Жексенбі, Қыркүйек 2, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы Қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы  Мақсат қажы Алтыбаймен сұхбат.

 

– Құрметті өкіл имам, жас ұрпақ тәрбиесі жөнінде не айтасыз?

– Бүгінгі жас буын – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесі әрдайым басты назарда болуы керек. Кешегі ата-бабаларымыз: «Баланы – жастан…» деп  баланы жасынан өнегелі өмірге,  адалдыққа, имандылыққа баулыған. Обал, ұят деген сөздер қазақ баласының санасына  ерте жастан ұялайтын.

Жалпы, дінімізде ұрпақ адамға сынақ, аманат  ретінде беріледі. Жас балаға жақсы мен жаманды, ізгілікті үйрету ата-анасының басты міндеті болып саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ата-ананың бала алдында үш міндеті бар. Олар балаға жақсы ат қою, дұрыс тәрбие беру, уақыты келгенде үйлендіру», – дейді.

Біз сырттан келетін рухани шабуылға төтеп беру үшін,  бірінші кезекте ұлттық тәрбиемізді нығайтуымыз керек.

– Бүгінгідей  жаһандану дәуірінде басқаның  жетегінде кетпеу үшін не істеуіміз керек?

– Расында, мына алмағайып заманда ұлт болып әлемдік қауымдастық ортасында тұру үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Мәшһүр қаламгер Мұхтар Әуезов: «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін білім», – деген. Жаңа ғасыр – жаңа технологиялардың қарыштай даму  дәуірі. Білім – біздің басты  қаруымыз. Дегенменде, Шығыстың Аристотелі атанған әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қасы, жауы», – деген. Балаға тәрбие анасының құрсағында жатқан кезден бастап беріледі екен. Дінімізде мынандай бір ғибратты әңгіме бар:

«Баяғыда үлкен ғұлама адамға бір сүт сататын әйел  келіп: «Сіздің балаңыз күнде шелегімді бізбен тесіп тастайды. Бала-шағамды бағатын күнделікті күнкөрісімнен қағылып жүрмін», – деп баласының үстінен шағым айтады. Әйел кеткен соң ғалым бала тәрбиесінде қай жерден қателік жібердім деп қатты ойланады. Кешке үйге келген соң әлгі оқиғаны әйеліне айтып, мүмкін бала тәрбиесіндегі жіберген қателігімізді сен байқаған шығарсың? – дейді. Әйелі ұзақ ойланып отырып: «Енді есіме түсті. Осы балаға ауыраяқ кезімде лимонға жерік болдым. Бірде көршінің үйіне кірсем, үйінде ешкім жоқ екен. Дастарханда бір табақ лимон тұр. Қызығып кетіп, біреуін инемен тесіп, шырынын сорған едім», – дейді. Сонда ғалым қателіктің қай жерден кеткенін түсініп, сүт сатушыдан кешірім сұрап, сүттің ақысын қайтарып берген екен.

Бұл әңгімеден алатын ғибратымыз баланың ішкен асына дейін адалдан болуы керек. Өкінішке орай, біз баламыздың қарны тоқ, көйлегі көк болғанына қуанамыз. Ал табыстың  қандай жолмен келгеніне көп көңіл бөлмейміз. Сондықтан, әрбір ата-ана адал кәсіппен мал тауып, бала-шағасын адал жолмен  асырауы керек.

Тәрбиелі, ізгі ұрпақ – адамның артында қалдыратын асыл қазынасы. Ізгілікті перзент ата-анасының ісін жалғастырып, аманатын орындап, үздіксіз оларға дұға жасап отырады.

– Қазіргі кезеңде болашақта  ұлт анасы  болатын қыздарымыздың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек сияқты.

– Ия, қыз – ұлттың болашақ анасы.  Ата-бабаларымыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп:  «Қызға қырық үйден тыйым» – деген сөзді бекер айтпаған. Қыз бір елдің, бір рудың абыройы, намысы болған. Ол кезде бір қыз бала әдепсіздік жасаса, бүкіл бір рудың бетіне шіркеу болғанын төл тарихымыздан жақсы білеміз..

Соңғы жылдары кейбір бойжеткендеріміздің бойындағы  жамандықтарды естіп, келеңсіз әңгімелерді тыңдап жүрміз. Сондықтан, біз аруларымыздың тәрбиесіне ерекше назар аударуымыз керек.

Жасыратыны жоқ, қыздар арасында оң жақта отырып, бала табу қалыптасқан әдетке айналып кетті. Байқаймыз, бұған қыз да, ата-ана да қымсынбайды. Бұл шариғат  тілімен айтқанда зина. Ал зина дінімізде ауыр күнә болып саналады. Зина қоғамның  азуына әкеледі.

Бүгінгі таңда  жеңіл жүрісті әйелдердің көбеюі мен жетімдерге арналған үйлер санының жылдан-жылға артуы осының салдары. Бабаларымыздан қалған:  “Жеті атасын білмеген жетесіз” – деген ауыр сөз бар. Өкінішке орай, біздің қоғамда  жеті атасы тұрмақ, әкесі белгісіз, тіпті туған анасын білмейтін ұрпақ тәрбиеленуде. Қаншама ұрпақ туған әкесін бір көруге зар болып жүр…

– Қазір азаматтық неке деген ұғым пайда болды…

– Шариғат  азаматтық некені қолдамайды. Адами көзқараспен қарасаңыз  бұл арада еркекте де, әйелде  де ешқандай жұбайлық міндет жоқ. Қажет болса, кез-келген уақытта екеуі екі жаққа кете береді. Бұны дін тілімен айтқанда – зина дейді. Ал қазақи түсінікте ашыналық, ойнастық.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде: «Зинаға жоламаңдар! Ол арсыздық, лас, төмен іс,  жаман жол болып табылады» – дейді. Сондықтан, зинаға апаратын теріс әрекеттерден әрбір мұсылман сақ болуы керек.

Еліміздегі кәмелетке толмаған балалардың 20-25 пайызы некесіз дүниеге келгендер екен. Қоғамымызда белең алып тұрған осындай арсыз әрекеттермен бүкіл ел болып күресуіміз керек. Әсіресе, ата-ана тәрбиесі әр балаға ауадай қажет.

Мүфтияттың азаматтық некеге қатысты пәтуасы бар. Сол үкімде азаматтық некенің шариғатқа қайшылықтары түсінікті айтылған.

– Сонымен қатар, жас отбасыларының ажырасуы да қарқын алып барады. Осы келеңсіз жағдай жөнінде не айтасыз?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: “Ажырасу – бұл Алланың алдында рұқсат етілген амалдардың ең нашары” – деген.

Ажырасу – ұлт болашағына төнген үлкен қатер. Елімізде әрбір үшінші неке ажырасуымен аяқталды екен. Ресми деректерге сүйенсек,  2016  жылы  отасқан 140 мың шаңырақтың 51 мыңының дәм-тұзы жараспай ажырасқан.  Яғни, өткен жылдың әр күнінде 385  отбасының   шаңырағы шайқалып отырған. Бұл ажырасулардың әлеуметтік, психологиялық  тағы да басқа  себептері де бар шығар. Дегенменде,  жоғарыда айтқан  көрсеткіштер бүгінгі таңда  ұлттық тәрбиенің біршама әлсіреп тұрғанын көрсетеді.

Тағы да статистикаға жүгінсек, 2016 жылы елімізде  үйленгендердің ажырасуы 27 пайыз болса, көршілес Өзбек елінде 8 пайыз, ал Тәжікстанда 6 пайыз болған. Бұл цифрлар да бізді ойландыруы керек…

Осы ажырасулардан   қаншама отбасы, жазықсыз  сәбилер  зардап шегіп жатыр. Ұлы Жаратушымыз қасиетті Құран Кәрімде ерлі-зайыптылардың  бір-бірінен күнә іздемей, тату-тәтті тұруға шақырады. Алла Тағала: «Егер олар сендерге мойынұсынып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Алла Тағала мәртебелі, әрі Ұлы». (Ниса,34 аят), – деген Құран Кәрімде.

– Қайта жас ұрпақ тәрбиесіне  оралсақ. Бүгінде ғаламтор деген «алпауыт» пайда болды ғой…

– Заман жаңарған сайын технология мен техника өседі. Одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Өркенниеттің жақсылығы да, жаманшылығы да бірге жүреді ғой. Бәрімізде интернет бар. Өкінішке орай, әлі де болса соны қалай ұтымды пйдалану жолын әлі толық меңгермегенбіз.

Әсіресе, бесіктен белі шықпаған жас сәбилердің қолынан қымбат айфондар мен планшетті көргенде баланың болашақ денсаулығын және рухани санасына әкелетін зиянын ойлап, жаның күйзеледі. Компьютерлік ойындардың  көпшілігі қатігездікке баулитыны баршамызға аян.

Сонымен қатар, әртүрлі теріс бағыттағы діни ағымдар жаңа технологияны кеңінен пайдаланып жас ұрпақтың санасын улауда. Сондықтан, ұрпақ тәрбиелеп отырған әрбір  ата-ана баласының вертуальдық әлемдегі іс-әрекеттеріне үнемі бақылау жасап отыруы керек.

Тағы бір айтарым, бізде қазіргі кезеңде баланы  еңбекке  баулу тәрбиесі мүлдем ұмыт болып бара жатыр. Қолдан келгенше баланы еңбекке араластырып, спорттық жаттығуларға қатысуына мүмкіндік жасаған жөн.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) балаларға атқа шабуды, суға жүзуді, күресу, садақ тарту сияқты  спорт түрлерін үйретуді насихаттаған. Жалпы, спорт баланы сергектікке, батылдыққа, тәртіпке және көпшілдікке тәрбиелейді.

Дін тарихына көз жүгіртсек, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жас бала  Әнес  (р.л.ғ.) сахабаны тәрбиелеуге мол тер төккен. Жасында әділдікке, сыр сақтауға үйретіп, Әнестің тәрбиелі азамат болып өсуіне зор үлес қосқан. Хазіреті Әнеске айтқан тәрбиелік сөзінде: «Мұсылман-дардың үлкеніне құрмет, кішілеріне ізет көрсет», – деген екен.

Балаға жасынан имани тәрбие беру – жас жеткіншектің бойына адамгершілік, адалдық, әдептілік сияқты көркем мінезді қалыптастырады. Өкінішке орай, біз балаға білімнің әр саласын үйретуге тырысамыз. Алайда, мінез-құлық тәбиесіне көп назар аудармаймыз. Бала бірнеше шет тілінде еркін сөйлеп тұрса да, оның бойында ұлттық тәрбие болмаса,  оның қазақ қоғамына  берер пайдасы да шамалы болады.

Бірінші кезекте жас  ұрпақ бойына  ұлттық тәрбиені  көбірек дарытуымыз керек. Біздің  барлық  ұлттық тәрбиелік құндылықтарымыз имани тәрбиемен сабақтас. Ел болашағын ойласақ келешекте ұлттық тәрбие беретін пәндерді мектеп бағдарламаларына кіргізуіміз керек.

Асыл дінімізде айтылғандай әрбір мұсылман адамның шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюі, тәрбиелі ұрпақ өсіру басты міндеті болып саналады.

Бала – адамның бақыты. Алла Тағаланың берген үлкен сыйы және аманаты. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп: «Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», – деп бекер айтпаған. Заңғар қаламгеріміз  Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деуі осы хадиспен үндеседі.

– Сұхбатыңызға рахмет. Дін жолындағы қызметіңізге табыс тілейміз!

 Сұхбатты жүргізген:

Дәулет Рамазанұлы

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation