Туған жерінің тарихын білген адам ғана оны шын қастерлей алады, қадырын біліп қасиетін сезінетін болады. «Отан отбасынан басталатын» болса, оның тарихы табалдырығыңнан басталады деп түсінуіміз керек. Өзіміз күнделікті суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген қасиетті жеріміздің ұшан теңіз тарихи мұрасын бағалау, саралау, оны ұрпаққа жеткізу бәрімізідің қастерлі борышымыз. Содан да болар, туып өскен Тарбағатайдың әрбір қатпарында бір–бір кітап жасырулы жатқандай көрінеді маған.
Тәуелсіздік алғаннан бері ақтарыла ашылып жатқан өлкеміздің арғы тарихына тым тереңдемей – ақ, монғол заманынан бастасақ – Найман мемлекетінің соңғы билеушісі Күшілік хан Шыңғыс ханнан ығысып келіп, 1204 жылы Тарбағатай тауын мекендегенін көреміз. Осында күш жиып қуаттанған соң ғана Жетісу жеріндегі Қидандарға барып өз билігін орнатты. Монғолға қарсы 15 жыл күрескен Күшілік хан 1218 жылы таулы Қарабақ жерінде Жебе ноянның қолынан қаза тапқан еді. Одан ары «… Жебе ноян наймандары Қара Ертістің жағалауына қайтарып, одан 30 жыл уақыт өткеннен кейін Карпини мен Рубрук наймандардың негізгі тобын Тарбағатай тауының шығыс жағынан кездестірген болатын» [1. 32] Алайда Он алтыншы ғасырда күшейген ойраттар одағының қысымынан бұл өлкедегі түркі – найман тайпалары оңтүстік және орталық қазақстанға қарай тағы қоныс аударып еді.
Монғол империасы заманында да Тарбағатайдың геосаяси ролі жоғары болғаны мәлім. Үйткені Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейінгі «Ұлы хаған болған Угедейдің жазғы мекені де осы Тарбағатайда болған, жылдың көп уақытын осында өткізген» [10. 26] дейді зерттеушілер. Ұлы хағанның ордасы сияқты маңызды жерге жан – жақтан келіп кетіп жататын хабаршылар, елшілер мен жаушылар толастамайды ғой. Сондықтан орданың қонысы да, сөз жоқ, қарым – қатынас үшін оңтайлы, асулы жерде болуы керек. Оның үстіне Тарбағатай ұзыны 350 шақырымға жуықтайтын, бітімі созылып жатқан тау болғандықтан оны айналып өтудің де машақаты көп. Осы жағынан алғанда кім де болса Тарбағатайдың бел ортасындағы, кейіннен көпке танымал болған «Хабар – Асудың» өткелін таңдар еді. Ең алдымен Хабар Асу жөнінде «Уикипедиядан» алынған мына дерекке назар аударыңыз: «Тарбагатае известно 16 горных проходов, из них наиболее удобные: Котеласу в западной части, близ вершины реки Каракол; Чагаракасу между горами Тастау и Маралшокы; Сайасу — между Тастау и Джувантау; Хабарасу — через гору Хабар, на южной подошве которой находится китайский населённый пункт Улустау, (Ластай, авт.) в 20 км к северу от города Чугучака. Последний проход наиболее удобен и проходим». Демек, он алты асудың ішіндегі ең қолайлысы да, және адамдар көп өтетіні де осы Хабарасу екен. Хабар тауынан батысқа және шығысқа қарайғы асулы аймақ ортадағы осы бір ғана асудың атымен аталып тұр, және бұл да бір жағынан «Хабар – Асудың» маңызының жоғарырақ екенін дәлелдейді. Бұл асу жөнінде осы өңірді 1864 жылы зерттеген белгілі орыс ғалымдары Карл Струве мен Григорий Потанин мынадай дерек қалдырған: «В 1751 году, во время правления Джунгарией Ламы Дорджи, Даваци управлял всеми калмыками, кочевавшими по Тарбагатаю; Лето он, кажется, проводил на Тарбагатае близ горного прохода Хабарасу. В 1745 году 12 июля Соболев нашел его ставку за Хамартабаном, а летом 1747 года Котовщиков нашел его на Хамартабане». [2.133] Бұл жерде «Хабарасу» және «Хамартабан» атауларының бір ұғымды беретінін анық байқауға болады.
Ал енді, 1755 – 1758 жылдары жоңғар мемлекеті талқандалғаннан кейін Абылай хан, Қабанбай батыр бастаған ел көсемдерінің ұйғарымымен Тарбағатай өңіріне «Қаракерей» руларының келіп қоныстануы басталды. Қаракерейлерді мұнда әкеліп орналастырудың өзі – үлкен стратегиялық шешім еді. Бұлар соғысқа әруақта дайын, жауынгерлер болған, ұлы қолбасшы Қабанбайдың Қаракерейден шығуы да тегін емес. Сол «Қаракерей Қабанбайдың» атақ – даңқы мен айбыны өз алдына, оған ерген сенімді батырлары жаужүрек сарбаздары және бар еді. Солардың арқасында олар осы жерлерді әтүрлі этникалық жеке топтардың шапқыншылығынан өз күштерімен жүз жылдай қорғап келді.
Өлкеге «1760 жылдары бірінші болып қоныстанған Бәйжігіттің жұмық бөлігі болды, одан кейінірек келген Мәмбеттер Тарбағатайдың күнгей жағын, Тоғастар теріскей жағын мекендеді.» [3] Осыдан былай қарай, яғни он тоғызыншы ғасырдың басынан бастап жазба деректерде «Қабар тауы» деген атау кезіге бастайды. 1909 жылы басылған «Материалы по киргизскому землеползованию» деген кітапта: «Родъ Тогасъ имеет летніия и зимніия кочевки, начиная отъ сопки Костобе, угоры Кабаръ, по рч. Бескайчи, при подошве горы Акчоки и по рч. Джіирма», [7. 111] деп жазылыпты. Ал К. Струве мен Г. Потаниннің жазбасында «Өткен ғасырда Хабар тауы арқылы сауда жолы жүрді» [2.103] деген дерек бар. Бұл ғалымдар «өткен ғасыр» деп 1700 – 1800 жылдардың аралығын айтады, ал өткен ғасырдың ортасы болса ол 1740 -1760 жылдарға келеді. Олар сол 18 – ші ғасырдың өзінде «Хабар Асу» орыстар арасында «Хамартабан» деген атпен белгілі болғанын да жеткізеді.
Одан ары ғалымдар: «Ымырт түсе біз Хабар өткелінің биігіне көтерілдік. Қыста жүретін көпестер үшін әлдебір сауда жасайтын қырғыз салған шағын керуен сарайдың маңынан өттік. Жиырма адамдай сиятын қабыршақ тастан қаланған бұл ғимарат бос еді. Қырғыздардың саудаға қамқорлық жасайтынын айғақтайтын бұл ғимараттың да оған (саудаға, авт.) маңызды қызмет көрсеткені анық, үйткені қыс кезінде Хабарда қатты боран соғады» [2. 103]. Ары – бері өтетін керуеншілер мен басқа да жүргіншілердің дем алып, ат шалдыруы үшін, боранда паналау үшін Хабар асу тұсында үй салғандар туралы ел ішінде әртүрлі әңгімелер айтылатын. Соған қарағанда «Ойжайлаудың» бергі қырындағы «Тұмарбай тамы» деп аталған үйдің орыны осы болуы мүмкін. Жаңағы саяхатшылар өз пікірлерін ары қарай нақтылай түсіп: «Хабар теперь утратил большую часть своего значения» [2. 103] дей келе өткен ғасырларда бұл өткел халықаралық қатынаста өте маңызды қақпаның ролін атқарғанын айтады. Тарбағатайдың бір де бір асуы халықаралық маңызы жағынан «Хабар» жеткен деңгейге жете алмапты. Асу арқылы Қытай қалалары мен орталық Россияның, Сібірдің қалалары арасындағы барлық айырбас сауда тауарлары өткізілді. Ертеректе Хабардың жолымен Тобылдық, Түмендік татарлардың сауда жүргізгені де айтылады. «Олар арбамен келіп тау асуына жеткенде жүктерін түйеге теңдеп, арбаларын бос айдап өтеді», – деп хабарлайды орыс саяхатшылары. Одан ары қарай: «Можно догадываться, что Хамартабан не только в прошлом столетии, но и несколько веков ранее служил путем сообщения Центральной Азии с северными и западными странами». [2. 104] деген тұжырым келтіреді. Демек бұл – Хамартабан, немесе қазіргі Хабар асуы арқылы бірнеше ғасырлар бұрын үлкен мемлекеттер арасында сауда қытынасының жүргенін, аталған асудың Орта Азия мен солтүстік және батыс елдерін байланыстыратын алтын қақпа болғанын талассыз дәлелдейді. Асудың өте қолайлы жер жағдайын қазіргі ғалымдар да шабыттана сипаттайды: «Жота арқылы ыңғайлы орындарда мұнда өткелдер төселген. Табиғат бұл жерде бәрін ескерген, халықтың осы өткелдер арқылы сауда және мәдени байланыстар жасап, қарым – қатынас орнатуы үшін барлық ыңғайлы жағдайды ойластырып қойған» [4. 846]. «Хабар – асу» атауы Россия мен Қытай мемлекеті арасындағы шекараны белгілеуші өкілетті комиссарлардың 1869 – 70 жылдардағы «Хабар – Асу» хаттамасында да кезігеді. Бірақ бұл хаттамада орыс жағы «Хабар – Асу» деп атағанымен қытай жағы «Хамар – дабахан» дегеннен танбайды: «Отсюда для обозначения граничной межи между двумя государствами уполномоченные коммисары обеих сторон следовали сначала на юго-запад, а потом на запад по Тарбагатайскому хребту и привели границу к перевалу Хабар-асу (по-китайски: Хамар-дабахань). Таким образом установили граничную межу между двумя государствами и по взаимному соглашению поставили следующие пограничные знаки:
1) Каратальский у истоков реки Караталь,… и 9) Хабар-асу (по-китайски: Хамар-дабахань) на перевале Хабар-асу (по-китайски: Хамар-дабахань), против горы Сары-Чеку. Всего поставлено девять пограничных знаков. [8] Орыс – қытай болып бірігіп жасаған осы хаттамада «Сарышоқыға қарама қарсы» деген анықтама бар, соған қарап «Хабар» тауының қайсысы екенін дәл табамыз. Қалай болғанда да мемлекеттік маңызы бар құжатты шекара бөлушілер қате жаза қоймайды. Оның үстіне «Уикипедия» Хабар – Асуды «Қаракітәт өзенінің басынан Томар елдімекеніне дейінгі асу» деп анықтайды. Демек, қытай елі бұл асуды бұрыннан Хамар – дабахан деп біледі, себебі осы өлкені мекендеген монғолдар мен жоңғарлар да осылай атаған. Бұлардың тілінде «Хамар» деген сөз «тұмсық» деген ұғымды береді екен. Негізгі тау сілемінен созылып шығып ылдилап барып бітетін жотаны қазақтар да «Тұмсық» деп атайды. Ал «табаһан», «дабаған», кейде «дабаан» деп олар асуды айтады екен. Қазіргі кезде де монғол тілдес елдерде мұндай атау кездесіп жататын көрінеді. Байкал көлінің оңтүстігінде созылып жатқан «Хамар даман» деген тау бар. Осы таудың орта тұсында ары бері асып өтуге қолайлы қысаңдау жерінде «Хамар даман» деген асу да бар. Бұл Бурятия еліне тиесілі жер, жаңағы асудың аты да бурят тілінде.
Біздің замандасымыз, натуралист жазушы Б. Щербаковтың дәлелі бойынша: «Хабар – Асу ең маңызды өткел болып саналады. Бірақ тек Хабар – Асу ғана жотаны Батыс және Шығыс Тарбағатай деп шартты түрде екіге бөледі» [4. 842] Демек, география ғылымында таудың Хабар Асудан батысқа қарайғы бөлігі «Батыс Тарбағатай», шығысқа қарайғы бөлігі «Шығыс Тарбағатай» болып қалыптасқан, сонда Хабар – Асу екі елдің арасын жалғаумен қатар таудың өзін екіге бөледі, шығыс Тарбағатайдың күнгей жағы қытайға, теріскей жағы қазақстанға қарайды. Батыс Тарбағатай толығымен Қазақстан жерінде. Үйткені, шығыстан басталып, Сауыр, Тарбағатайдың қыр жотасын қақ жарып өткен шекара сызығы Хабарасудан аса бере өңтүстікке қарай тік бұрыш жасап тоқсан градусқа бұрылады. Бұл тура қазіргі Томар ауылының тұсы, одан ары бір – екі белді асқан соң шекаралы Шалшыбай сайы, онымен қатар Жаманбұлақ сайы таяқ тастам жерде. Шалшыбай – бітісі кең – мол болып келген, ортасында бұлақ ағып жатқан, екі жағы шақырымнан аса жайдақталып келетін жалпақ сай. Сайдың басы да бір – ер шақырым болатындай керіліп жатқан жайдақ беткей болып тұйықталып бітеді. Осы тұйық беткейдің биігі қырға ұласып, ол батысқа қарай баяу көтеріледі. Сөйтіп көтеріліп барып керіліп жатқан жалпақ шоқыға жалғасады. Бұл биікті қазір шекарашылар «Три зубы» атандырып жіберген. Шоқы деген аты болмаса мұның өзі үсті жайдақ төбе, осы төбенің үстінде «Иттің көлі» деп аталатын көл бар. Жазба деректерде «Сарышоқыға қарама – қарсы» деп көрсетілген, ел ішінде аты ұмыт болған «Хабар тауы» осы деп санаймыз. Сол шоқыдан бастап шығысқа, Қаракезеңнің қырына қарай құлдилай түскен жота алыстан қарағанда адамның тұмсығына да ұқсайды. Қазіргі шекара сызығы да осы қырдың үстімен өтеді. Осы тұмсық жотаның бергі ылди бетінен, Шалшыбайдың екі жақ қапталынан, онымен қатар көлбеп жатқан Жаманбұлақ сайынан талай шөп шапқамыз кезінде. Таудың жемге бергісіз көк бұйра шөбі өте құнарлы болады. Бұдыры жоқ тегіс беткейдің елтірідей ұйысқан бітік шөбін қол шалғымен шауып ашамен жинаушы едік. Томар жақтағы қысаңдау тұсында Шалшыбайға баратын жол бұлақты жағалап жүреді, осындай жолдарды ол кезде совхоз бульдозер жіберіп тазалап, жайдақтап тұратын. Қырдағы бекіністеріне баратын шекарашылар да су орған, тас құлап жүруге жарамаған жерлерін жөндеп жүруші еді. Ол кезде Қаракезеңнің қырына, Сарышоқының бөктеріне дейін сай – салаға шопандарды жайлауға машинамен көшіреді. Не бір қиялардан өтіп, жықпылдарға дейін баратын совхоздың қандай машинасы болсын Шалшыбай мен Жаманбұлақтың жазық беткейінің кез келген жерінен емін – еркін жүре беретін. Ал енді бұрынғының керуендері Шалшыбайға жетпей Жаманбұлақ арқылы жүретін болса Хабар тауының батыс жағынан, Сарышоқы мен Хабардың ортасынан өтер еді. Мұнда тіпті жаңағыдай қысаң жерлер де жоқ, Томардан бастап бөгетсіз бірақ асар еды арғы бетке. Кеңестік кезеңде «Моквич» пен «Жигулиге» қолы жеткен озат шопандар қағуылдап жүріп Қаракезең – Сарышоқыға дейін жеңіл машинамен де жетіп алатын. Сонда Хабар шоқысының батыс жағынан да, шығыс жағанан да жол өтеді, бұл жолдарда түйелі керуеннің аяғын ауырлатып бөгет болатын еш кедергі жоқ. Жаңағы қырдың арғы беті де жан жағын жатаған төбелер қоршаған, ұзаққа көлбеген жазық болып келеді, Қаракітат өзенінің басталуы да осы тұста. Бұл жерлер шыбын ұшпайтын салқын жайлау, жерінің құнарлылығы сондай, небір дәрілік шөп өсетін, бүлдірген дегеніңіз аяққа езіліп етікті бояушы еді. Өте сирек кездесетін қасиеті мол «Алтын тамырды» да осы Шалшыбайдың өр жақ беткейінен қазып алатынбыз. Бұл жоғарыда айтылғандай, табиғаттың өзі жаратқан, мың қойды емін – еркін өрістетіп өткізіп жіберуге болатын бөгетсіз өткел. Таудан асып түсем деген адам, жер білетін болса бәрінен бұрын осы асуды таңдайтыны сөзсіз.
Енді 1822 жылғы басқару ережесі бойынша сыртқы округтер құрыла бастаған 1820 – 1830 жылдардың оқиғаларына назар аударсақ, алдымен мынадай мәліметке тоқталамыз: «Жаңадан құрылатын Аягөз округіне басқаларымен қатар бүгінгі Көкпекті, Тарбағатай аудандары жеріне қоныстанған матайдың қаптағай бөлігіне жататын қараужасық, қаракерейдің мұрын, байжігіт және қыржы рулары да кіруге тиіс болды. Осылардың ішінде мұрындар мен қыржылар орысқа қараған, ал қараужасықтар мен байжігіттер қытай ықпалындағы руларға жатты. Ал шындығына келгенде, Аягөз округі құрылар қарсаңда Алтай мен Тарбағатайдағы, кейіннен түсетін орыс-қытай шекарасына қарай орналасқан рулар көп жағдайда өздерінің беделді сұлтандары мен ру басыларына бағынып, еркін жағдайда жүрді».[5] Сонда бұлар жүз жылдай нақтылы бір мемлекетке қарамай, үкіметсіз жүргенге ұқсайды. Оған әрине орыс үкіметі де, қытай үкіметі де көз тігіп қатты қызығушылық білдірді. Әсіресе орыстар осы еркін көшіп жүрген бәйжігіт ауылдарын ресей империясына қосып алып, шекараны нығайтудың әртүрлі жолын қарастырды. Сондықтан бұл мәселеге байланысты өлкеге жәй саяхатшылар ғана емес ірі лауазымды қызметкерлер де келген болатын.
Россия сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінің директоры Н. И. Любимовтың келуі соның айғағы. Ол жөнінде Шоқан Уәлихановтың «Көптомдық шығармалар жинағының» төртінші томында «Н. И. Любимовтың шығысқа сапарының журналы.1845 жыл» деген мақала берілген. Онда: «Бәйжігіттің Мәмбет бөлімін Абылай ханның төртінші ұрпақтары Сәбек пен Долонбай, Жұмық атты тарамын осы екеуінің ағасы сұлтан Қамбар басқарады. Ал Тоғастарға келсек, оның басшысы сахараға өте силы Сасан би» [6. 326], деп жазған. Н. Любимов сол 1845 жылы Көкпектіге келіп, одан ары Тарбағатай өңірін аралап өткен көрінеді. Сол сапарда Шәуешек пен Құлжаға өту үшін Батыс Тарбағатайдағы «Суасу» арқылы асқан екен. Тау өзенін бойлап жүретін осы сапар жөнінде: «… Асу қиын. Жылғалар алғашында шағын да, одан әрі қарай түрлі ағыстардың ағыл – тегіл құйылуынан қатты ағынға айналады. Ол бүкіл сай – шатқалға созылатындықтан біз одан жүз рет өттік. Арбаны бұзып, барлығын түйеге теңдедік. Оны алып жүруге еш мүмкіндік болмас еді. Үйткені атпен қиналып өтесің, ал түйелер үшін бұл нағыз азап. Барлық жерде дерлік тас, (аттардың тұяқтары жарылып кетті), тасқын судың тереңдігі соншалық, аттар аяқтарын әрең алып басады…», [6. 299 – 300] деп жазыпты. Осы сипаттаманы Хабар асуымен салыстырып көріңіз. Хабардың жолында мұндай су да, аса күрделі жертастарда жоқ, арбамен – ақ асып кетуге болады.
Н. Любимов сөз арасында «Бізді Бәйжігіттердің тентектігі…туралы сыбыс тоқтатты» деп жазған. Оның себебі «Осы өңірді мекен еткен қазақтар мен дүнгендерге қытайдың озбыр отарлау саясатынан және оған арқа сүйеген өздерімен іргелес қалмақ, торғауыт, сібе, ұрынхайлардың арандату әрекеттерінен өз күштерімен қорғануына тура келген».[9] Осындай қарулы қақтығыстардың ақыры 1864 жылы болған дүңгендер мен бәйжігіттердің көтерілісіне ұласып еді. «Бәйжігіт көтерілісі» аталған осы қозғалыстың нәтижесінде Қабанбай әулетінен мәмбет Отыншы би хан тағына отырған. Ал Қабанбайдың ұрпағы Әділбек пен Қоңыз батыр Кенжеұлы (Құрман қажы) бас сардар міндетін атқарып, Сасан Мыңбайұлы би сайланды деген де дерек бар. Міне, Любимовтың айтып отырған «Бәйжігіттердің тентектігінің» қысқаша сипаттамасы осындай еді. Ары қарай «Кейбір бәйжігіттердің, әсіресе сұлтандардың орысқа бодан болғысы келетінін, басқа халықтың қорқып қаламайтынынын» жеткізеді. Сөйтіп екі империяның арасында бәйжігіт рулары өз ырықтарында көшіп – қонып жүрып жатқан болатын. Бұл еркіндік 1868 жылға дейін созылса керек. Өз ұлтының қуатты мемлекеті, арқа сүйер қорғанышы болмаған соң, азғана бәйжігіт елі қашанғы екі жаққа жалтақтасын, амал жоқ бір жағына шығуы керек болған. Қытаймен салыстырғанда орыс үкіметі бәйжігіттерді өзіне қаратудың барлық амал – айласын жасап бақты. Үйткені «Сол 1868 жылы жергілікті қырғыздардан ант қабылданды…15 тамызда бәйжігіт сұлтандары ант берді» [1. 41] Одан әрі осы мақалада бірнеше Тоғас руларының аттары аталып, олардың «қонысын үнемі өзгертіп отыратыны және орыс өкіметін мойындамағаны» айтылады. Міне бұл жерде жаңағы аталған сұлтандар ант қабылдаған да, Сасан би ант қабылдамай, бодандықты кірмеген күйі дүниеден өткен болып шығады. Бұл кісінің жалпы орыс үкіметінің құрамына кірмеуге тырысқан әрекеттері көп.
Ресей үкіметі 1871 – 72 жылдары болыстықтарды алғаш құрғанда елді қоныстанған жеріне қарай бөлшектей салған болатын. Нәтижесінде рулар бөлініп, басқа руларға қосылып, шаруашылық бірліктері де бұзылып, маламатан дау – дамай көбейіп кетті. 1909 жылғы ресми деректе: «1871 жылы болыстар құрылғанда, олар рулық белгісіне қарап емес, тұрған жеріне қарай бөлінген. «Арғанаты болысына» тәукенің 6 старшыны, тоғас руының Қайып, Жайлау деген екі руы кірді. Тоғас елінің Сәметей руы Тарбағатай болысының құрамыны кірді», [7. 76] деп жазылған. Тоғас елінің біраз бөлігі шектесіп жатқан «Нарын» болысына қосылған деген де дерек айтылып жүр. 1878 жылы болыстарды рулық белгісіне қарай қайта бөлген кезде Тоғас болысы жеке «Хабар – Асу» болысы болып, «Тарбағатай» болысы – «Терісайрық», «Арғанаты» болысы – «Шорға» деген атаумен қайта құрылып еді.
Ат қойғыш қазақтар келіп қоныстанған жерлерінің аттарын өз ыңғайларына қарай өзгертіп қоя бастағанда «Хамар» тауының, «Хамар» асуының атын өзгертпеген. Өйткені бұл атау тым әйгілі болған, оны қазақтар бұрыннан естіп біліп жүрді деп тұспалдаймыз. Адамдар бұрыннан таныс жердің атын басқаша қойып әуре болмайды ғой, тек өз тілінің ыңғайына қарай түсініксіз «Хамарды» «Хабар» деп қана өзгертуі содан болған. Тіпті, моғолдардың келуі – ХІІІ ғасырған дейін осы өлкені мекендеген Наймандар осы «Хабар тауы» деген атауды қалдырды ма деген де тұспалымыз бар, болаашақта кеңейтіп дәлелдеуге тырысамыз.
Сонымен, жиырмасыншы ғасырдың басына дейін «Хабар Асу» атауы кең қолданыстағы ауқымды атауға айналып, былайша айтқанда макротопоним болып келген. Оның бірінші дәлелі – тарап барып қайта құралған Тоғас болысына «Хабар – асу» атауының берілуі. Екіншіден – монғол, қалмақ заманынан бері белгілі асу патша заманында да біршама қызмет атқарған болса керек, өйткені 1909 жылы мұнда таможня салынып ол Нұғыман болыстың бақылауында болған. Тамжния Томардың іргесінде ағып жатқан Тымырсық өзенінің жағасында болыпты. Және ол да «Хабар – Асу» таможнясы деп аталды. Бұл жақтағы ең жақын сауда нүктесі – Шәуешек еді, оған тура өтетін жолдың ең қолайлысы, ең тиімдісі болғандықтан сауда істейтін ел көбінесе осы жерден асуға тырысатын. Таможня ашылғаннан кейін Шәуешекке сауда жасайтындар осы жолмен асуға міндетті болды, басқа жолдармен сауда жүргізуге тиым салынды. Сөйтіп үкімет сыртқа кететін малға, сырттан келетін тауарға бақылау қойып, салық алып отырған.
Ал қызылдар үкіметі бұл жерге 1919 – 20 жылдары келіп орнықты. Олар 1920 жылдың ақпан айында алғаш өз үкіметін құрғаннан бастап өлкенің «Хабар – Асу болысы» деген атын 1928 жылға дейін сақтады. Басқару органы да «Хабар – Асу болыстық атқару комитеті» [11. 30] деп аталған болатын.
Большевиктер келген бойда ең алдымен ғасырлар бойы халық ары – бері асып, ел мен елді жалғап жатқан қасиетті қақпаны жапты. 1922 жылы қойылған алғашқы заставаны тура осы Тымырсықтың жағасында, жаңағы таможняның тамына орналастырды. Және бұл застава да «Хабар – Асу» заставасы деп аталды. Олардың мақсаты – ары да, бері де адам өткізбеу болды, елдің ең көп өтетін жері, асудың ең таңдаулысы болғаннан кейін бәрінен бұрын осы қақпаны бекіту керек екенін білді олар да. Застава құрылған кезден бастап үрей ордасына айналды, ел ішінде оның атын атаудың өзі қорқыныш тудырды. Ең қасіреттісі – зобалаң мен аштықтан бас сауғалаған бейбіт ауылдарды қоршап алып, қарусыз адамдарды қырып салып отырғандар осы заставаның қызыләскерлері болатын. Міне осы жағдайлар бұрынғы Хабар асуының да, Хабар тауының да атақ – даңқын өшірді. Ел «Хабарасу» десе «застава» деп ұғатын болды. Бұл ұғым шексіз қасырет пен қайғыны, қорқыныш пен үрейді меңзеді, сөйтіп халықтың санасында атаудың мағнасы өзгерді. Застава болса сол Томардың жанында, Тымырсық өзенінің бойында бірнеше жыл тұрып, Хабардан бастап бүкіл шекараны тастай бекітті, арғы – бергі беттегі ағайынның ара қатынасын үзді. Кейінірек, 1928 жылы қазіргі орынына, Жартасқа көшірілді. Заставаға 1965 жылдан бастап, отызыншы жылдары ауылдарды аямай қырған қанқұйлы сержант В. Кандюриннің аты берілді, бірақ көп жыл бойы «Хабарасу» болып қосымша аталып келді. 1980 жылы Томардан оншақты шақырым батысқа қарай, Ақжалдың басынан салынған жаңа заставаға тағы да «Хабар – Асу» атауы берілген болатын. 2019 жылы Кондюрин заставасының аты өзгертіліп, халық қаһарманы «Қасым Қайсенов» есімімен аталды.
Ойшілік өңірі сол кездегі азба деректерде суармалы шабындық, жатақтар меишалақазақтар мекендеген жер ретінде сипатталады. Ол уақытта шабындықты суғару шабуды да жеңілдетеді, суғарылған жұмсақ шөп қурап қалған қатқыл шөпке қарағанда шалғыға жақсы түседі. Сөйтіп ауқатты адамдар күзеуліктен қыстауға көшіп келгенде қыстық пішен шөбі дайын тұрады. Сол уақыттағы деректерде пішен дайындауға қатысты әңгіме көп айтылатыны содан, ел расында ауызекі әңгімелер де баршылық. «Жатыр едім жапанда, пішен шауып» деп басталатын өлең де соны меңзейді. Сол уақытта шалғы тарту деген де бір өнер, өзінше жеке кәсіп болған. Шалғыны шыңап, баптап ұстау, тіпті саптаудың өзі мұқият шеберлікті қажет етеді. Өзіміз де шалғы шаптық, бір – екі сиырдың шөбін «Орта Ойшілік» деген жердегі совхоздың тракторлары жүрмейтін саздан шауып алатынбыз. Саздан басқа тарктор жүретін жердің бәрін совхоздың шөпші бригадалары түк қалтырмай шауын жинап алады. Сол кезде жетпіс – сексенге келген ақсақалдар да болды бізбен бірге шығып шөп шабатын. Солардың арасында Зейнолла, Ахмадияр, Жайырбай қатарлы байырғы шалғышылар бар еді. Олардың белгілі, иеленіп алған жерлері болады. Оған ешкім таласпайды, «Мынау бәленшенің жері» дейді, ол «бәленшең» сол жерді жыл сайын шауып алып отырады. Түсімі жақсы, жағаға жақын, асты тегіс жерді іздейді кім болса да, бәрі бір біз саздан шабамыз, бірақ сол құрғаққа таяу болса дейсің, сүйреп шығарғанға.
Солар айтатын, «бұрынғының шалғышылары шөп шапқында ұстарамен қырғандай тақырлап алатын, астынан қалдырып кекілдеп шапқанды ысырапшылдық деп санайтын. Кейіннен шөп шабатын ат мәшине шыға бастағанда «ол бір тұтам шөп қалдырады» деп жазғырады екен.» Адамдар жаңа нәрсені қашан да тосырқай қабылдайтын әдеті емес пе, дегенмен бұрынғылар шөп қадырып жақсы білген, пішен шөпті жоғары бағалаған болатын. Ол кезде қазіргі қарабұлақтың өзін үшеу деп айтыпты. Біріншісі сол қарабұлақ, одан кейін кіші қарабұлақ, айдарлы қарабұлақ деп. Жалпы осы қазіргі Ойшілік, Құмкөл маңында көшіп – қонып жүрген хабарасулықтар көп болған, Тебіске бойында көпмола деген жер болған, моланың көп болуы елдің шоғырлануынан деп санайды сол заманның зерттеушілері. Одан әрі олар «Кедей қырғыздардың (қазақтардың) ауылдары шоғырланған «Қарабұлақ» бастауының маңында обалар, зираттар көп еді, қырғыздар солардын алтын бұйымдар шығарып алады» [4, 118 б. ] депті. Негізі Қазақстан жерінде осыдан екі жарым – үш мың жыл бұрынғы көне сақ заманының, үйсін дәуірінің ешкерткіштері, патша – қорғандар өте көп. Олардың басым бөлігі, тіпті тоқсан пайызы тоналған болып келеді. Мына Есіктен бастап Қазақстанның шығысынан да, батысынан да, өзіміздің Шілікті мен Елеке сазыннан табылып жатқан «Алтын адамдар» сол тонаушылардан қалғаны. Көне заманның адамдары патшаларды жерлеуге қатты мән берген ғой, тура төбенің астына емес, кейде дромос жасап, қалтарыстау жерлейтін болған. Ондайда тонаушылар таба алмай кетеді, немесе жартылай ғана тонайды. Негізі бұл тонаушылар сібір жерінен келіп солтүстік қазақстан, шығыс қазақстан жерлеріндегі обаларды тонаған. Оларды орыстар «бугровщики» деп атаған. «Бугор» – «төбе» деген сөз ғой қазақша. Шынай бугровщиктер биігі он метр мөлшерінде болатын алып патша қорғандарын да ұзақ уақыт қазып, тонап кетіп отырған. Ондай алтын іздеушілер кейіннен қазақ арасынан да шыққан көрінеді. Біз кезінде, 2010 жылы болар, мектептің елу жылдығын өткіземіз деп дайындалғанда Ойшілік пен Құмгөл маңының бірталай жерін араладық. Әсіресе Тастағы суреттер (петроглифтер) мен осы обаларды суретке, видеоға түсірдік. Негізінен бұл маңда сақ дәуірінің кіші обалары мен үйсін дәуірінің жатаған тас обалары көп кезігеді. Сонда біз көрген обалардың бәрі тоналған болып шықты. Әдетте, тоналған обалардың төбесі ойыс болып келеді. Сақтардікімен салыстырғанда үйсін обалары аласалау, көлемі де шағын болып келеді. Аңғарған адам «Құмкөл» мен «Ойшіліктің» маңындағы қырлардан осындай белгілері байқалатын обаларды таба алады. Сонда біздің аталарымыздың арасынан да «бугровшиктер» шықты ма дейсіз ғой. «Ел құлағы елу» деген емес пе, сібірден келіп алтын қазып алып жүргендерді біздің қазақтар да естиді ғой. Содан келіп, алтынға қызығушылардың ел арасынан да шығуы заңды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген. Осы жөнінде қазіргі жерлес археологтардан сұарағанымда олар: «Обаларды тонау соноу көне заманнан бастап жиырмасыншы ғасырдың басына дейін кезікті» дейді. Соған қарағанда Г. Потаниннің «Вблизи же ключа Карабулак, в том месте, где стоял аул бедных киргизов, было довольно оба, т. е. старинных могил, из которых киргизы вырывают золотые вещи» [4. 118] деген дерегі шындыққа саяды. Ал енді жартастағы суреттер дегеніңіз теріскей Тарбағатайдың кезкелген сайында сайрап жатыр. Осы жартастағы суреттің петроглиф деп аталатынын, оның екі жарым – үш мың жыл бұрынғы адамдардан қалған аса құнды мәдени – тарихы ескерткіш екенін бұрын кім біліпті. Мұндай жартастағы суретпен өзімнің алғаш қалай кезіккенімді бөлек әңгіме етіп айтып бермекшімін.
«Хабарасу» атауының ерте заманда монғол тілінде «Хамартабан» болғанын атап жазғандар бұрын да болыпты. Мысалы, өлкетанушы Д. Жүнісов: «Хабарасу бұрын көп уақыт монғолша Хамардабан деп аталған екен…ХVІІ – ХVІІІ ғасырларда сауда керуендері Синцзянның Яркенд, Қашғар, т. б. қалаларынан шығып осы Хамардабан арқылы Сібірге өтетін болған.» [12. 133], деп жазыпты. Әдетте қытайдан жібек, фарфор, шай – шалаң, оқ – дәрі сияқты тауарлар өткізсе, Сібірден қытайға қарай негізінен бағалы аң терілерін өткізеді ғой. Сонда бұл өткел Жібек жолының, немесе тарихшылар айтатын «Бұлғын жолының» бір тармағы емеспе екен деген де сұрақ туады. Хабардың монғолға дейін қалай аталып келгенін де әзірше, көне түркі тіліндегі «Хабартау» деп тұспалдап отырмыз, келешекте дәәлелденеді деген үмітіміз бар. Қалай айтсақ та «Хабар – Асу» үлкен мағыналы, кең ауқымды атау болғаны шындық, оған байланысты ұмытылған жәйіттерді әлі де кеңірек зерттеп қалпына келтіруге тиіспіз.
Төлеухан Сақынбаев, тарихшы.
Білім беру саласының үздігі.