Қазақ халқы қашанда ерлікті жырлаған, ел қорғаған қаһарман батыр өнегесін үлгі еткен, ержүрек, ер мінез халық.
Қазақ-өркениеті құлдырап, көш соңына түсіп әлсірегенде де, бодандыққа тап болып, қос ноқта кигенде де ерлікті үлгі етіп, ұлт бойындағы рухты өшірмей, мың өліп-мың тірілсе де елі мен жерін сақтап қалған халық. Ол әрине тектен тек сақталған жоқ. Сан жетпес батыр ержүрек ата – бабаларымыздың қанымен сақталды. Өзін ойламай елін ойлаған, ата жұрт үшін қар жамылып, мұз төсенген ержүрек бабаларымыз осы жерді ұрпаққа мұра етті.
Біз елін, жерін қорғау жолында жанын қиып, өмірін құрбан еткен, ауыр күндердің азапты кезеңдерін бастан өткерген ата-баба ерліктерін әрқашан құрмет тұтамыз.
«Ту астында тулап өлген Ер Қазымбет»
1.«Алаш» тарихи- зерттеу орталығы 2008 жылы Алматы қаласында шығарған «Найман» атты Х томдықтың 3-інші кітабының 134-інші бетінде Ер Қазымбет бабамыз туралы мынандай тарихи дерек жазылған:
Қазымбет батыр (XVIII ғ.) Қабанбай батыр мен Боранбай бидің үзеңгілес серігі. Жоңғарларға қарсы соғыста көзсіз ерлігімен аты шыққан.
Шығу тегі: Найман – Қаракерей – Мұрын – Жолымбет – Рақ – Құттымбет – Қазымбет.
Қазақтың арқалы ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлы: Тәуелсіз елімнің туы жығылмасын, тауаны шағылмасын деген тілекпен туға тағзым еткен батыр жайында жаңа «Ту» поэмасын ұсынған болатын. Ол: «Төбеңнен елдің нұрын тұрған құйып,
Өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік!-деген эпиграфпен бастап, Ер Қазымбет бабамыздың ғажап ерлігін былай жырлайды:
Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,
Көргендер аң-таң қалды алғашында.
Байрағы қолындағы желбірейді,
Өзінің көрінбейді жан қасында.
Болмастан ойларында ешбір қауіп,
Батырлар сатырлатып келді шауып…
Күйінде ту ұстаған қатып қапты,
Өлсе де құламаған аттан ауып.
Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,
Аққан қан омырауын кеткен жауып…
Күңіреніп аттан түсті Ер Қабекең (Қабанбай)
Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем,
Түбінен тудың сабын қатты қысып,
Қарысып саусақтары қалған екен.
Қолынан туын алып ел әзерге,
Тапсырды қайран ерді қара жерге.
Байрақты жас жігітке беріп тұрып,
Дарабоз былай деді қарап елге:
Күн туар деген рас ұл туғанға,
Түсерсің от пен суға жұртың барда.
Ешқашан өлмек емес ЕР Қазымбет,
Артында желбіреген ту тұрғанда!
…Жығылмай тумен бірге тұрып қалған,
Қазағым айналсаңшы арысыңнан!…
Міне Ер Қазымбет батырдың өшпес бейнесін ақын өлең тілімен осылай сомдаған.
Батыр серіктері өліміне қайғырса да, ерлігіне таңдай қағысқан. Сонау жорықты жылдардан «Ту түбінде тулап өлген Қазымбет» дейтін батыр даңқы бүгінге жеткен.
Найман шежіресінде:
Қазақтан тізе берсең маңғазы көп,
Бай, батыр, игі бағлан, сарбазы көп.
Бойында үш Шәулінің өлген екен,
Қазақтың туын жықпай Ер Қазымбет.
Қапысыз ажал келсе кім өлмеген,
Шыңқожа, Шөңкейді де шідерлеген.
Қос жебе өндіршектен қадалса да,
Қазымбет тудың сабын жібермеген,-
деп жазылған өлең өшпес тарих.
ҚР Бас редакторлар клубының мүшесі, «ҚР Үздік бас редакторы» медалінің иегері, журналист Бақытөмір Шалғынбай мырзаның басқаруындағы «Аягөз Әлемі» республикалық журналының 2014 жылдың № 2 ақпан, №7,8 шілде, тамыз айларындағы «Ту астында тулап өлген Қазымбет» атты шағын кітапта :
Найман-Қаракерей-Мұрын елінің – «Сәмеке ханның тұсында қалмақтың Зерен ханы қазаққа шабуыл жасағанда 17 жасар Қазымбет осы шайқасқа қатысып,жекпе-жекте қалмақтың Жолан деген батырының басын алған» – деген сөзге қарағанда Қазымбет 18-ші ғасырдың бас жағында дүниеге келген.Қаншама шайқасқа қатысып, қаншама жекпе-жекте жеңіске жетсе де Қазымбеттің аты тарихта қазақ қолының ту ұстайтын батыры ретінде белгілі.
Қазақ қалмақтың кезекті ұрысында ту ұстаған Қазымбет батыр жау қоршауында қалып қояды. Жан-жағынан қылыш шабылып, найза шаншылып жатса да Қазымбет тудың сабын уыстан шығармаған. Қазақ қолының келесі легі келіп, туды құлатпай алып кеткенде ғана ол жан тәсілімін тапсырған. Мұндай Отансүйгіштіктің жанкешті үлгісін, туды құлатпау үшін төніп келген ажалды кеудеден итеріп тоқтатқан асқақ рухты тарих парақтарынан да, көркем шығармалар беттерінен де кездістіру қиын. Қазымбеттің жау қолынан тапқан ажалы өкініш пен қайғы әкелсе де, рух заңғарлығы мен ерлігі қазақ қолының қайратын асырып, жігерін жаныған ғаламат жұмылдырушы күш болған.
«Ту астында тулап өлген Ер Қазымбеттің» даңқы бүгінгі ұрпаққа да, болашақ буынға да үлгі.
Ер Қазымбет батыр бабамызға арнап, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, елімізге танымал Семейлік әнші, сазгер марқұм Тұрсынғазы Рахимов ән шығарды. Әнді орындаған Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Медет Салықов және Аягөздік әнші Жақсылықов Елдос.
Сол сияқты жергілікті ақын Байжұманов Қазбек Ер Қазымбет батыр бабамызға арнап тағы өлең шығарды. Ал, әнін Қазақстанға белгілі композитор Көпшіл Ертаев дайындады. Әнді орындайтын Аягөздік жергілікті әнші Қуат Оспанов. Рухты көтеретін тамаша әннің мәтіні төмендегідей:
Тауында Тарбағатай туып өскен,
Арналы Аягөздің суын кешкен.
Айбынды Алашымның ар-намысын,
Мәңгілік жығылмайтын туым дескен…
Қабанбай Қаракерей бас батырым,
Қазымбет қол бастаған қас батырым.
Рухтанып қалың әскер атқа қонған,
Ұрандап қол бастаса қос батырым.
Қайырмасы:
Қазымбеттей ер бар ма?
Батырлығы ғажап тым.
Ту түбінде тулаған,
Жауғанда оғы садақтың.
Ер есімі сақталар,
Жүрегінде Қазақтың.
Бабалардың арқасы,
Бүгінгі мынау азат күн!
Қылышы қолындағы жарқылдаған,
Көрген жау құты қашып қалтылдаған.
Арқырап астындағы ақ бозаты,
Үстінде қыран кие саңқылдаған.
Қол бастап шыққан кезде байрақ алып,
Алдында жау жататын жайрап анық.
Жілігі аяғының үгілсе де,
Шайқасқан қанжығаға байлап алып.
Қайырмасы:
Баурында Үштөбенің тұрақтаған,
Мекенің мәңгі болсын жұмақ бабам.
Жаны ұшып кеудесінен кетсе дағы,
Жалауын Қазағымның құлатпаған.
Қарсы алып елім бүгін ерек таңды,
Өшпейтін ерлік жайлы дерек қалды.
Тұрғандай Ер Қазымбет рухыменен,
Алаштың көк байрағын демеп мәңгі!
Қазымбет Құттымбетұлы – Найман – Мұрын елінен шыққан атақты батыр. Жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық соғыста Қабанбай мен Боранбайдың үзеңгілес серігі болған бабамыз Қазымбет батырдың рухына арналған «Көк тудың желбірегені…» атты жас ақындардың қалалық жыр мүшәйрасы 2015 жылдың маусым айында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылды. Батыр баба рухына арналған тұңғыш мүшәйраға 27 жас ақын қатысты. Жыр додасына қатысқан ақындарға алған орындарына сәйкес батырдың ұрпақтары Байбакиров Қайролла Жибекенов Мұрат, Қазымбет батырдың інісі Тілеуімбеттің ұрпағы Жакипов Дәулет тағайындаған ақшалай сыйлықтар табыс етіліп, ақындар университет ректоры Ш.А.Әмірбековтың алғыс хатымен марапатталды. Қазымбет батыр ұрпақтарының қолдауымен және университеттегі қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, батырдың ұрпағы Жақсыбаева Фарида Задақызының ұйымдастыруымен өткізілген бұл мүшәйра жоғарғы деңгейде өтті.
Бүгінгі Аягөздің ақылшысы, қамқоршысы атанған, осы өлкенің ыстығы мен суығына күйіп жүрген, жалпы қазақ танитын қоғам және мемлекет қайраткері, әдебиет пен мәдениеттің жанашыр қамқоршысы, «Әділет» атты қасиетті дүниенің абзал арашашысы , «Аягөз» атты энциклопедия жазып, Аягөз ауданының рухани дүниесіне өлшеусіз үлес қосқан Керімтаев Амангелді ағамыз «Аягөз – абыздар елі» дей келе:
-«Аягөз – қолындағы ту сабын келесі ту ұстарға тапсырғанша ажалмен тайталасып, жан тәсілімін ту түбінде тулап жатып тапсырған Қазымбет батырдың кіндік қаны тамған жер. Әлем әдебиеті мен тарихынан Аягөздік Қазымбеттің осындай алапат аналогын кездестіру мүмкін бе? Және бұл ерекшелік аңыз емес, шындық» – деп Ер Қазымбет бабамыздың ерен қайсарлығын шынайы суреттеп берді.
Аллаға шүкір, бүгін бізде бәрі бар. Бірақ кешегі батыр бабалар рухы бойымызда бар ма? Мәселе осында. «Рухы әлсіреген елдің болашағы жоқ» деген. Бүгінде «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының рухын оятып, кушейту аса қажет. Ол үшін батыр бабалардың ерлік үлгі-өнегесін жаппай насихаттап, ұрпақ санасына сіңірген жөн. Сонда Отансүйгіштігіміз артып, қазақы патриоттық намысымыз оянады. Кешегі дүниеден өткен асыл бабаларымыз аттан түспей жүріп, тулақтай жер пушпағы мен ұрпағының азаттығы үшін қанын төкті, жанын пида етті. Ер Қазымбет батыр бабамызда жоңғарлармен соңғы айқаста Тарбағатай тауының сілемі Ақшәулі тауының ұшар басында тұрып, жан – жағынан қылыш шабылып, найза шаншылып жатса да, Қазақ Туын уыстан шығармаған ерен ерлігін халыққа ұлықтауға, көтеруге, ескерткіш қоюға толық негіз бар деп айта келе, оны өзіңізде толықтай құптайды деген сенімдеміз.
Тәубә! Тәуелсіздіктің көк туы қазақ аспанында, міне, 25 жыл бойына желбіреп тұр, көзің сүйсініп, көңілің шалқиды. Мұны көріп тұрып ата – баба арманын ардақ тұтар әр адам толқымай тұра алмас Әсте!
Тәуелсіздік жыл сайын ұлық мереке ретінде аталып өтілуде.
Бұл Елбасымыздың – ата – баба аруағы алдындағы перзенттік құрметі екенін біз жақсы түсінеміз!
Сіздерден жақсылық хабар күтеміз.
Батыр баба рухына тағзым етуші, зейнеткер
Ер Қазымбет қорының ұйымдастыру
топ мүшелерінің атынан
топ жетекшісі: Каримов Ертай ИИН: 470901301290
мекен – жайы: ШҚО, Аягөз қаласы,070200
Ақанаев көшесі 8В үй
тел: 8-72237-3-20-28
Ұялы тел:8-702-115-26-32
Эл.пошта: Karimov.01.09.47 @mail.ru
Е.Каримов,
ШҚО Аягөз қаласынан