8 ақпан күні Қытайдан Қазақ еліне көшіп келе жатып, ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 49,900 АҚШ доллары тәркіленген Мәуітхан Гүлжан есімді жалғызбасты ананың ісіне қатысты сот отырысы 17 наурызда өтеді, деп хабарлайды «Жерұйық» порталы.
«Көк тудың желбірегені –
бақыттың елжірегені,
қиырда қалған Қазақтың
Азат отанға жете алмай
көзінің мөлдірегені»
Осы өлеңді ақын Алмас Ахметбек ала бағанды аттап өтіп, атажұртымен қауышқан сәтте жазған еді. Қандастардың «Азат Отанға жете алмай көзінің мөлдірегені» былай тұрсын, жеткеннен кейін желкесі үзілгенін көріп жатырмыз. 17 наурыз соты болғалы жатқан жалғызбасты ананың жүрегінің тілім-тілім болғанын қайтерсің. «Келіңдер, көбейіңдер, көгеріңдер» деп алып, көресіні көрсетіп жатырмыз. Қазақ қайдан көбейсін бұдан кейін. Міне, үркіттік, қорқыттық. Шекара қызметкерлері жесір ананың долларын ұрлаған жоқ, қандастардың сенімін алып қойды. Мәуітхан Гүлжанның БАҚ-қа берген бір сөзінде:
«Анығында, ол ақшаның бәрі жеке өзіме ғана емес, балаларыма, ініме тиесілі болатын. Қазақстанның ішкі тәртіп жағдайынан хабарсыз болғандықтан, соншама еңбекпен келген ақшаны кездесуі мүмкін ұры-қарылардан қандай сақтықпен алып жүрудің де жолын білмедік. «Ол жақтағы жаман ниетті адамдар атып, тонап кетеді» деген дақпырт біздің үрейімізді ұшыратын. Сосын, барлық ақшамызды киімдеріміздің әр жеріне бөліп жасырғанымыз да шындық», – дейді.
Құлаққа түрпідей тиетін сөз. Өкінішке орай шындық болды. Ол жақтағы қазақтардың үрейін ұшыратын өсек-аяңды азайтудың орнына тағы бірін жамап қойдық. Енді «келіңдер» деп бетіміз қызармай қалай айтамыз?
Жә, салқын оймен сараптасақ. Шекараның аты шекара, оның да өзіндік заңы болады делік. Мәуітхан Гүлжанға араша түскен сайттардың бірі – Абай.кз Үкімет басшысы Б.Сағынтаев пен ҚР Бас прокуроры Ж.Асановтың назарына заңгерлердің көмегімен ашық хат жолдады. Хатта: «шекарадан өткен кезде декларация толтырмаған жағдайда белгіленген көлемнен көп емес мөлшерде асып кеткен ақшаға заң бойынша айыппұл салынып, иесіне қайтарылуы тиіс дейді заңгерлер.Олардың қолындағы бұл ақшаның қайдан алынғаны жайлы Қытайдың Көктоғай аудандық құрылыс басқармасының анықтама қағазы да бар» делінген.
Демек, ғұмыр бойғы маңдай терімен жиған еңбектері – бұл ақша. Бұл ақша – үміт пен армандары. Бұл ақша – болашақтары. Бұл ақша – ұрпақтарының қазақ болып қалуға арналған дәрмені еді…
Иә, жалғызбасты ананың көз жасына қалмайық, қандастардың құқын қорғайық деген кеудесінде ұлтым, жұртым, қазағым деген азаматтар да қарап қалмады.
Атап айтар болсақ: «Даулы іс басталғалы бері ақыл-кеңесін аямай, жанашырлық танытқан Ұлықбек Есдәулет бастаған ағалар мен барша жұртқа, бұл шуға атсалысқан ақпарат құралдарына, сот ісіне сол кезден бері ақыл-кеңесін аямай, білек сыбана кірісіп кеткен Абзал Құспан мен Мұхтар Тайжан ағаларға Гүлжан апамыз алғысын жаудырып жатыр. Сіздердің көмектеріңіз әлі де керек, ағайын!» деп жазды ұлтжанды азамат Ұларбек Дәлейұлы өзінің ФБ парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, күйеуінен жастай жесір қалып, екі баласын өмірдің небір тауқыметін тарта жүріп ер жеткізген Гүлжан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан үй алуды көздеген екен.
PS. Енді 17 наурыздағы болатын соттың шешімі оң болса болғаны. Басқа не айтуға болады?..