Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Наурыз тойы – ел тойы

Наурыз тойы – ел тойы

Ұлыстың ұлы күні Баянауыл баурайында ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Самарқанның көк тасы жібіген күнді баянауылдықтар ерекше мейіріммен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Мерекелі жылды берекемен түйіндеген жұртшылықтың бойында ұлттық рух асқақтады. Сәні мен салтанаты жарасқан ұлттық нақыштағы мереке халықтың қуанышын еселей түсті.

Мерекелік нақышты, ұлттық құндылық пен думанды тойды тамашалауға асыққан жұртшылық орталық алаңға жиналды. Қаһарлы қыстың қыспағынан аман шығып, жаңа жылдан жақсылық күте жиналғандардың көңілі – көл, пейілі – кең. Барлығы мерекелік көңіл-күй құшағында. Ұлы халықтың рухы үстемдік еткен болар, күн де қытымыр мінез танытпады. Табиғат-ана бар мейірімін төккендей әсер қалдырды.

Мерейлі елдің мейманасын тасытқан мерекеде орталық алаңда тоғыз киіз үй тігілді. Құдды бір кешегі көшпенділер мәдениетінің ордасы іспетті. Әрбір қазақ үйі кешегі алаш азаматтарының атымен аталған. Әр ауыл «ұзын сарыға« сақтағанын асып, қазан көтерген. Дастархан аққа толы, қазақтың өзінің дархандығы мен кеңдігін, қонақжайлығын, шын пейілін осы дастарханнан-ақ аңғаруға болады. Жайдары көңілмен жайсаң жұртқа ұлы күннің басты тағамы наурыз көже үлестіріліп жатыр. Аудандық Мұса мырза мешітінің бас имамы Саян Арыстанбекұлының демеушілігімен мейрамға жиналған халық палаудан дәм татты. Салтанатпен сап түзеген мерекелі алаңда қазақ үйлері ерекше көз тартады. Ат үстіндегі серілер, ұлттық киімдегі бүркітшілер, тазысын ерткен жігіттер, алтыбақанда тербелген бозбала мен бойжеткен, ақ кимешек киген әз аналар, барлығы дерлік көне мәдениетіміздің, ұлттық құндылығымыздың жәдігеріндей.

Алаң мәз-мейрам халыққа толы. Күлімдеген күн мен ашық аспан астында «Наурыз» әні шырқалып, армандар мен ыстық ықыласты, мәртебені көкке өрлетіп тұрғандай. Базары қайнаған жайнаған бай далада мейірлене, жылы жүзбен сәлемдескен жандарды, немересін ерткен ақ жаулықты әжелерді, «ақ мол болсын» деп тілек тілеген қарияларды көріп бір марқайдық. Дүбірлі той қазақ үйлерінің байқауынан бастау алды. Аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов бастаған топ әр ауылды аралап, ұлыстың ұлы  күніне арнайы жайылған ақ дастарханнан дәм татып, әр ауылдың мерекелік көрінісін, думанын тамашалады. Әр ауыл өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсті. Әрбірі дәстүр, салтты нақышына келтіре, еш өзгеріссіз көрсетіп, қазақы қонақжайлылықтың озық үлгісін көрсете білді. Киіз үйлердің сәні тіптен ерекше көз тартады.

Орталық алаңдағы «Наурыз думан» атты мерекелік шараның шымылдығын танымдық, тағылымдық мәні зор театрландырылған көрініспен ашты. Алаңмен сахна ретінде, ұлттық нақышта безендірілген жүк көлігі жүріп өтті. Көпшілік күтпеген керемет ойластырылған дүние. Көлік үстінде ақ дастархан басындағы аталар мен әжелер ақ батасын берді. Дәл сол көліктің үстінде Гүлдария Шахметова «Қазақы дастархан» әнін нақышына келтіре орындап дүйім жұртшылықты өздеріне қаратты. Іле қазақы нақыштың ізін суытпай, әуезді әннің үнін алшақтатпай дәстүрлі әншілер сахна төріне шықты. Көмейінен күміс төгілген әншілер Жарылғапбердінің әні «Ардақ», Жаяу Мұсаның «Баянауыл», Майраның «Майра» әндерін асқан шеберліпен орындап шықты. Соңынан «Баян сұлу» би ұжымы әуезді әнді бимен көмкерді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, дархан дала төсін мейірімге, молшылыққа бөлегендей әсер қалдырды. Ұлттық  киімдегі он өнерпаз өрендер сахнаға шығып, домбыраның құлағында ойнады. Күмбірлеген күй кешегі ұлттық мәдениет пен құндылығымызды жайып салғандай.

Ұлттық өнердің озық үлгілерін асқан шеберлікпен, бар көркемдік келбетімен келісті көрсете білген өнерпаздар той тізгігін бүркітшілерге берді. Ауданда құсбегілік спорт түрі жақсы дамыған. Баянауыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде құсбегі спорт түрімен он адам айналысады. Жаттықтырушы Иманзайып Тасыбаев бастаған құсбегілер жүйрік ат мініп, қолдарына бүркіттерін ұстап жиналған жұрттың мәртебесін өсіріп, мерейін тасытты.

Биылғы жыл Алаш орданың 100 жылдығымен ерекшеленгені жалпақ жұртқа мәлім. Ұлыстың ұлы күнінде алаш арыстары елеусіз, ескерусіз қалмады. Ұлт көшбасшылары, алаш айбындылары туралы театрландырылған әдеби-сазды көрініс көрсетілді. Алаштың бес арысы ұлттың ұлық мүддесін өлеңмен жеткізді. Осыдан кейін төбелі төрге көтерілген аудан әкімі Оразгелді Әліғазыұлы аудан жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Наурыз – ғасырлар қойнауынан келе жатқан төл мерекеміз. Ол тек Жаңа жылдың басталуы ғана емес, табиғаттың қайта түлеуінің, мейірімділік пен өзара түсіністіктің, құрмет пен сыйластықтың айрықша белгісі. Көктемнің осынау шуақты мерекесінде баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақыт және ортақ Отанымыз Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеу жолындағы еңбектеріңізге зор табыс тілеймін, – деді аудан басшысы.

Киіз үйлер арасында өткен байқау қорытындысы жарияланып, аудан әкімі марапаттарды табыс етті. Наурыз мерекесіне орай өткен қазақ үйлерінің сайысында жүлделі үшінші орынды Әміре Айтпақин ауылы (Баянауыл агра-техникалық колледжі) иеленді. Жүсіпбек Аймауытов ауылы (ауданның ішкі саясат және білім бөлімі, Жаяу Мұса атындағы өнер мектебі) екінші орынды қанжығасына байлады. Ал, Бас жүлдені Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылы (Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаты) жеңіп алды. Қазақы нақышты дәл көрсетіп, ұлттық дәстүрді ұлықтап жеткізе білген өзге ауылдар номинацияларға ие болды. Атап айтсақ, «Үздік безендіру» номинациясы – А.Байтұрсынов ауылы (З.Ақышев мектебі), «Ақ дастархан» – Ә.Бөкейханов ауылы (Баянауыл № 2 мектеп), «Ұйымшыл ауыл» – Қ.Кемеңгеров ауылы (кәсіпкерлер), «Көңілді ауыл» – Ә.Сәтбаев ауылы (Баянауыл табиғи ұлттық паркі), «Өнерпаздар» – М.Дулатов ауылы (Баянауыл ауылдық округі).

Марапаттау рәсімінен кейін «Беу, жігіттер» халық ансамблі А.Баязитовтың «Наурыз» әнін әуелете шырқады. Дархан дала төсінде, дүбірлі мерекеде ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар көпшіліктің делебесін қоздырып, мереке шырайын үстем ете түсті.

Самарқанның көк тасы жібіген Ұлыстың ұлы күні, Наурыз мейрамы аудан орталығында осындай салтанатпен сән құрды.

Әлия ТАУКЕНОВА

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation