Сенаттың жақында өткен Пленарлық мәжілісіне Премьер-Министр А.Мамин қатысты. Сенатор Ақылбек Күрішбаев бұл жолы да ауыл ахуалына айрықша тоқталып, ащы болса да, ақиқатты айтып, сөз сөйледі.
Сенатордың айтуынша, 2003 жылы ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік субсидияның мөлшері 3,5 млрд теңгені құрап, ол жылдары субсидияның 1 теңгесіне шаққанда 186 теңгенің өнімі өндірілген. Ал 2019 жылы аталмыш салаға мемлекет қолдауы 85 есеге (!) өскенімен, осы субсидияның 1 теңгесіне тек 17 теңгенің (!) ғана өнімі өндірілген. Бұл өткен
16 жылдың ішінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігі 11 есеге (?!) төмендегенін білдіреді.
Келесі мәселе. Жақында Сенатта ауылдық аймақтарды дамыту бойынша парламенттік тыңдау өтті. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүргізілген Үкіметтің көп бағытты жұмысына жан-жақты талдау жасалды.
Бірақ сонда да көптеген ауылдарымыздың жағдайы мүшкіл екенін ашық мойындау керек, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі күрт төмендеп кетті.
Біз дәл бүгінгідей жағдайда ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдаудың бұрынғыдан да маңызды екеніне көз жеткіздік.
-Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жоба бұрынғысынан түбегейлі өзгеше болуы тиіс деп есептейміз. Біз саланы ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін шешуді дереу қолға алуымыз керек. Әйтпесе, мемлекеттің аграрлық саланы субсидиялауға жұмсайтын шығыстары жылдан жылға өсе береді, ал олардан түсетін қайтарым ұдайы төмендей бермек,-деді А.Күрішбаев.
«Жерұйық» ақпараттық порталы.