Елімізде 6 жарым мыңнан астам тұрғын үй кез-келген сәтте жарылуы мүмкін. Өйткені, Шахандағы апаттан кейін тексеріс жүргізген Ұлттық экономика министрлігі, ел бойынша жертөлесінде қазандық орнатқан осыншама тұрғын үй барын анықтапты. Шахандағы секілді қазандығы бар мұндай үйлердің жылыту жүйесін депутаттар да «жарылғалы тұрған бомбаға» теңеді,-деп хабарлады “Жерұйық” порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Тіпті, бастарын өлімге тігіп отырған жалғыз шахандықтар емес. Ел бойынша пәтерін пешпен немесе жертөледегі жеке қазандықпен жылытатын қаншама үй бар.
Мархабат Жайымбетов, Құрылыс ісі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасының айтуынша, елімізде 29 ірі, 41 шағын қала болса, солардың барлығында кездесетін жеке қазандығы бар үйлердің саны 6500-ден асады екен. Олардың қауіпсіздігі мен қадағалау сияқты үлкен мәселелер тағы бар. Бірақ оларды бірден орталық жылу жүйесіне қосу мүмкін емес.
Ал, шенеуніктер болса, ақша мен уақыт керек деп отыр. Мәселен, Шахандағы 17 үйдің өзін орталық жылу жүйесіне қосу үшін 3 миллиард теңге керек. Сондықтан, жеке қазандығы бар бұл үйлерді орталық жылу жүйесіне қосқанша, жермен жексен болуы ғажап емес. Үкімет болса, бір-біріне сілтеп әлек.
Майра Айсина, Мәжіліс депутаты бұл кезекте ашынып кеткенін жасыра алмады:
-Неге министрліктің адамдары кабинетте отырмай барып қарамайды соны? Мен парламентте істеп жүргеннен бастап санасақ, қанша қаражат бөлінді, осы құбырларды екі үш есе қайта істейтіндей ақша бөлінді. Сол қайда кетіп жатыр?-деп дөп қойды.
Рас-ау, қайда кетті?
Соңында депутаттар мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылатын баспаналардың бағасын қымбаттатпауды талап етті.