Жәмила Стехликова 2007-2009 жылдарда Чехияның Адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі болды. Биыл өтетін Чехия парламентінің сайлауында үміткер ретінде тіркелді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы болатын Чехиядағы президент сайлауында да қазақ қызы жайлы есітіп қалуымыз әбден мүмкін. Елден жырақ жүрсе де қарым-қабілетімен жат елде топ жарып шыққан қазақ қызы уақыт тауып, «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген еді.
– Жәмила ханым, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын қалай қабылдадыңыз?
– Бұл жолғы Жолдаудың жөні бөлек. Себебі, жаңғыру тек экономикаға ғана қатысты айтылған жоқ. Биліктегі өзгерістер бейбіт жағдайда жүргізілуі үшін саяси институттардағы жаңғыру жайы да сөз болды. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажетті шараларды дер кезінде қабылдайтынына сенемін. Егер, ТМД аумағын алып қарасақ, экономикалық өсім және халқының әл-ауқаты жағынан Қазақстан екінші орында. Бірінші орында тұрған Балтық жағалауы елдеріне Еуроодақ көмектесіп тұрады.
– Сіздің Чехия үкіметінің мүшесі болып жүрген кездеріңіз тек чехиялықтардың ғана емес, қазақ қоғамының да назарында болды…
– Мен саясаттан қол үзген жоқпын. Мен мүше болған саяси ұйым оппозициялық партия болғандықтан, Чехия үкіметі құрамында емеспін. Қазір Еуропа мазасыз күйде. Біздің партия мигранттарды Ангела Меркель сияқты Еуропаға шақырғандықтан, халық тарапынан қолдау жағы кемшін. Басты ұстанымымыз – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің жойылып кетуіне жол бермеу.
Саясатта жүргендіктен, жергілікті тұрғындармен жиі кездесемін, өзге партиялармен де келіссөздер жүргіземіз. БАҚ-тағы саяси дебаттарға қатысамын. Соңғы кезде саясат тақырыбында деректі фильмдер түсіруді қолға ала бастадым. Фильм түсірудің ауыр екенін енді сезініп жүрмін.
– Сіз әлеуметтік желілердің чехиялық блогында белсендісіз. Тарихи Отаныңыз – Қазақстан екенін жан-жағыңыздың бәрі біледі. Сіз қазақтың жат жердегі бір қызы ретінде тарихи Отаныңызға деген көзқарасыңызды, Қазақ елінің кішкентай бөлшегі екеніңізді қалай білдіресіз?
– Менің тамырым – қазақ жерінде. Мен – қазақпын! Әкем, ағайын-туыстарым, достарымның бәрі Алматыда тұрады. Мен жат елдерде жүрсем де қазақ екенімді ұмытқан емеспін. Сол себепті, Қазақ еліндегі кез келген оқиғаға бей-жай қарамаймын.
Елден тым жас кезімде кеттім. Азаматтық болмысыма еуропалық, чехиялық құндылықтарды жылдардың өзі таңбалады. Жаныма жақыны – қазақ менталитеті екенін ешкімнен жасырмаймын. Бұл жерде қарама-қайшылықтардың болуы мүмкін емес. Қазақстан уақыт өткен сайын еуропалық құндылықтарға бет бұрып келеді. Бұл жайлы сіздерге барынша жиірек айту керек!
Мен әлеуметтік желінің – Прага, Брюссель блогынан жиірек көрінемін. Бірақ жүрегім қазақ жерінде, сіздермен біргемін. Қазақ жеріндегі әрбір оқиғаны жүрегімнің сүзгісінен өткізу – мен үшін қалыпты жағдай. Әртүрлі саяси оқиғаларға қатысты саясаткерлердің пікірін жиі оқимын.
Рас, Қазақстан жайлы аз жазамын. Себебі, «Тұрмысқа шыққан қыз шиден тысқары» деген сөз бар. Қазақ елінің ішкі саяси жағдайы билік басында жүрген азаматтарымыздың еншісінде. Ал мен Қазақстанымның геосаяси рөлі, абыройы мен беделі жайлы жиі жазғым келеді. Себебі, мұны сырт көз бірден байқайды. Мысалы, Алматыда өткен Универсиада жайлы Еуропаның, АҚШ-тың телеарналарының хабар таратқанын көрдім.
– «Саясат әйелдің қолы емес» дейтін пікірге басымдық беретіндер көп. Жұбайыңыз сіздің таңдауыңызға қалай қарады? Қазір өзіңізге, отбасыңызға көңіл бөлуге уақытыңыз бар ма?
– Жұбайым менің таңдауыма оң қарай алмады. Себебі, ертеректе саясатта бағын сынамақ болып көрген еді. Бірақ сайлауда жолы болмады. Содан ба, саясаттағы азды-көпті жеңістеріме оң көзбен қараған жоқ, саяси партиялармен келіссөздеріме, саяси дебаттарыма да қолдау білдірмеді. Себебі, олардың 95 пайызы еркектер еді. Мен министр болған кезде ажырастық. Сенесіз бе, Чехияда патриархалды көзқарас басым. Егер үйіңде кез келген зат орнында тұрмаса немесе дастарқан мен тоңазытқыш азық-түлікке толып тұрмаса, еркектер үшін ақырзаман орнағандай болады. Қазір жолдасым толерантты. Себебі, қазір менде үйге, бала-шағаға көбірек көңіл бөлетін уақыт бар.
– Әйелдердің билік басында болуы қоғам үшін тиімді деген де пікір бар. Өйткені, олар әлеуметтік бағдарламаларға қатысты мәселелерді түбірінен танитын көрінеді. Сіз бұған не дейсіз?
– Әйел мен еркектің табиғаты екі бөлек. Әйелдің табиғаты жеке басына немесе мансабына байланып қалмаған. Олар жан-жағына қалай көмектесу керектігін немесе өз міндетін абыроймен атқару жөнінде көбірек ойланады. Саяси топтарда – партиялар мен парламентте әйелдер көбірек болса, ол жердің атмосферасынан шуақ шашылып тұрады. Саясаткер ретінде айтарым, жеке мүддесіне басымдық беретін әйелдерге саясатта орын жоқ. Өйткені, әйел мен саясат – бір-біріне кереғар ұғымдар.
– Чехияда министр боламын деген тұлғаларға қойылар талап қандай? Сіз мемлекеттік құрылымдағы тәжірибеңіздің аздығынан қиналған жоқсыз ба?
– Чехияда билік баспалдақтарына төменнен жоғары қарай сайланады. Менде тәжірибе болды. Алғашқыда үкіметтік емес ұйымдарда, содан соң саяси салада қызмет еттім. Менің саяси мансабым ең төменнен басталды деп айта аламын. Әуелі партия мүшесі боласың, одан кейінгі тағдырыңды өзіңнің ерік-жігерің, содан соң партия шешеді.
– Сіздің Чехияның экс-президенті, марқұм Вацлав Гавелге деген сый-құрметіңіз жайлы оқығанмын. Дегенмен, Чехияның қазіргі билік басында жүрген азаматтарымен байланысыңыз қандай?
– Чехославакиялық, кейін чехиялық саясатта Вацлав Гавелдің тұлғасы маған көп әсер етті. Қазір ол арамызда жоқ. Бірақ мен оны ұстазым деп айта аламын. Менің оның ықпалынсыз саясатқа келу-келмеуім екіталай еді. Саясатпен айналыспақ ниетіме қолдау білдірді. Азаматтық алуыма көмектесті. Министр болып жүрген кезде де көп көмектесті. Қазір де В.Гавел көзқарасындағы саясаттанушымын. Чехияның қазіргі президенті Милош Земан Еуроодақтың емес, Қытай мен Ресей векторына басымдық береді. Көзқарастарымызда айырмашылық болса да сыйластығымыз түзу.
Біздің саяси партия Чехияның президент сайлауында өз үміткерін ұсынады. Ол үміткердің мен, яғни Жәмила Стехликова болуы да әбден мүмкін. Мен бұдан өзге ештеңе айта алмаймын. Соңғы жаңалық наурыз айының соңында, ұжымдық келісім негізінде белгілі болады.
– «Стехликоваға Қазақстанда үкіметтік блоктан қызмет ұсынылған еді. Бірақ ол келіспеді» дегенді естідім. Бұған не себеп болды?
– Журналистерден ештеңені жасыра алмайсың! Иә, ондай ұсыныс болды. Маған сенім көрсетілді. Бірақ мен өзімді оған лайықты көрмедім. Себебі, шет елде тұрамын, қазақ тілін меңгеру деңгейім тойда, мерекелерде тілек айтуға ғана жетеді. Маған ұсыныс жасалған кезде мемлекеттік тілді қызметте жүріп меңгеруге болатыны айтылған.
Мысалы, мен осыдан 10 жыл бұрын Чехияның білім министрі болу туралы ұсынысты да қабылдаған жоқпын. Өйткені, Чехияда тұрсам да чех тілін қазақша акцентпен сөйлеймін. Сайлауда біздің партия жеңіске жетіп, Чехияның Адам құқықтары және аз ұлттар жөніндегі министрі болу туралы ұсынысты қабыл алдым. Тілдегі акцентім де кедергі келтірген жоқ.
– 2014 жылы Еуропарламентке үміткер ретінде тіркелдіңіз. Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Биыл Чехия парламенті мен Чехия президенті сайлаулары өтеді. Құдай қаласа, Чехия парламентінен үміткер ретінде бағымды сынаймын. Жоғарыда айтқанымдай, біздің партия президент сайлауына да қатысады. Нақты кімді ұсынатынымыз наурыз айының аяғында белгілі болады.
– Чехиядағы қазақ диаспорасы туралы әңгімелеп берсеңіз. Олармен араласып тұрасыз ба?
– Иә, Чехияда қазақ ұлтының өкілдері баршылық. Олардың басым көпшілігі мен тәрізді жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, қалып қойған қыздар. Біз жиі болмаса да кездесіп тұрамыз. Менің Орынбордан келген қазақ құрбым бар. Қазақстанда туып-өспесе де менің қазақша тілімді жөндеуге шамасы жетеді. Содан соң жергілікті ЖОО-ны бітіріп, Чехияда қызметте қалып қойған қазақ жастары көп. Олардың көпшілігі бойдақ. Үйге келіп, әңгіме-дүкен құрады. Өте тәрбиелі балалар. Орталарындағы үлкені ретінде «үйленсеңдер келінді Қазақстаннан алып келіңдер» деймін. Менің ақыл-кеңесімді тыңдай ма, жоқ па, білмеймін. Жүрекке әмір жүрмейтінін өз тағдырымнан білемін ғой…
– Чехиядағы қазақстандық дипломатиялық корпус өкілдерімен араласып тұрасыз ба?
– Әрине. Қазақстанның Чехиядағы елшісімен жиі кездесіп тұрамын. Біздің ортақ жобамыз бар. Ол жоба Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлер жайлы мәліметтер жинау, олардың туысқандарын іздестіру ісіне байланысты.
– Қазақстанда достарыңыз бар ма?
– Менің елде достарым көп! Олар – Мұрат Әуезов, Қазбек Бейсебаев, Айдос Сарым, Асқар Құмыран, Мұрат Нұғманов… Елге барған сайын бір-бірімізбен сағынысып көрісеміз.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист
АЛМАТЫ
egemen.kz