«Мысал үшін мынандай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Расписка қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Алған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл – үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзіне қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, өз жерінде кеудесі көтеріліп, аяғын алшаң басып жүре алмайды».
Бұл Алаш қайраткерлерінің бірі де бірегейі Смағұл Сәдуақасовтың бұдан тоқсан үш жыл бұрынғы жазған сөзі («Еңбекші қазақ» газеті, 1927 жыл, ақпанның 16-ы).
Бірдеңе өзгерді ме cодан бері? Әй, қайдам…
Тіл тағдыры неліктен осындай ауыр хәлді бастан кешіп отыр? Негізгі себеп – мінез-құлық, болмыстың өзгеріссіз қалуында. Осыменен сабақтасып келіп мемлекеттік жүйедегі өзгерістерге талпыныс жасауға жасқаншақтық туады. Осы жәйттің тамырын тап басып айтқан абайтанушы-ғалым Асан Омаров:
– Билікке жас буын және жаңаша көзқарастағы адамдар келуі ауадай қажеттілік. Олардың орнына жұмақтағыдай өмір сүрген, сондықтан да өзгерісті еш қаламайтын пысықайлар депутаттыққа ұмтылып жатыр. «Қазақский» парадокс демеске лажың жоқ. Ұлттың тілі, мүддесі аяққа тапталған шақта тек өз жайын күйттеген кімдер болмақ? Өзін емес, қазақтың болашағын ойлайтын санаға қашан жетпекпіз? Жаңа ойлап отырып, осы сұраққа тіреліп қалдым,-дейді.
«Жерұйық»-ақпарат».