Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Тастанды бала неге көбейіп барады?

Тастанды бала неге көбейіп барады?

«Айналайын баладан,
Тауып алған даладан,
Далада бала жата ма?» – деп басталатын әжелердің әлдиі осындайда еске түседі. Қазір бесікте жатқан немересін әлдилеп, ән айтатын әже де қалмады-ау. Кінәнің бір ұшы да осыған, яғни ұлттық тәрбиенің жоқтығына барып тірелетіндей. Соңғы екі аптаның көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында үш тастанды сәби табылды. Өкінішке қарай, үшіншісін құтқарып қалу мүмкін болмады.

– Бұған дейін «баласын дәретханаға тастап кетіпті», «көлікте босанып, шаранасын терезеден лақтырып жіберіпті» дегенді естіп едік. Бірақ есту басқа, көзбен көру мүлдем басқа екен. Бұл әрекеттің қаншалықты жауыздық екенін көзбен көрген адам ғана түсіне алады, – деді 4 наурызда Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылында көшеге тасталған сәбиді алғаш тапқан осындағы №18 мектептің кітапханашысы Гүлмира Серікбаева. «Жас Алаш» газетінің тілшісіне берген сұхбатында ол сол күнгі оқиғаны былай деп еске алды.
– Күн сенбі болған соң жұмыстан екілердің шамасында шықтым. Жол бойында бір қырымен тұрған қытайдың ала сөмкесін осы кезде көзім шалған. Күл-қоқыс таситын мәшинеден түсіп қалған шығар деп мән бермеген едім. Үйге барып, түскі тамағымды ішіп, немеремді іздеп көшеге шыққанымда, арада бір-екі сағат уақыт өткен. Осы кезде жол бойында тұрған әлгі сөмкеден түсініксіз дауыс шығыпты. Балалар алғашқыда оны күшік шығар деп ойлаған. Кейіннен жылап жатқан бала екенін түсінген соң, қорқып мені шақырған. Сөмкені ашып қарасам, нәресте әбден жаурап қалған екен. Денелерінің мұздағаны соншалықты – ауыздары көгеріп кетіпті. Сөмкеге туған күйі салынған сияқты. Астына төрт бүктелген қызғылт түсті қыжым мата төселген. Кіндігі де кесілмеген, үсті де сүртілмеген. Дереу полиция мен жедел жәрдемге хабар бердім. Оқиға орнына алғаш келген дәрігерлер баланың кіндігін кесіп, өздерімен бірге перзентханаға алып кетті. Кесілген кіндік айғақ ретінде осы жерде қалды. Артынша полиция келіп, іздеу шараларына кірісті, – дейді Гүлмира Серікбаева.
Оқиға орнында бұдан басқа да айғақ бар. Сөмкенің жанынан медициналық қолғаптар табылған. Ал қытайлық ала сөмке жаңадан сатып алынған, тіпті бүйірінде «650 теңге» деп маркермен жазылған жазуы да өшпеген.
– Сәбиді мұнда көлікпен әкелген болу керек. Сәбидің өзі қасы мен көзі қиылған, қыр мұрынды екен. Қазақтың баласына ұқсамайды-ау, – деп өз болжамын алға тартқан Гүлмира апай «мұндай масқара әрекетке Ақбұлақ ауылының тұрғындары бармайды» дегенді де қосып қойды. «Не де болса, бала сырттан әкелінді» деген күдігін де жасырған жоқ. Қазірдің өзінде «баланы асырап алсақ» деген ақбұлақтықтар бар көрінеді. Үш қыз, бір ұлының барына қарамастан, Гүлмира апайдың өзі де тастанды сәбиді бауырына салып, бағып алуға кет әрі емес.
Ақсукенттегі ауруханаға жеткізілген сәбиге дәрігерлер Артығай деген ат беріпті. Бір құлағындағы артық етіне қарап, осындай есімді ырымдап қойған. Артығай ай-күніне жетіп туған. Салмағы 3 келі, бойы 52 сантиметр.
Ал осы оқиғаның алдында, 25 ақпанда Шымкент қаласында жаңа туған нәресте көшеден табылды. Баланы туған бойда тастап кеткен. Безбүйрек ана осындағы бақылау камерасының да назарына іліккен. Бірақ әзірге табылмай жатыр. Дәрігерлер Жұлдыз Сақтаған деген есім берілген қыз бала қазіргі уақытта Шымкенттегі №2 перинаталдық орталықта жатқанын айтты. Сақтаған деген есімнің берілуі де тегін емес. Ақхалаттылардың айтуынша, Сақтағанды, расында да, Құдай сақтаған. Қазақ мұндайда періштесі қақты демеуші ме еді?! Ауруханаға түскен кезде оның дене температурасы 30 градустан да төмен болыпты. Жансақтау бөлімінде өлім мен өмірдің арасында 9 күн арпалысқан періштенің көрер жарығы бар екен. Қазір ол тәуірленіп, палатаға шығарылды.
Үшінші оқиғаның болғанына 3-4 күннің жүзі өтті. Құзырлы органдар әзірге ол туралы ресми мәлімет таратпай отыр. Бірақ біздің бейресми дереккөздерден алған ақпаратымызға қарағанда, оқиға Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында орын алған. Осындағы жалдамалы пәтерде жүрген жиырмадан енді асқан бойжеткен оң босағада отырып жүкті болып қалғанын көпшіліктен жасырып келгенге ұқсайды. Бірақ сол күні қыздың толғатып жүргенін көрші-қолаң білген сияқты. Дәретхананың ішінде шараның жатқанын көрген үй иесі полицияға хабар берген көрінеді. Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Нәрестенің денесі сараптамаға берілген. Әзірге белгілісі, жарық дүниенің дидарын көрмей жатып шетінеп кеткен періште-сәби де қыз бала.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөбектер үйінде бүгінде 82 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 5-еуінен ата-аналары бас тартқан. Алтауы тұл жетім. Қалған 71 баланың ата-аналары бар. Бұлардың ішіндегі 20 нәресте дүниеге некесіз келген. Алайда аналары баладан қол үзбей, осында уақытша тәрбиеленуге берген.

Бақытжан Әбдірашұлы
Оңтүстік Қазақстан облысы

zhasalash.kz

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation