Елбасы Н.Назарбаев латын әрпіне көшуді 2025 жылға дейін созбай, мүмкіндігінше жеделдету керектігін үкіметке тапсырғаны мәлім. Бұл бағытта қазір арнайы институттар мен ғылыми орталықтар қызу жұмыс істеп, өз ұсыныстарын жасап жатқан болар. Десе де, қоғам көкейінде түрлі сауалдар да жоқ емес. Өйткені, осы мәселе сөз болғалы түрлі болжамдар да көбейіп кетті. Бір әліпбиден екіншісіне ауысудың өзіндік түйткілдері туындамай тұрмайтыны анық. Ең басты алаңдаушылық – «Латынға өтуде қай жолды таңдаймыз?» деген сұрақ. Осы өзгерістерден неғұрлым жеңіл әрі артық әуре-сарсаңсыз өту, әсіресе, тіл мамандарының белсенділігі мен сол жауапкершілік жүктелген жұмыс комиссиясының ыждағаттығына байланысты.
Сол үшін латын әліпбиіне көшу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстармен халық хабардар болып отырғаны абзал. Қоғам талқысына түскен нәрсе одан сайын толыса түседі. Осы орайда әйгілі математик Мұхтарбай Өтелбаев бастаған бір топ ғалымның латын әліпбиіне көшу мәселелерін саралаған еңбектерін жариялаудың сәті келіп тұр. Бір қызығы, ұсыныс жасап отырған ғылыми орта бұл тақырыпты – Қазақ-Латын әліпбиін техникалық деңгейде стандарттап, Қазақ-Латын волапюгі – транслитерациялық техникалық нұсқа ретінде енгізуді өткен ғасырдың 90-жылдары ортасында қолға алыпты. Айтулы академиктердің ұсыныс-нұсқасымен таныс болыңыздар.
«Жерұйық» порталы
ҚАЗАҚЫ ЛАТЫН ГРАФИКАСЫН ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
Алғысөз. Қазіргі кезде алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен төл тілімізде Іnternet, E-maіl, Жерсеріктік-сандық теледидар, Телеграф-Телетайп жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымыз барған сайын күрделене түсуде. Мемлекетаралық елшілік қатынастардың хаттама желісі мемлекеттік тілде – төл тілімізде бір жүйеге түсуі екіталай болып тұр. Тіптен, өз ішіміздегі мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару және оқу, білім беруісін мемлекеттік тіл аясында өркениетті түрде жаппай компьютерлендіру мүмкін болмай отыр. Осы жағдайаттарды ескере отырып, ұсынарымыз әбден сұрыпталған қазақша техникалық латын графикасының нұсқасы. Соны стандарттап, «техникалық» нұсқа ретінде алуымыз қажет!
Кіріспе. Бұл мәселені талқылауды 1994 жылы бастап, он жылдай уақыт өткен соң 2004 жылы доғарып қойған едік. Бұл іске әрқилы салалардың мамандары атсалысып жүрді. Бүкіл еліміздің жер-жерінде басталып, Алматыда шиырыла түскен бұл үрдіс жаңа елорда Астанада заңды жалғасын тапты деуге әбден болады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2001-2004 жылдарыаралығында жаңа латынхарпіне негізделгенәліпбиді таңдауға бағытталғанмамандардың бірнеше алқалы жиындары өтті, солардың ішінен университетте ұйымдастырылған екі бірдей «Дөңгелек үстелді» бөле-жара айтуға болады. Оның бірі 4.03.2001 күні өтсе, екіншісі 14.02.2002 күні өткізілді. Солардың арасында тағы да сол университетімізде 2001 жылдың18-19 мамырында өткенҚазақ Республикасының 10-жылдығына арналған халықаралық «Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер»ғылыми-теориялық конференциясында М. Өтелбаевпен Д.Ә. Әубәкір жасаған»Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені» аттас баяндамасы радио арқылы бүкіл Республикамызға таратылды. Бұл баяндамада да қазақы латын әліпбиінтаңдау мәселесі сөз болған еді.Сайып келгенде, төл тіліміздің мемлекеттік мәртебесін кәсіби ортада, техника мен технологиядаөзіне тиесілідеңгейіне көтеру жолдарын таңдау үшін мынадай шешім қабылданған:
Қазақ әліпбиі етіп кирилдік алфавитпен қатар латын харпін қолдана бастау қажет; бес-он жыл өткенше таңдалған латын жазуын компьютерлік және техникалық байланыс жүйелерінде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен Іnternet, E-maіl жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейде, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару және оқу, білім беру ісінде қолдана тұрған дұрыс деп табылсын!
1. Латынға негізделген қазақ әліпбиін таңдаудың талаптары
Бұл істе таңдаумыз – екі жол болмақ:
1) Латынхарпінетүпкілікті көшу;
2) Кирилдік әліпбиде қалып қою.
Бұл екі жол – біздің таңдар жолдарымыздың «ең шеткілері» – деп есептей отырып, «ортаңғы»– «күре тамыр» жол іздесек қалай болар екен? Мысалға:
3) Кирилдік әліпби мен қазақша техникалық латынды қатар пайдаланайық.
Түпкілікті таңдауды болашақтың құзырына қалдырайық.
Енді осы «күре тамыр» жолды былайша тарқатып көрейік:
3-а) Компьютерде, компьютер жиі қолданылатын жүйелерде, алыс-жақын шетте жүрген қандастарымызбен Іnternet, E-maіl, жерсеріктік коммуникацияларда, теледидар, телеграф, телетайп жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасуымызда, яғни елшілік жүйесіндегі мемлекеттік деңгейдеқолдана тұрған дұрыс деп табылсын; өзіміз таңдап бекіткен ағылшын таңбаларын қазақ-латынтранслитерациялық таңбалар жүйесі ретінде, яғни «волапюк» рөлінде қолданайық.
3-ә) Мектепте төменгі сыныптардан бастап латиницаны үйретейік (ағылшын тілімен бірге). Қазақ сөздерін ағылшын әріптерімен жазуды ойын ретінде (компьютердегі ойын ретінде) үйрете бастайық.
3-б) Қазақ-латынтранслитерациялық таңбалар жүйесін қазақ тілінің компьютерлік-мағлұматтық және байланыстың техникалық және мемлекеттікқызметпенмемлекеттік басқару ісінжүргізудегі жазба таңбалары деп қабылдайық.
3-в) Басқа жағдайларда кирилицаны әзірше қолдана берейік.
Осыдан кейін «әліптің артын» бағайық. Болашақ ұрпақтарымызға өздері біржола түпкілікті таңдауын жасап алуына мүмкіндік қалдырайық.
Қазақ-латынтранслитерациялық таңбалар жүйесі бола ма, әлде қабылдануға тиіс әліпбидің өзі бола ма, әйтеуір ауыстырмас бұрын терең зерттеп, мұқиат таңдауды талап етері хақ. Бірақ, әліпбиге қарағанда транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдаудың «жарасы жеңіл» болады-ау деп пайымдаймыз, өйткені транслитерациялық таңбалар жүйесін қазірдің өзінде аса көп ойланбастан қабылдай тұрып, кейін уақыты келгенде оны әбден жетілдіріп, түрлендіріп, өзгертетін жерлері болса түзетіп, түпкілікті әліпбиге айналдырып алуға болады ғой демекпіз. Себебі, бүгіндері қазақ тілінің дыбыстық жүйесі тыңғылықты түзілмей отыр [1], оны жүйелеу үшін уақыт қажет. Ал транслитерациялық таңбалар жүйесін мемлекеттік деңгейде стандарттап алу – уақыт күттірмейтін шараға айналатын күн туып тұр!
Енді осы транслитерациялық таңбалар жүйесін таңдау жайында біраз ой саралап көрейік.
Латын әліпбиіне көшетін болсақ, оны тиімдірек атқару үшін кем дегенде мына екі талап-қағиданы ұстану қажет деп білеміз:
Іқағида:Техникалық әліпби тек қана ағылшын таңбаларынан тұруы қажет, яғни қабылданатын әліпбиде ағылшын тіліне арналған латын әліпбиінен басқа әліпбилердің таңбалары болмауға тиіс, және де әріптердің орналасу реті ағылшын тіліндегідей болуы тиіс.
ІІқағида: Қазақ тілінде сөздер естілуімен жазылады; осыған мейлінше жақын халықаралық деңгейде орын алып отырған латын әліпбилік таңбаларын транскрипциялық оқу – ауызша айту жүйесін өз тілімізге оңтайлы етіп алуға жол ашылуы тиіс. Демек, балалар бүлдіршін жасынан бастап ағылшын әліпбиін екі тіл үшін (қазақ, ағылшын) бір ғана рет жаттап үйренгені дұрыс болар еді.
3. Әлімхан Жүнісбек тәлімінен кейінгі жаңа нұсқа
Белгілі тіл маманы ӘлімханЖҮНІСБЕК ағамызбен соңғы бірер жылдай жақын танысып, ол кісінің латын графикасына төл тілімізде көшу-көшпеу туралы пайымдауларымен етене танысқаннан кейін, ұсынылып отырған нұсқамызды қайта қарамасақ болмайтын сыңайлы. Ағамыздың өзі де қазақ тіліне лайық латын графикасын жасау жолына түскенін де құлағымыз шалып қалды. Енді сонысын көрмей тұрғанда (яғни ағамыздың мысы баспай тұрғанда) біз өзіміздің жоғарыда ұсынған Xнұсқамызғабіраз өзгерістер енгізіп,XIнұсқа ретінде ұсынбақпыз. Осы 2-Кестеде көрсетілген жоба 1-Кестедегінің жаңа түрі.
4. Таңдалған нұсқалардың ерекшеліктері һәм авторлар шешімі
4.1. XI нұсқаныңерекшеліктері (техникалық немесе түбегейлі нұсқа)
1-ші: латынның “H”, “h” харіптерімен қазақ әліпбиінің “Ң”, “ң” әріптерін таңбалауға ұйғардық; тиісінше қазақ тілінде үш-төрт сөзде кездесетін “Һ”, “һ” тиісінше “Х”, “х” алмастырылды деп есептелетін болсын: қаһар – қахар, жауһар – жаухар, қаһарман – қахарман, жаһан – жахан;
2-ші:латынның “C”, “c” харіптерімен қазақ әліпбиінің “Ш”, “ш” әріптерін таңбалауға ұйғардық; бұл өз кезегінде “Щ”, “щ” әріптерін орыс тіліндегідей 4 латын харпімен shsh емес екі-ақ харіппен cc деп жинақы белгілеуге жол ашады: accy, tuccy, kecce, pecci т.с.с.;
3-ші: латынның “W”, “w” харіптерімен қазақ әліпбиінің “У”, “у” әріптерін таңбалауға ұйғардық; бұл шешімнің мәнісі арнайы негіздеуді қажет етпес;..
4-ші: қазақ тіліндегі фонемнің ұяң айтылуын ә, өекі дауысты дыбысының латыншасына латынның “i” харпiн қосақтау арқылы, ал фонемнің жуан айтылуын б, к, п екі дауыссыздыбысының латыншасына латынның “h” харпiн қосақтау арқылы қамтамасыз етуді ұйғардық: 2-3-Кестесін қараңыз! Төл тілімізде і дыбысы жоғарыдағы үш ұяң дауыстыларға, ал ң дыбысы жоғарыдағы екі дауыссыздарға ешқашан жалғаспайтынын ескердік бұл жерде;
5-ші:тіліміздегі сингармонизм заңына сәйкестікті ескеру мақсатында и дыбысын ұяң-жуан айтылуларына қарай екі түрлі латынша қосарлы харіптеуге ұйғардық: 2-2-Кестені қараңыз!
ӘлімханЖҮНІСБЕК ағаның төл тіліміз жәйлі зерттеулері мен айтқандары іс жүзіне асатын болса, яки осы күнге дейін стандарттауға көнбей келе жатқан қазақ тілі фонемасы мен графемасы жүйеленіп, өз стандартын алатын болса, онда солай жаңғырған төл тіліміз үшін түбегейлі латын графикасына көшу заңды түрде қолға алынар еді. Міне, осындай жағдай үшін біз XIнұсқаны ұсынбақпыз. Әлбетте, ағаның өзі де дайындаған қазақы латын әліпби нұсқасы бар болар, онда ештеңе етпес,- салыстыра отырып, түбінде бір шешімге келерміз.
6-шы: Төл тілімізде 28 дыбыс қалады – 9 дауысты: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө және де 19 дауыссыз: Б [бы], Д [ды], Г [гі], Ғ [ғы], Ж [жы], З [зы], Й [ый], Қ [қы], К [кі], Л [ыл], М [мы], Н [ны], Ң [ың], П [пы], Р [ыр], С [сы], Т [ты], У (w) [ұу], Ш [шы]; мұндағы дыбысталу ЖҮНІСБЕКШЕ алынды; сондықтан қазақы латын әліпбиін құрастыру – осы дыбыстарды латын графикасында өрнектеуге барып тіреледі; ағылшын латын әліпбиінде 26 таңба; олай болса 2 таңба жетіспейді; бұл проблеманы шешу жолын 2-1-Кестеде Xнұсқадағыдай көрсетіп отырмыз;
7-ші: Тілімізге жетпіс жылдай қызмет істеген 11 дыбысты 2-2-Кесте мен 2-3-Кестеде көрсетілгендей екі топқа бөліп, транслитерациялық таңбалар жүйесі («волапюгi») ретінде пайдалануды ұсынамыз; осында бір ескеретін жай: біз орыс-латын «волапюгiн» азғана өзгертіп алғанды жөн көріп отырмыз, оның и мен щ дыбыстарына қатыстысебебін біз жоғарыда айттық; ал 2-3-Кестесіндегі 3 дыбыс орыс тілінің төл дыбыстары болғандықтан оларға латынның қосарланған харіптерін өзімізге таңдауға тура келді;ф дыбысы ағылшын тілінде дәл осылай ph дифтонг ретінде саналады;
8-ші:2-1-Кестедегі ә мен ө дыбыстарын белгілейтін латынның қосарлылық таңбасындағы екінші і харпініңтүсіп қалатын жағдайлары тіл мамандарымен бірігіп шешілетін болады.
9-шы: 1929 жылғы қазақ тілінде қабылданған латын әліпбиінде “Қ”, “қ” әріптерін латынның “Q”, “q” әріптерімен таңбалаған, бұл нұсқаға келісуге болар еді (кдыбысына kқалдырып!), бірақ ол сонша қағидалы шешім болмас.
10-шы: 2-1-Кестедегі “Ә”, “ә” мен “Ө”, “ө” әріптерін белгілеуге дәл осылай жазылатын халықаралық дыбыс-транскрипция таңбаларын (ДТТ) алсақ болар еді, онда 2-кестеге 27-і, 28-і екі жол қосылып, 2-1-кесте қажет болмайды. Бұл шешімнің тағы бір пайдасы латын-қазақ мәтіндері бірден мен-мұндалар еді.
Шынайы көңілімізбен ескертпе ретінде айтарымыз (бұл идеяны алғаш айтқан академик МұхтарбайӨтелбаев ағамыз): осы соңғы техникалықXнұсқаныһәмтүбегейліXIнұсқаны қазақ тілі үшін латын әліпбиін жасасуға араласып жүрген барша әріптестеріміздің атынан жариялап, ол қабылдана қалған күнде оның авторы ретінде солардың баршасын қамтитын ұжымдық топ есептелсін!(Жоғарыда аттары аталғандармен бірге: Ахмет Жанділда,Әбдуәли Қайдар, Әлмағамбет Төрехан, ӘлімханЖүнісбек, Бәтен Төрехан, Гүлсім Бөлеген, Дәуренбек Әубәкір, Жанат Аймағанов, Жанбек Уатай, Жәкебай Бапыш, Исламбек Томай, Кеңесбай Мұсаұлы, Күнсұлу Ерғалиева,Мұрат Алтай, Мұрат Жұрынов, Мұрат Хасенов, МұхтарбайӨтелбаев, Нариман Айтхожин, Серік Ерғали,Табылды Қайыповтағы да басқалар.
Бұл мамандар жасаған әліпби нұсқаларының кейбірін мына жинақтан көруге болады: [3].
Әлбетте, транслитерациялық таңбалар жүйесін -қазақ-латын “волапьюгін” қабылдаған күннің өзінде, тіліміздің емлелік нормаларының кейбір тұстарын қайта қалыптастыруға тура келетіні айдан анық. Мысалға, қазақ тілінде сингармонизм заңына сүйенетінін оңтайлы пайдалану көп ретте латын харіптерін пайдаланып жазуда жеңілдетілген ережелерге әкеліп тіреуі әбден ықтимал.
Тағы бір ескеретін жәйт мынау: латынша қосарланған қазақ дыбыстарының қосарлылығы жоғалатын жағдайлар адам үшін ғана алғашында қиындық туғызуы мүмкін, бірақ компьютерлік-ақпараттық жүйелерде бұл жағдайды оп-оңай шешіп алуға әбден болады.
Қорытынды тұжырым. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халықтары Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ тілінде латын қарпіне көшетін уақыт жеткендігін, ол үрдіске барша Қазақстан халықтары зәрулі екенін ашықтан-ашық жариялаған болатын. IT-технология, соның ішінде Internet, E-mail, MS-Office, Windows, Unix, E-commerce, E-money, 1C-бухгалтерия, Web-banking секілді дүниелер адам өмірінің күнделікті қолданылатын кәдесіне айналуда. Осынау заманауи дүниелермен бүгінгі жоғарғы санатты техникамен байланысты мамандар осыдан он-он екі жыл бұрын-ақ дабыл қағып, қазақ тілінде латынның техникалық нұсқасын стандарттауды ұсынған болатын. Бірақ кейбір зиялыларымыздың жалған қорқытуларының кесірінен, яки – латынды қабылдасақ, кирилде жасалған бүкіл игіліктерімізден айырылып қаламыз – дегендей лаж айтулары осы үрдісті тығырыққа тіреп қойды. Соның нәтижесінде бүгіндері ӘДК (СИК) қазақша латындалмайтын болды, төл құжаттарымыз қазақша-латынша төте жазылмайтын болды т.с.с. келеңсіздіктер Елімізді әлем алдында ұятқа соқтырып отыр. Ұят емей – немене – «Қазақстан» сөзі және басқа да әлемдік қарым-қатынас деңгейінде ағылшынша жазылып оқылуға міндетті қазақ сөздері – жер-су аттары, адам аты-жөні мен тегі осы күнге дейін орыс-латын транслитерациялық әріптік таңбалармен ағылшыншалануда. Мысалға, “Kazakhstan”, “kazakh”, “Ashshysaj”, “Khalyk bank”, “Nursultan Abishevich Nazarbayev”, “Tokhtar Aubakirov”, “Ular umit» т.с.с. Басқасын айтпағанда, бұл егемендігімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге зор нұқсан екенін ең алдымен сол зиялыларымыз түсінуі керек еді ғой!?
Егер жоғарыдағы XIнұсқа қабылданса, онда бұл сөздер былай жазылмақ: «Kazakstan», «kazak», «Accysaj», «Kalyk banqi», «Nursultan Aіbiculy Nazarbaebh», «Toktar Aiwbaikirobh», «Ular vmit» т.с.с.
ДСҰ құрамына енуімізге орай енді бірер жылда халықаралық деңгейде стандарттанған жеке басты куәлендіретін ID-код дегенді енгізуге тиіс болады екенбіз. Ал соны енгізгенде де орыс-латын «волапюгін» ұялмай-қызармай пайдаланамыз ба?!
Ресей нағыз егеменді ел ретінде өзіне лайық орыс-латын транслитерациялық графема жүйесін («волапюк») лезде жасап, стандарттап алды. Мәскеуде болған әр адамның оған бірден көзі жетеді, өйткені метроға бір түссең болғаны: “Krasnaya Ploshshad”, “Chernaya reka”, “Shshedrovitskaya” т.с.с. көргенде, орыс-латын «волапюгі» не екенін бірден түйсінесің. Дәл осы «волапюк» орыстарға бүкіл компьютерлік MS-DOS, MS-Windows секілді жүйелерді орысшалауда, Интернеттің алғашқы браузерлерінде орысша мәтіндерді теріп, пайдалану үшін зор рөл атқарғаны барша мамандарға мәлім.
Қорытынды.Жоғарыдағы айтылғандарды қорыта келе, тағы да қайталаймыз: төл тілімізде қазақ-латын транслитерациялық графема жүйесін- қазақ-латын «волапюгін» ғылыми тұрғыда пісіріп-жетілдіріп, стандартын бекітіп алсақ, онда түбегейлі латынға тілімізде көшпеуге де болады.Ал, егер-әки, төл тілімізде латынға көше қалатындай күн туса, онда енді біз “құр алақан” емеспіз: біздің «волапюг» емес нағыз қазақы латын әліпбиі ретінде ұсынатын нұсқамыз да, шүкіршілік, дайын – ол қазақ тілі үшін латын графикасының XIнұсқасы. Қанеки, кімде-кім оған өз нұсқасын балама ретінде қоям десе -біз көріп алайық: түптің түбінде біз баршамыз бір жеңнен қол шығарып, ортақ латын әліпбиін жасақтап та алатын шығармыз.Қалай дегенде де, осы бір күрмеуі шиеленіскен мәселені шешпесе – болмас.
Мұхтарбай Өтелбаев, Дәуренбек Әубәкір, Күнслу Ерғалиева
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУжанындағы «Ноосфера және
Тұрақты даму» ЭкБ-орталығы.
Авторлар туралы ақпарат
Мұхтарбай Өтелбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті құрамындағы Михаил Васильевич Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының профессоры, ҚР ҰҒА академигі, Қолданбалы және есептеу математика кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлық пен “Алтын адам” сыйлығының иегері, ҚР ҰҒА академигі.
Дәуренбек Әзенұлы Әубәкір, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, «Ноосфера және Тұрақты даму» ЭкБ-орталығы директорының орынбасары, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі һәм Халықаралық экологиялық қауіпсіздік пен Табиғат тұтынудың қоғамдық академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, философия ғылымдарының докторы,
Күнсұлу Оңғарқызы Ерғалиева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті доценті, Шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы: Сөздік, 1999.
- Өтелбаев М., Әубәкір Д.Ә. Сына жазу әліпбиінің антропологиялық жаңғыруы һәм мәдени қайта түлеуі – өркениеттің үйлесті-жасампаз пәрмені. // Материалдар: Қазақ Республикасының 10-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция «Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер» (Астана қ., 2001 ж., 18-19 мамыр). – Алматы: Ғылым, 2001, 452-463 бб.; Өтелбаев М., Әубәкір Д.Ә., Ерғалиева К.О. Қазақы латын әліпбиін таңдау және стандарттау: философиялық, этнолингвистикалық және техника-лық мәселелері. // Тіл және қоғам альманахы. – Астана: 2004. – №1. – 122-130 б.
- Алтай М.Б., Бөлеген Г.С., Төрехан Б.Н. Латын негізіндегі қазақ әліпбиі. Жобалар, Алматы: 1998
- Өтелбаев Мұхтарбай, Әубәкір Д.Ә., Ерғалиева К.О.Қазақша техникалық латын графикасының жай-жапсары. // Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы: Халықаралықғылыми теориялық конференциясының ғылыми теориялық мақалалар жинағы (12-13 желтоқсан, 2009 ж., Астана қ.). – Астана: «1С-Сервис» ЖШС, 2009. – 105-115 б.