Асса Шынжаң, қала берсе Алтайда болып жатқан жарты ғасырдағы қозғалыстар қазірге дейін аз сөйленіп келген жоқ. Олардың кінәsы мен қылмысы күні бүгінге дейін көшпелі тұрмыста жасап келе жатқан, әлі күнге орта ғасыр дәуірін басып өтпеген немесе орта ғасыр дәуіріне әлі күнге кірмеген натурал тұйыққа, төрт түлік малға сүйенген халықтардың мойнына жазып қойды да, орыс, қытай, монғол халықтарының ішінен шыққан тонаушы саяси алаяқтар өздерін ақтап келе жатыр. Жарты ғасырдан бері қазақтарға жасалып келген фашистік тәсілдер негізінен орыс, қытай, монғол халқының ісі емес, сол ұлттың ішінен шыққан қан құйлы, надан, саяси әккі алаяқтардың ісі болып отыр. Біздің көзіміз бұған бүгінгі күнде әбден жетті. (7) Мен ат жалын тартып мінген кезде, Алтайда болып жатқан уақиғалар мынау болды. Ресейден қашып өткен қазақтар жан түршігерлік хабарларды әкеліп жатты.[1] Орыстар да жанталасып Шынжаңды қолына түсіріп қалуды ойлады. Америкаға сүйеніп, енді тіріліп келе жатқан Нанжиң үкіметі де Шынжаңнан айрылып қалмауға тырысып жатты.
Үрімжідегі орыс консулы Абласов ең алдымен Үрімжі уәлиі Пан Яунанды қолға түсіріп, Шынжаңды Яң Менжын үкіметін аударып тастауға ұрынып 1928 жылы 1 шілде күні зияпат үстінде Пан Яунан, Яң Зышынды атып өлтірді. Істің сәті болмады. Пан Яунанды атып тастап Ян Зынның орнына Жын Шурын отырды. Орыс сайқалдығының сәті болмай қалды. Жын Шурын Алтайды тыныштандыру және Монғолиямен де, Ресеймен де болған тығыз байланысты күшейту үшін Бурылтоғай ауданына Төре Шәріпханды шән етіп тағайындап, Зуқаның басын алдырды. Бұл бұйрықты ол кезде орындаған Алтай уәлиі Уый Жыңғо болатын.
Ал 1930 жылы Монғолияға жолаушылап барған Қабадан Жанат ішінде Тоқай елінен Ыбыке бастық бес семьяны (24 адам, ылғи қатын-бала) Монғолия әскерлері сотсыз, тергеусіз Қалқын көлі жағасында түгел атып тастады. 1931 жылы Буыршын ауданынан сырт Монғолияға жолаушылай барғандардан, ішінде Омар зәңгі, Айтбай бастық бар, тоғыз адамды ұстап алып Шеруші Дүлденбай аулына алып келіп кезеңді асырып Алтай жеріне әкеліп атып тастады. Оның ішінен Сапарғали дейтін адам қашып келді.
1932 жылы 5 көкекте ІІІ Коминтерн[2] “Шығыс Түркістан тәуелсіз ел” деп жарнама жариялағанда Монғолия арқылы 12 адам Қожаниязға 4.000 мылтық әкеліп таратып берді.[3] Бұл екі арада Нанжиң үкіметінің 36 дивизиясының бастығы болған Ма Жұңюң Алтайға Қи Силиңді жіберді. Ма Фұңкөй Шынжаңды дүңген сұрайды деп еліріп Қи Силиңге (8) қашып келіп әскер бастап Алтайды алып Бұқат бейсіні шән етіп кетті. Қи Силиң армиясы Құмдағы Ақ Орыстар құрған орыс армиясына бармақ болған кезде, орыс армиясы Ресейден қашып өтіп Қом Қанасты мекендеген Қаратай елінен 152 адамды атып кетіп, жөней өткен партизан ретінде көрінген Капитан Қайдармен бірлесіп Қи Силиңге қарсы соғысып дүңген армиясын Шәуешекке аударып жіберді.
Зуқаның өлтірілуі, Қалқын уақиғасының тууы панасында орыстар 1930 жылы Шынжаңға дантай өткізіп, кең көлемде шпиондар әкеп, ел арасында тыңшылар басты орын иелене алды. Уақиғалар бірінің артынан бірі туылып отырды. Мұның үстіне Жантайлақтың өлтірілуі қосылып, Алтай қазағы арасындағы саяси өмір сөзсіз бұзылуға мәжбүр болды.
1931 жылғы дүрбелең кезінде Буыршын ауданында Қуанған қозғалысы пайда болды. Монғолиядан құн даулаған Қуанған сол елден 500 жылқы қуып келді. Шәріпхан Төре таққа шыққаннан кейін Қуанғанды қолға алып түрмеге салды. Сол кезде мен жаңа құрылған әскери бөлімнің бастығы едім. Жақып Амбының күштеуімен Қуанған тобы түрмеден босатылып кетті. 1933 жылы күзде Шіңгіл ауданы қуаңшылық болып қалғандықтан Шіңгіл елі Қобда аймағына барып қыстады.
1934 жылы монғолдар бұл елді қайта жеріне қайтармай, Кенжебек полковникті жіберіп Ұлынғұға жер аударды. Керей, Әкім батырға екі қос атбен Нұрқасымды жіберіп Монғолияға қарсы бұзылды. Олар Кенжебекті өлтіріп, Әкім батырдың бес жүз әскер күшінің көмегімен Шіңгілге қайтып келді. Бірақ, сол жерде 18 мың төл бірақ қалып қойды. Мал төлеуі үшін Керей Монғолиядан қайта мал қуды. Бір қанша ауылдарды Монғолия алып қалды. Бір қанша адамдар қырылды.
Енді сол жылдың күзінде Монғолияның Серин армиясы Шіңгіл ауданына (9) басып кіріп, Ханкелді Секелден 584 адамды қырып, Жылмасбай Үкірқайды кескілеп өлтірді. Осы кезде мен Баймоллаға еріп барып, осы уақиғаларды Қаратүңкеге қашып келген Байқадамның аузынан естідім. Сол жылы шабылған ел сол бойы Бәйтік тауына шығып кетті.
1936 жылы 5 желтоқсанда Бәйтік Ғұң Ан Жүйі қонаққа шақырып алдап Әкім батыр мен Жетібұт батырды қолға алып, Үрімжіге апарып атып тастады. Қыстаубай Қыраубай мергенді (23 жастағы бала еді) сырттан атқызып кетті. 1936 – 1937 жылдары Монғолиядан төрт мың үй Керей Құмыл аймағына қашып өтті. Генерал Серин армиясы Құмылға өткен Керейді әскери күшпен Қобда аймағына айдады. Ақтышқан тәйжі бастаған 84 адамды қолға алып Ұлұлан облысындағы Лауғай алаңында өлтірді. Сол себептен 1938 жылдың басында Монғолиядан Қу Ертіс басына Шегіртайдан Әбден батыр (Базаркұл), Қашкей (Шыбарайғыр Үмбет залыңның інісі) 500 семья қашып өтті. Бұл елді Қалел тәйжі тығып қойды.
Оның үстіне сол жылы Қалелдің ұлы Рахат Көксеркеде отырған Қожамберген аулына барып қалыңдығын алып келеді. Мәнкей, Қалел бастаған Өралтай[4] керейлері Гансуға өтіп кеткен. Олар Адубайға Арғын Темірғалиді жіберіп қоныс дайындауды, жолдың суын көруді, сөйтіп елдің көшуіне көмектесуін сұрайды. Темірғали шолақтың Шың Сысай армиясының қолына түсіп, осы мәселе ашылып қалғандықтан 1938 жылы маусымда Мәнкей мен Қалел тәйжі ұсталды. Ал Қалелдің ұлы Рахатты Бәйтіктен келе жатқанда жолдан ұстап кетті. Шың Сысай үкіметі мен Алтай халқы арасында уақиға барған сайын шиеленісе түсті.
1938 жылы тамызда Нори ауданында, ішінде Сақаба үкірдай, Қожамберген, Қазы, Қақан, Әйкебай, Жеңісхан, Қайдар, Баймолда бар, 17 адамды ұстап кетіп, Үрімжіге апарып атып тастады. 1932 жылы Жемсарыда Ыбырай, Әлімхан, Қанымхан, Пазыл, Дүзелбай, Шәмси, Мамырбай, Ережеп, Байқабыл, Шақан (10) секілді 12 адамды атып кетті. Көбі Уақ азаматы еді. 1933 жылы тамызда Әліптің басы алынып, 10 адаммен қырып тастап Әліптің әйелі және бір жас баласын бандит Шың Сысай олжалап кетті. Бұл үшін Шың Сысай Баймолланы жіберген.
1938 жылы Буратайдың төрт баласының қолға алынуы, Сақаба үкірдай, Қожамберген қатарлы 21 адамның қолға алынып Үрімжіге апарып өлтірілуі – бүкіл Құмыл аймағындағы қазақтардың да тыныш ел болып жатып тұруына жол бермеді.
Сонымен Құмыл аймағынан бес мың үй Керей төртке бөлініп Гансу, Шынқай өлкелеріне кетуге мәжбүр болды. 13 айырпланның ұдайы көшкен елді 11 күн бомбылауы қазақ өмірінде тарихта болмаған қырғынға себеп болды.
Бір миллион қой, алты жүз мың жылқы, бес жүз мың сиыр бомбанын өртінде кетті. Бұл малдың бір бөлімі Монғолия жеріне, бір бөлімі қытай қолына, тіпті Баркөлге дейін қашып келіп Шың Сысай әскерінің азығына айналды. 1928 жылдағы Яң Зышынның өлтірілуінен тартып 1938 жылға дейінгі қу заманда Алтай, Құмыл арасында болып жатқан сұм сұрқия уақиғаларда айналып келгенде сойылдың екі басы бірдей қазаққа тиіп жатты.
Оның үстіне орыс бандиттері Ресейден қашып өткен қазақ азаматтарын сыр табақтай қағыстырып түк қоймай Ресейге алып кетіп жатты. 1935 жылы Қаратай Мұқтарханды ұстап Айдархан Манойлап деген қазіргі Сарсүмбе қаласынын дөң базарында жатқан орыс гарнизоны Саркобыға апарып, сыртынан атқызып тастады.
Орыстын бір батальон армиясы Алтай қаласына 1933 жылдан бастап келіп алды да, біреуді біреуге салып өлтіртіп жатты. Орыстың бір батальоны Бұлғынға түсіп, полковник Зубатов сонда жатып алды. (11) Орыстардың сегіз қызыл белгі генерал Корякский армиясы Құмылға түсіп алды. Орыстар 1937 жылы Мәскеуге апарып Коммунистік Партияға өткізіп алып, Шың Сысайды батыр деп құтыртып алтын орден қадады. Соңында Шың Сысай арқылы Шынжаңда қанды қырғын жүргізді. Орыстар Қожанияз күнше, Шың Сысай күнше, Ма Жұнйың күнше, Ресейден келген ұйымдастырушылар, Жұнго Күң Сандаңның Атқару Комитеті қатарлы бес күшті бірдей қолына ұстап бірін біріне салып “Қашқанда құдай депті, қуған да құдай депті” дегендей, қуып жүргендері де “орыс” деп айғай салыпты, қашып жүргендері де “орыс” деп айғай салыпты. (12)
Есімхан қозғалысының басталуы
“Ойнақтап толқын жел гулеп, Майсар діңгек сықырлап” дегендей үш жерде жасап жатқан қазақтардын басынан өтіп жатқан ауыр күндер менің өз үйімде тып-тыныш мал бағып қымызды ішіп, бағланды жеп, қатын-баламды күтіп, “тек жүрсең тоқ жүресің” дейтін мақалды малданып жасап жүруіме мүмкіндік бермеді.
Өткен өмір, көрген түс. Қыдыртатын талайды “Нені тапсаң соны тап жарамады керекке” дегендей біздің сөйлегеніміз бен істеп келгеніміз түкке жарамады.
Қазақтар үшін “ақиқатты оқпен өлшеуден” басқа жол қалмады. “Қорқақты қуа берсе, батыр болады” дегендей, бандит Шың Сысайдың жоқ нәрсені тап дегендіктен, бұл тәсіл біз үшін өмір мен өлімнің арасын белгілегендей заманды өзінен өзі туғызып жатты. Бізді күшті күрес отында нығайтатын күшті контрреволюцияның болғандығы біз үшін жаман да болмады.
“Басында Қаратаудың бір топ шілік
Айтатын мен ойымнан аз мұңшылық
Шың Сысай жоқты тап деп қысаған соң
Есімхан шәнді өлтіріп салды бүлік.”
деп қажы Ақыт біздің алғашқы төңкерісіміздің шығу себебіне ғылыми түрде тұжырым жасаған еді. Есімхан атты осы қозғалыс, дұшпан мен екі арадағы ақиқатты оқпен өлшеуден басқа әдіс қалмағандығынан туындаған еді.
1940 жылы қаңтар айында Ақыт қажы ұсталды. Дәл осы орайда, Есімхан үкірдай (Иманбай үкірдай ұлы) “Ақытты тартып алып қалалық” деген пікірді ортаға қойды. Біз Өндірқара, Зақоба, Тұрымның Сартерегі болып жиын ашып ақыл құраған (13) 60 адам едік. Соның бірі мен едім. Өндірқарадан – Масғұт Шағалаұлы, Қажақын, Асыл, Рабай, Қауым, Зақобадан – Сартеректен Сүлеймен, менің әкем Молдажан, Байкелең, Зал зәңгі, Қарабұлғыннан Сайып Қалелұлы, Шамғұн Сарбас, Өндірқарадан Оспан, Ителі Уәли, Шағалақ бар еді. Байкелең Үмітбай қатарлы төрт адам тұрып:
– Қазір қыс уақыты. Қыстың өзі бір қиямет болып тұр. Әкетсе әкетсін, орнында баласы Қалман бар ғой. Жаз шыға бұзылалық, – деп жиналған 60 адамды тоқтатып қойды. Ақыт сол кезде Шәкүртідегі қыстауынан қолға алынған еді. Ақытты тартып алып қалу жайында жиналысты Өндірқарадағы Имамбай үйінде ақылдастық. Ақыры дәл сол үйдің өзінде қозғалысты уақытша тоқтатуды мақұл көрдік.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін, Көктоғай ауданының қаласына Қалманды шақырып алып қолға алғандығын естідік. Енді бір жұмадан кейін аудандық үкіметтен Кәрім сарт келіп Ақыт мешітіндегі Құран кітабын жинады. Бір күннен кейін мылтық жинау комиссиясының бастығы Жу Ұянжаң мен Көктоғайдың шәні[5] Шәкүртідегі Ақыт мешітінде жиын ашып сөз сөйледі. “Сартеректен бергі ел таңертеңгі сағат 9-дан қалмай келсін” деп хат жазған екен.
[1] Оспан батыр да осындай хабарлардың салдарынан Кеңес Одағынан төтенше қорқатынын және өлердей өш екенін 1947 жылы Шонжыда Шынжаң өлкелік гарнизонының қолбасшысы, генерал-лейтенант Сұң Чиланға былай деп атап өткен: “Біз, Шынжаңдағы қазақтар мен Кеңес Одағында, Қазақстан Республикасындағы қазақтар бұрыннан қандаспыз. Кеңес Одағы Қазан төңкерісінен кейін Ресей қарастылығындағы қазақтарды жауыздықпен жаныштады. Көп адам қырылды. Мал-мүлкі тәркіленді. Діни сенімнен жұрдай болды. Қазір Шынжаңда жасап отырған кейбір қазақ рулары Ресейден қашып келген. Сондықтан, біз қазақтар Кеңес Одағынан төтенше қорқамыз. Және оларға өлердей өшпіз…” Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы, 2000, 236-бет.
[2] Естелікте ІІІ Интернационал тек осы жерде ғана Коминтерн деп аталған. Нұрғожай батыр көбінде оны қысқаша “Энтернат” немесе “Халықаралық Энтернат” деп атап өткен. Біз оларды Коминтерн деп өзгерттік. Белгілі болғанындай, Коминтерн 1919 жылы наурыз айында В.Ленин және КОКП тарапынан құрылып, 1943 жылы 15 мамырда Сталин тарапынан тарқатылды. Коминтерн әу бастан Шынжаңға көңіл бөле бастады. Ол өлке, 1919 жылы ортаға салынған “Шығыс төңкерісі теориясы” бойынша талқыланған. Ресейде Қазан Төңкерісі жеңіспен аяқталғаннан кейін, Коминтерн және Кеңестік Ресей Шынжаңдағы әскери диктатуралық басқаруға қанаушы басқару ретінде қарады. Сондықтан олар Шынжаң өлкесіне төңкеріс отын кіргізуге қарар қабылдап әлемдік төңкерістің аймағын кеңейтуде маңызды бір аймақ ретінде оны көре бастады. Олардың пікірінше, төңкеріс Ресей мен Орталық Азия аймағында қанат жаюынан кейін, Шынжаңда жаңа бір социалистік төңкерісті іске асыруға болады. Бұл стратегиялық жақтан да Кеңестік басшылар үшін аса маңызды еді. Өйткені Кеңестік үкімет үшін Шынжаң Ұлы Британияның ең ірі колонизациясы болған Үндістанға жету үшін пайдалана алатын ең төте жол еді. L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu. Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 164-166-бет. Америкалық тарихшы Бенсын Кеңес Одағы үшін Шынжаңның тек идеологиялық емес, сонымен қатар бай жерасты байлықтарымен де мәнге ие екеніне көрсетуде. Benson L. The Ili rebellion the moslem challenge to chinese authority in Xinjiang 1944-1949, 40-бет.
[3] КСРО Компартиясы (б) Орталық Азия Бюросының хатшысы Бауман 1931 жылы қыркүйекте мынадай ұсыныс жасаған еді: “Шынжаңдағы көтеріліс енді ұлт-азаттық қозғалысы сипатына өтті. Сондықтан Шынжаңдағы төңкерістік әрекеттерді белсенді түрде бастатып осы әрекеттің ары қарай дамуына көмектесуіміз керек.” L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu. Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, 154-155-бет.
[4] Көктоғай, Шіңгіл аудандары Өралтай; Алтай (Сарсүмбе), Бурылтоғай, Буыршын, Қаба, Жеменей аудандары болса төменгі Алтай деп аталады.
[5] Сұй Эрлин
Жалғасы осы айдарда- АЗАТТЫҚТЫҢ ӨШПЕС РУХЫ
Нұрғожай батырдың Естеліктері және Оспан батыр
Баспага дайындап ғылыми түсініктемесін жазған: Әбдіуақап Қара
Қара Әбдіуақап 1961 жылы 19 қарашада Түркияның Стамбұл қаласында туған. Ата-бабалары қазіргі Қазақстанның шығысындағы Марқакөл аймағында мекендеген. Әбдіуақап Қара Есберді батырдың жетінші ұрпағы. 1982 жылы Боғазичи университетінің Электроника бөлімін бітірді. Еңбек жолын Стамбул қаласындағы Ататурк әуежайында электроника департаментінде техник маман болудан бастады. 1986 жылы Стамбұл университетінің тарих факультетін бітіреді. 1986-1988 жылдары Стамбұлда «Қазақ түркілері қорында» басқару алқасы мүшелігіне сайланады. 1987-1988 жылдары Стамбұлдағы Осман Мемлекеті мұрағатында жұмыс істейді. 1988- 1995 жылдары Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында жұмыс істеді. 1994 жылдары Мюнхен қаласында «Европа Қазақтары» деген атпен кітапша шығарған. 1995 жылы Германиядан Түркияға қайтып, Мимар Синан университетіне оқытушы және ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа кірді. 1997 жылы осы университетте «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары» атты магистрлік, 2002 жылы «Мұстафа Шоқайдың әмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Осы жылдың қараша айында докторлык диссертациясы «Түркістан жалыны. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген атпен Стамбұлда жарық көрді. 2004 жылы бұл кітап қазақшаға аударылып, «Мұстафа Шоқай. өмірі, күресі, шығармашылығы» деген атпен Алматыда «Арыс» баспасынан жарық көрді.