Бейсенбі, Қараша 23, 2017
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > «Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той

«Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той

«Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той
Аулада алты қанат ақ орда. Сақылдап қайнаған сары самауыр. Қызыл жалынға бауырын сүйсіне «сүйдіріп» тұрған қара қазан. Ұлттық нақыштағы киім киіп әзілдескен әріптестер. Осынау, таңғажайып көрініске тамсана қарап біздің редакция тұр. Бұл өткен аптадағы «Шығыс-Ақпарат» ЖШС-нің ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ұлықтау сәті болатын.
Жылт еткеннен жаңалық күтетін қаламдастар қауымының бұл көрініске ықыласы тіптен бөлек. Бірі шырпы тамызып, сары самауырдың «ентігін» үдетсе, енді бірі буы бұрқыраған қара қазандағы былқып піскен ақсарбастың сорпа бетіндегі көбігін сүзіп әбігер…
Шыны керек, өткен жылдардың еншісіндегі бұл мерекені аталмыш ұжым ұлттық түсін қоюлатып, осындай ауқымды деңгейде тойламапты. Биыл «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары қызметіне тағайындалған белгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев дидарлық әріптестеріне арқа сүйей отырып, ұлттық мерекені ауқымды етіп тойлау ұсынысын басшылыққа бекіттірген соң, игілікті іске қалған қаламгерлер де бел шешіп кіріскен еді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көп болып кіріскен жұмыстың нәтижесінде сахараның сән-салтанатын айғақтайтын, айналасы дыр-думанға толы көшпенділік көрініс қалыптасқан болатын біздің аулаға.

«Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той
Шараға «Шығыс-Ақпарат» ұжымына қатысты «Дидар», «Рудный Алтай», баспахана қызметкерлерінен бөлек, облыстық әкімдіктен, облыстық ішкі саясат басқармасынан, сондай-ақ, қос редакцияның ардагерлері қатысты.
Межелі мерзімде салтанатты шара да басталды. Эстрадалық әнмен елді еліткен «Дидар» газетінің жауапты хатшысы Тілеукен Тілеубердіұлы алғашқы болып өнер көрсетсе, әріптесіміз, ақын Дарын Нұрсапаров пен Қарылғаш Санғожина кеш тізгінін ұстады.

«Дидарлықтар» дес бермеді
– Бас, бас!…
– Берілме! – деген жанкүйерлердің жанайқайы көшеден көлденең өткен көк аттының назарын өздеріне аударды. Тіпті, қызды-қыздымен ауланың ішіне кіріп кеткен «шақырылмаған қонақтар» тойшылар қарасын әуелгісінен әлдеқайда молайтып жіберген. Ал жаңағы айқайға басқан жанкүйерлер қол күресіне қатысып жатқан жігіттердің әріптестері еді. Мерекелік шараның жоспарына гір көтеру, қол күрес, арқан тарту сынды спорттық ойындар кіргізілген.

«Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той
«Дидар», «Рудный Алтай», «Баспахана», «Шығыс-Ақпарат», «Ардагер» сынды бес команда жоғарыдағы спорт түрлерінен бақ сынады. Жігіттердің қол қарымын әйгілейтін алғашқы сында әр топтан екі жігіт шықты. Бұл бәсекеде «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары Серік Әбілхан бастаған топтың бәсі жоғары болды. Ақтық сынға шыққан ардагер журналист Владимир Никифоровқа сақал сыйлаған Серік жолын берді. Сонымен, жеңіс «Ардагер» тобына бұйырды. Ал гір тасын көтеру сайысында алғашқы болып қара үзген «Рудный Алтай» тобының үкілі үміті болған фототілші Ғылымбек Сәбитовтың жолын «Шығыс-Ақпарат» тобының намысын қорғаған Дүйсен Чубунтаев кесті. 16 келілік гір тасын қаңбақ құрлы көрмей 51 рет көтеріп қоя салған жігіт ағасына шақ келер ешкім болмады.

«Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той
Ал әр ұжымның береке бірлігін сынға салған арқан тарту жарысында «дидарлық» жігіттер дес бермеді. Бірінші айналымда «Рудный Алтай» газетінің жігіттерін жарыс жолынан шығарған біздің топ ақтық сында «Баспахана» азаматтарын екінші орынға сырғытып, бірінші орынға тігілген ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұдан бөлек, жүргізушілердің әр ұлттың биінен ұйымдастырған би жарыстар қыз-келіншектерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің ажарын аша түсті.
Көңілді мерекенің осы тұсында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпованың ақ сәлемін алып, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасарлары Ирина Смит, Серік Жеңісов және облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ерлан Жақыпов бастаған мәртебелі меймандар келді. Торқалы тойға тарту-таралғысымен келген құрметті қонақтарға алғысын айтқан «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев әріптестерге ақ жарма тілегін арнады.
– Ұлыстың ұлы тойы – Наурыз мерекесіне орай өткізіп жатқан шарамызға келіп қатысып, жылы лебіздеріңізді білдіріп жатқандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Алты қанат ақшаңқан киіз үй тігіп, әріптестердің көтеріңкі көңіл күймен мереке өткізуіне мүмкіндік сыйлаған «Шығыс-Ақпарат» басшылығына, шараның өтуіне ұйытқы болған директордың орынбасары Серік Құсанбаев пен мекеменің шаруашылық меңгерушісі Бақытбек Абдуғалиев сынды азаматтарға алғысымыз шексіз. Жаңа жылда әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін. Ұлыс оң болсын! – деді бас редактор.
Бұдан кейін сөз тізгінін ұстаған «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директоры Ирина Якунина жұртты еліміздің басты мерекесімен құттықтай келіп, қызметкерлерге мерекелік сыйақы аударғанын айтып, елді қуантты.

«Шығыс-Ақпаратта» бұрын-соңды болмаған той
Қарт қаламгер Мәуітқазы Зүкенов көпшілікке Наурыз батасын берді. Қыдыр атаның қызметін атқарған ақсақалға ұжым шапан жауып, құрмет көрсетті.
Бұдан кейін қонақтар алты қанат ақ ордаға беттеді. Аршыған жұмыртқадай аппақ орданың ішіндегі ұлттық өрнекпен әдіптелген мың бір бояу мен шым кестелер қонақтардың құмарын оятып, көз мейірін қандырды. Ұлттық үйге ағаш астаумен жеткен ақсарбастың басына ардагер әріптесіміз Шәкерхан Әзмұханбетов бата берді. Киіз үйде баппен пысқан еттің иісіне, қыстың қымызының ащы иісі қосылып танауыңды қытықтайды. Әне, көпшілік жыл бойы күткен наурызкөже де келді ортаға. Әріптестер арқа-жарқа. Бір-бірне ақ тілектерін арнап жатыр. Қазақтың қара домбырасы да қолдан-қолға өтіп, бір жасап қалды бұл күні. Алқаусыз тілектермен бойға тараған жеті түрлі дәннің қосындысы ұжымның берекесін одан сайын ұйыта түскендей…
Ақ ішіп отыр әріптестер. Ән айтып отыр олар. Өте көңілді…

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

didar-gazeti.kz

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation