А.Күрішбаев. Шаруалар өлместің күнін көріп отыр

111

Ауыл шаруашылығы саласының нағыз жанашыры, қазақтың қайраткер ұлы Ақылбек Күрішбаевтың Сенат депутаты болып сайланғаны енді ғана. Сенатор таяуда Премьер-министр Мәминге арнайы сөз жолдады.

– Қазіргі уақытта ауылдық елді-мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі, мал басының 60%-ы осында. Өкінішке орай, бұл орасан зор биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, ешқандай технологиялық процестерге тартылмай отыр,-дейді сенатор. -Жеке қосалқы шаруашылықтар «шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр» деп Президентіміз ашық айтты.

2016 жылы жер реформасы төңірегінде қоғамның толқуы орын алған кезде, ауылдық елді-мекендерді жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе болған еді.

Ел басшылығының жүктеген тапсырмаларына сәйкес бірқатар шаралар қабылданғанымен, бұл мәселе бүгінгі күнге дейін шешілмей келеді. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша Үкіметтің қабылдаған шаралары да табысты болмады, себебі нақты орын алған проблемаларды шешуге бағытталған кешенді тәсілдік жүйесі, яғни кооперативтердің дұрыс жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін тиісті технологиялық құрылымы жасалмады.

Осы орайда, бұған дейін жіберілген қателіктерді және де еліміздегі озық тәжірибелерді назарға ала отырып, әрбір өңірдің ерекшелігі мен қыр-сырын ескеріп жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың нақты механизмін қалыптастыру дұрыс болар еді.

Қандай мәселелерге баса назар аудару керек екендігі, депутаттық сауалдың толық жазбаша мәтінінде көрсетілген. Оны жергілікті атқарушы органдардың шешудегі оң тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмыз. Сондықтан, бұл – шешілетін сұрақ.

Мемлекетіміздің осы өзекті мәселені қысқа мерзім ішінде шешуге барлық мүмкіндігі бар деп есептеймін. 188 млн.га жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлемде 5-орындағы ел бола отырып, ауылдық жердегі малды «ашқұрсақта» қалдыру – кешірілмейтін әрекет.

Аталған сұрақты шешуде, барлық деңгейдегі әкімдерге саяси ерік пен табандылық керек. Бұл жұмысты әкімдердің қызметін бағалау рейтингісінің негізгі көрсеткіші ретінде енгізіп, оларды барынша жұмылдыру қажет.

Бұл іске мемлекеттік аса маңызы бар ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз. Ауылдық жерлердегі тұрғындар – негізінен өзіміздің қандастарымыз. Егер біз айтып отырған мәселені шешсек, тек қана мал азығының сапасын көтеру арқылы ауылдық елді-мекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігін кем дегенде 30%-ға арттыра аламыз.

Бұл – еліміздің ауыл шаруашылығы саласында нағыз серпіліс болар еді, өйткені аталған жоба жеке қосалқы шаруашылығындағы мал басының әлеуетін арттыруға, яғни қолда бар ресурстарға негізделеді.

– Сондай-ақ, миллиондаған ауыл халқы үшін күнкөрістің жалғыз көзі мал өсіру болғандықтан, олардың табысын көбейтуге бағытталған зор мультипликативтік ықпалға ие болмақ. Мұның барлығы, сайып келгенде, ауылды экономикалық тұрғыдан жандандыруға игі әсерін тигізетін құатты құрал болатыны сөзсіз,-деп тұжырымдады өз сөзін А.Күрішбаев.

«Жерұйық»-ақпарат.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз