Бас ауырып, балтырымыз сыздаса баратын жеріміз біреу ғана. Дертке дауа іздеп емхана жағалаймыз. Бірақ, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», дегенді көп ескере бермейміз. Тіпті, жұқпалы ауруларға алдын ала жасалатын екпелердің өзін елемейтін болдық. Мәселен, біздің елде 21 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу үшін жыл сайын 8 миллион адамға екпе егілуі керек екен. Алайда, соңғы кездері бұл шарадан бас тартатындардың қатары көбейген. Алаңдаған ақ халаттылар енді еліміз бойынша екпеден бас тартқандардың арнайы тізімін жасауға көшпек. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстан отандық медицинаны еуропалық талаптарға ұқсатуы тиіс. Сондықтан, биылдан бастап дәл осы салаға түбегейлі жаңа реформа жасалды.
Міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру. Ұлт жоспарына сай құрылған қор халық игілігі жолында қызмет атқармақ. Жаңа жүйені таныстыру мақсатында аудандық кітапханада кітапхана қызметкерлері аудандық емхана меңгерушісі Фарида Сәкенова, аурухананың бас дәрігері Серікжан Арынов және рентгенолог дәрігер Нұрсұлтан Әуелбаевпен кездесті. Кездесу барысында жаңа реформаның артықшылықтары мен мақсаты, міндеті сөз болып, кітапхана қызметкерлері тарапынан болған сұрақтарға ақ халаттылар жауап берді. Сондай-ақ, жиында денсаулық сақтаудың маңызды факторы дұрыс тамақтану екені айтылып, әр адам өз өміріне, денсаулығына аса ұқыптылықпен қарағанда ғана аурудың алдын алуға болатыны жайлы сөз болды.
Кездесу барысында аудандық аурухананың бас дәрігері С.Арынов: «Жұмыссыз және әлеуметтік қорғалатын азаматтар үшін мемлекет жарна төлейді. Жұмыс берушілер жұмыскерлері үшін, жұмысшылар өздері үшін міндетті жарналар аударады. Жұмыс берушілердің аударуы тиіс міндетті жарналары кірістің бес пайызын құрайды. Бірақ, бұл көрсеткіш біртіндеп енгізілмек. Яғни, 2017 жылы екі пайыз, 2018 жылы үш пайыз, 2019 жылы төрт, 2020 жылдан бастап бес пайыз аудару қарастырылған. Бұл аударымдар корпоративті табыс салығын есептегенде шығарылады. Жарнаның жұмысшыларға арналған түрі кірістің екі пайызын құрайды. Жарна аудару 2019 жылы басталады және алғашқы жылы еңбеккердің табысынан 1 пайызы ғана аударылады», – деп жаңа жүйенің жұмысын осылайша түсіндірді.
Бұл жүйе денсаулық сақтау саласын дамытып, медициналық көмектің сапасын арттыруға, тіпті, азаматтардың өмір жасын ұзартуға оң ықпалын тигізері сөзсіз. Ең басыты, адамдардың өзінде өз өмірлеріне деген жауапкершілк басым болуға тиіс.
Әлия ТАУКЕНОВА,
Баянауыл.