшақ кім?» деген мәселе туралы біраз сөз айту қажет. Қазақ энциклопедиясындағы (ҚСЭ, 7-том, 1975, 102-104 б) мәліметтерге қарағанда, Қыпшақтар туралы алғашқы дерек ежелгі (б.д.б. 201 ж.) Қытай жазбаларында (олар «Кюете», «Кинча», «Куча» деп жазған) ұшырасқан екен. Қазақия тарихы тұрақтануы үшін бұлар аса маңызды деректер. Өйткені, бұлар қыпшақ тайпасы және басқа қазақ тайпаларының (үйсін, Қаңлы, Ғұн) тарих сахнасына тұңғыш шығуының куәсі.

Селенгі өзені жағасындағы құлпытаста (759 ж) «Түрік Қыпшақ» аталған белгілі тайпа туралы: «түрік Қыпшақ елу жыл үстемдік етті» деген мәлімет сақталыпты. Бұл дерек Түрік мемлекетінде сондай-ақ оның орнында пайда болған көшпелі Ұйғыр қағанатында, негізінен, қазақ тайпалары үстемдік құрғанына меңзейді.

Орайы келген соң айтайын, қағанаттың «Ұйғыр қағанаты» аталуы көшпелілер әлемін ұйғыр халқы басқарып, әмірін жүргізді деген сөз емес. Көшпелілерді алып Қытай тәуелді ете алмай, «күдер үзген», ақыры «қорғанын» салған-ды. Сол сияқты, шыны керек, «атқа дұрыс отыра алмайтын» ұйғырлар да Даланың қожасы болған емес. Көне Түркінің «ұйғыр» сөзі басқадай мағынаны білдірген.

Ұлы Ұйғыр қағанаты ыдыраған соң, «түрік-Қыпшақ» Оңтүстік Сібірден Еділге дейінгі орасан зор территорияны иеленеді. Астын сызып айту қажет, бұл территорияны Қыпшақ елі 11 ғас. дейін еркін жайлады. Естеріңізде ме, Мағжан ақынымыз:

Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,

Алтайға бетегедей алтын біткен.

Бейіштей алтын Алтай етегінде,

Ертеде Алаш елі мекен еткен –

деуімен осы дәуірді жырына қосқан ғой. Демек, Қыпшақ елін Алаш елі десек те артық айтқандық бола қоймас.

Осы тұста қазақ тарихы – Қыпшақ елі негізінде жазылса деп ұсыныс айту орынды. Бірақта іс жүзінде олай болмады. Тарихымыздың парағынан, негізінен, оңтүстік белдіктегі хандықтар (Түркеш, Қарлық, Қарахан т.б.) ғана ойып орын алды, ал «қалың елім, қазағым» қонған басты жайлау – Қыпшақ елі сырт қала берген. Оңтүстік белдік, яғни Ұлы Жібек жолы бойындағы халық ежелден ала-құла болатын. Себеп – бұл екі қуатты ағым – Отырықшы және Көшпелі арасындағы аймақ. Тереңірек қазып айтқанда, Парсы елі және Қыпшақ елі арасында Оғыз елінің пайда болуы жайдан емес-ті. Оғыз елі ежелден қос мәдениетті тел емген, екі жақтың қаны араласқан, қысқасы, «будан» ел еді («Дешті-Қыпшақтың» күнгей етегі «Дешті-Гузи» аталғаны белгілі).

Бұл арада мен жер жәннәты Жетісу мен шежірелі Сыр бойы қазақтың атамекені емес деген ой туғызудан аулақпын. Бар болғаны аталмыш аймақ ерекшелігіне меңзеп отырмын. Осыны, яғни Алатау аймағының ежелден қазақ мекені екенін, сонымен қатар өзіндік ерекшелігі барын Абай былайша аңдатады: «Біздің қазақтар… Қай-қай жерменен келгендігі, қанша жылда келгендігі мағлұм емес. Әйтеуір, Алатаудың бөктеріне келіп, мекендеп тоқтапты. … Бұл қазақ Алатау бөктерінде жүргенде егін салмақ секілді, сауда қылмақ секілді шаруаларға да көршілерінен көріп айналған екен».

Сонымен, қазіргі Қазақстан территориясын түгелге жуық Қыпшақ елінің (оны Л.Гумилев «қабырғалы қалың ел» деп атап көрсетеді) жайлағаны ақиқат.

«Қыпшақ кім?» деген сұраққа қайта оралу алдында енді бір шегіністі қажет санадым. Бұ жолы Қыпшақ елінің не себепті «Қимақ қағанаты» аталып келгені жайында бір ауыз пікір.

Ежелгі Шығыс жазбаларында (9-11 ғас.) Қыпшақ, яки Алаш елінің «Қимақ мемлекеті», ал оның астанасының «Қимақия» (кейбірінде «Қахандық») аталып келгені шындық. Неге?

Ұлы Ертістің ұзын саласы «қимақ» (иемек) аталған (қазақша аталуы, әрине, беймәлім) тайпаның атамекені болғаны кәміл. Оның Қыпшақ ұлысы аясына енген көп тайпа-рулардың бірі екеніндігі күмәнсіз. Ал, өз заманындағы ең ірі Дала мемлекетінің «Қимақ қағанаты» аталу сыры неде? Осыған келейік. Баяндалып отырған 10-11 ғас. Ертіс өңірі Қыпшақ елінің бел ортасына (жер кіндігіне) айналды. Қыпшақ патшалығының астанасы Ертістің орта ағысына орналасуы соның айғағы. Мысалы, қазіргі Астана (Ақмола) қаласы есепті.

Сонымен, Қыпшақ елінің «Қимақ қағанаты» аталуы, қимақ тайпасының өзгелерден ірі де басым (доминанта) болуында емес, негізінен, географиялық – қоныстық қисынға байланысты деуге бейілміз. Ертіс өңіріндегі 6-11 ғас. аралығына жататын оба-қорымдардың бәрі дерлік қыпшақ обалары (жерлеу тәсілі-қыпшақша) болуы сөзімізге дәлел. Демек, «Қимақ қағанаты» термині орнына «Қыпшақ елі» атауын пайдалану жаңсақтық бола алмайды.

Енді «Қыпшақ кім?» деген сұрағымызды тағы бір пысықталық. «9 ғасырдағы Қыпшақтардың рулық-тайпалық одағына Қимақ (иемек), Суар, Қаңлы, Қарабөрікті, Тоқсаба, Жете, Бөрлі т.б. рулар енген», – деп көрсетеді М.Қашғари (ҚСЭ, 7-том, 102-6). Ру атауларына көз тігіңіз! Олардың өздері «айғайлап» тұрғанда, «қыпшақ»-ты «қазақ» деп ұзақсонар тәптештеу артық шаруа болар, сірә.

Сонымен, ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын зор территорияда, яғни Алтайдан Еділге дейінгі кең-байтаққа Қыпшақ елі (7-11 ғас.) ту тіккені басы ашық мәселе. Бірақта 11 ғасырдан Қыпшақ елі «бұзылды», яки Дешті-Қыпшақ хикаясы басталған.

«Өздерін өздері: «Қоңыр қазақ, қара қазақпыз» дейтұғыны, «Қазақ байдың баласымыз» дегені сол уақыттағы ғана біраз момындықпен тұрған кезі болса керек» – деп Абай жазғандай, тып-тыныш, момақан жатқан Қыпшақ елі бір-ақ сәтте дүрк көтеріліп екі жаққа бірдей: (оңтүстікке және батысқа) жөңкілген екен. Тарихшылардың сөзінше, жолындағы жұртты дүркірете қуып, күллі Даланың мемлекеттік-саяси құрылымын төңкеріп тастайды.

«Олар қабырғалы қалың ел екен, – дейді Гумилев осы ұлы оқиға туралы. – Оны (Қыпшақ елін – А.О.) Қахан басқарады. Оның жазғы ордасы Қамания шаһарында болады… ХІ-ғас. орта кезінде қимақтар Днепр өңіріне барған кездері, орыстар оларды «половцы» деп атады. Ал батыс европалық тілдерде «құмандар» деген аты сақталып қалған. … Олар оғыздарды оңтүстікке, печенектерді батысқа, қарлықтарды оңтүстік-шығысқа, угрларды теріскейдің меңіреу тайгасына ығыстырып қуалап тастайды да… сол уақыттан бастап Дешт-и-Қыпшаққа, Қыпшақ даласына айналады» («Қиял патшалығын іздеу». Аударған Ә.Жұмабаев, П.Бейсенов – А. 1991. 100-бет).

Ай-хай, дәурен, дүние-ай! Күн астында дулығалары жарқырап, Ұлы Дала төсін арғымақтардың тұяғы дүбіріне толтырып (кең Далаға симағандай) қыпшақтар міне, осылай әлемдік аренаға ат ойнатып «атойлап» шыға келген!. Неге? Неге?!

Бұл шешілмеген мәселе. «Климат өзгеруінен» деседі біреулер (Бірақта «климат» ауа райы емес қой, ол бірнеше мың жылда ғана өзгеретін нәрсе). «Көшпелілерге тән соғысқұмарлық», «Ашкөздік, Отырықшы байлығын тартып алуға қызығушылық». Қойшы, әйтеуір, осы сарындағы топшылау аз емес. Анығы – қыпшақтар рухы таза, рухани өресі биік халық. Әйтпесе, армян, грузин, славян т.б. жұрттар қыпшақша «сөйлеп» кетер ме еді? Білектің күші, найзаның ұшымен мұндай нәтиже шығару неғайбіл. Байлық, дәулет, қолайлы тұрмыс (комфорт) дегендерге «Көшпелінің» көзқарасы жақсы белгілі. Оларды төменгі құндылық-пенделік деп қабылдап, жиіркенішпен қараған…

Іздеген «құпиямыздың» ұшығы – Тәңірлік сенімде, далалық дана танымда болуы жоққа шығарылмайды. Беделді тарихшы «Түркілер» туралы: «Великая степь манифестом заявила свое право не быть Китаем, а быть только собой»- деп әдемі және тамыр-түйінді тап басып айтқан. Бұл жерде «не быть Китаем» – «Отырықшыға айналмау» принципі екенін аңғару қиынға соқпайды.

Қысқа айтқанда, сонау Сақ-скифтен Шыңғыс, Темірланға дейінгі Көшпелілер қозғалысына осы идеология жетек болғанға ұқсайды.

Гәп мынада – Көшпелілер кеңістігі «қытай қорғандарымен» ғана қоршалған жоқ. «Отырықшылық» салт-сана мен идеология да мысықтабандап таяп кеп, Көшпелі алқымынан алуға даяр тұрды. Тынысы тарылғаны сезілгенде «Көшпелі» бар пәрменімен «тұяқ серпіп», қамал, қорғандарды тау селіндей бұзып-жарып, шарбақ атаулыны көктемгі өзен тасқынындай быт-шытын шығарып ағызып жіберуге мәжбүр болған тәрізді.

Бір ғажабы, бір қозғалса Кеңістіктің шегіне жетпей тоқтамаған. Хан Шыңғыс сөзімен айтқанда, «ең соңғы теңізге дейін» (до последнего моря) тоқтамаған. (Өстіп, көшпелі жұрт Отырықшы әлемнің Ренессансына құнарлы топырақ даярлады. Өзен тасыған соң жер бетін көк майса жабатыны сияқты. Анығы, егер Рух пен Материяны Көшпелілер теңгеріп отырмағанда экологиялық апат құшағына адамзат әлдеқашан құлап түсер еді. Дала өркениетінің экология сақшысы болғанын ұмытпауға тиістіміз).

Сонымен, сайланып шыққан Қыпшақтар «сойылы», бір қызығы, «отырықшылана» бастаған Түркілерге де (оғыз, хазар, печенег т.б.) мықтап тиеді. Мысалы, Сырдың төменгі ағысындағы (астанасы-Жаңакент) оғыздардың жөңкіле көшіп, сонау Кіші Азиядан бір-ақ шыққаны (қазіргі Осман түріктері) осы тұс.

Дешті-Қыпшақ туралы ой-толғамдарды түгел жинақтағанда шығар қорытынды – салт-сана, идеология және этникалық жағынан ол нағыз «Қазақия» болды. Осы түйінді «артық айтып, кем түспей» нақты деректермен дәйектеу ісі ұлттық тарихымыздың келелі мәселесі.

Енді «Туған қаламыз Семей мен Дешті-Қыпшақ арасында қандай байланыс бар?» деген сұраққа жауап берудің уақыты жетті.

Біз танысып, зерделеген археологиялық және географиялық деректер Қимақияның, яғни Қыпшақ елінің астанасы қазіргі Семей орнында тұрғанын толықтай қуаттайды.

Жазба ескерткіштер кәне десеңіз, құнды деректер мұсылмандық Шығыс саяхатшыларынан жетіп отыр. Мысалы, арабтың саяхатшы-ғалымы әл-Идриси Қыпшақ елін картаға түсіреді. Оның астанасы туралы: «Қимақ астанасы-темір қақпалы қорғандармен берік қоршалған, ішінде базарлары, ғибадатханалары бар ірі қала» – деп атап көрсетеді. Осы ғалымның жазбасы басқа деректермен толығып Семей қаласы орнында тұрған әйгілі «Жеті сарай» («Семь палат») қимақ дәуірінен жеткен ескерткіш деп топшылау жасауға негіз болды.

Тоғыз жолдың торабында тұрған көне Семейдің сол заманның белгілі шаһарының бірі болмауы мүмкін де емес. Ол – атақты географтар Әбу ибн Хордадбехтің «Мемлекеттер және жолдар» (846 ж), Әбубәкір әл-Хаманидің «Қалалар туралы» ( 903ж) сияқты елеулі еңбектерде басқа әлем қалаларымен қатар аталған!

Қимақтардың тұрмыс-тіршілігі кәдуілгі біздің қазақтікіндей болған. Мысалы, Ертіс өңірін аралап өткен парсы тарихшысы Гардизи ( XI ғас) былай көрсетеді: «Все жители имеют большие стада коров и отары овец. … Летом пьют кобылье молоко. Его называют кумысом, зимой едят копченую баранину, конину и говядину».

Мұсылман жиһанкездерінен едәуір кейін, Жошы ұлысы дәуірінде Ертіс өңірін итальяндық саяхатшы да аралап өтеді. «Плано Карпини, – деп жазады академик Ә.Марғұлан, – в частности, обратил внимание на постройку городов на Иртыше и около Алакуля. Он отметил: Татары построили сызнова только один город по имени Эмиль» (Археологические памятники Казахстана. А.1 978.1 8-6). Бұл жазбадан ұғатынымыз – Ертіс жағасындағы (на Иртыше) және Алакөл маңындағы қалалар ертеден бар. Карпини олардың құрылысына (на постройку) назар аударған. Демек, бұл арада Қыпшақ патшасының астанасы – Қимақия (қазіргі Семей) және оның Алакөл маңындағы жазғы ордасы – Камания сөз болып отыр. Құм астына көмілген Камания шаһары әлі күнге археологиялық олжалардың көмбесі. Мысалы, 1990 жылдың басында Үржар селосының тұрғындары бұл арадан көне қазанды аршып алды. Оның формасы кәдуілгі жарты шар емес, цилиндр сияқты болған. Құсмила Нұрқасымұлы деген азаматтың айтуынша, ол көшпелі тұрмысқа сәйкес жасалған, түбінен емес, жанынан қызады екен.

Тағы бір таңсық нәрсе – әу баста Жошы ұлысы (артынша Ақ Орда) орталығы – көне Семей болады. Себебі, Бас Орда (ставка) осы өңірде еді (Шыңғысханнан ставканы Жошы еншілеген). Жошы хан өлген (1227 ж.) соң Бас Орда мұрагерлік жолымен оның үлкен ұлы Орда Еженге өтеді. Плано Карпини Семей даласы, Ертіс алабына келген кезде (1246 ж.) Ақ Орда тағында отырған осы хан еді. Бірақ та көп ұзамай Ақ Орда орталығы саяси оқиғаларға байланысты өзге өлкелерге қоныс аударады.

Шығыс деректемелеріне сүйеніп Қытайдағы қазақ тарихшысы Н.Мыңжан жазады: «Алғашында ата-қоныс ретінде Ертіс бойын мекендеген Ақ Орда орталығы бірте-бірте Жетісудың шұрайлы жерлері мен Сырдария алабындағы қалаларға қарай ауыса бастады» (Қазақтың қысқаша тарихы. А.1994. 211-6).

Міне, П.Карпини дерегі осындай шығыс деректемелерімен расталады.

Қорыта айтқанда, Семей шаһарының Дешті-Қыпшаққа және Жошы ұлысына тікелей қатысы бар. Өз білуімше, бұл семейліктер мақтан тұтуына әбден лайықты нәрсе. Сайып келгенде, алтын Алтай етегіндегі, қарт Ертістің орта ағысындағы біздің Семей – бағзы заманда салтанат құрған Қазақия астанасы.

Асан Омаров, ғалым.Семей қаласы.

 Редакциядан: Мақаланың түпнұсқа атауы «Көне Семей Семей және дешті-қыпшақ»

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation