«БИПЭК АВТО» компаниялар тобы өндірістегі өмірбаянын «АвтоВАЗ» ААҚ пен Škoda Auto a.s-ның Қазақстан Республикасындағы бас импорттаушысы, «УАЗ» ААҚ-тың эксклюзивті дистрибьюторы, Suzuki Motors Corporation, Chevrolet, Opel, Hummer, Cadillac-тың ресми делдалы болып бастады.
«БИПЭК АВТО» компаниялар тобына Қазақстандағы ең тұңғыш «АЗИЯ АВТО» автокөлік жинау зауыты кіреді. Онда LADA 4*4, LADA 210994, Škoda (Octavia, Superb) және Chevrolet (Epica, Lacetti, Captiva) автокөліктері жиналады.
Тап бүгінгі күнге алғанда, аса ірі қазақстандық автохолдингтің авторетейлдің инфрақұрылымына жасаған инвестициясы 339 миллион долларды құрады.
Биылғы қазан айында «БИПЭК АВТО» желісі арқылы сатылған автомобильдердің саны 500 мыңнан асты!
«БИПЭК АВТО» компаниялар тобы сервистік орталықтың ұлттық желісінің филиалдары еліміздің 20 ірі қаласында жұмыс істеп жатыр. Күніне елімізде осы желілері арқылы елу автомобиль сатылады.
Компания 2015 жылдан бастап Ресейдің де 15 қаласындағы жиырма автоорталықта өзінің жеке желілерін ашты.
Шикізаттық емес сектордағы ең ірі жоба
Шетел баспасөзін ақтарыстырып отырып, мынадай бір қызық дерекке кез болып қалдық.
Грекияда тұратын таксист Джордж Вассилакис өзінің 2003 жылғы «Мерседесімен» барлығы 1 миллион километр жол жүріп өтіпті. Әлі де жүре бермек.
Ол дизельді «Седан Е»-классты «Мерседесті» су жаңа күйінде сатып алған. Бұл көлікте әлі күнге дейін бес цилиндрлі өзінің «туған» двигателі мен алты сатылы қозғалтқыш қорабы тұр. Осы уақыттың ішінде оған бірде-бір рет бәлендей дерлік жөндеу жасалмаған. Тек біраз уақ-түйегін ғана ауыстырған.
Айтып-айтпай не керек, керемет-ақ. Дегенмен, нағыз рекордыңыз алда екен. «Mercedes-Benz» компаниясының мәліметі бойынша, Грегориос Сакинидис деген тағы бір грек өзінің 1976 жылғы «Мерседес» 240 D көлігімен 1981 мен 2004-шы жылдар аралығында 4,6 миллион шақырым жол жүрген! Бұл жыл-жылға бөлшектесек, жылына 200 мың шақырым, айына 20 мың шақырым деген сөз. Астында көлігі бар адам мұның не екенін жақсы түйсінеді. Көлік 2004 жылдан бері Штутгардтағы Мерседестер мұражайына қойылған. «Мерседес» концерні рекордшы азаматқа жаңасын тегін берген.
Шетелдік көліктің, соның ішінде «Мерседестің» аспандап тұрған атышулы сапасына тағы да бір рет көз жеткізетін мәлімет. Енді «сап-сап көңілім» деп өзіміздің автоиндустрияға қатысты су жаңа деректерге үңілейік.
Ескі көліктерді елге енгізуді осыдан бес-алты жыл бұрын шектеген өкімет пен үкіметтің атына айтылған сын көп болды. «Сонда аяғымызды неге артамыз?!»,-деген сияқты. Бұл өкпе-наз да дұрыс көрініп еді әуелде. Бірақ елді көнерген көліктің әбден басып кеткені анық еді. Жол қауіпсіздігін арттыру, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында осы «хламнан» тазаруымыз керек болды. Бұл үшін үлкен-үлкен шаралар қажет-ті. Ең бастысы, өзіміздің автоөндірісімізді жолға қоюға тиіс болатынбыз.
Осы жерде бір цифр айта кетейік. 2009 жылы елге жалпы құны жарты миллиард доллар болатын жеңіл көліктер импортталып келген екен. Осы жылдың жарты жылында ғана елге 75,5 мың автокөлік енгізілген. Ал елімізде сол жылы барлығы 3284 жеңіл көңіл құрастырылған.
2000-шы жылдардың басында анау Украинада «Запорожецтен» басқа күрделі көлік шығарамыз дегенге ешкім сенбеген. Бүгінде бүлініп жатқан осы елде бүкіл дерлік ішкі нарықты тек өзінде жинайтын шетелдік көліктермен ғана қамтамасыз етіп келген.
Ресейде де жетекші әлемдік автобрендтердің барлығын дерлік құрастырып шығаратын 15 зауыт ашылған. Өзбекстанның «Дэу-Нексияларымен» өзін ғана емес, біздің елді де қарық қылып тастағаны және бар. Сонда біз қашанғы төменшіктей бермекші едік? Осы сауал бәрімізді ойландырды.
Дегенмен, біздің жағдай аса үмітсіз емес-ті. Сөйтіп, араға жылдар салып, 2012 жылы зауыттан 30.000-шы «Шевролет-Каптида» автокөлігі шықса, бүгінде зауытта шетелдің 13 түрлі көлігі құрастырылып жатыр.
«АЗИЯ АВТО» келесі жылдан бастап жылына Skoda, Chevrolet, Cadillac, KIA маркалы 120 мың автокөлік шығаратын зауытты іске қосады. Мақсат – елде жиналатын автокөліктердің қазақстандық үлесін ұлғайту. Құны 300 миллион долларлық жаңа зауыт 2013 жылы іске қосылды. Сол кезде толық өндірістік цикл – штамповкалау,-дәнекерлеу,-бояу,-жинау циклын әлдеқайда кеңейту мүмкін болмақ.
Жаңа автозауыттың жанында көліктің кузовын, орындығын, бамперін, әйнегін, аккумуляторын, дискілерін, дөңгелегін, т.т. шығаратын автобөлшектер өндірісі орналаспақ. Және бұлар тек Шығыс Қазақстанда ғана емес, елдің басқа да аймақтарында өндіріледі.
«АЗИЯ АВТО» жыл сайын әлемдік автоөнеркәсіптің жаңа үлгілерін ұсынуға әзір деуге болады. 2010 жылы зауыт өзінің корейлік әріптесінің жолсызбен жүре беретін KIA Sorrento, KIA Mohave көліктерін, «KIA Cerato» седан-көлігін, «Skoda Yeti» «паркетнигін», гольф-классты «Chevrolet Cruze» көлігін, «Chevrolet Aveo» көлігін шығарды. 2011 жылдың аяғында ғана конвейерге SkodaSuperb B6, SkodaOctavia A5FL шығарылды.
«АЗИЯ АВТО» президенті Ержан Мәндиев әу бастан тікелей тұтынушыға арналған несиелеу бағдарламасына ерекше мән берілуі тиіс деп санады. Өйткені, біздің елде халықтың несие алу мүмкіндігі шамалы еді. Ал автонесиелеудің тиімді мемлекеттік бағдарламасы нарыққа барынша жан бітірмек. Бұл дегенің ел экономикасына жан бітіру деген сөз-тін.
– Бірыңғай кедендік тариф енгізілуіне байланысты бізден шығатын автокөліктердің бағасына қатысты қызу пікірталастар жүрген. Біз бірақ бағаны көтермедік. Керісінше, бағаны төмендеттік. Бұл және де бір реттік акция емес, бұрыннан өзіміз ұстанып келе жатқан ұзаққа созылатын стратегия. Оның үстіне зауытымыздың серіктестері – Skoda Auto, General Motors пен KIA концерндері алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда жеңіл бағалар ұсынып отыр,-деп еді сол кезде Ержан Мәндиев.
Бүгінде «АЗИЯ АВТО» өз көліктерін Шығыс және Батыс Сібірге, Қиыр Шығысқа, Орта Азияға шығарып жатқан автоконцерн өз өндірістік жоспарын «АвтоВАЗ»-бен бірлесіп жасап отыр.
-Қазіргі күні Қазақстанда шығарылып жатқан он көліктің тоғызы біздің зауыттың өнімдері. 2014 жылдың соңында толық циклді зауыт іске қосылып, содан бері «Азия Авто» толыққанды автоөнеркәсіп кластеріне айналды. Ол өзінің ауқымы жағынан Қазақстан экономикасындағы шикізаттық емес сектордағы ең ірі жобалардың бірі болмақ, – дейді «Азия Авто» АҚ президенті Ержан Мандиев мырза.
Кәсіпқойлық формуласы
Бұрынырақ бұған ұқсас жоба болған. Мысалы, Өскеменде «Хонда» көлігін құрастыру идеясы. Ол идея бірақ тумай жатып «іште өлді». Сондықтан бұл шеткері қалада автозауыт салу іске аспайтын арман сықылды еді.
Автозауыттың жұмыс істеп кетеріне күмәнданушылар саны бастан асатын. Өскеменде зауыт құрылысын салуды «АвтоВАЗ»-дың сол кездегі Бас директоры Владимир Каданников тұжырымдап, тиянақтаған. Олар осы арқылы бізде өздерінің саудалау-сату нарқын бекітіп алғысы келген. Бұл идеяны облыстың сол кездегі басшылығы да қолдаған. Өйткені, автокөлік өндірісі дегеніңіз, бұл – үстеме, қосымша құн деген сөз. Яғни, бұл зауыттың облыс экономикасына берері көп еді. Мұндайда мемлекет автокөлікті жай әкеліп сатқаннан гөрі салықтан әлдеқайда көп кіріс кіргізеді. Немесе мынандай салыстыру: бампердің бағасы 9-11 еуро тұрса, оны алып кеп сатсаң, құны 300 еуроға шығып кетеді. Дәнекерлеу, бояу жұмыстарын өзімізде ашсақ, біздің елде автокөлік детальдарын шығаратын қаншама қосалқы кәсіпорындар ашылар еді.
Бүгінгі күні Lada, Skoda, Chevrolet, Сadillac, Kia көліктерін құрастырып жатқан «АЗИЯ АВТО» акциясының 67,9 пайызын иеленіп отырған автокәсіпкер Анатолий Балушкин мына бір қысқа сұхбатын пәлсапашыл сарынмен былай деп бастайды:
– Кәсіпқойлықтың формуласын өзімше былай шығардым: «Кәсіпқойлық дегеніңіз – тек қана өз миыңа, өз тәрбиеңе сүйенген аяусыздық пен цинизм». Менің принципім – адамдармен емес, жағдаймен күресу. Сондықтан кіммен болсын, келісім жасай аламын. Сұхбаттасымның позициясын ұға, түсіне аламын. Бірақ өзім қалай дұрыс деп табамын, солай жасаймын.
Мені енді бүлдіру мүмкін емес. Қалай болдым, солай боп қаламын. Адам негізі өзгермей қала береді. Жетіге дейін жетілесің, он беске дейін есейесің, одан арғы жылдарыңда осы жүгіңді пайдаға жаратасың. Өз-өзіңді жетілдіре отырып жұмыс істесең, өсесің. Олай етпесең, өшесің.
Зауыттың алдағы жоспары үлкен. «Кадиллак» пен «Хаммер» шығармақ. Немістің «Фольксваген» корпорациясы «Дженерал Моторспен» өзара бәсекелесіп жатыр, қайсысының моделін біз конвейерге алар екен деп. Бұл олардың бізді мойындағандарын білдіреді. Ал біз неге осы екі шетелдік контрактілерге ұмтылып отырмыз? Өйткені, өз автокөліктерімізге лайықты, қолайымызға келетін баға болуына қол жеткізуіміз керек.
– Сізді білетіндер жағдайды алдын-ала көріп-білетін қабілетіңізді айтып жатады. Бұл сонда интуиция ма, әлде талдауға қабілеттілік пе?-деп бір сауал қыстырды тілші біз орайы кеп тұрған сәтте.
– Аналитика. Мен ылғи өзіме «Бұл неге бұлай болды?»,-деп сұраймын. Осы кезде тиісті алгоритм іске қосылады: «иә, жоқ, немесе…» деген. Жоқ іздеген сұраққа жауап осылай табылып жатады,-деп барып Анатолий Михаилович әрі қарай Шығыстың жаратқанның өзі бере салған сыйына қатысты сала жайлы айтып кетті:
– Маған негізі туризм саласы жақындау. Бұл – біздің облысымыз үшін, адамдарымыз үшін өте маңызды сала. Сондықтан бұны лайықты түрде дамытқымыз келеді. «Нұртау», «Рахман қайнары», «Фортуна» сияқты дем алу мен ем алу орындарына барынша ақша салып отырмыз. Өскеменнің іргесіндегі Бобровка кентінде әрқайсысында 60-70 сотық жері бар VIP-ауыл тұрғызу жобасын іске асырып жатырмыз. Катон-Қарағайдағы «Рахман қайнары» өзіме қатты ұнайды. Әсіресе екінші емдік корпусты мақтан тұтамын. Онда шетелдік комфорттан бір де кем емес, неміс қондырғысы орнатылған емдеу орны салынған.
Сіз білесіз бе, Қазақстандағы ең биікте орналасқан мешіт қайда екенін?! Бұл – «Аль-Куддус» мешіті. Жаңағы «Рахман қайнарында». Теңіз деңгейінен 1760 метре биіктікте. Керемет емес пе?! Және бұл мешіт біздің елдің ең шығыс нүктесінде. Одан әрі – көршілесі Ресейдің Алтай аймағы. Екі жағында – Қытай мен Моңғолия. Бұл мешітті «Бипек-Авто» компаниясы тұрғызған. Тұрғызылуына себепкер болған тағы да – Анатолий Балушкин.
Таңғажайып талпыныс
Иә, «БИПЭК АВТО» компаниялар тобы қысқа мерзім ішінде жобалық құны жылына 45 мың автокөлік болатын зауыт салып шықты. Осы бизнес-идеяның алғашқы сатысында-ақ «АЗИЯ АВТО» өнімнің жоғары сапасын негізгі бағдар етіп ұстанды.
«АЗИЯ АВТО» АҚ президенті Ержан Мандиев тағы да былай дейді :
– Әріптестерді тартып, жоғары сапалы өнім шығаруға қабілетімізді дәлелдеу үшін біз әу бастан өндіріс пен ішкі бизнес-процестерді халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырдық. Алғашында Skoda Auto-мен, кейіннен General Motors-пен арадағы әріптестік жүйелі жұмыстың заңды жемісі болып шықты.
Автозауытта құрама бөлшектердің сапасына 100 пайыз бақылау жасаудан өзге аудит пен таңдамалы бақылау жасаудың екі жүйесі жұмыс істейді. Мысалы, сертификатты аудиторлар конвейерден шыққан кез келген автокөлікті кездейсоқ таңдап алып, Volkswagen немесе General Motors концерндерінің әдістемесі бойынша арнайы кешенде толықтай аудиттен өткізеді. Өйткені олар өз беделіне нұқсан келмеуін алдымен ойлайды.
«АЗИЯ АВТО» автокөліктің түрлі деңгейдегі 8 моделін: Lada 4×4, Lada 21099, Skoda Octavia Tour, Octavia A5 и Superb, Chevrolet Lacetti, Epica и Captiva шығарады. Және де зауыт шығаратын көліктердің барлығы «БИПЭК АВТО»-ның аймақтық сервистік орталық жүйелері арқылы толық кепілдік қызметпен қамтамасыз етіледі.
Компанияның бағамдауы бойынша, жыл сайын мемлекеттік органдар үшін жылына 8 мыңға жуық автокөлік сатып алынады. Бірақ бұл нарықтағы шаманың тек 12 пайызын ғана құрайды. Ал шенеуніктерге ұсынылып отырған таңдау үлкен: ауыл әкімдеріне арналған «Нивадан» бастап министрлік өкілдері мінсе тақымына тар келмейтін Skoda Superb и Chevrolet Epica бизнес-класты көліктер ұсынады.
Қажет болса, басқа да көлік түрлерін шығаруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, біздің елде шығатын автокөліктердің құны импортталатын автокөліктерден гөрі бюджет үшін арзанға түсетіні – басты аргумент. Мемлекеттік сатып алу жандана түссе, зауыттың ірі торапты өндірістен толық циклды өндіріске көшуі соғұрлым жылдамдай түсер еді.
Бүгінде зауытта LADA Kalina мен LADA Priora-ның мүлде жаңа түрлері шығуда. Дизайны мен интерьері жаңа, рулінің гидрокүшейткіші, антиблокировкасы, қауіпсіздік жастығы, кондиционері, Euro-4 стандартына сәйкес жаңа двигателі бар LADA-ның жаңа модельдері өзінің техникалық және технологиялық сипаттамалары бойынша жапон, корей және еуропалық автокөліктермен бір сапта тұр деуге болады. Бұны әлемдік нарыққа шыққан автокөліктерді тестен өткізетін халықаралық рейтингтік агенттіктердің жарияланымдары да растайды. Бұл күнде LADA – біздің елде сатып алынатын әрбір үшінші автомобиль болып отыр.
Кешегі елге ұнамды УАЗ-дардың фургон, мөлтекавтобус, санитарлық, жол талғамайтын «внедорожник» секілді басқа түрлері де шығарылып жатыр. Осылардың ішінде әсіресе «UAZ Patriot» елдің автонарығын оңай жаулап алды деуге болады. Škoda, Suzuki, Chevrolet, Opel, Hummer, Cadillac секілді брэндтер таныстыруды қажет етпейді. «БИПЭК АВТО» осы автокөліктердің ресми импорттаушысы болып табылады. Әлемнің жетекші автоконцерндерімен тіке қарым-қатынастың артықшылықтары – өз персоналын General Motors Академиясында, Skoda Auto a.s., Suzuki Motors Corporation оқу орталықтарында оқыту, арнайы сервистік станциялардың қызметтерін пайдалану сияқты артықшылықтары осында жатыр.
Сөз жоқ, егемендігін кеше ғана алған ел үшін таңғажайып деп айтуға лайық осы жобаның одан әрі қарышты қадаммен ілгері басуына облыстың алдыңғы әкімі Бердібек Сапарбаев пен бүгінгі әкімі Даниал Ахметовтың қолдауы орасан зор болды деуге негіз жетерлік. 2010 жылдың мамыр айының басында америкалық «Дженерал Моторс» корпорациясымен бірлескен өнім – «Шевроле АВЕО» мен «Шевроле КРУЗ» көліктерінің құрастырыла бастау салтанатында сол кездегі облыс әкімінің:
– Автокөлік шығарудың екінші кезеңін жалғастыру үшін индустриялы аумақтан бұл компанияға 50 гектар жер бердік, – деп, ал, 2012 жылдың 12-ші қыркүйегінде біздің Елбасы мен Ресей президенті Путиннің қатысуымен Павлодарда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында Сапарбаевтың:
– Біздің Павлодардағы форумға апарған «АзияАвто» жобамыз – негізгі орасан үлкен жобамыз, оны жүзеге асыру біздің экономикамыздың құрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы кәсіпорынның айналасында көптеген басқа да жобалар шоғырланбақ. Автомобиль саласындағы бір орын 24 жұмыс орнын ашатыны мәлім. Бұл көптеген жаңа күрделі кәсіпорындар деген сөз, оған аймағымыздың жұмысшы кадрлары тартылады, яғни, бұл өндіріс аймақтың келбетін толық өзгертеді. Сөйтіп, кен өңдеу сияқты өндірістердегі шикізатқа тәуелділіктен құтыламыз. Толық циклдағы автомобиль өндірісі жоғары қосылған құнды өнімдер шығаратын болады,-деп мәлімдегені күнібүгінге дейін есімізде.
Арада бірер ғана жыл өткенде, зауыттың өндіріс ауқымы рекордтық 50 млрд. теңге шамаға жетті. Бұл күнге дейін барлығы 6 млрд. долларына 500 мың автокөлік шығыпты.
Енді міне, толық дерлік циклмен жылына 120 мың дана автокөлік шығару жобасының томағасы сыпырылды. Жобаға салынған инвестция ауқымы 400 млн. АҚШ долларын құрады. Ол толығымен іске асқан кезде зауыттың бір өзі ғана елдің ішкі жалпы өнім ауқымын 150 млрд. теңгеге ұлғайтпақ! Жаңадан тағы 12 мың жұмыс орны ашылмақ.
Өз клиенттеріне құрметпен қарайтын БИПЭК АВТО Алматыда Орта Азиядағы ең ірі, 3,8 гектар жерді алып жатқан мультибрендті автоорталық ашқан. Мұнда 11 мың шаршы метр жерде тұрған 8 түрлі әлемдік брендті автокөліктердің модельдік қатарынан өзге сервистік қызмет көрсететін 48 технологиялық станциялық бекеттері бар.
Автокөлікті тасымалдау жағына келетін болсақ, автогиганттың өзінің жекеменшік паркінде 320 темір жол вагоны, 87 «автовозы» тынымсыз қозғалыста.
Автонесиелеу арқасында
«БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин: «Біздің мақсат – еліміздегі автоөнеркәсіпті шикізаттық емес экспорттағы № 1 сала етіп қалыптастыру»,-дейді.
Әлемдік автонарық өткен 2017 жылы 2,3 %-ға өсті деген сөз бар. Ал біздің елдің автонарқы «техникалық нокаутқа» түсіп барып тұрды дейді Анатолий Михайлович. Нокаут емегенде, 2014-2016 жылдары сұраныс төрт есеге бір-ақ құлаған! Бұл мұнайдың баррелі 30 долларға төмендеп, девальвация жүріп кеткен кез еді. Сондықтан, біздің «автопром» тек өткен жылы ғана аяғынан тұра бастады. Сұраныс 6 %-ға әрең көтерілді. Биыл 26 %-ға шықты.
Автокөлікті локальді жинау қазір нарықтың 47%-ын құрайды.
«Біз президент пен үкіметке автонесиелеудің мемлекетік бағдарламасының үшінші траншы үшін алғыс айтуға тиіспіз», – дейді Балушкин.
– Бұл бағдарлама болмаса, қазақстандық автопромға өте қиын тиер ме еді? – деп сұрады тілші.
– Біздің Отанымыздағы елді-мекендердің арақашықтығының алыстығы соншалық, автокөлік – тұрғын үйден кейінгі екінші негізгі мұқтаждық. Осы несиенің арқасында қаншама халықтың авткөлікке қолдары жетті. Мемлекет бұл ресусты банктерге береді. Биылғы жылдың басынан бері барлық қазақстандық автокөліктің 24 %-ы несиелеу бағдарламасы аясында сатылған.
«АЗИЯ АВТО» мен холдинг бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қаржы тартпаған. Өндірісті тек өздерінің жеке қаржысына дамытып келген. Бірақ салықтық, кедендік артықшылықтар болмаса, бірде-бір автоконвейер дамымас еді.
Зауыт салалық жеңілдіктер алуының нәтижесінде 2003 жылдан бері 52,4 млрд. теңге үнемдеген. Есесіне салық пен басқа да төлемақы түрінде 86 млрд. теңге төлеген. Ал өндірісті және инфрақұрылымдарды дамытуға 65 млрд. теңге инвестиция құйған.
Осылайша бюджетке түскен түсімдер мемлекеттік қолдау қаржысынан 1,6 есе басым. Бұл – бір. Екіншіден, жаңадан 5 мың жұмыс орны ашылды. Барлығы 401 млрд. теңгеге 130 мың автокөлік шығарылып, сатылды. Бұл бүкіл республикада өндірілген автотехниканың 81 %-ын құрайды.
Биыл темір жол тармағының құрылысы басталды. Бұл жерде «Бизнестің жол картасы» шеңберінде үкімет пен облыстық әкімдіктің көмегі зор болды. Бүгінге қосалқы корпустардың алғашқы 20 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. Кезектегі нысандар үшін барлық іргетас қалау жұмыстары жасалды. Холдингтің өзінің жеке екі карьері бар. Бетон да өздерінен. Бетонның сапасын анықтайын лаборатория да өздерінікі. Техника паркі де солай. 12 мың қазықтық тіреу (свай ) дайындаған «опалубка» зауыты да меншік.
Биылғы маусымда дәнекерлеу мен бояу цехтарының құрылысы басталды. Қанша қиын уақыт болса да, бұл жоба тоқтап қалмады. Ұжым да қысқартылмады. Сондықтан, бүгінгі күнге жобалау мен құрылысы жұмыстарына 63,5 миллион доллар жұмсалды. Және де ешқайдан алынбаған, жеке өз ақшасы.
Осы орайда бұрыннан келе жатқан қаржылық әріптес серіктес – «Цеснабанк» өте маңызды қадам жасады. Банк осы жобаны қаржыландыруды қолға алды. Алғашқы транш 3 млрд. теңгені құрады. Бұл құрылыс қарқынын жандандыруға мүмкіндік берді.
Дегенмен, теңгемен берілетін ұзақ мерзімді қарыз қаржысынсыз болмайды. Ондай инвестицияның ауқымы 36,4 млрд. теңге шамасында болады. Ол үшін үш банкпен осы бағытта жұмыс жасалып келеді. «Цеснабанк» құрылыс салу бағытында 17.2 млрд. теңге шамасында несиелемек. «ЕвразияБанкі» 19.2 млрд. теңгенің қондырғысын жеткізіп, құрылыстың технологиялық бөлігіне кепілдік бермек. «Қазақстан Даму банкі» осы кепілдіктерге орай қаржы бөлмек.
«Туған жерден ешқайда кетпейміз!»
– Зауыт Өскеменнен көшіп ешқайда бармайды. Бұл – біздің туған жеріміз. Жаңа қуаттылық тұрғызу үшін тура мағынасында бір миллион текше метр топырақты қопарып-аударыстырып шықтық,-дейді А.Балушкин.
– Инвестицияның жалпы ауқымы және өндірістің жобалық өтелімділігі қандай?
– Жалпы шығын – 200 миллион доллар. Өндірістің өзін-өзі ақтауы он жыл деп жоспарлап отырмыз. Автоның тағы бір моделін іске қосқаннан кейін тағы бір жылға ұзарады. Бұл жерде Өзбекстанның автоөндірушілерінің қателегіне ұрынбау қажет. Олар бір ғана марка ДЭУ-ге ғана ставка жасады. Ал біз бес-алты маркасын шығарамыз. Мінсіз түрдегі варианты – корейлік, жапондық, еуропалық, американдық бренділер.
2019 жылғы мақсаттық көрсеткіш – барлығы 300 миллион долларға 25 мың автомашина сату. Толық циклді қуаттылық қосылған соң бұл көрсеткіш жылына 30 мың автокөліке дейін өседі.
Cайлау Өміртай, Өскемен.