Бейсенбі, Тамыз 16, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > СЕМЕЙДІҢ ЖОЛЫ – КӨЛІКТІҢ СОРЫ!

СЕМЕЙДІҢ ЖОЛЫ – КӨЛІКТІҢ СОРЫ!

Қаладағы осы бір жол тазалығының жағдайын халық та, биілік те жақсы біледі. Бірақ, оның шешімін табуға ешкім ынталы емес пе деген ойға қаласың… Қараша айында жауған қардан пайда болған жолдардың сапасыздығы әлі сол күйінде. Таксиге отырсаң да, қоғамдық көлікке мінсең де көлік жүргізушілердің күңкілдеп отырғанын байқайсың. Жай ғана «күңкілдемейді» олар, қала башылығына, коммуналдық қызмет иелеріне «Қара қазандай» өкепелерін айтып жатады.

Расында, қала көшелерін қардан тазалау, жол жиектеріндегі мұзды ою, жаяу жүргіншілердің жолын аршу мәселесі мүлдем нашар. Көлік жолдары қар үйінділерінің салдарынан тіптен тарылып кеткен. Жол үстіндегі көліктер рельстегі трамвай секілді жақтау мұздардан шыға алмайды. Тапталған қар көлік табанымен ойылып, ойылған жолақтарға түскен көлікке одан шығу қауіп тудыруда. Егер сараптама жүргізілсе қыс басталғаннан бергі орын алған жол көлік оқиғаларының қанша пайызы осы мұз жолдардың салдарынан болғаны анықталар еді.

Әрине, қала аумағы үлкен, барлық көшелерді тазалап үлгеру мүмкін болмай жатқан шығар деп түсіністік танытуға тырысқаныңмен қала эстетикасына сай таза тұрған бір көшені таппайсың. Орталық көшелердің өзі таптаурын түбірлер мен мұз кертіктерінен арылмай жатқанда басқа көшелердің жағдайын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Алысқа бармай-ақ, Шәкерім мен Абай, Қабанбай мен Қаржаубай көшелерінің қилысындағы кедір-бұдырлардан көліктер еркін өте алмайды. Шайқалып, ырғалып әрең өтеді. Көпшілікке мәлім жағдайды бұдан ары тізбектеп жаза бергіміз де келмейді.

Бір таңқаларлық жағдай, бірде бір басшы осы мәселе бойынша баспасөз мәжілісін өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысқан емес. Оларға осындағы өздерін қолдан «қайраткер» жасап жүрген бір «қоғам белсінділері» үндемесе болғаны болуы керек секілді. Әйтпесе, қаланың коммуналдық қызметі қала жолдарын таза ұстауға қаншалықты қауқарлы, нені істеп, неге үлгермей жатыр, бөлінген қаражат қаншалықты жеткілікті деген секілді сұрақтарға сұратпай жауап беріп тұруға болады ғой. Мүмкіншілікті ашып айтса қоғам арасындағы ала-құла пікір азайған болар еді. Былтыр көктем кезіндегі көше суларын еңсере алмай қалған кезде қала әкімі Ермак Сәлімов: «Қолайсыздық жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймын» деп, мән-жайды ашық түсіндіріп еді. Сол сәтте әкімнің шындыққа тура қарағаны үшін халық толарсақтан су кешіп жүрсе де «Әи, азамат екен!» десіп, билікке деген наразылығын сол сәтте ұмытып кетті.

Былтыр, былтырғысымен. Биыл не? Қала әкімінің коммуналдық сала жөніндегі орынбасары Николай Ушаков қыс басында комуналдық қызметке қарасты бүкіл техниканы сапқа тұрғызып қойып: «Біз биылғы қысқа дайынбыз» деп жар салғанда «мұншама техникасы бар қала қардан жапа шекпес» деп қуанған едік. Ал, енді сол техникалардың барлығының жұмыс атқарып жүргеніне күдігіміз бар. Жұмыс атқарғандарының өзі қардың бетін ғана қалқып өтетіндей. Ең болмағанда күніне бір көшені тиянақты тазалаған болса, мәселе басқадай өріс тапқан болар еді. Әлде олар биыл да әкімге кешірім сұратып қайып қарап отырмақшы ма?..

Айналып келгенде, жазда шұңқырдан, қыста мұздан арылмайтын Семейдің жолы – көліктің сорып болып келеді. Көліктің соры – қалтаның соры екендігі тағы бар…

Қ.Зекенұлы  

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation