Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Бекзат болмыс

Бекзат болмыс

Адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, көмек қолын созуға дайын тұратын жандар, ол – дәрігерлер. Кез-келген науқастың көңіл-күйіне, ем алуына аса ұқыптылықпен қарап, жылы сөзін айтудан жалықпайтын қасиет те ақ халаттыларға тән. Күнделікті күйбең тіршілікке қарамастан алдына келген әрбір науқастың қасынан табыла білетін дәрігерлер мақтау мен мадақтауға қашанда лайықты. Шындығында да үстіне киген ақ халаттарындай жүректері де таза, пейілдері де ашық, көңілдері кіршіксіз жандарға көптің айтары тек алғыс болар. Елдің ерекше ықыласына бөленген  аяулы жан біздің арамызда да жүр.

Райымқұлова Балжан Әкебайқызы 1947 жылы Ақтоғай ауданы, Коминтерн совхозында дүниеге келген. Өскен жері Ақкөл совхозында мектептен білім нәрімен сусындап, сауатын ашады. Әкесі Әкебай сауатты адам болған. Азан шақырып қойған аты – Ғабділкәрім. Семейдің педагогикалық семинариясында білім алған. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оқуын тәмамдай алмаған. Ескіше сауатты, есепке жүйрік жан болған. Әкесінің өз жұрты да аузы дуалы би, шонжар болмаса да діни сауатты, көзі ашық, оқыған азаматтар болған. Анасы – Бәтима үй шаруасындағы жан болса да балаларына білім мен тәрбиені қатар ұйыстырудан кенде қалмаған.

Жасынан білмекке құмар өскен Балжан Райымқұлова 1965 жылы ауыл мектебін күміс медальмен бітіреді. «Қайрат пен ақыл жол тауып», сол кездегі астана Целиноград қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. 7 жыл дәрігерлік мамандықтың қыр-сырымен толық танысып, 1972 жылы дәрігер дипломын алған Б.Райымқұлова білікті маман болудың жолын нықтап түседі. Сөйтіп, алғаш еңбек жолын Екібастұз қаласынан бастайды. Алдымен учаскелік дәрігерлік мансаптан бастап, парт.кабинет дәрігері болып қызмет атқарады. Қызметке деген адалдығы мен қажыр-қайраты оны емханада бас дәрігер, Екібастұз қалалық медициналық бірлестік бас дәрігерінің орынбасары лауазымына жетелейді. 1990 жылға дейін жиырма жыл көлемінде сол қалада білімі мен біліктілігін шыңдайды. Осы қалада жүргенінде нефролог, кардиолог мамандықтарын алып, инемен емдеудің де дайындығынан өткен. Москва, Лениноград, Новокузнецк, Минск қалаларында біліктілігін шыңдаған дәрігер тәуелсіздік алған жылдарға дейін Екібастұз қаласында халық қалаулысы, елдің ардақтысы ретінде қызмет атқарды. Қажыр, қайратын ел игілігі, ұлт саулығы жолына жұмсады.

Адам бойындағы жақсы қасиеттерді тізбектегенде оның бойындағы артықшылықтары ойға оралары хақ. Балжан Әкебайқызының елге ұнамды қасиеті – шынайылық пен мейірімділік. Есіктен күле қарсы алған асыл әже сұхбат барысында жылы жүзімен мейірлене жауап қатты. Осы орайда Сүйінбай Аронұлының мына бір өлең жолдары ойға орала береді:

Жақсы адам – елінің серкесіндей,

Халқының қалын жүндей көрпесіндей…

Жақсының айтқан сөзі тиянақты,

Түйенің аумайтұғын өркешіндей,

Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,

Жасынан бірге өскен еркесіндей.

Бекзат болмыс, тектілік адамды қашанда биік көрсетеді. Биіктігі де, тереңдігі де, кеңдігі де бір басынан табылатын жандар жеткілікті. Жүрген жеріне шапағатын сеуіп жүретін, халық даналығындағы «Жақсы адам жай келеді, жан-жағын байқай келеді» дегендей, қасиетке ие жаны жайсаң жан, жақсы адам, қоғамның, заманның қаһармандарының бірі де бірегейі – Балжан Әкебайқызы.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді кешегі Алашорда көсемі Ә.Бөкейханов. Майда сөз емес, жауапты ісімен, адал ниет, ақ пейілімен адам жанашыры бола білген Балжан Райымқұлова: «… бастысы, адамның жанын шын түсіну», – дейді. «Көлгірсуге жол берілген жерде кісілікке орын жоқ» демей ме?! «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап», кісілік қалыптан танбай, адал жүріп ақ тұруды біздің кейіпкер өмірлік ұстаным ретінде қолданады. «Екінің біріне бұйырмайтын, адамның адамына ғана, соның жүрегіне ұя салатын қымбат қасиет – кісілік» болса, бұл қасиет те Балжан апамыздың жүрегінен орын алған.

Екібастұз қаласында 1990 жылға дейін жемісті де жеңісті қызмет еткен ақ халатты абзал жан Баянауыл ауылына ауысады. Жастық пен жалтақтықтан ада батылдық, кір шалмас таза пейіл, жақынын жатсынбаған жанашырлық оны «Денсаулық саласының үздігі» қатарына қосты. 2007 жылға дейін қызмет атқарды. Кеңес өкіметі кезіндегі тоқырау, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы денсаулық сақтау саласындағы келеңсіз жағдайлар мен маңызсыз рефомалар қызметке қаншалықты зиян келтірсе де, оның ешбіріне мойынсұнбай қайсарлық танытудың өзі батылдық, қызметке деген адалдық деп білеміз.

Замана көші байсалданып, баянды ғұмыр кешкен сайын түрлі өзгерістер мен жаһандық жаңалықтар әр салада көптеп кездеседі. Тың серпін, жаңа реформалар денсулық саласын да айналып өтпеді. Жақсы мен жаман, ақ пен қараның қатар жүретіні сияқты, бұл жаһанданудың да ұнамсыз жақтары жоқ емес. Технология мен техниканың қарыштап дамыған заманы адам ауруларын басқа қырынан танып, басқаша форматта емдік шаралар қолданылады. Осы орайда, емдеймін деп асқындырып, жақсартамын деп жабықтырып алып жатқандаймыз. Бұл тұрғысынан Балжан Райымқұлова денсаулық сақтау саласындағы стандарттық жүйеге қарсы екенін білдірді.

– Медицинаның ғылыми дәрежесі ол кезде сондай шарықтап тұрмаса да қарапайым халыққа тегін медицина қолжетімді болды. Ауыр қызметте жүрген қарапайым жандарға сауықтыру орындарына тегін жолдама беріліп, еңбекақысын сақтап жеңіл жұмысқа да жіберетін. Бүгінгі таңда ондай жеңілдіктер қарастырылмаған. Одан бөлек, медицинада стандартты жүйе қалыптасқан. Науқастың тек бір ғана ауруына емдік шараларды қолданады. Ал, басқа да тексеру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл денсаулық сақтау саласындағы күрделі реформалардың бірі. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. “Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды” демей ме, сол сияқты, адамның бойында бір аурудан басқа қосымша дерттері де болуы мүмкін. Ал, ол бүгінгі таңда ескерусіз қалып жатады, – деп күйінді.

Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғысын арқалаған аяулы жан өз ісінің шебері ғана емес, білікті басшы, асқан ұйымдастырушы да болды. «Адамның жазылып шығуына сен аздап болса да себепші болсаң, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмегіңді тигізсең, адамның сеніміне ие болсаң, одан асқан бақыт жоқ. Дәрігер ең алдымен, адам жанына терең үңіліп, ішкі сырын, жан дүниесін сезетін шебер психолог бола білуі қажет. Адам организмі күрделі нәрсе. Оны толық емдеп шығып, білікті маман болмаққа ізденіс керек», – дейді білікті маман.

10 жылдан бері зейнеттік демалыста отырған абзал жан болашақ дәрігерлердің бойында ең алдымен, науқасын емдеп жазамын деген шынайы сезім болуы керек дегенді алға тартты. Түгесілмес, түңілмес төзім, шын мейірім мен жанашырлық Балжан Әкебайқызының жұмыстағы да тұрмыстағы да адастырмас серігі. 35 жыл ұлт саулығы жолында аянбай қызмет еткен асыл әже бүгінгі күні елінің амандығы мен ұрпақ саулығының тілекшісі.

Әлия ТАУКЕНОВА.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation