Қысқасы, «полный хаос»!

102

Ұлттық банктің басшысы Ерболат Досаев біраз уақыт бұрын қор активі жылдам азайып барады деп үрей шақырды. Айтуынша, шара қолданбаса, енді үш жылдан соң қорда еліміздің ішкі жалпы өнімінің 30 пайызы деңгейінде ғана ақша қалады дейді. Ал одан төмен ақша жұмсауға мүлдем болмайды.

Сонда Ұлттық қордың қаржысы еріген қардай неге жылдам сарқылып барады? Бұған кінәлі кім?

Досаевтың өзі экономика тілімен баяндағандай, «2021 жылы қарсы-циклдік бюджеттік ереже енгізілуі ескеріліп, Ұлттық қордың жинақтаушы функциясы мен мұнай дефицитін төмендету үшін шаралар қолдану қажет болады» екен. Ұлттық қор 2000 жылы құрылды. Бұны шартты түрде «Қауіпсіздік төсеніші» дейді. Ондағы қор болашақ ұрпақ үшін жиналады. Бұл қаржы біздің экономикамызды сыртқы қолайсыз факторларға кіріптарлықтан қорғайды. Еңсерілуі қиын күрделі жағдай туып, болмаса, әлдеқандай бір маңызды міндет туындай қалса, осы мәселені шешуге аталмыш қордан ақша бөлінеді. Биылғы шілде айының қорытындысы бойынша қордың ауқымы 58 миллиард доллар немесе 24 триллион теңге екен.

Бірақ соңғы жылдары қор әмиянның рөлін жиі орындайтын болыпты. Мысалы, осы жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында ғана әлдеқандай шығындарды жабуға деп 3,5 триллион теңге ақша тағы алыныпты.

Төрағаның осы мәлімдемесінен кейін еліміздің қаймақ бетінде жүрген кейбір экономистері бұлай бола берсе, Ұлттық қордың ақшасы тез таусылады деп отыр. Өйткені, осы бөлінген ақшаның басым көпшілігі пайдасыз нәрселерге жұмсалады.

Меруерт Махмұтова, экономист: – Егер бұлар кейін өз-өзін ақтайтын шаралар болса, бір сәрі, мен түсінер едім. Бірақ бізде ақша тиімсіз жұмсалады. Өңкей бір ешқандай қайтарым бермейтін, «имидждік» шаралар көп. Астанадағы ЛРТ жобасын, болмаса, ЭКСПО-ны алыңыз. Енді Пантеон дегенді ойлап тауыпты. Бұндай пайдасыз жобаларды экономистер «ақ пілдер» деп атайды. Үкіметтің жоспарына қарасақ, Ұлттық қор қаржысының бұлайша тиімсіз жұмсалуы жуыр арада тоқтайтын сияқты емес. Мысалы, келесі жылы осы қордан тағы да 2,7 триллион теңге, ол аз болса, әлеуметтік бағдарламаларға тағы бір триллион теңге алмақ. Одан келесі екі жылға тағы солай. Сонда алдағы үш жылға кемі 8 триллион теңге ақша алынбақшы.

Меруерт ханым осылай десе, белгілі қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов Ұлттық қордың ақшасынсыз елімізге оңай болмайды дейді:

-Бұл күрт өсетін бюджеттік дефицитке алып келеді. Әдетте, мұндайда елдер мен мемлекеттер қалай істейді? Аннан-мұннан ақша жиналады, салық жиналады, шет елден қарыз алынады. Ал біздің елде өзіміздің шығынымыздың шамамен 70 пайызы мөлшерінде салық жиналады деп ойлаймын. Біразын шеттен, біразын Ұлттық қордан аламыз. Қайткенмен де, тәбетті азайтып, шығындарды кемітпесе, бюджетте зәрулік пайда болады. Содан, амал жоқ, қорға қарата қол созуға тура келеді. Мұнайдың бағасы баяғы тоқ жылдардағыдай биік болмаған соң, қордың толуы да баяу.

Экономист Марат Қошымбаев болса, тіпті қатты кетті:

-ҰБ елдегі кәсіпорындар мен жалпы адамдарымыздың қаржы жағдайын жақсарту үшін нақты не істеді? Пайыздық ставканы төмендетті ме? Біздің елдің нарығына өзі арзан, өзі ұзақ мерзімді ақша тартты ма? Инвестициялық климатты дамыту үшін жаңадан қаржылық құралдар жасап, ойлап тапты ма? Экономикамыздың инновациялық жобаларды дамытуына мүмкіндік берді ме? Жоқ! ҰБ осының бірде-бірін жасаған жоқ. Ел өзі бетімен, ҰБ өз бетімен келе жатыр. Біздің қаржы нарығымыз ешқашан да бұлайынша төмен құлап көрмеген. Реттеушіміз (Ұлттық банкті айтады) көпе-көрнеу өз рөлін түсініп отырған жоқ. Банктің жайын тіпті жай әншейін тұрақсыз деп те айтуға болмайды. Зейнетақы мен сақтандырушы нарығы құлдырап кеткен. Қаржы қоры баяғыда жойылған. Осымен бір мезетте «Самұрық-Қазына», «Қазақстан Темір Жолы» сияқты ұлттық компаниялар сансыз көп миллиардтаған шығынға барып отыр, сонысына қарамай есепсіз несие алуға құмар. Қысқасы, «полный хаос»!

Қысқасы, «Жерұйықтың» оқырманы, Досаевтың мәлімдемесінен кейін біздің кейбір экономистеріміздің пікірі осындай болып отыр.

«Жерұйық»-ақпарат»

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз