Біз автордың бұл еңбегін ықшамдап беріп отырмыз. Келер ұрпақ «шынымен де, қайсысы дұрыс» деп іркіліп қалмасын деген ниетпен кітапхана сөрелерінен интернет әлеміне жолдадық. Төркіні тереңде жатқан қазақтың сөздері әлі де жетерлік.
«Жерұйық» порталы
…Түптеп келгенде айтар жобамыз: *Ереуіл емес, *ерулі. Оның этимологиялық негізі ретінде айтар уәжіміз үш түрлі:
-бірінші уәж: «ерулі» де, «ереуіл» де – қазақ тілінің өзіне тән байырғы сөздер. Қисынын келтіре білген адам екеуін де Махамбет жырына жанастыра алады. Ерулі ат – ертедегі қазақ батырларының жаугершілік, шапқыншылық кезінде ұзақ сапарда ауыстырып міну үшін жайдақ күйінде ертіп жүретін қосымша аты. Тарихтан белгілі: Шыңғысханның жер қайысқан қалың қолының дұшпанына қара тажалдай көп болып көрінуінің бір себебі әрбір сардардың қапталында қосақтаулы бірден, кейде екіден ерулі аттары болған. Олар ереуілге мініп шығатын ереуіл аттар емес, әрние. Бұл – бір;
-екінші уәж: Махамбеттің өзі-ақ: «Ерулі атқа ер салмай…»деп, яғни күн-түн қатқан ұзақ жорықта бір атын (ас атындағы жорық атын) болдыртып, жанында ертіп жүрген жарау атына ерін ауыстырып мінбей, яғни жауын титықтатып барып жеңбей, ерлердің алдына қойған ұлы мақсаты орындалмайды деп тұрған жоқ па? Бұл сөздің ереуіл емес, ерулі екенін бұл уәж тағы да айқындай түседі;
-үшінші уәж: Махамбет рухына сай жырдың тасқынды толқына бірде-бір басы артық сөздің, тіпті, ұйқасып қатар тұрған екі сөздің бір буынның ұйқаспай тұрғанын да қаламайды. Махамбет жырына тән әуездестікті осы тұрғыдан қарастырсақ, екінші жолдағы:
Ерулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай…-
Егеулі (ұшы егелген найза) сөзіне (-лі жұрнағы жалғанып тұр) сәйкес келетін сөз тек *ерулі (мұнда да *еру түбіріне –лі жұрнағы жалғанып тұр). Ал осы «егеулі» сөзіне «ереуіл» сөзін жанастыруға болады, бірақ бұлар таза ұйқасқа жатпайды: *ереуіл сөзі болса, қазақ-моңғол тілдерінде –ауыл//-еуіл//-уыл//-уіл сөзжасам қосымшасы арқылы қалыптасқан 20 шақты атаулардың бірі: жасауыл, қарауыл, торауыл, тосқауыл, барлауыл, кептеуіл, шыңдауыл, ереуіл т.б.
Міне, осы атаулардың бірі – ереуіл – ертедегі әскери мағынасында шайқастың әбден шиеленісіп, шарықтау шегіне жеткенде шешуші қайрат көрсететін сәйгүлік мініп сай тұрған сарбаздар.
Осы келтірілген үш түрлі уәж Махамбет жырындағы ұранға айналған үкілі өлеңнің тірек сөздерінің бірі – *ереуіл емес, *ерулі болса керек деп топшылаймыз.
Әбдуәли Қайдар,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,ҚР ҰҒА академигі, ҚазКСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері.