Сәрсенбі, Қыркүйек 12, 2018
Негізгі > Бас баған > Светқали Нұржанның СӘУЛЕЛІ ЖЫРЛАРЫ

Светқали Нұржанның СӘУЛЕЛІ ЖЫРЛАРЫ

Ай таранған түн

Бұл бір ғажап түн болды-ау – Ай таранған,
Құшып алған шыңдарды айқара орман.
Киесі бар бұл түннің, Иесі бар,
Айта көрме әбес сөз, байқа, қарғам!

Үр-жұлдыздар тағып ап Ай шашағын,
Құс жолында кілкиді майса сағым.
Тербеліп тұр бар Ғалам… осы қазір
Мәді-мақам шығардай, Ғайса-сарын.

Аспан – құртты сорпаға езген кесе…
Сенбес едім, бұл түнді көз көрмесе.
Кеш болуы мүмкін-ау қалса ертеңге, –
Бүгін түнде дүние өзгермесе.

Жердің бетін таптаған, паршалаған
Көшкен заман қажытты қанша қаран.
Үмітінің иегін түнге сүйеп,
Бір жаңалық күтіп тұр Барша Ғалам.

Құс жолымен келеді ақ тулы Айым,
Бар бір қанға тараған тәтті у мәйін.
Құбылаға сәжде қып сыңсып жатыр,
Шұғылаға шомылған аққу-қайың.

Көз алдыңа көшіп кеп қияндағы,
Бұл бір ғажап түн болды-ау қиялдағы.
Имам қылып шыңдағы шынарға ұйып,
Мүлгіп қалған көп ағаш қиямдағы.

Бүгін түні еншіңді ал, аласыңды ал,
Әйтпесе ертең мәңгі кеш қаласыңдар.
Қар-сәлдеге ай-сәуле зер жүгірткен
Тегін емес мүлгуі баба-шыңдар.

Жұлдыз жылжып,
жинап ап Ай шашағын,
Толқындана бастады майса сағым.
Жүрегіңнің аш көзін! –
Мәді-мақам
Естілмей ме, тыңдашы, Ғайса-сарын?..

 

 

Таң қауызын жарғанда…

Көз көгермей,
жүрсем де сөзге де ермей,
Сүре алмадым ғұмырды өзгелердей.
Айды арылтып тастаппын,
жыл жеңілтіп,
Тейім жұмсақ болса да тезге көнбей.
Отыздың да орманын отап келем,
Адастырып жастықты кезбе желдей.

Бір Мұратқа жеткізбей мақсатым мың,
Бос қапылдым,
болмасқа бас қатырдым.
Ұқпайсың деп сөзімді тасқа ақырдым,
Ал тас,
жырын мақтады басқа ақынның.
…Төлегеннің ғұмырын жұтып алып,
Абай өлең бастаған жаста тұрмын…

Мойыныма артқанда түн білегін,
Жұлдыз саулап жүзімнен бүлдіремін…
Қауызында жүректің мұң қалады,
Шымшық көзді мұзындай сүмбіленің.

Өте шықты жүдеп жаз, сыңсып көктем,
Орман – тұттай, кеп-кеше бүршік төккен.
Арманымның сағымын сипап қалдым,
Ұстай бере қолымнан сусып кеткен.
Тыншытты еппен әуенін елжірек тал,
Тек жүрек бар кеудемді ыршып тепкен.

Итсигектер шеккенде изенге айбат,
Солды қурай, үрейден бизар бейбақ.
Сусиды құм, сыңсиды қоянсүйек,
Ал нарпоздар кірпікке мизам байлап.
Мизам-сезім шырмаған тағдырларға
Қарап тұрып,
қамығам үй-жанды ойлап.

Күн саусағы берсе сан бояуды аршып,
Түн қашады –
төбеңді ояр жаншып.
Күллі аспанды қамайды кірпігіне,
Таң қауызын жарғанда оянған шық.

Қазынамды әлдері жеткенше алып,
Бағымды отап жүрген кім кетпен салып?..
Шық-тағдырлар күнәсіз мөлтеңдейді,
Жапырақтың жүзінен кеткенше ағып.
…Жылан бұққан бұтаның төбесінде
Бозторғай тұр шырлаған – неткен шабыт?!.

Мына тамшы-үн құлай ма, құламай ма?
Жұтар ма екен мұны да жылан-айла?
Таң қауызын жарғанда оянған шық,
Дірілдейді таба алмай қылар айла…
…Төлегенді оқысам түңілемін,
Үңілемін содан соң ұлы Абайға…

12.02.98 ж.
Ақтау шәрі.

 

Жан әлдиі

Сенің нұрың – менің әппақ кебінім,
Сол кебінге оранса еді өлігім.
«Жан-әлдиім – өзіңіз!..» – деп, Ақ ханша,
Жаназамды оқыса ғой ерінің…

О сол шақта күрт өзгеріп мына әлем,
Күлер еді ең әдемі КҮНӘМЕН.
Нұр-кебінге оранғасын,
мәңгілік
Өзіңе арнап Өлең оқып тұрар ем…

«Өзің!..» – деші,
көкірегіңе гүл қадап,
Кірпігіңнің әрбір талы бүр жамап.
Жаназа мен Жыр қиғанда некесін,
Періштелер той жасайды іңгәлап.

Аспан-Жерді шат шыраймен қаусырам,
Балқып кетпей тұра алмайды сау Шыдам.
Табар ғалам – әнін, сәнін жоғалтқан
Періштенің іңгәлаған даусынан…

«Жан-әлдиім – өзің!» – деші…

 

 Талға түнеген ай

Талдың басына
Ұясын салған Ай.
Бардым қасына,
Тіл қатты, жалған-ай!

«Сүйемін» деді,
Ай баяу күбірлеп.
Жиегіндегі
Мөлт тамшы дірілдеп.

Ай тербеп терегім,
Айтады өлеңін.
Ай айтқан сол сөзді
Әлдилеп өлемін.

Сүйіп өтем ғой
Әніммен тербеп мен.
Күйік екен ғой,
Қол жетпей – дем жеткен!

Сақта қайыңды,
Дауылды Уақыт!
Аппақ Айымды
Алмаңдар құлатып!

Менің енші еткен
Серігім – жалғанда,
Сені көрсеткен
Мың алғыс – Арманға!

«Шіркінді өпсем!..» – деп,
Аңсарым айтылар.
Қыршын кетсем де,
Төбемде – Ай тұрар!..

 

Көкірегім-көне кітап

Көкірегім – көне кітап.
Сұр тысты.
Қырық қазына, мың мағына – қыртысты.
Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,
Көздеріңмен қарамашы бір түсті.

Оқымай-ақ отқа салма мені сен,
Керегіңе жарата алсаң – келісем.
Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен
Ауырсынған жараң болса, – бөлісем.

Сыңар көзбен қарай берме сен өйтіп,
Бөлісе алам шаттығыңды – көбейтіп.
Бөлісе алам қайғы-мұңды – азайтып,
Айлы түнгі айдыныңды кеңейтіп…

Бұл кітапта саңқылдаған қыран бар,
Алып өткен Антымды аман мұрам бар.
Бұл кітапта – шырқай-шырқай шығанға
Шыңға ілініп қалатұғын бір ән бар.

Бұл кітапта даналардың сөзі бар,
Бабалардың, аналардың көзі бар.
Сазын – бұлбұл, назын жұлдыз жұптаған
Бұл кітапта арулардың өзі бар.

Арқалаған адам болсаң ар жүгін,
Өзіңменен бөлісемін барлығын.
Жел-желікпен аша көрме, тек оны,
Пенделіктің шаша көрме зәр-жынын.

Өйтер болсаң, айналамын тасқа сұр,
Қасыма кеп тамыр басып, ашпа сыр.
Бір-біріне тарс жабылып өтеді,
Сұп-сұр түсті, сұп-сұр тысты – қос басыр.

Бұл кітапқа кір жұқтырман – көрге енсем!
Түсін бұзбас – жапқан шапан, берген шен.
Мұны өйткені, Ел оқиды – әуелі,
Елден алып Жел оқиды – өлген соң…

 

Ант-қауырсын

Өлең деген бұлттан да ақша құс еді,
Сен де өлеңсің – аумай тартқан түс-өңі.
Менің жүрек-айдыныма сол құстың
Қауырсыны қалқып келіп түседі.

Сол түскен сәт, шіркін, қандай аяулы-ақ,
Ырғалады жағасында баяу бақ.
Сәлден кейін қауырсынның орынында
Нұрға малтып жатады әппақ Ай аунап.

Сонда, ақын қыз, бөленеді жан жырға,
Ырза болам маған жазған тағдырға.
Дүниеге таратады сәулесін
Жүрек-айдын – шүпілдеген ақ нұрға.

Ақша құстың жанарынан жалт көрем,
Аппақ Айдың табағынан қант терем.
Көмейге – уыз,
тіліме – бал құйылып:
«Пәктік, Сені сүйемін!» – деп Ант берем!

Аспанында ақша құсы қалқыған,
Айдынында қауырсыны малтыған,
Жүрегінде аппақ Айы балқыған
Ақын –
айнып көріп пе екен Антынан?!.

 

Әбіш аға қазасына

Көшті кенет… көктен Әбіш әлемі,
Күлдей сөнді, гүлдей солды жар өңі!
Күлпарша боп күйреп түсті көгімнен,
Мендік ғажап сұлу шаһар бар еді!

Сұлу шаһар – іргетасы лағылдан,
Әйнегіне Ай күлкісі жағылған!
Жүрекмүсін күмбез еді әр үйі,
Лүпіліне жұлдыздар кеп шағылған!

Көз суарғам түнді үңгіген шыраға,
Діл суарғам нұр мүлгіген тұмаға,
Ой суарғам сүңгіп мырғам-мұраға,
Ай суарғам таңғы ырауан-ыраға!
Сұлулыққа көз суару күнә ма?!
Мөлт тұмаға діл суару күнә ма?!
Даналыққа ой суару күнә ма?!
Таңғы ыраға Ай суару күнә ма?!
Күнә болса осылардың барлығы,
Маған да енді қоныс болмас бұл ара…
Құрғап қалды – шырын дәмді шыңырау,
Құлап қалды – мың жыл тұрған мұнара!..

Әбіш көшті! –
Аспан көшіп баратыр,
Бұлт теңдеген асқар көшіп баратыр!
Қырық мың жылдық тастар көшіп баратыр,
Қырық мың жолдық дастан көшіп баратыр!

Қаражұрттың әрі көшіп баратыр,
Жаңажұрттың сәні көшіп баратыр;
Қара бұлттың кәрі көшіп баратыр,
Саналы ұлттың Ары көшіп баратыр,
Сан алыптың соңы көшіп баратыр,
Даналықтың дәні көшіп баратыр –
Бәрі, бәрі – бәрі көшіп баратыр!

Жарығы оның мәңгі сөнбес шәр еді,
Өшірген кім?
Көшірген кім, ал оны?
Қайта көктеп шыға алар ма, япырмай,
Қарға түскен ДАНАЛЫҚТЫҢ дәнегі?..

Көз кезеген, сөз безеген, тас сыбап
Бұл қайғымды қабылдар ма мас, бірақ?..
Қаражүрек –
шаһарымды қиратқан,
көлгірсіме кірпігіңе жас шылап!

Хәкім кірер патша-жайға кірсем деп,
Ақын кірер Ақ сарайға кірсем деп,
Жүрген сорлы, көз жасыңа кім сенбек?!
Шаһарымның қирандысын күзетіп,
Маңдайдан – мұз, табаныңнан сыз өтіп,
Өлесің сен, өлез-неме, бүрсеңдеп!

Тасқа толы, насқа толы сақпаның,
Көзімде тұр – тасты қалай атқаның,
Сезімде тұр – насты қалай жаққаның!
Кешіп жүріп кісәпірлік батпағын,
Даналыққа құрған қара қақпаның!
Қара шобыр – жүзіп жүрген баққа мың,
Қара тобыр – сыртындағы қақпаның,
Шаһарымның құнын алам мен сенен,
Күтпеймін мен Мақшар-Таңы атқанын!
Менің ТАҢЫМ атып қалды, иләһи,
Кімнен көрдің Күнді қолмен жапқанын?!

«Тақ қоршаған – не ары жоқ, не беті»*,
Уа, үріп қал, жендеттіктің төбеті!
Уа, сүріп қал, көнбет-тұтқын дөрекі!!
Уа, жүріп қал, тұтанғанша көр оты!!!
Иншалла! –
Қара жүзің –
қай қиырға бұрсаң да
Күйіп кетер шағылысып Нұр-Шамға!
Хақ уәдесі! –
Сөйлемеймін мен екі:
Жалғандықтың күні сөніп,
АҚИҚАТ
ТАҢЫ АТАДЫ – жанды бөлеп құрсанға,
Сағат түнгі болған шақта – 12!!!

Ал әзірге… не салса да көндік біз,
Шаһар күйреп, шыра болып сөндік біз,
Мұз құрсаған тұма болып семдік біз,
Түн емшегін Ыра болып емдік біз!
Зұлмат ғасыр, болса тағы шер жұтқыз,
Сендік өртке жібімейді мендік мұз!
…Біз Әбіштің тәнін көрге көмбедік,
ДАНАЛЫҚТЫҢ ДӘНІН жерге көмдік біз!!!

«Улы сия, ащы тілді»** шектемен,
Топас-пұт пен қапас-«құтты» жек көрем!
Туар көктем!
Жуар көктен күн нұры,
Қанша ғасыр жібімеген ындыны
Тоңды тесіп шығып жатқан бақ көрем.
Жар салыңдар! –
Осы мендік арман-үн:
Қарсы алыңдар ДАНАЛЫҚТЫҢ ОРМАНЫН –
Жаңғыз дәннен –
ЖАЛҒЫЗ МӘННЕН КӨКТЕГЕН!!!

15.12.15 ж.
Қошқар-Ата – Қолтық қонысы
Маңғыстау уәлаяты.

——————————————
*Бұл жол М.Ю.Лермонтовтан.
**Бұл жол Абайдан.

Светқали Нұржан

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation