Көктемнің сызы мол, құбылмалы түндерінің бірі еді. Малды жайғап болған соң Сырым қыстан қалған маяның үстіне шалқалай жатып, бұлт торлаған аспанды ұзақ қызықтаумен болды. Ай жасырынбақ ойнаған баладай біресе бұлт ішіне кіріп, біресе жарқ етіп бой көрсетеді. Есіне анасының күнде айтатын жаттанды сөзі түсті: «Жасың болса отызға таяп қалды. Сен болсаң әлі үйленбей жүрсің? Менің де келін жұмсап, немере бағатын уақытым болды. Оны ойлап жүрген сен жоқ» дей ме, әйтеуір анасының айтқан ақылы құлағының түбінде масаның ызыныңдай мазасын қашырған. Жігіт ойға батып, ұзақ жатқанын аңғармай қалды. Бетіне тамған салқын тамшыдан басын көтеріп алғаны сол еді, ауыл ортасындағы мешіттен азан дауысы естілді. «Сағат сегізден асып кетіпті ғой» деді іштей. Жаңбыр тамшылап жауа бастады. Артынша зор екпін алып, үдей түсті. Көктемгі нөсер кенеттен құйып кетсін. Бұршақ аралас жаңбырдың күштілігі соншалық, болашақ жарының сағым елесіне елтіп жатқан Сырым орнынан атып тұрып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Қырсық шалғанда аяқ астына қарамай, жерге кірген қазыққа шалынып, омақаса құлай жаздады. Тобығын ауыртып алды. Тәлтіректеп, теңселген күйі бойын тіктеп алды да, өзіне өзі ренжігендей қабақ шытып, ілгері адымдай берді. Жын қуғандай долданған күшті жел алдын бөгеп, үй сыртындағы шамдарды теңселтіп кетті. Жарық қалың нөсер астында өшіп қалардай жыпылықтап, ақыры айналаны төрге түрткісіз қараңғылық басты.
Сырым үйдің есігіне жете бергенде қақпаның тарсылымен қосарланып щыққан қыздың дауысын естіді. Бір мезет меңіреу адамдай үй мен биік қоршалған шарбақтың ортасында состиып тұрып қалды. Бұл кезде найзағай қатты жарқылдап, ескілеу тамның сыр тамған айғыз терезелеріне шағылысып, ара-тұра түнекке жасырынған сиықсыз қасбеттер мен темірден істелген суағарларды жарқыратып көрсетіп тұрды. «Жетіқараңғы түнде жүрген кім болды екен?» деп ойлады жігіт. Анасы болса, тұрмыс құрған қарындасының қалын білуге қалаға кеткен. Жалғыз өзі даңғарадай үйде зеріксе де, достарын бастаңғы жасауға шақырмай, саяқ қалуды жөн көрген. Міне, төңіректі түгелдей бірде жарық, бірде түнек билік құрып, зеңгір көкте жай оты жарқырай жөнелгенде, манаурап жатқан ауылды сілкіп-сілкіп алғанға ұқсайды.
Қақпа тарсылы қаттырақ естілді. Темір қақпаның алдына келген Сырымның бұл кезде суға малшынып үлгерген еді. Өзінің келгенін білдіргендей жөткірініп қалды.
– Бұл кім? – деді өктем дауыспен. Бойына ұялаған беймәлім үрейді зор дауыс басып кетті.
– Көмектесіңізші! Өтінемін!
Жігіт тіл қата алмай, тосылып қалды. Басына небір ойлар шарлап кетті. «Түнде ауылда қандай қыз жүреді? Мынандай жаңбырда көше кезген кім болды екен? Кім болса да, бөтен біреу болғаны ғой. Әйтпесе…».
Қақпа қайта тарсылдай бастады. Жігіт не істерін білмей, абдырап қалды. «Мүмкін, бұл әйел дау іздеп жүрген біреу шығар. Қазір есікті ашсам, ертең өзіме бәле болып жабысып жүрсе қайтем? Қазір қыздар деген бұзылып барады… Сенім жоқ. Жоқ, бірнәрсеге ұрынып қалмай тұрғанда үйге кіргенім дұрыс шығар. Мүмкін, қыздың артында үй тонаушылар тұрған шығар. Кім білсін…».
– Өтінемін, маған көмектесе көріңізші! Соңымнан мас жігіттер қуып келеді. Сізге өмір бойы қарыздар бойып өтейін, ағатай, есікті ашыңызшы! – деді жалынышты үнмен. Іле қыздың жылап-сықтаған дауысы естілді. Үнінен шыққан зарлы діріл мен суық жаңбыр жігіттің денесін дірдек қақтырған.
– Егер мені жауыздарға жемтік қылам демесеңіз, құтқара көріңіз! Өтінем, сізден!..
Сырымның жүрегі зырқ етті. Есіктің артында тұрған қыздың өзін алдап тұрмағанына иланды. Жалына көмек сұраған қызға жаны ашып кетті. Жігіт шарбақтын төменгі жағындағы белдеу ағашқа аяқ басып, басын шығарып, көшеге көз тастады. Көз алдында бір уыс болып бүріскен қызды көрді. Осы тұста қайта найзағай жарқ ете қалды. Көшенің басында осылай қарай үш-төрт жігіт жүгіріп келеді екен. Сырым секіріп түсіп, темір ілгекті асқан жылдамдықпен ағытып жіберді. Қақпа ашыла салысымен үй қорыған мысықтай зу етіп қыз кіріп келді.
– Қақпаны тез жабыңыз, – деді бойжеткен ерні дір-дір етіп. Сырым жанұшыра ілгекті қайта салды. Темірден қапталған өрнекті есіктің алдында ішке ентелей енген қызбен соқтығысып қала жаздап, өне бойы шымырлап кетті. Бойжеткеннің қатты қорыққаннан қалшылдап тұрғанын сезді. Найзағай қайта жарқ еткенде үсті-басы суға малынған әрі өзі қалтырап тұрған, орта бойлы бейтаныс қызды көрді. Жігіт қыздың шошынғаннан жүзі бір уыс болып, бойын үрей билеп тұрғанын аңғарды. Ту биіктен құлақ тұндырарлық күннің күркірі естілді.
– Сен кімсің? Түнде неге жалғыз жүрсің? – деп жігіт айтуға оқтала беріп еді, қыз асқан жылдамдықпен:
– Үндемеңіз, -деді қыз құлағына сыбырлап. – Қазір олар өтіп кетсін.
Расында, асфальтқа тиген тамшылар әнін бұзған аяқ дыбыстары естілді. Қақпаның ту сыртынан әлдекімдер жүгіріп өтті. Екеуі бір сәт үнсіз қалды. Жігіт қас-қағым сәтте басына өтіп жатқан оқыс оқиғаға көндігіп кете алмай, абдырап қалған. Ол түн құшағында құмығып шыққан қыздың дауысын естіді.
– Аға, көмегіңізге рахмет! Мен кетейін!
– Мына жетіқараңғы түнде қайда барасың? Сен өзі қай ауылға келгеніңді білесің бе? Олар әлі сені іздеп жүр. Ұстап алса қайтесің?
– Білмеймін, – деді қыз жаңа көрген қорлық алдымнан тағы шыға ма дегендей уайымдай бастады. – Аға, жалынып сұраймын, мені ана оңбағандардан құтқарып қалдыңыз, енді бәрі орнына келгенше осында қала тұрайын. Сосын такси ұстап үйге жетермін.
– Бұл ауылда түнде такси жүрмейді.
– А-а, жүрмей ме? – деді бойжеткен амалы таусылғандай ауыр күрсініп. – Енді қайттім? Бәріне өзім кінәлі. Үйдегілерге құрбымның үйіне қонам деп, өзім дискотекаға кетіп қалған едім. Сосын әлгі оңбағандар қайтарда бізді шығарып саламыз деп… Көліктеріне бекер мінген екенбіз… Көлікке отырғанда олардың мас екенін, арам ойы бар екенін сездім. Ой, сұмдық-ай! Құрбыларым жолда дүкенге кіріп шығайық деп оңай құтылып кетті. Олар кешіккен соң мен барып шақырып келейін деп көліктен секіріп түстім. Сол кезде «қайда барасың, қаншық?» деп біреуі айғай салды. Жүрегім дүрсілдеп, аяғым тартылып қалғандай болды. Содан есімді жиып, қаша жөнелдім. Олар соңымнан қуды. Егер сіз болмағанда… – Басынан өткен оқиғаны айтқанда қыздың ерні дірілдеп, жылап жіберді. Тіпті, зор құлшыныспен айтқаны соншалық, жігіт оқиғаны басында қорытып үлгермеді.
Қөз қарықтырар жай отының жарқылы тарағанда қыздың үні өшіп, айналаға үрейлі жанарымен қарай берді. Боз тұманға малынған бейтаныс ауыл бұлыңғыр тұман ар жағынан көрінген, мұхитта жүзген үлкен бір кемеге ұқсап кетті. Бұл кезде жаңбыр әлі себелеп тұрған. Қаратал өзенінің жанында, тақиядай төбенің жанындағы кішігірім ауылдың сұрғылт көшелеріндегі үйлер бой көрсетеді.
«Қыздың айтып тұрғаны шын сияқты, – деп ойлады Сырым. – Ауылдың қыздары түнде бейсауыт жүрмейді». Бірақ ол бұрынан әйел затына секеммен қараушы еді, сол себепті қыздың айтқандарының бәрін – үйінен қашып би кешіне барғанын, құрбыларының дүгенге кіріп шығайық деп мұны жалғыз тастап кеткенін, әлгі масаң жігіттердің тек мұны ғана қуғанын ойдан шығарылған өтірікке, бір белгісіз айлаға балады. Сырым басын шырмаған күмәнді ойдан арыла алмай, есеңгіріп қалды. Бірақ мына қыздың дірілдеп шыққан үні жасандылықтан ада еді.
– Жүр, үйге кірейік, – деді Сырым бойына кенет батылдық бітіп.
– Бара алмаймын. Үйдегілерден ыңғайсыз ғой.
– Үйде ешкім жоқ.
Қыз үрейленіп алға қарай бір қадам да жылжымады. Жаңағы оңбағандардың бірі жанында тұрғандай денесі түршігіп кетті. Сырым сенімді түрде дауысын көтеріп:
– Өстіп жаңбырдың астында тұра береміз бе? – деді. Шарасыздыққа көнгісі келмей әрі әлгінде болған оқиға есіне түсіп, қыз жылап жіберді.
– Аға, керегі жоқ… Мен қазір Үштөбеге қайтамын!- деді артқа қарай шегіншектеп. Сырым еңсесін тіктеп алды. – «Бұл бойжеткен, немене, мені әлгі оңбағандарға теңеп тұр ма?». Содан соң қақпа сыртына қарап еді, көзіне бірде-бір көлік түспеді.
– Үйге қайтқың келе ме? Үштөбеге такси таңертең ғана жүреді. Мынандай қараңғы түнде, оның үстіне жауын жауып тұр, көлікті қайдан табасың?
– Білмеймін не істейтінімді…
– Ұялы телефонын бар ма, үй ішіне хабарласаңшы, сені келіп алып кетсін.
– Ой, болмайды, – деп қыз ыршып түсіп, қарсылық білдірді. – Әкем менің осындай күйге түскенімді естісе, өлтіреді. Олар мені құрбымның үйінде деп ойлап жүре берсін. Телефоным… – қыз қалтасын сипақтап, жаңа қашып келе жатқанда байқаусыз түсіріп алғанын білді.
– Жоғалтып алдым… Құрбымның нөмірін есіме түсіре алмай тұрғаным.
– Құрбыларын қашып, енді үйіне жетіп алған шығар. Сені жалғыз тастап кеткен құрбыларын осында келеді деп ойлайсың ба?
– Келетін шығар, – деп қыз сенімсіз тіл қатты.
– Жүр, үй телефонымен бір туысқандарыңды шақырып алайық. Жеңгең бар шығар.
– Олай жасай алмаймын,- деді қыз жыларман болып. – Сосын олар мен туралы не ойлайды? Екі-үш сағат күте тұрсам, таң атып қалар.
– Қиын болды ғой, – деді Сырым қызға аяушылық білдіріп.
Осы кезде найзағай жарқылдай түсіп, аспанда метеориттің бір бөлшегі морт сынып, жерге құлдилап келе жатқандай көрінді ме, екен? Әйтеуір қыздың санасында әрбір болмашы көріністер зорайып, өмірінің қас-қағым сәті таңба басқандай жатталып қалды. Ауылдың кішігірім үйлерінің мұржасы, атып-тапыл басқан баланың бойындай әйнектер құтқарушы кемедей елестеді.
– Енді қайтсем екен… Үйден бекер шыққан екенмін, – деп қыз жылауын үдете түсті. Жауын күшейе түсіп, табан астында су бетінде көпіршіктер пайда болып, сай-салаға ағып, зырылдай жөнелді.
– Жарайды, мен үйге кірейін, – деді Сырым. – Егер қаласаң, үйіне қайта бер!
Жігіттің осыны айтқанына таңы бар, өйткені ол қыздардың тумысынан нәзік әрі әлсіз келетінін жақсы білетін.
– Өтінемін, аға, мен жалғыз қалдырмаңызшы! – деп жалына бастады қыз. Екеуі де жаңбырға малшынып тұр еді. Кенет жарық жарқ етіп жанып, қайта өлеусіреп тұрып қалды. Сырым қасындағы қыздың көйлегі денесіне жабысып, Тұла бойынан су сорғалап тұрғанын көрді. Қыз арқасын беріп тұрған темір есікті ашқысы келгендей есірік жел тынымсыз соққылап тұр.
Сырымның қызға жаны ашып кетті. Кішкентай бала кезінде көрші ауыл сыртында балалармен құмары қанғанша ойнап, түн батқанын байқамай қалған кезде бір әйелдің өзін үйіне кіргізіп, паналатқаны есіне түсті. Жігіт тұйық еді, сондықтан қыздармен жақын барып сөйлесуге жүрегі дауаламайтын. Онысын ұялшақтығынан гөрі өзіне лайықты арудың кезікпей жүргенін айтып, ақталатын. Әйелдер мерекесінде болмаса, өзі барып бір қызға гүл сыйлап көрмепті. Қызбен жүріп көрмеген тәжірибесіз бозбала секілді жүрексінетін. Достары оңаша бас қосқанда алма-кезек мақтанып, «мен ана қызды құлаттым, мына қыздың басын айналдырдым» деп мұрындарын шүйіргенде, бұл елеусіз ғана езу тартып отыратын. Міне, енді он екіде бір гүлі ашылмаған бейтаныс қыздың тағдырына тап болуы тегін емес деп түйсініп отыр.
– Қорықпа, мен саған тиіспеймін. Бүгін осында қонып, таңертең үйіне барасың, – деді жайбарақат. Қыздың басын небір сұмдық ойлар шарлап кетті. Бойжеткен қатты сасып, арқа шегіншектегенде арқасынын қақпаға тірелгенін білді.
– Жоқ, болмайды. Мен мұнда қала алмаймын. Одан да сіз көлік тауып, мені қалаға жеткізіп тастаңызшы!
Сырымның қабағы түйіліп кетті. Бұл не деген қайырымсыздық?! Әлгі мастардан құтқарып қалғаным аздай, бір түн қонып шығуға рұқсат беріп тұрғанда, бұл қыз неге бұлғақтайды, ә? Сырым үндеместен қыздың білегінен ұстап, ілгері тартты.
– Аға, қойыңыз, мұныңыз не?
– Екеуіміз жаңбырдың астында тұрып ауру болармыз, одан да үйге кірейік, – деді Сырым. Дәл осы кезде төбеден найзағай жарқ етіп, қатты күркір сатырлап зәрені алмасы бар ма, үрейі ұшқан қыз ішке қалай кіріп кеткенін де байқамай қалды. Сырым қабырғаны сипалап, шамды жағып еді, өлеусіреп тұр екен.
– Қабырғаны сипалап жүр, әйтпесе бірнәрсеге ұрынып, бір жеріңді ауыртып аларсың, – деп ескертті жігіт. Бойжеткен зорға адымдап, сүріне-қабына төргі бөлмеге өтті.
– Қазір мен шырақ жағайын, – деді Сырым. Сәлден соң ортадан әлсіз жанған балауыз шамы көрінді. Толқыған болмашы жалынмен бірге үй ішіндегі заттардың серейген ұзын көлеңкелері қабырғаларлың бетінде құбылып тұрды. Қыз терезеге үңілгенде әйнек сыртынан тырс-тырс еткен тамшылар әуенін естіді. Көк сеңгірден күркіреген қуатты дыбыс шатырлап қоя бергенде, қыздың үні өшіп, бет-әлпеті қуаңқы тартып, диванға отыра кетті. Сырым үстіндегі су киімін шешіп тастауға оқталды да, қыз қашып кетеді екен де, сыртқы ішінен кілтті бұрап, құлыптап тастады. Қыздың тіпті зәресі ұшты.
– Найзағайдың дәл төбемізде ойнағанын көрдің бе? Әні, жауын тағы күшейе түсті. Мұндай кезде көше кезіп жүргеннен үйде отырған жақсы емес пе?
Қыз дірілдеп отыр еді.
– Қорықпа, бұл жай ғана найзағай ғой, – деді жігіт. Ол аяқ астынан өзінің сөзшең, батыл болып кеткеніне таңырқады. Түпкі бөлмеге кіріп, су киімін ауыстырды да, қызға халат әкеліп берді.
– Мынаны киіп ал. Өзің әбден су болыпсың ғой, – деді сенімді үнмен. – Бұл қарындасымнан қалған киімдер. Ана бөлмеге барып киіміңді ауыстырып алсаң болады.
Қыз өзін ыңғайсыз сезінсе де, киім ауыстыруға бел буды. Толастамай жауған жауын қыздың киімін құлын денесіне жабыстырып тастапты. Дәл қазір жотасынан аяз қарығандай суық судың сызы денесін қалтыратып барады.
Қыз киініп қайтып келгенде Сырым оған ұрлана қарады. Бейтаныс қонағының уылжыған жап-жас, жиырмаға да толмаған қыз екен. Бойжеткеннің дене бітімі толысып, ажарлана түскені байқалады. Көңілде өзгеше бір қобалжу да, күдік те орнаған: бәлкім, бұл қыз мұны сырттай ұнатып, осындай қадамға амалсыз барған шығар. Мүмкін емес, дегендей ішкі түйсігі, – сен бұл қызды бұрын көрген жоқсың әрі сенің қыз қызығарлықтай сымбатты де емессің. Рас, түрі анау айтқандай келбетті болмаса да өңсіз емес, дүниеге көзқарасы да қалыптасып қалған.
– Ал, жақсы, жатып демалайық, – деді жігіт.
Зәресі ұшқан қыз орнынан атып тұрды. Сосын жігіттің көзіне тік қарай алмай, ойша зерттеумен болды. Жігіттің үстіндегі спорттық киімін, жүріс-тұрысын қарап, отыз жасқа жақындап қалғанын аңғарды.
– Аға, рахмет, мен осында отыра берейін. Қазір таң атып қалар, – деп бірдеме айтқан болды.
– Мен саған түпкі бөлмеге төсек салып қойдым. Жаңа жайма төседім. Барып, дем ал, таңертең үйіне қайтасың. Мен диванға жата салам.
– Жоқ, мен осында отыра берейінші, – деді қыз тісі-тісіне тимей қалшылдап. Суық жаңбырдың әсері ме, әлде жаңа көрген қорлық па, әйтеуір мазасы қашып тұр еді.
– Жарайды. Тоңсаң, мына көрпені жамыларсың.
Қыз орнынан әлі тапжылмай отыр. «Ой, мына қыздың ұялшағын-ай!» деп ойлады Сырым. Бойжеткен қорықпас үшін өзі барып төсекке тезірек жата қалғысы келіп, түпкі бөлмеге еніп кетті. Киімдерін төсектің жанындағы орындыққа қоя салып, ұйықтамақ болды. Төргі бөлмедегі құдайы қонағы қорқып қалар деген оймен шырағданды сөндірген жоқ. Құлағына ешбір қимыл-қозғалыс естілмеді, сірә үрейі ұшқан қыз таңның тезірек атуын күтіп, мелшиіп әлі отыр ма екен? Арада сүт пісірім уақыт өткенде диванның сәл тықыры естілді, артынша тым-тырыс бола қалды. Сырым қызды жатып қалды деп ойлады. Бәрібір қызығушылығы жеңіп:
– Қарындас, ыңғайлы жаттыңыз ба? – деп сұрады. Үрейін әрең басқан ару сыбырлап жауап қатты.
– Рахмет аға, бәрі жақсы.
– Онда жақсы ұйықтаңыз, қайырлы түн!
– Қайырлы түн!
Төргі бөлмеде шырақ әлі жанып тұр. Жарық сәулелері түпкі бөлме есігінен ішке еніп, жігіттің жанарын қарыды. Күні бойы қорадағы қыстан қалған қиды ойып, әбден титықтап шаршаған жігіт ұйықтап кете алмай, терезеге қарай бұрылып, теріс қарап жата берді. Бағана тобығын ауыртып алғанын да елеген жоқ. Далада әлі жауын жауып тұр екен. Найзағай жарқылы бәсеңдепті. Жігіт ауа-райының қолайсыздығына өкінген жоқ, ол бүгін қызық оқиғаға тап болды емес пе? Қабырғаның ар жағында жатқан қыз небір қиялға шомдырып, бұрын басынан өткермеген ерекше толқынысты сезінді. Жас жігіттің санасын тәтті қиял мен асқақ арман шырмап алды. Нәпсіге ермей, адамдық қалпын сақтап қалуға тырысты. Жүрегі лүпілдей жөнелді. Енді қайтсін, өзі көптен бері армандап жүрген бойжеткен мұның үйінде, қабырғаның ар жағында жұпар иісі бұрқырып, елітіп жатса. Мұндай болады деп үш ұйықтаса түсіне кіріп пе? «Егер қызға қолымның ұшын тигізсем, әлгі хайуандардан қандай айырмашылығым бар? Қыз неге осында қалуға келісті екен? Бәлкім, көп қорқауға таланғанша, жалғыз адамның ермегіне айналғысы келді ме? Егер бойына бала бітсе, әкесінің кім екенін білетін болам деп санады ма екен? Тү-у, осы мен қайдағы жоқты ойлап кеттім. Жоқ, мүлде олай емес. Ол – қазақтың қызы ғой. Оған ар-намыс бәрінен қымбат емес пе? Ол осында пана іздеп келді. Егер мен иттік жасасам, өзімді өмір бойы кешіре алам ба? Қыз кешіре ме? Құдай рақымшылық жасай ма? Мүмкін, ол маған берілген бір сынақ шығар? Сосын… кім біледі… мүмкін екеуіміз жақсы дос болып кетерміз. Ал егер ол менің болашақ жарыма айналса ше? Ой, онда тіпті керемет болар еді». Сырым қызды қиялымен құшып, екеуі қол ұстасып неке сарайына бара жатқанын елестетті. Анасы мен қарындасының қуаныштан шаттанған жүзі жарқырай ма, қалай? Жігіттің ойы сан-саққа жүгірді. Қазір бойжеткен не істеп жатыр екен? Бастапқыда қыздың ың-шыңсыз ұйқы құшағына еніп, кірпік айқастырған болар деп ойлаған, бірақ оның әрі-бері дөңбекшіп, көз ілмегенін, үй иесін оятып алмайын дегендей аса сақтықпен қозғалғанын аңғарды.
«Ойпырмай! Бағанадан бері есі шығып, қыздың есімін сұрауды естен шығарыпты-ау! Өстіп аңғал басым жар құшар уақытым болса да, опық жеп жүр емеспін бе?» деді өзіне өзі ренжіп. Егер үйінде жалғыз болғанда белгісіз бойжеткен бір түнеп шықты десе, достары мұның іске қырсыздығын келеке етіп, күлмей ме? Егер бұл ұйықтап қалғанда қыз қашып кетсе ше? Тіпті, таңертең есіктен шығарып салып «Сау бол!» деп қош айтысады. Түнгі оқиғадан кейін қайта кездесе ме? Сырымның басы шым-шытырық ойлар қаумалап, таң ата көзі ілініп еді. Қыз болса, түнімен ұйықтай алмай аунақшып, басынан өткен сұмдықты елегінен өткізген. Бойы бөтен үйге үйренген секілді, бірақ жанында бөтен еркектің жатуы берекесін қашырып, құмарлық сезімдерін еріксіз қоздырып кеткен.
Таң ата біреу түртіп оятты. Көзін ашқанда қарсы алдында кеше түнде қонған бейтаныс бойжеткен тұрды. Түндегі өлеусіреген жарықтан аса байқамапты: қыз нақ сұлудың өзі екен. Маңдай ашық, кекілін өзіне жарасымды көрінді. Екі беті топмиып, күлгенде сәл шұңқыр пайда болады екен.
– Қайырлы таң, ағай! – деді күлімсіреп. – Өзіңіз қатты ұйықтайды екенсіз.
– А-а, қай.. қайырлы таң! – жігіт көзін уқалап. – Сен қашан тұрғансың?
– Мен ұйықтай алмадым. Таң атты, мен үйге қайтайын. Сізге сау бол айтып кетпесем болмайды ғой. Жарайды, мен сізді сыртта күтем.
Қыз кері бұрылып, есікке беттеді. Бойжеткен далаға шығып кеткен соң Сырым жалма-жан киіне бастады. Құдды қолына келіп қонған бақыты ұшып кетердей көрінді «Көгершінім» деді іштей. Денесі құрысып қалыпты. Ұйқысын аша алмай, бетін қолжуғышқа жуып, сүлгіге сүртінді. Іле-шала далаға шыққан. Қыздың нұрлы көзінен мейірім есіп, ақша жүзінен албырттық пен жастықтың нышаны сезіледі.
– Шәй ішіп кетпедің бе? – аузына түскен сөз осы болды.
– Рахмет. Тезірек үйге баруым керек. Әйтпесе, әке-шешем алаңдап қалар. Сізге көп рахмет! – жылы жымия қоштасып, қақпадан шығып бара жатыр еді.
– Тоқтай тұршы, – деп қиылды жігіт. – Тым болмаса есіміңді біліп қалайын.
– Жұпар, – деді қыз күлімдеп.
– Жұпар, – деді Сырым көктемнің салқын сызды, жанға жайлы ауасын кеуде кере тыныстап. Өзінің кештеу танысқанына кейігендей, қолын ұсынды: – Сырым.
Қыз қолын беріп, сыңғырлап күліп жіберді. Күлкісі ғажайып көңілді, сылдырлаған бұлаққа ұқсай ма, қалай? Қыз бүгін өте байсалды, өзін сенімді ұстайтын мінезі таң қалдырды.
– Мен такси шақырмай-ақ қояйын, жолдан көлік тоқтатып мініп кетерсің, әйтпесе бұл ауылда кімнің үйінен кім шыққаны білініп тұрады.
Қыз күлмең қағып, басын изеді. Жігіт қызды қиғысы келмей:
– Мүмкін сізді шығарып салармын, – деді.
– Қажеті жоқ, ағай! Күндіз жолды өзім таба аламын ғой.
Сырым қыздың икемге келмей, тартыншақтағанына қапаланған жоқ. Қыз мұның түнді бірге қарсы алғанын ешкімге тіс жармайды деп сенген.
– Егер менің көмегім қажет болса…
– Рахмет! Кейін сізге өзім хабарласам. – Қыз түндегі арсыздардан арашалап қалған жігіттің батылдығы мен сабырлылығына риза болды. «Бөтен жігіттің үйінде қонып, кейбір сезімдерін қытықтамады дейсің бе?» деп ойлады жігіт. Қыз ұзап кеткенше көз алған жоқ.
Үйге кіргенде Сырымның көңіл-күйі кілт бұзылды. Қолда тұрған қыздан айырылып қалғаны үшін өзін қатты сөкті. Үйіне анасы келгенше қызды көндіріп, келін қылып түсіріп алмас па еді. Бірақ ол ойынан тез айныды. Махабатқа зорлық жүрмейді, егер қыз бұдан тез суынып кетсе ше? Онда асқақ армандары әп-сәтте көзден бұл-бұл ұшпай ма? Бір жағынан жасаған жақсылығы үшін мұным да дұрыс болыпты деп өзін жұбатты. Дүние – дөңгелек, әлі талай кездесерміз деп түйді. Диванға отыра кеткені сол еді, матаға сінген қыздың нәзік те жұпар иісі басын шыр айналдырып сала берді.
* * *
Айсара үйіне келгенде баласы төсегінде шалқалай ұйықтап жатыр екен. Әйтеуір, таңертең қорадан сиырды өріске айдап, тауыққа жем шашуды ұмытпапты. Күн жексенбі болатын, сондықтан баласын оятуға қимады. Қызы беріп жіберген сәлем-сауқытты үстелге қойып, шәй қайнатты. Үйдің ішін ретке келтірген соң өзінің жолдан шаршап келгенін сезініп, диванға отыра кетті. Айсара диванның жапқышына сінген бөтен әтір иісін сезді. «Бұл қыздар себетін әтірдің иісі ғой. Иісі неткен тамаша еді. Мүмкін, кеше Сырым болашақ келінін ертіп әкелген шығар» деп түйді. Сосын іштей қуанып, жүзі жадырай түсті. «Не де болса балам енді келін түсіретін шығар» деп ойлады ана. Қуанышты жаңалықты тезірек естісі келіп:
– Сырым, әй, Сырым! Оянсаңшы, сағат сегіз болды. Шаңқай түс болды ғой. Өстіп ұйықтап жата бересің бе? – деді. Сырым оянғанымен, орнынан тұрғысы келмеді. Қиялымен түндегі аруды құшып, тәтті елеске елегіп жатқан. «Шешемнің бүгін неге мазасы қашып кеткен?». Айсара дауыстап қоймаған соң тәтті түсінің үзіліп қалғанына өкініп, орнынан еріншектеу тұрды. Сыртқа шығып, таза ауаны тыныстады. Күн ысып келеді екен. Көктемнің жаймашуақ күні табалдырыққа түсіп, жалаң аяқ жер басқан жігіттің табанын қыттықтады. Қол жуғышқа беті-қолын жуып, үстелге келіп жайғасты.
– Сонша неге кешіктің? Кел, шәйіңді іш! Ана Жақаштар бүгін құда күтеді екен. Соған барып көмектес. Мен де бір жағына шығып, ішек-қарын тазалармын. Қанша айтқанымен ағайын ғой, осындайда көмектеспегенде қашан қол ұшын береміз. Ертең сен үйленсең, олар да бізге болысады. Е, бұйырса ол күнге де жетерміз, – деді әңгіменің бір ұшын шығармақ болып.
Сырым үндемеді. Үнсіз шәйін сораптап, ойға батқан адамдай томсарып отырды. Айсара үйдің ішін жайлаған тәтті әтір иісінің тегін емесін сезген.
– Үйдің іші әтір аңқып кеткен бе, немене?! – деді ұлына сынай қарап.
– Білмеймін. Өткенде Самал құрбыларымен келгенде сеуіп жүрген. Иісі ұзаққа сақталатын әтір болды ғой, – деді сыр білдірмей, қарындасының парфюмерияға құмартып жүргені есіне түсіп.
Шешесі сеніңкіремесе де, одан әрі қазбаламады. Ұлының бір білгені бар шығар, әйтеуір үйге тезірек келін әкелсе екен деп тіледі. Сырым бетін сипады да, орнынан тұрып жүре берді.
Арада апта сырғыды. Сырымның ойынан үйге бейтаныс қыз қонған түнгі оқиға кетпей-ақ қойды. «Жұпар үйіне қалай жетті екен? Амандығын білдіріп, бір хабар бермеді ғой. Әлде өзім іздеп қалаға барсам ба? Қолымда мекен-жайы да жоқ қой. Босқа әуреленем бе? Жоқ, үйде қол қусырып отырғанша қызды іздегенім жақсы емес пе?» деп бір шешімге келді. Бірақ қалаға барудың ыңғайы келмей жүрді. Алдынгүні қойдың кезегін бақса, кеше көрші Жылқыбайдың асында ауыл жігіттерімен бірге қолғабыс жасап, отын жарып, суын тасып берді.
Сөйтіп сүреңсіз күндер өте берді. Бірде таңертең үйге аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен шақырту қағазы келген. Сырым қалаға баруға себеп тапса, екіншіден жиырма жетіге келгенше әскер қатарына алынбағанына қынжылатын. Әйтеуір, медициналық тексеруден өткенде денсаулығынан бір кілтипан тауып, Отан алдындағы өтеуді кейінге шегере беретін. Өзінің пайымынша, дені сап-сау, еш жері ауырмайды.
– Балам, сені әскерге алмай-ақ қойды ғой, алмаса алмай-ақ қойсын. Жалғыз ұлымды жібергім де келмейді.
– Ой, мам, қойшы. Шақырған соң бару керек.
– Бармай-ақ қой. Осы күнге дейін әскерге алмағанда енді алады дейсің бе? Жүрегім секем алып тұрғаны. Ана теледидардан естіп жатырмыз ғой: Отан қорғауға жіберген жұрт сап-сау баласын мүгедек қылып қайтарып жатыр. Ол – ол ма, баласының мәйітін алып қайтып, жылып-сықтаған отбасылар қаншама.
– Қойшы, жаман айтпай. Қалаға барамын да, кешке қарай келемін.
– Әйтеуір, аман-есен барып кел. Бір жаңалық болса, бірден хабарлас.
– Жарайды, мам.
Сырым таксилетіп жолға шықты. Жол бойы Жұпардың тартымды жымиысын, нұрлы жүзін еске алып, тәтті қиялдың құшағына берілген. Қалаға келгенде автобусқа отырып, әскери комиссаритқа келді. Аулада аға лейтинант шеніндегі бір офицер сарбаздарды сапқа тұрғызып жатыр екен. Бұл да қатарласа сапқа тұра қалды. Офицер әскерге шақырылған жігіттердің есімін тізім бойынша атап жатты. Есімі аталғандар бір қадам алға шығып жатыр.
– Сапарбеков.
– Мен.
– Олжасов.
– Мен.
– Бейімбетов.
Үн жоқ.
– Бейімбетов бар ма?
– Мен, – деді Сырым тәтті ойдың құшағына еніп, селк етті.
– Соңымнан ер, – деді офицер. Жүрегі селт етті. Мұны әскерге алып кетпек пе? Несі бар, әскери өмірді көріп қайтар. Бірақ Жұпарды ойлап, ол ойынан айнып қалды. Екеуі ғимарат ішіне кірді.
Кішкене торкөз терезе ар жағындағы адам бұған тіке қарады.
– Бейімбетов сен бе?
– Иә, менмін.
– Міне, мына жерге қолыңды қой.
– Не үшін?
– Әскери билет аласың.
– Сонда мені әскерге алмайсыздар ма?
– Жоқ. Сенің әскерге жарамайды деген анықтамаң бар.
– Жақсы, – деді Сырым не қуанарын, не мұңаярын білмей. Сүлесоқ күйде қағазға қолын қоя салды. Ішінен «осы да дұрыс болған шығар, қайта-қайта шақыртып, мазаны алғанша, әскери билетті алып, тыныш жатқан жақсы» деп ойлап қояды. Ол сыртқа шыққанда сапқа тізілген жігіттерді көріп, қызығып кетті. Офицер енді боссың дегендей есік жақты нұсқады.
Сырым көшеге шығып, аялдамаға қарай келе жатты. Ол ұялы телефонымен анасына хабарласып, әскери билет алғанын, қаланы біраз аларып, кешке қарай үйге қайтатынын айтқан. Кенет ту сыртынан біреу дауыстағандай болды.
– Е, братан, тоқтай тұршы!
Сырым кері бұрылды. Қарсы алдында шыртай киінген төрт жігіт тұр екен. Бұлардың әскери комиссарияттан шыққаны, әлде кездейсоқ кезіккен жігіттер екенін айыра алмады.
– Брат, телефонынды бере тұршы. Бір звонок жасап алайын, – деді бұжыр бет.
– Өздеріңде жоқ па? – деді Сырым сыр бермей. Ортадағы бұйрабас жігіт қарқылдап күлді.
– Е, мынау өзі қайдан шыққан ауылбай? Сен не, бізді білмейсің бе? Бұл – Темірлан, түсіндің бе? Осы қаланы ұстайды. Проблема болса айт, шешеміз. Бере тұрсай телефоныңды.
Сырым еріксіз телефонын ұсынды. Сөйлескен соң қайта қайтарып берер деп ойлаған. Бұйра бас ұялы телефонды әрі-бері аударыстап көрді де, жанындағы жігіттерге:
– Телефон сатам. Он мыңға, кім алады?
– Е, мынауың кірпіш қой, бес мың теңге де тұрмайды. Бізге қалдыра сал.
– Жігіттер, телефонды қайтарыңдар. Сыйлыққа берген, – деді Сырым түсін суытып, дауысы зорая шығып.
– Сыйлыққа берген? – бұжыр бет Макс қарқылдап жіберді. – Не, жүріп жүрген қызың сыйлап пе еді?
– Жо-ға. Мамамның сыйлығы.
– Е, мына мамасының баласын қараңдар! – деп Темірлан көшені басына көтере қарқылдап күлді. – Телефон керек пе? Сатып ал. Он мың теңге.
– Ескі телефонды қайтесің? Мен басқа бірнәрсе көрсетем, – деді Сырым.
– Давай.
– Телефонды берсей, сосын көрсетем.
– Мә, ал. Бірақ көрсететін нәрсең бұдан жақсы болсын.
Сырым төс қалтасына телефонын салып алды. Жымиып келді де, ортада тұрған бұжыр бетті құлақ-шекеден бір соқты да, қаша жөнелді. Жанындағылар мұндайды күтпесе керек, мұрнынан қан саулаған Темірланды көре сала, Сырымды қуа жөнелді. Сырым кілт тоқтап қалды да, өзіне жетіп қалған Максты іштен теуіп жіберді. Анау «ыңқ» етті білем, отыра кетті. Қалған екеуі екі жақтан Сырымға тап берген. Бойы кішілеуі күреске қатысқан ба, мұны жерге алып ұрды.
– Е, Баха, аяма, тепкіле, – деп айғай салды Темірлан.
Құлағының түбіне «Ұр, аяма» деген дауыстар еміс-еміс естілді. Көшеде әлдекімдердің «Әй, жігіттер, қойыңдар, өз қандасың ғой, өлтіремісіңдер» деген дауыстары шықты. Қаскөйлер мән берместен тепкілеуді жалғастыра берген. Сырымға жаны ашыған біреулер полицияға қоңырау шалды. Қаланың орталық көшелеріндегі тәртіпсіздікті тамашалап жұрт жиналып қалып еді. Бірақ ешбірі соққыға жығылған жігітті ажыратып алуға батылы бармады. Бір кезде полиция көлігі кіл тоқтап, ішіне екі тәртіп сақшысы шығып, бұзақыларға резеңке шоқпарымен тап берді. Тықыр таянғанын көрген олар алды артына қарамай қаша жөнелді. Бұйрабас бұл кезде Сырымды әлі тепкілеп жатқан. Жолдастарының «қаш, полиция» деген сөзін естігенде ғана әрекетке көшті. Қыспаққа алған тәртіп сақшыларынан қашып, тар көшемен жүгіре жөнелді. Соңынан өкшелей қуған полиция өкілдерінің арыны қатты екен. Шылым шеккенің кесірінен Темірланның екі өкпесі алқынып, аяғын алға бастырмай қойды. Бар күшін салып жүгіргенмен, арада шәй қайнатым уақыт өткенде әбден ентікті. Жаңа ет қызуымен төбелісіп, ентігі басыла да қаймаған. Әні-міне дегенше, қуғыншылар қуып жетіп қалды. Қырсық шалғанда дәл алдынан бір полиция көлігі кілт тоқтай қалмасы бар ма. Темірлан шарасыздықтан жер үйдің биік шарбағына қарғып, ары қарай ауып түсті. Кенет орнынан атып тұрғанша қабаған неміс овчаркасы мұны тарпа бас салып талай жөнелді. Иттің өткір тісі аяғына кірш етіп кірген кезде бақырып, екінші аяғымен итті тұмсықтан теуіп жіберді. Қолынан саулаған қан үсті-басына шапшыды.
– Арлан, жат! – деп айғай салды үй иесі. Ит таныс дауысты естіп, бір орнында мелшиіп тұрып қалды. Әйтсе де, қан көрген көздері құтырып, ырылдап, айбат шегуін қоймады. Жаралы Темірлан арқасын шарбаққа сүйеп, отыра кетті. Бұл кезде полиция өкілдері аулаға кіріп, қашқынның қолына кісен салды.
Жедел жәрдем көлігі келіп, Сырымды ауруханаға жеткізген. Басына тиген қатты соққыдан есіңгіреп, ес-түссіз жатты. Дәрігерлер үйіне хабар бергенде шешесінің зәресі ұшып, таксилетіп ауруханаға жетті.
– Балам, саған не болды? Қалың қалай ? –деп бәйек болды анасы.
– Мам. Уайымдама… Менде бәрі жақсы.
– Балам-ау, сені соққан кімдер?
– Науқасты мазалай бермеңіз. Басынан қатты соққы алған. Қазір денсаулығы жаман емес. Әлі-ақ сауығып кетеді, – деді дәрігерлер басу айтты.
– Мам… – Сырым қинала тіл қатты.
– Құлыным… – Шешесі басы ақ дәкеге танылған баласын құшақтай берді.
Арада бірер сағат уақыт өткенде ит қапқан Темірланның аяғына ота жасалмақ еді. Қабаған иттің тістері тірсегінің сүйегін шытынатып жіберген болатын. Екеуі рентгенге түсіру кезінде жолығып қалды.
– Кешір… – деді Темірлан ерні жыбырлап. – Саған қиянат жасаймын деп өзім осындай жағдайға тап болдым. Ешбір зорлық жазалаусыз қалмайды екен.
– Ештеңе етпейді. «Ер шекіспей, бекіспейді» деген.
– Мен түрмеге отырғым келмейді. Маған қарсы арыз жазбай-ақ қойшы. Бүгінен бастап жаңа өмір бастағым келеді.
Сырым оны іштей кешірді. Оның үстіне ауруханаға түскелі бері ата-анасы мұның палатасына келіп, полицияға арыз жазбауын, баласына ешқандай кінә тақпайтынын айтып, кешірім сұраған. Өне-бойы сырқырап жатқанда, құлағына маза бермеген адамдарды көргісі де, естігісі де келмеген.
– Балам, бізден бір қателік кетті. Баламызға дұрыс тәрбие бере алмаған шығармыз. Сенен өтінеріміз – болған жағдайды ұмытайық, үлкен басымызбен баламыз үшін жалынып кешірім сұраймыз», – деген шарасыз ата-анасы. – Уайымдама, дәрі-дәрмек, керек болса, бәрін өзіміз көтеріп аламыз.
– Әркім, қолымен жасағанды мойнымен көтеру керек. Сіздер емес, ол өзі келіп кешірім сұрасын. – деген Сырым. Ол кешірім жайында ұзақ ойланып еді.
– Кешірдім, – деді Сырым. – Бірақ сен тағы біреуге жамандық жасасаң, онда менің кешіргенімнің мәні болмай қалады.
– Енді ешкімге саусағымның ұшын тигізбеймін. Уәде берем!
– Жақсы, – деді Сырым. – Операцияң сәтті өтсін!
– Рахмет! – Темірлан мұңая жымиды. Медбике Темірлан отырған арбаны темір есікті бөлмеге қарай сүйрей жөнелді.
Арада екі-үш күн өткенде Сырымды жеке палатаға ауыстырды. Бұған келіп дәрі егіп, ем-дом жасап кететін мейірбике өте қайырымды жан екен. Халін біліп, жақсы қызмет атқарды. Қазір де түтікшемен тамырына дәрі тамшылатып жатыр. Осы кезде есік ашылып, ішінен біреу кірді.
– Мақпал, қашан шығасың, – деді бір бойжеткен.
– Қазір.
Сырым елең етті. Бұл дауысты қай жерден естіп еді? Кереуетке жақындап келгенде таныды.
– Жұпар, – деді жүзіне күлкі үйіріліп. – Әйтеуір, сені таптым ба?
– Сырым? Бұл сіз бе? Сізге не болған? – деп қыз жанына жетіп келді. Ол әрі таңдана, әрі аяушылық білдіргендей жүзі бір сәт көлеңке шалды. Мейірбике екеуімізге алма-кезек қарады.
– Сендер бір-бірлеріңді танисыздар ма? – деді Мақпал сіңлісіне мойын бұрып. Ол «бізді оңаша қалдыршы» дегендей қиылып, қулана жымиды. Мейірбике езу тартып палатадан шығып кеткен соң Жұпар сүйріктей саусақтарымен Сырымның қолын сипады. Қос жанары нұр шашып, бойын ерекше қуаныш биледі.
– Сізбен қайта кездесем деп ойлаған жоқ едім.
– Мен де.
– Сенен енді айырылғым келмейді, – деді Сырым бойына батылдық бітіп. Қыз үндемеді.
– Сені қалай іздегенімді білсең ғой. Сол күні қалай жеттің?
– Сол түнгі оқиға есімнен кетпейді. Кейде түсім екен деп қалам. Егер сіз болмасаңыз… – қыз мұңайып қалды. Көздерін төмен көмкерді де, көңілің көтерейін дегендей тез күлімдеп:
– Жақсы жеттім. Сізге көп рахмет. Телефонмен хабарласайын деп едім бірақ..
– Бата алмай жүрдің бе?
– Солай десе де болады. –Қыз ұялып, жымиып күлді. – Сіз ше?
– Сіз хабарласып қалар деп телефонды күзетумен болдым.
– Мен ауылға қайта бара алмайтын едім. Кешіріңіз.
– Екеуіміздің қайта кездескеніміз жақсы болды. Солай емес пе?
– Иә. Солай.
Жігіт күлді. Дәкемен оралған оң қолын көтермек болды.
– Қозғалмаңыз, жараңызды асқындырып аласыз.
– Маған жаныңыз аши ма?
– Мен бүгін сіздің жаныныңызда қалғым келеді.
– Рас па? – деді жігіт таңырқап. – Менен қорықпайсыз ба?
– Өткен түнде қорқыта қойған жоқсыз. Қазір қорқа қоймаспын.
– Әке-шешеңе не деп айтасың?
– Олар Алматыға кеткен. Бүгін осында әпкемнің жанына кезекшілікке қалам.
– Жаңа ғана менің жанында қалам деп едіңіз ғой.
Екеуі қосыла күлді. Сырым қыздың көзінен бақыт нұрын көрді. Сол мөлдір жанардың ішінде өз бейнесі күлімсіреп тұрғандай.
Түн ортасы. Палата іші алакөлеңке. Кенет қыз жатқан кереует қозғалып кетті. Жұпар өзінің үрейлі дауысынан шошып оянды. Дауысы дірілдеп, қарлығып, жарықшақтанып шықты. Жігіт оянып, мойнын бұрып, жалт қарады.
– Жұпар, саған не болды? – деді Сырым. Орнынан тұрып, қызды жұбатпақ еді, денесін қозғалта алмады. Өне бойы қарысып қалыпты. Қыздың дауысы құмыға шығып, жан-жағына қарады да, тынши қалды.
– Жұпар, қорықпа, мен жаныңдамын, – деді жігіт. Қыздың тыныс алуы қалыпқа келіп, кереуетінен сырғи түсіп, жігіттің жанына келді.
– Ренжімеші…. Өткен жолғы оқиға әлі ойымнан кетпей жүр.
– Ол сұмдық артта қалды. Енді бәрін ұмыт. Қорықпа, мен әрдайым сенің жаныңда боламын.
Сырым қыздың сүйріктей саусақтарын жып-жылы алақанымен басып, өзіне тарты. Қыз қымсынып, тартынған жоқ.
– Мен сені өмір бойы аялап, қорғап өткім келеді, – деді жігіт. – Сен өмірімде кенеттен пайда болып, аз уақытта жүрегіме ұшқын қалдырып үлгердің. Сол күн менің есімде мәңгілік қалатын шығар. Есінде ме, екеуіміздің қоштасқан сәтіміз. Таңертең сен кеткенде денемнің бір бөлшегі сенімен бірге кеткендей болды.
Қыз үндемеді. Төмен қараған күйі екі беті қызарақтап отырды. Жігіттің айтқан сөздері манағы қорқынышын жеңіп, құлааққа жағымды, жылы сөздерін ести бергісі келеді.
– Жұпар, – деді Сырым. – Білесің бе, сол күннен бері мен сені ойлаумен болдым. Өзімнің өмірім, айналам, тіпті мына дүние әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Ал сен ше? Сенде мендей өзгеріс болды ма?
– Мен… мен де сізді ойладым. Сіз сондай жақсы адамсыз.
– Жұпар, мен сені… – Сырым сөзінің аяғын жұтып қойды. – Сол күннен кейін сізді сүйіп те, сағынып та үлгеріппін. Сізсіз өмірдің мәні жоқ екенін түсіндім. Жо-жоқ, бұл жай ғана қызығушылық емес. Өткінші сезім деп те айта алмаймын. Мен өзімнің ғашық екенінді сездім. Түсінесің бе, мен сізді сүйіп қалыппын.
Қыздың беті ду ете қалды. Бетінің қызарып кеткенін алакөлеңке бөлмеде білінген жоқ. Жігіт қызды өзіне тартты. Қолдарымен қыздың қолаң шаштарын сипап, маңдайынан сүйді. Жұпар иіс мұрын жарды. Сосын… сағынышын басқысы келгендей кеудесін басып, қапсыра құшақтай берді. Бір сәтте қыз жылап жатқан секілді. Жігіт қызды ренжітіп алдым ба деп, шашынан сипай түсті. Қыз науқас жігіттің жаралы денесіне жүк түсірмейін дегендей, кері серпіле беріп еді, қапсыра құшақтаған қолдар ажырап кете қоймады. Сол сәтте қыздың ерні ду ете қалды. Мұндай тәтті сезімге еліткен қыздың басы дөңгелек дүниедей шыр көбелек айналып жүре берді.
Таң атқанда қыз жігіттің аяғында жатыр еді. Сырым оянғанда бөлме ішіне күн сәулесі түсіп, айнала нұрланып кеткенін көрді. Бөлме іші де көктемнің керімсал ауасындай жұпар, хош иіс аңқып тұр екен. Бойжеткеннің ақша жүзіне ұзақ қарап, ойланып кетті. Сәлден соң қыз оянып, езу тарты. Төсегінің аяқ жағына отырған.
Кенет есік ашылып, ішке анасы кіріп келді. Қыз қысылып қалды.
– Балам-ау, қалың қалай? – деді шешесі.
– Жақсы мам.
Шешесі қызға қараған.
– Сәлеметсіз бе? – деді екі беті нарттай қызарған Жұпар.
– Сәлемет пе, айналайын! Бүгін ақ халатынды кимегенсің бе?
– Мама, ол мейірбике емес.
– Қайдан білейін, түрі үқсайды ғой. Бірге оқыған класстасың ба?
– Жоқ, мам. Үйге барған соң айтам.
– Келін бе?
– Ой, мам, қойшы, адамды ұялтпай?
Жұпардың екі беті қызарып кетті. Орнынан тұрып кетуге оқталып еді, Айсара күлімдеп:
– Отыра бер, айналайын! Балам жатып зерігіп кеткен шығар. Екеуің емін-еркін сөйлесе беріңдер. Мен дүкен аралап, кезекті заттарын әкеп берейін, – деп шешесі шығып кетті. Жұпар ысып кеткен екі бетін басып, қысылып отыр екен.
– Кешір… мамам, мені тезірек үйленсе екендеп жүр. Үлкен кісілерді білесің ғой, – деп езу тартты Сырым.
– Иә, – деп күлді Жұпар. – Қой, мен де кетейін. Қазір әпкем дәрі егуге келеді. Менің осында әлі отырғанымды көрсе, ұрсып жүрер.
– Менен қашып барасың ба?
– Олай емес. Кешке таман тағы келем ғой. Әйтпесе…
– Әйтпесе, байқамай мамама сәлем салып қоярмын деп қорқасың ба? – деп жігіт ыржиып күлді.
Қыз бұртиып қалды.
– Ренжімші, менікі жай… ойын ғой. Бүгінгі күн қандай жақсы, иә?
– Иә, бүгінен бастап бәрі өзгеретін шығар, – деді қыз жымиып. – Жақсы, тез жазылып кет!
– Көріскенше!
– Көріскенше! Сау бол!
– Сәлем салып үйрен!
– Не?!
– Сен маған ұнайсың!
Қыздың беті дуылдай жөнелді. Теріс бұрылып, есіктен шығып жүре берді. Сырым кеуде кере тыныс алды.
– Шіркін, Жұпар десе, Жұпар ғой, – деді Сырым қиялға беріліп. Қыз ешқайда барғысы келмей, арқасымен есіктің сыртына сүйеніп, ұзақ тұрып қалды.
Асхат Өмірбаев