АЛАШ КЕЗЕҢДЕРІ – III

397

Үшінші кезең – Мәдени қайта өрлеу кезеңі (1907-1917 ж.ж.)

 

Бұл кезеңде негізінен ұлттық қоғамдық-саяси басылымдар мен қазақ ақын-жазушылары кітаптарының шығуы туралы тарихи оқиғалар айтылып, әңгіме болады.

Ұлттық қоғамдық-саяси басылымдардың шығуы

XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының қызметі туралы Оксфорд университетінің зерттеушілері:     «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері «Қазақ» газеті қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М. Жұмабайұлы, М. Дулатұлы, Х. Досмұхамедұлы, Е. Омарұлы, А. Жүндібайұлы, М. Тынышбайұлы және тағы басқалары бар…

А. Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті», – деп жоғары баға берді.

1907 жылдың 28 наурызында Санкт-Петербургте татардың апталық «Ульфат» газетінің қосымшасы ретінде Шәймарден Қосшығұловтың қаржыландыруымен «Серке» газеті ашылды және мұнда Міржақып Дулатовтың «Жастарға» өлеңі мен «Жұмбақ» атты мысалы, «Біздің мақсатымыз» мақаласы басылды.

1911 жылы Тройцк қаласынан Мұхамеджан Сералиннің редакторлығымен «Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналы жарық көрді.

1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан Ахмет Байтұрсыновтың редакторлығымен «Қазақ» газеті жарық көрді.

1917 жылдың маусымында Семей қаласынан «Сарыарқа» газеті шыға бастады. Шығарушы редакторлары алғашқыда Райымжан Мәрсеков, одан кейін Имам Әлімбеков, Халел Ғаббасов және т.б. болды.

1918 жылдың ақпан айында Семей қаласынан Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен «Абай» журналы жарық көрді.

XX ғасырдың басында Семей қаласында «Жәрдем» баспаханасы ашылып, мұнда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбек Сабалұлы, Тайыр Жомартбаев тәрізді тағы басқадай ақын-жазушылардың кітаптары басылып шықты. Кейінде осы баспаханада «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттері мен «Абай» және «Таң» журналдары басылды.

Қазақ ақын-жазушылары кітаптарының басылуы

1907 жылы Қазан қаласынан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз», «Сары Арқаның кімдікі екені» атты үш кітабы бірдей жарық көрді.

1909 жылы Санкт-Петербург қаласында Илия Бораганский баспасынан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Сонымен қатар Санкт-Петербургте Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» және «Уфа» қаласында «Шарқ» баспасынан Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» өлең кітаптары басылып шықты.

1910 жылы Қазан қаласында ағайынды Кәрімовтер баспасынан Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы жарық көрді. Сол сяқты Ғұмар Қараштың 1910-1911 жылдары Орынбор қаласындағы «Вахт» газеті мен Уфа қаласындағы «Каримов, Хусаинов и К» баспаханасынан «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек» атты философиялық-танымдық кітаптары шықты.

1911 жылы Орынбор қаласынан Шәкәрім Құдайбердұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» кітаптары басылып шықты.

Жалпы 1890-1915 жылдар аралығында осы Қазан және Уфа, Орынбор қалалары баспаханаларынан «Қозы-Көрпеш», «Біржан-Сара», «Атымтай Жомарт» қиссалары, Ахмет Байтұрсыновтың «Әліппе» оқу құралы мен «Маса» өлеңдер жинағы, Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала» хрестоматиясы мен орыс мысалшысы Иван Крыловтан аударған «Үлгілі тәржіма» кітабы, Мұхамбетораз Нұрбаевтың «Қазақ тілі» әліппесі, Ақылбек Сабалұлының аударуындағы «Таһир-Зуһра» қисасы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» және Спандияр Көбееевтің «Қалың мал» романдары, Мейрам Ысқақұлының «Қазақ мақалдары» жинағы, Исламғұл Бейсенұлының «Қазақша жазу ережесі» оқулығы, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпан» және Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» өлеңдер жинақтары және т.б. кітаптар жарық көрді.

Мұратбек Мүфтиұлы, Семей.

 

          

        

  Jack Mewhort Authentic Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз