Ақпанның 3 күні «31» телеарнасынан берілген жаңалықта Төреханов деген дизайнер азамат «Абайдың қара сөзі өзінікі емес, қолдан жасалған нәрсе» дегенді мәлімдеп, көрерменнің көзін шарасынан шығарып жібере жаздаған. Әсіресе, абайтану саласында жүргендердің «қызуы көтеріліп» бір-біріне қоңырау шалып әбігерге түскен. Сол телефон қоңырауының бірі Семейде тұрып жатқан қабырғалы абайтанушы Асан Омаровқа келіп түседі. Асан Қайырбекұлы «Информбюроның» қайталануын тосып, ақыры көрген. Иә, әлгі Төреханов солай депті, Айгүл Смақованың қарсы уәжі де берілген екен. Осыдан кейін ашуға мінген семейлік абайтанушы қайтіп көз ілсін. «Бұларға соқырға таяқ ұстатқандай түсіндірмесе болмайды екен» деп жазу үстеліне отырып, түнімен «Абайдың «Ғақлия» кітабы» атты еңбегін жазып шығады.
Абайтанушы ғалым Асан Омаров Абайдың «қара сөзі» оның төл еңбегі екенін дәлелдеп қана қоймаған, сөз реті келіп тұрғанда Ұлы ақынның осы проза еңбегінің төңірегіндегі мәселелерге де кеңінен тоқталып, өте орынды ұсыныстарын айтқан.
Осы ұсыныстарға барлық ғалымдар қолдау білдіреді деген ойдамыз.
«Жерұйық» порталы.
АБАЙДЫҢ «ҒАҚЛИЯ» КІТАБЫ
(1891-1897 жылдар аралығы)
Аңдатпа сөз
Ұлы Абайдың прозасы, яғни қара сөздер мұрасы қазақ халқы өзін өзі тануының һәм тәрбиелеуінің қуатты құралы. Ол ұлттың киесі болып келді, бола да бермек. Оның сыры – Абай қалың елі қазағын жарқын да тура жолға сілтеді. Не жазса да түпкі мақсат осы. Жатса-тұрса соған қам жеген ақын: «Іште дерт қалың, Ауыздан жалын, Бұрқ етіп, көзден жас шықсын» дейді. Біле білсек, күллі ғақлия өстіп қайғырған, шерленген, жаны қиналған ұстаздың қаламынан төгілген. Ең болмағанда оның біреуін жасанды түрде дүниеге әкелу, қайталау мүмкін бе? Жоқ, еш мүмкін емес, ағайын!
Біз сөз етпекші Абайдың «Ғақлия» атты кітабы жеті жылдың жемісі. Онда ұлтының мінез-машығы мен қам-қарекеті жан-жақты тергеліп, терең тексерілген. Демек, оны ұлт ұстазы Абайдың зерттемесі, ғалымдық еңбегі деуге керек. Қыл қысқасы, кітап «Ғақлия» – қазақтың өз мінін өзі көретін, оны түзейтін ғажайып айнасы.
Құранда: «Қандай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», – деген. Оқысын, өзгерсін, мінезін түзесін! Абайдың қара сөздері міне осы ниеттен туған. Асыл мұраның бүгінгі күнге ескірмей, көнермей жетуінің сыры, кепілі осы екеніне кім таласар екен.
Бірақ кешегі саяси қыспақ уағында қара сөздер асты үстіне келіп, жаңаша жүйеленді, рет саны өзгерді, ол ол ма, Абай кітабы төл атауын да жоғалтты. Жә, егемен ел болдық, енді кітап «Ғақлияны» қалпына келтірудің уақыты жеткені хақ. Сонымен, қара сөздердің Абай қойған рет санына көшу қажет пе, әлде рет саны үйренішті түрде қала бергені жөн бе? Шығарманың рет саны шынайы болмаса, оның жазылу мерзімі қайтіп анықталмақ? Жазылу мерзімін білмеген жағдайда Абай ойының ізіне түсудің қисыны қайсы? Міне, төменде осы сауалдардың жауабы рет-ретімен берілмекші.
Кітап «Ғақлия» жайлы мағлұмат
Абайда проза кітап екеу. Көзі тірісінде біріншісі – кітап «Ғақлия», екіншісі – «Ғақлиат тасдиқат» (қысқаша «Тасдиқ») аталып, бөлек көшіріліп келген-ді. Оған архив қорында сақтаулы Мүрсейіт Бікіұлының көшірме қолжазбалары куә. Бірінші қолжазба кітабына (дәптер десек те болар) Абай 41 қара сөзін енгізіп, оған «Ғақлия» деп ат қойған (арабтың «ғақлия» сөзі «ақылмен, оймен түсіну» деген мағына береді).
Абайдың екінші кітабы – «Тасдиқ» (қазіргіше «38-ші қара сөз»). Оның кітап «Ғақлияға» үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Неге десеңіз, ол пәлсапалық трактат. Оның тақырыбы, мазмұны, мақсаты, көлемі, жазылу стилі мен мерзімі мүлде бөлек. «Тасдиқты» бөлек сөз етеміз. Төмендегі мақсат – кітап «Ғақлияның» жазылу мерзімін және ондағы сөздердің хронологиялық реттілігін анықтауға саяды.
«Қара сөзбен» айтатын өсиетіне Абайдың 1891 жылдан кіріскені аян. Дәлелге М.Әуезовтің: «Осы жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген» деген пікірін келтірсек те жеткілікті («Абай Құнанбайұлы» атты монография. – Алматы, 1995. – 75 бет).
Егер «Ғақлия» кітаптың алғашқы парағы 1891 жылы ашылса, оның даяр болғаны қай жыл? 1897 жыл деуге негіз бар. Оған Абайдың бір жасқа толмай-ақ асырап алып, бәйбішесі Ділдәнің бауырына салған немересі Уәсилә Мағауияқызының (1890-1954) естелігі сәуле түсіреді. Абай балаларды оқуға жеті жасында береді екен. «Мен де сегіз жасқа шығарымда оқыдым» дей келе: «Әлі есімде, – деп жазады Уәсилә, – бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем (Абайды айтады – А.О.) келді. Әкем молдаға қарап, балаларға мына бір кітапты әкелдім. Бүгіннен бастап осы кітапты оқыт деді. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қара сөзбен жазылған кітабы екен». Бұл жерде «сегіз жасқа шығарымда» деп Уәсиләнің көрсетіп отырғаны – 1897 жыл.
Қосымшаға Мұхаңа жүгінейік: «1896 жылдан бастап, Абай барлық шығармаларын жинастырып, көшіруге ұйғарады» (Аталған монография. –18-бет). Кәне, 1896 жылы Абай «барлық шығармаларын жинастыруға» неліктен ұйғарған? Бұл «Ғақлия» кітабын еңсерген жайынан белгі беретін факті деген ойдамыз.
Сонымен, қолда бар дерек-дәйектер Абай «Ғақлия» кітабын 1891 жылы бастап, 1897 жылы толық аяқтап шыққан деп тұжыруға мүмкіндік береді.
Ендігі керегі – кітапқа енген жекелей қара сөздердің жазылу мерзімі. Бірақ бұл оңай жаңғақ емес. Басты кедергі – Абай жинақтары мен Мүрсейіт көшірмелерінде қара сөздердің рет саны бір емес, екі басқа. Егер рет саны екеу болса, шыны қайсы, жасандысы қайсы? Осыны айырып алмай тұрып, жазылу мерзімі жайлы сөз қозғау артық – жылы жауып, жайына қалдыр…
Қара сөздер алғаш 1933 жылғы Толық жинақта жарияланған. Бірақ олардың рет саны өзгеріске ұшырағаны да тап осы жинақ. Неге десеңіз, 30-жылдарда атеистік көзқарас бет қаратпай тұрды. Өкімет байлар мен дін өкілдерін қырына алған қаһарлы уақыт. Жауды өз халқы арасынан іздеген қызыл көз сақшылар кімді аясын. Олар: «Әуезов – діншілдік пен панисламизмді дәріптеуші» деп неге дабыл қақпасын. Әсіресе, Абайдың «Ғақлиқат-тасдиқат» (қысқаша – «Тасдиқ») атты екінші қолжазба кітабын қаз қалпында жариялау – өзіңе өзің ату үкім шығарумен парапар еді. Себебі, оны Құдай, иман, тағат ұғымдары көктей өтеді. Күллісі «ескінің сарқыншағы» деп ұрандатып, байбаламдап жатса – не істеу керек?! Мұхаң қиын шешімге барған. «Тасдиқ»-тан құтыла салмай, оны өзге қара сөздердің арасына «38-ші қара сөз» деген атаумен кіріктіреді. Бұл азаматтық ерліктің үлгісі еді. Абай ең көлемді сөзі бүгінге осылай аман жетті. Тұңғыш толық жинақта қара сөздердің рет саны не себептен өзгертілгені енді түсінікті шығар деген ойдамыз.
Бірақ, қарап отырсақ, 1995 жылғы екі томдық Толық жинақтың 331-бетінде қара сөздердің рет саны «мағынасына қарай өзгертілген» делініпті. Бұл, әрине, үлкен ағаттық. Шығармалардың рет саны өзгертілуіне – тікелей жаңа айтқан саяси-идеологиялық ахуал кінәлі. Шынды бүркемелеудің қажеті қанша, ағайын! Айталық, рет саны бойынша 27-сөз бүгінгі оқырманға 2-сөз болып жетуі саясат ықпалы емей не.
Қорыта айтқанда, қара сөздердің шынайы рет санын М.Әуезов 1933 жылғы толық жинақта өзгертуге мәжбүр болды. Бұл Абайдың қос кітабы да төл атауын жоғалтты деген сөз.
Бәлкім, қара сөздердің рет санын Абайдың өзі емес, көшірген адамдар қойған шығар? Мұндай ой тумауға тиісті – «Ғақлия» кітабы Абайдың көзі тірісінде көшіріліп, көпке таралып отырған. Бас көшіруші Мүрсейітте алғысөз «23-сөз» делініп көшіріліпті. Көңілге күдік ұялататын жәйт. Бұдан бөлек, Абайдың рет саны бойынша 19-сөз Мүрсейіт көшірмесінде «20-шы сөз» делінген. Соңғы дәлсіздік қайдан, соған тоқтала кетейік.
Бақсақ, 19 және 20-шы деп таңбаланып жүрген екі келте сөз анығында бір-ақ сөз. Екеуін жалғастыра оқыған адам: «Апырай, мынау бір-ақ сөз ғой» дер. Түпнұсқада солай болған. Оған бұлтартпас дәлел Абайдың келесі 21-сөзінде (қазіргіше 32-сөз) тұр. Оны оқып көрсек, Абай: «…Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында («баб» дегенді «сөз» деп ұғыңыз – А.О.) жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар», – деп сілтеме жасапты. Қазіргі 19-бен 20-ның түпнұсқада бір-ақ сөз болғанына бұдан артық дәлел бола ма? Келешекте екі қысқа сөз біріктіріліп, оған Абай өзі «19-баб (сөз)» деген рет санын қайтарып жатсақ – сауапты іс. Бұл «Ғақлия» кітаптың түпнұсқасына 41 емес, 40 ғақлия енген деген сөз.
Бірер дәлсіздік осылар. Жалпы Мүрсейіт көшірмесіндегі қара сөздердің рет саны Абайдікі екені шүбәсіз. Ғылым үшін керегі – қара сөздердің шынайы рет саны. Олар қалпына келтірілсе ғана сыртқы оқиғалар ықпалы ескерілмек, сонда ғана Абайдың ойшылдық эволюциясын түсінуге есік ашылмақ. Төмендегі тексерістер, әрине, Мүрсейіттің көшірме қолжазбалары бойынша жасалмақ. Ал қара сөздердің бүгінгі күнгі рет саны алынған үзіндінің соңында, жақша ішінде көрсетіліп отырмақ.
Сонымен, ұлы Абайдың қара сөз мұрасы тұңғыш рет шынайы жазылу мерзіміне сәйкес хронологиялық тәртіппен зерттелмек, қадірлі оқырман. Айта өтері, барлық қара сөз, өз аңғаруымызша, жазылу мерзіміне сәйкес үш шартты топқа (1-14, 15-25 және 26-41 арасы) сұранып тұр. Сол үш топтың әрбірін жекелей қарастырған жөн сияқты. Абайдың шығармалық еңбегіне қашанда белгілі бір адам я болмаса белгілі бір оқиға түрткі болып отырған. Яғни өмірлік дәлдік тән. Демек, қара сөздің әрбірін болған оқиға, тіршілік құбылыстарымен байланыстыра қарастыру ұтымды тәсіл.
Кітап «Ғақлия»-ның алғашқы тобын тексеру
Жоғарыда айттық, Мүрсейіт қолжазбасында Абайдың «Ғақлияға» жазған алғысөзі орта тұста жүр. «23-сөз» деген түсініксіз рет санын иеленіп. Ағаттық екені айқын. Бірақ қайтіп ұққан жөн? Ол нөмірсіз болған соң, бас көшіруші оны тарс ұмытқан-ау. Сонан есіне түскен тұста өзінше нөмір беріп, қайта қосқан сияқты. Өз топшылауым осы, анығы бір Аллаға ғана аян.
Алғысөздің жайы осы. Енді Мүрсейітте «1-сөз» делінген ізашар еңбекке ойысалық. Ол Абайдың өзі «Ғақлия» деп ат қойған кітапқа енген 41 сөздің (жоғарыда айттық, дәлдісі – 40) ең көлемдісі. Онда ойшыл екі келелі мәселені көтерген. Біріншісі – біздің қазақ қайтсек өнер, білім жолын таппақ, қайтсек егін, сауданы керек қылмақ деген, екіншісі – елді билеп, басқарудың тиімді жолы қайсы деген. Ойшылды толғандырған қос мәселе осы. Бұл түсінікті де.
Қазақ прогресс жолының шетінде шаң қауып қалған халық. Бұзылуына, төмендеуіне бас себеп осы. Оны өзге халықтармен теңестіретін құдірет – «егін, сауда, өнер, ғылым» дейді Абай. Осыған көзі жеткен кезден ақындық қызметке шындап кірісіп, қазаққа төнген надандық бұлтын ыдыратуға бар күш-қуатын сарқа жұмсағаны аян. Енді, ең алдымен, билік тақырыбын көтеруі заңды. Себебі, ол халықты тығырықтан алып шығар құдіреттің бірі. Қаршадайынан ел жұмысына араласқан, биліктің оңы мен солын жақсы біліп, мол тәжірибе жинақтаған Абай 1-сөзінде: «Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді» (3-сөзі) дей келе, билікке қатысты әлі күнге өз өміршеңдігін жоғалтпаған нақты ұсыныстарын ортаға салған.
Байқап отырсыздар, әуелгі сөзде айқын бағдарламалық сипат бар, онда қазақ ел қатарлы болуға қажетті ең өзекті екі мәселе күн тәртібіне қойылған. Елдіктің бағдарламасы болған соң, оның сағасына кейінгі тармақ-тармақ ғақлияның күллісі құйылып отырған. Бір қызығы, қысқа ғақлиясының бірін (19-сөзі) кемеңгер «баб» деген. Қазақтың өрісті жолға шығуы – Абай арманы дедік. Ғажабы, сол арманы 1991 жылы, тұп-тура жүз жыл өткенде іске асты. Онда қазақ мінезін түзеудің, алда жарқын өмір сүруінің ЕРЕЖЕСІ болған кітап «Ғақлия» -ның өзіндік үлесі барын баршамыз да мойындауымыз керек. Кемеңгердің жаңағы «баб» дегені міне осы ойға жетелейді.
Қорыта келгенде, ойшылдың бағдарламалық кесек еңбегі, үлкен сөзі болашақта қазіргідей үшінші емес, кіріспеден кейінгі бірінші сөз болып, өзінің заңды орнына қойылса жақсы. Оны байыппен талдаған жайымыз сол.
Үлкен сөзден соң Абай қалам тербеген тақырып мол. Баршасы нақты да қысқа түрде. Әрбірі, тағы бір айтсақ, «ел қатарына кірсек» деген ұлы мұратқа көтерер бір бір басқыш сияқты. Ойшыл көбіне-көп адамның мінез-құлқын талдап, қам-қаракетін екшеп, тексереді. Онымен шектеліп қалмай, пәни өмірдің сырын ұқтыруға күш салады. Өсиетін, бір жағынан, қызықты, күлкілі, ұғымға оңай ғып, екінші жағынан, араб, парсы сөздерін кіріктіре, салмақ сала айтады.
Сонымен, Абайдың рет саны бойынша 2, 5, 6, 7, 8, 10, 11, 12, 13, 14 (қазіргіше 4, 7, 13, 12, 14, 20, 15, 21, 16, 28) жиыны он ғақлия сөзін байыптап көрелік. Бастапқы 2, 3, 4, 5 сөздерде Абай қазақ мінінің түр-түрін теріп, мінезін түзетпекке байлаған. Тегі, бұл күтулі жәйт, өйткені, алғысөзін: «Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп түйіндеген еді ғой. Сонымен бірге, қалың көпшілікпен әңгімелесу мәнері айқын. Жаңа айттық, өсиеті пайдалы болуымен бірге, көңілді, қызықты болып жетуін көздейді.11-сөзінде: «Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім» (15-сөз) дегені сияқты.
Енді Абайша 6, 7, 13, 14-сөздерді (қазіргіше 16, 28-сөз) саралайық. Бұл төртеуінде Абай иман, ғибадат тақырыбын қозғауының мәнісі неде? Бұл ретте өмір оқиғалары көмекке келеді. Оспанның жылы өткенше көңіл айтып ағылған халықтың Абай алдын босатпағаны анық. Сондай-ақ, 1890-жылдар жұртшылықтың дінге қызығушылығы артқан шақ (бірақ отарлық құрсау-кісен қоғамдық сананы өсіре ме, дінің мен тіліңді көгерте ме…).
Қала қалама, сол заманғы қазақ қауымы діни сауат деңгейімен мақтана алмайтын. Абай ауылына ат басын тіреген алыс-жақын қонақтарды, өз еліндегі келешекте қажы атанатын Ақберді, Жақия, Бейсембі, Белгібайларды, мейлі, Әуез бастатқан Қожа ауылының үлкендері мен Мұхаметкәрім, Махмұт сияқты молдаларды мысалға алсақ та осыны айтамыз. Құдайға құлшылық қылудың мәнісі, иманның тазалығы неде деп бас қатыратындар некен-саяқ, ал ішін қойып, тек сыртқы формаға бас ұратын, яки тек «шариғат» деп қатып қалған кісі көп еді. Соңғылардың арасында оқу-білімді кәпірдің ісі деп аулақ серпетіндер аз емес. Міне, 13-сөзін Абай: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді» (16-сөз) деп бастауының мәнісі осы.
Мәжіліс Жидебайда, Ақшоқыда, мейлі, Бақанас жайлауында өтсін Абай үгітін жаңағы шын иман мәселесін ұқтыруға бұрып отырған. Оған келесі 14-сөзін діннің түп негізі – иман мәселесі мен оның ғибадатпен арақатынасы деген тақырыпқа арнағаны дәлел. Аса күрделі мәселені мейлінше ұғымды түрде жеткізе отырып, соңында: «Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» деп сұрақ қояды да, нақты жауапты былайша береді: «Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» (28-сөз).
Құран аяты: «Бұл үгіт-насихаттан ақылды пенделер ғибрат алады» (Бақара сүресі, 269 аят) дегені Абайдың тамаша ғақлиясына арналғандай.
Алғашқы топтағы қара сөздерді түгел талдауға сөз ұзарады. Олар өзара үйлес, сарындас. Бұлардан өзгерек тек 9-сөз ғана, оны Абай ашу-ызамен жазған. Онда: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, …Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты», – дейді ұлт ұстазы. Бұл арада «осылардың» деуімен алыстағы Оразбай, Күнтудың елді екі жар қылған қылығына, жанындағы Тәңірберді, Әзімбайдың сатқындық пиғылына меңзегені, соның сызы, жаңғырығы екені анық сияқты. Демек, бұл сөздің жазылу мерзімі – қақтығысты 1892 жылдың жазы я күзі. Осылай топшылауға толық негіз бар.
Осымен, кітап «Ғақлияның» алдыңғы тобына (1-14 арасы) жасалған талдауға сүйене отырып, бұл шығармалар 1891-93 жылдар жазылған деп ой қорытамыз. Яғни Абай көпшілікпен әңгімелескен жиын, сұхбаттарда өзінің көңілін алаң қылған мәселелерді ортаға салып, артынша сол ой-толғауларын ақ қағаз бетіне түсіріп отырған дегіміз келеді.
Кітап «Ғақлия»-ның ортаңғы тобын тексеру
Ортағы топқа (15-24 қара сөздер) зер салғанда, бұл үгіт-насихаттар жалпы қазақ қауымына емес, жастарға арналғандай әсер аласыз. Өйткені, қай қайсы болмасын ұстаз бен шәкірттің арақатынасынан белгі береді. Ерекшелік осы. Естеріңізге сала кетейік, ел іші тыншыған 1889 жылы есігін ашқан Абайдың ақындық мектебі 1891 жылы тарқап тынды. «Өсиетін көксеп, мәжілісін іздеген жастарға медресе есігі уақытша жабылғандай болады» (Әуезов). Ол қайтадан ашылған жыл – 1894. Міне, ортаңғы қара сөздер тобының жазылу мерзімі дегенде осыны мықтап ескеруіміз керек.
Ресми құжаттан мәлім, 1893 жылғы сайлауда ел ақсақалдарының сұрауымен Абай соңғы рет болыстыққа сайланған. Келер жылдың басынан билікке қолайлы мекен – Жидебайға қоныс тепті. «Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, – дейді Тұрағұл, – сол үлкен үйге кірген соң дәулеттеніп, молы да, ел ортасындағы үйі де сол үй болып, әмісе сол үйінде отырып, басқа үйіне оқта-текте ғана келетін болды». Расы, Абайдың творчествомен алаңсыз шұғылдануына қолдан келген мүмкіншіліктің бәрін жасаған Еркежан бәйбішенің еңбегі өлшеусіз.
Сонымен қатар, Абайдың үлкен үйге келуі, дәулеттенуі – ақындық мектептің жұмысы қайтадан жандануына қолайлы жағдай туғызды. Айнала қыстақтағы дос-інілері, атап айтқанда, Көкбай, Кәкітай, Шәкерім, қос әнші Мұхаметжан, Әлмағамбет, ертегіші Баймағамбет, шариғатқа жүйрік Самарбай, Дайырбай, Махмуд, өз қолындағы Әубәкір, көрші ауылдан топай Бейсембай, әнет Мүрсейіт, көтібақ Мұсылманқұл, ырғызбай Ырсайдың Ысқағы, ноғай ауылынан Сыдық, Хажибулла, Махмет сияқты жастар келіп, қосылып отырған. Сол сияқты көрші керей елінен Уәйіс, уақтан Мұқа, сыбаннан Әріп Абайдың алдын көрді.
Жалпысында Абайдан қорек алған, оның төңірегіне топталған талапты жастар көп. Молынан пішіп, кең ауқымда айтқанда, ұлы ақын жаңа ортаны тәрбиелеп өсірді. Сол ортадан Шәкәрім және Мұхтар шықты. Сол сияқты Семейдегі Алаш партиясында тобықты азаматтары көп болды. Бұл фактіге де сол мәдениетті орта қалыптасуының әсері деп қарасақ дұрыстық болар.
Жер мойны қашық мекендегі Ақылбай, Мағауия, Тұрағұлдар жазғы жайлауда және күзгі айларда Абайдың қасынан табылған. Орайы келген соң айтқан жөн, 1893 жылдың жазында Ақылбай Әзімбайдың азғыруымен Еркежанның әмеңгерімін деп айтыс-тартысқа араласқан ғой. Сол пенделігі үшін Абайдан ауыр жаза алған. «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңі соңында Абай:
Тәңірі сорлы етсе бенде,
Не бітірер құр жылап.
Жігері жоқ ақылы кенде,
Жанбасыңнан жат сұлап! –
деп үкімін де айтқан. Нұрғаным бәйбішенің қолында қайырусыз, бұла өскен Ақылбай санасына осы сыни өлең өзгеше әсер еткен, әсте. Оған ақындық дарын қонып, өле-өлгенше әкесінің тәлімді шәкірті болды. Міне, осы арнау өлең әлі күнге 1890 жылғы өлеңдер арасында «адасып» жүр. Келешек Абай жинақтары туындыны үш жылға шегеріп, заңды орнына қойғаны жөн.
Абай мектебі мен мұсылмандық Шығыста көп айтылатын пір мен мүрит медресесі арасындағы ұқсастыққа М.Әуезов жіті назар аударған болатын. «Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ұстаз тәрізденеді», – дей келе, Мұхаң пікірін былайша түйеді: «Өзінің адамгершілік, әлеуметшілдік, ағартушылық ойларын айтуда Абай педагогикалық жақсы әдісті қолданады. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып, үгіт-насихат асырады» (Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. -210-211 бет).
Осы пайымға дәлел келтіре кетелік. Алдыңғы топтағы 11-ші сөзінде Абай есер кісілер мен есті кісілерді салыстыра келіп: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» (15-сөз) деп кеңес берумен шектелсе, екінші топтағы 19, 20 және 21-ші сөзінде (қазіргіше 19, 31 және 32-сөз) осы үгітін тереңдете, Мұхаңша «сатылап» айтқан. Алдыңғы екеуінде ұстаз есті, жетелі, көргенді болудың мәнісі – естіген жақсы нәрсені іске асыруда дейді және естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себептер барын паш еткен. 21-сөзі онан әлдеқайда күрделі. Онда Абай: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас» (32-сөз), – деп бастап, ғылым сарасын табудың бақандай алты шартын таратып айтып береді.
Міне, оңайдан қиынға деген әдісті қолдану дегеніңіз осы болса керек.
24-сөзінде Абай: «…Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те, дүние де жоқ» (10-сөзі) дейді. Осы сияқты ғылым сарасын табуға қатысты айтқан ақыл-кеңестері Абайдың өз басының тәжірибесінен екеніне кім таласар екен.
Сонымен, қара сөздердің ортаңғы тобы (15-25 арасы) талапты шәкірт жастарға арналған. Оларда есті де өнерлі, білімді адам болу, сол сияқты ғылым табу үгіті бәрінен басым көрінуі соның айғағы деп ой қорытамыз.
Айтылмай қалып бара жатқан бір сөзіміз – Мүрсейіт көшірмесінде «Насихат» деген атпен (қазіргіше 37-сөз) топталған Абайдың нақыл-афоризмдері хақында. Олардың бір бөлігі ұстаздың шәкірт достарына ғибрат алсын деп айтқан ұлағатты сөздері. Демек, 1893-1895 жылдар аралығына сұранып тұр. Мысалға:
Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас.
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол, –
деген афоризмді айналасындағы жастарға айтқан деп қабылдасақ несі айып. Сол сияқты Абай қазақтың мінезін түзеуге сенімді болмаса, көзі жетпесе, «Ғақлия» кітабын дүниеге әкелер ме еді. Жаңағы «Насихат» атты топтама афоризмнің бірінде ойшыл: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» (37-сөз) деп кесіп айтар ма еді. Бұл өз баласы Ақылбайдың, сондай-ақ, ұрлығыңды қой деп қасына көшіріп алған ұры болған әлденеше адамдардың мінезі түзелгенін көріп айтқан нақылы сияқты.
Амал не, 1895 жылдың қара күзінде Абайдың ақындық мектебі тағы да тарқап тынды. Осы жылдың 15 қарашасында ойшыл ақынның зор үміт артқан сүйікті баласы Әбіш дүние салды. Осы және өзге де себептер бар, жастардың көпшілігі Абай ауылынан қол үзе бастаған. Мысалға Мұқа туған жері – Көкенге, Уәйіс – Шұбартауына оралды. Ақыр соңына дейін ұлы Абайдың жанынан табылып, қарым-қатынасын үзбегендер – Ақылбай, Мағауия, Көкбай және Шәкәрім. Мұхаңның: «Осы төрт ақын – Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері», – дейтіні сол.
Қорыта айтқанда, 1894-95 жылдар Абай болыстық қызметіне қоса, ұстаздық миссияны толықтай атқарған. Жастарды келешек жарқын деп сендіріп, баршасын да ізденіс пен гуманизм жолына түсірді. Өз кезегінде шәкірт қауымының ұстаздың тақырып таңдауына әсер етіп, өзіндік із қалдыруы заңдылық. Сөз етілген қара сөздердің ортаңғы тобынан осыған да көз жеткіземіз.
Ғақлияның соңғы тобын тексеру
Енді қара сөздердің соңғы қалың тобына (26-41 арасы) зер салатын кез келді. Онда ұлт ұстазы Абай «қайтсек ел боламыз?» деген бастапқы жалпы қазақтық мәселеге қайтып оралған. Бұл топта жас ұрпаққа я болмаса мұсылман жамағатқа арнап айтылған дегізетін нышан, белгі жоқ. Кілең адамшылық һәм әлеуметтік тақырыптар көтерілген. Халықтың мәдени-рухани дамуының дербес жолын айқындау қамында.
Сол соңғы он алты сөзді қысқаша екшеп, саралап өтелік.
26-сөзін Абай: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың ..бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. ..Сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік» деп бастап, соңында: «Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» (39-сөз) деп күрсіне толғайды.
Келесі 27-сөзінде Абай қайтсек ел қатарына кірер едік дегенді таратып айтқан. Біздің қазақ ешкімді менсінгісі жоқ өр халық – ертеде қағанат құрған, империялық сананың мирасқоры. Өр мінезділігі содан. Бірақ Абай осы заманғы талап – еңбексүйгіштік, өнерлі, білімді болуда дейді. Дәлел үшін халықтарды салыстырады. Туған халқының сарт (өзбек), ноғай (татар), орыс сияқты көршілес елдердің бәрінен кейін қалып отырған аянышты хәлін әділетті жанашырлық көңілмен ұғындырып береді. Өзге халықтарды үлгі еткен сөзін: «Оның бәрі – бірін бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері» (2-сөз) деп қорытады.
28-сөзінде осы пайым желісі әрі қарай жалғасқан. Онда: «Барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! – дейді Абай. – Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» (25-сөз). Бұл жерде «орыстың ғылымын үйрет!» дегені сол заман талабы, оны «орысшылдық» деп қате түсіну – Абайға ауыр жаза. Біле білсек, анау тар қапаста, меңіреу сахара төсінде отырып, мұндай көрегендік өсиетті айту тек кемеңгердің ғана сыбағасы.
29-сөзінде Абай «қырт мақтанды» шенеп, сөге келе, оған: «Жанға мырзалық қылатұғын сертке тұрғыштықты, малға мырзалықты және дүниені бір тиын есеп көрмейтұғын жомарттықты» (30-сөз) қарсы қояды. Міне, Абай аңсаған, қазақтың бойынан көргісі келетін қасиеттер осы. Келесі 30-сөзінде Абай қазаққа дерт болып жабысқан ұрлық пен адал жұртты аздырған бұзақының қылығын әшкерелеп, бет пердесін жыртады.
Енді түрлі тақырыптар қамтылған 31-41 сөздердің ортақ сипаты – Абай адам болмысына зер салып, «адамның адамдық қасиеттерін тереді» (Әуезов). Сонымен қатар, қазақтың құбылмалы мінезін сынап, әшкере етеді. 35-сөзінде: «Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай? Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны несі?» (40-сөз) дегені сияқты.
Ойшылдың тыңдарман жайлы күдігі көп. Өлең сөзінде: «Көнбеді ешкім сөзіме, әдетіне қарысып» десе, 37-сөзінде: «Егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!» (41-сөз), – деп қапаланған. Сондықтан поэзиясында айтқан адамгершілік идеяларын енді барлығына түсінікті, қарапайым сөйлеу тілімен жеткізуге талпынады. 38-сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол… пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» (42-сөз) дегені сияқты.
Оңайдан қиынға қарай демекші, насихаты жылма жыл тереңдеп, көбіне ахирет, махшар, иман, шариғат үгітімен көмкеріліп отырған. Мысалға 39-сөзін: «Пайғамбарымыз… кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген» деп бастап, соңында былайша түйіндейді: «Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!» (36-сөз).
Ғылыми трактат (рисала) деңгейінде жазылған 40 санды сөзінде Абай әлемдік ақыл-ой кеңістігіне самғап, оның күрмеулі мәселесі – жан қуаты жайлы пікірін ортаға салады.
Кезінде «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп жиыны он мінез-машықты тек атап қана өткен болса, қара сөз үгітінде соның әрбірін жеке ұқтырған.
Соңғы 41-сөзінде сол онның бірі – талапты таратып айтқан. Онда Абай: «Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады» деп бастап, солардың түр-түріне тоқталған. Талдама соңын былайша қорытады: «Оның үшін кітап (құран деп ұғыңыз – А.О.) сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің» (44-сөз).
Осы пайымымен ұлт ұстазы Абай проза кітабына соңғы нүктені қояды.
Қорыта келгенде, «Ғақлия» кітаптың соңғы бөлігіндегі қара сөздер тереңдігі, ғылымилығы әрі көлемі жағынан шоқтықты. Осы тұрғыдан олар Абайдың әлемдік ой кеңістігіне көтерілген һәм рухани жедел даму үстінде болған хәлін айқындай түспек.
Абай кітап «Ғақлияға» жиыны 41-сөзін (егер 19 және 20-шы бір-ақ сөз деп білсек, онда 40 сөз) енгізген дедік. Онан сырт қалған үш еңбегі – «Сократ хакімнің сөзі» (27-сөз), «Тасдиқ» трактаты (38-сөз) және 45-сөзі. Бұлар 1897 жылдан кейінгі шығармалар және оларда қазақ қауымы туралы сөз жоқ. Оның себебі, алдыға оза айтайық, 1898 жылдан қазақ ойшылы хакімдік шыңға – жалпыадамзаттың ақыл-ой кеңістігіне шықты, басқаша айтқанда, әлемнің Абайына айналған-ды.
Түйін сөз
Мінеки, «көздің жасы, жүректің қанымен» жазылған «қара сөз» атты асыл мұраға шолу, тексеріс аяғына жетті. Тұңғыш рет Абай өзі таңбалаған реттілік бойынша. Онан шығар қорытынды: кітап «Ғақлия» қалпына келтірілсін! Өзіңіз де ойлаңыз, тәуелсіздік сыйлап отырған тамаша мүмкіндікті пайдаланбау – Абайға ауыр жаза болмай ма? Толқын-толқын ұрпақ келер, олар қатені көріп-біле тұра түзетпегені несі демей ме?
Қала қалама, «қара сөздер» – қазақтың қамшысы. Рухы азып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанда ес жиғызатын, имендіретін киелі қамшы. Автор солай ойластырған, дүниеге әкелген. Сондықтан кітап «Ғақлияны» Абайдың көзі тірісіндегі қалпына келтіру күн тәртібінен түспек емес. Абай мұрасы қазақ асып, ел елге, жер жерге таралып жатыр, қазір. Мұны да ескеру керек қой. Кітап «Ғақлия» құрамын үш топқа жіктеп, талқылау барысында көзіміз жетті – ол саяси қыспақ салдарынан бүгінгі күнге табиғи кейпінен айырылып, желісіз, жүйесіз хәлде жетіп отыр. Олай болса, шығармалық хронологиялық реттілікті қалпына келтіруге енді не бөгет? Абайдың сыр сандығын, яки «жұмбағын» ашу кілті осы тәсілде, оған сеніміміз кәміл.
Асан Омаров,
зерттеуші.