Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы ежелден атакәсібіміз болғаны белгілі. Бүгінгі ХХI – ші ғасырда да осы саланың маңызы артпаса, кеміді деуге келмес, өйткені, мұны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз» – деген сөзінен де байқауға болады. Бұл сөздің жауапкершілігі аса үлкен, драйвер деген көшті бастау, үлгі көрсету, яғни қызметі ауыл шаруашылығы шикізатына тәуелді болып келетін тамақ пен жеңіл өнеркәсібі секілді өңдеуші салалардың тиімді дамуына жол ашып, көшбасшы бола білуді білдіреді.
Президенттің бұл тапсырмасын жүзеге асыру барысында біраз бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Ауылды дамытуға қатысты алуан түрлі мәселелерді жүзеге асыру барысында ғалымдардың тәжірибесі мен еңбегіне де сүйенбесе болмайды. Осыған орай біз еліміздегі мал шаруашылығы ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан екі ғалымның еңбегіне тоқталғанды жөн көрдік. Олар Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу» кафедрасының профессорлары Нұрберген Омарқожаұлы мен Шәуенов Сауқымбек Қауысұлы. Екеуі де ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары. Бүгінде Астанада қызмет атқарып жатқанмен екі ғалымның да еңбек жолы, сіңірген еңбегі республиканың көптеген өңірлерімен байланысып, сайрап жатыр
Бір қызығы қос ғалымның өмір жолдарының көп жылдар бойы біте қайнасып тоғысқан, тағдырларының ұқсастығы қайран қалдырады. Міне қарайық:
- екеуі де 1949 жылы ақпан айында дүниеге келген;
- Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институтында (1960 – ж. соңы мен 1970 – ж. басы) бірге оқып, кейін сонда ұстаздық қызметпен айналысқан;
- ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертация қорғап, «дербес зоотехния: мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша профессор атағын алған;
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарының «2007 жылғы үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері;
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған – Н.Омарқожаұлы (2003), С.Шәуенов (2015);
- Биылғы жылға дейін екеуі де 180 – тен астам ғылыми және әдістемелік еңбектер жариялаған;
«С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ» «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы» кафедрасында С.Шәуенов (2004), Н.Омарқожаұлы (2005) бүгінге дейін қызмет атқаруда.

Міне, құстың қос қанатындай Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымы саласында бірге жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаздар еңбегіндегі ұқсастықтар осындай. Алайда, бұл мұхиттағы алып айсбергтің (мұзтау) су үстіндегі көзге көрінетін сұлбасы секілді жағдай ғана. Ал жоғарыдағы біз тізбелеген «құрғақ» деректер, жетістіктердің астарында ұзақ жылғы тынымсыз еңбек, ұдайы білім мен біліктілікті жетілдіру, қарыштап дамыған білім мен ғылымның талабына сай алдыңғы легінен табыла білу, мамандыққа деген адалдық пен жауапкершілік, діттеген мақсатқа жету жолында талмай іздену, қажырлы еңбек пен төккен тердің жатқанын, өзіндік талап пен күш-жігердің арқасы екенін айту ләзім. Біз соның тек кейбір маңызды қырларына тоқтала кеткенді жөн көрдік.
«Мал азықтандыру» ғылымының майталманы
Сонымен сөз басын Сауқымбек Қауысұлынан екі күн үлкендігі бар Нұрекең, Нұрберген Омарқожаұлынан бастайық. Бұл кісі иститутты үздік дипломға аяқтағаннан бері тек жоғары білім саласында 48 жыл бойы үзбей қызмет атқаруда. Өзі білім алған Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының (АЗМИ) аспирантурасын бітіріп, 1975 жылы «Мал азықтандыру» кафедрасының кіші ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастайды. Содан бері бүгінге дейін мал азықтандыру саласы Нұрекеңнің зоотехния ғылымындағы негізгі де басты бағыты болып келеді. Осы аралықта тек екі жерде ғана қызмет жасапты. Алдымен 1971 – 2005 жылдары Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институтында, ал 2005 жылдан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет атқарып келеді. Кез келген жоғары оқу орны оқытушысының мықтылығы негізінен екі қырына байланысты. Ол алдымен оқу процесі, яғни ұстаздық қызмет – дәрістер оқу мен тәжірибелік, зертханалық сабақтарды сапалы жүргізу; ал келесі ғалымдық арна – ғылыми зерттеулермен ұдайы айналысу. Бір сөзбен айтқанда, оқу мен ғылымды екі аяғын тең басқандай ұтымды ұштастыра білген адам ғана жоғары талап деңгейінен көріне алады. Ал Нұрберген Омарқожаұлы осы талап деңгейіне жеткен тұлға.
Бұл жолда адам бірінші кезекте өзінің білімі мен біліктілігін жоғары деңгейге көтеріп алуы керек. Н.Омарқожаұлы бұл асуларды да дер кезінде бағындыра білген адам. Ол 1975 жылы республикаға белгілі ғалым М.Байтуринның жетекшілігімен «Күркетауықтардың микроэлементтік мұқтаждығы» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғап, ассистент, аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарса, ал 1995 жылы «Қазақстан мал шаруа-шылығында микроэлементтер қолдануды ғылыми негіздеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, бір жылдан соң профессор ғылыми атағына ие болды.
Н.Омарқожаұлының ғылыми зерттеулері мал шаруашылығында биогеохимиялық ілім қағидаларын қолдануға бағытталған. Белгілі ғалымдар Байтурин М., Таңатаров А., Егеубаев А. және т.б. бірлесіп жүргізілген ҒЗЖ нәтижесінде республика аймақтары биосфера қабаттарындағы биогенді микроэдементтер шоғырлануы көрсетілген биохимиялық картограмма жасалып, әр өңірде өсіріліп отырған мал түліктері мен үй құстарының түрі мен өнімдік бағыттары бойынша нақты табиғи-шаруашылық жағдайына сәйкес минералдық азықтандыру мөлшерлері ұсынылып, ғылыми монографиялар мен өндірістік ұсыныстар, патенттер мен авторлық куәліктер алынды.

профессор Н. Омарқожаұлы
Жоғарыда атап кеткен екі қырдан келіп оқытушының үшінші қыры ұшталады, яғни жақсы ұстаз-ғалым ұдайы ғылыми мақалалар жариялап, студенттер үшін әдістемелік құралдар, оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауы қажет. Ал Н.Омарқожаұлы 180 – тен астам ғылыми және әдістемелік еңбектердің авторы, оның ішінде 10 оқулық пен 15 оқу құралы, 20 практикум мен оқу-әдістемелік құралдары, 10 ғылыми монография мен 12 жаңалық патенттері және авторлық куәліктері, 7 өндірістік ұсыныстары мен 3 терминологиялық сөздіктері, 5 мәселелік импакт-факторлы мақалалары бар.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Н.Омарқожаұлы жоғары оқу орындарында қазақ тілініде дәріс беру ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік статусын нығайтуға аянбай ат салысты. Зоотехния мамандығының негізгі бөлімінің бірі болып келетін «Мал азықтандыру» пәнінің қазақ тіліндегі алғашқы оқулығы мен «Мал шаруашылығы», «Мал шаруашылығы салаларының технологиясы» пәндерінен дайындағын оқу және оқу-әдістемелік құралдары республикалық «Қайнар», «Foliant», «Бастау» баспаларынан шығарылып, еліміздің барлық аграрлық жоғары және арнайы оқу орындарының оқу үрдісінде қолданыс тапты. Жоғары әдістемелік деңгейде дәріс беріп, білім стандарттарына сай замануи оқулықтар дайындағаны үшін ҚР ЖОО қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы медалімен марапатталды (2005).
Профессор Н.Омарқожаұлы қазақ тілінің терминологиясын қалыптастырып, ғылымдағы қолдану аясын кеңейтуге өзіндік үлесін үздіксіз қосуда. «Мал шаруашылығы терминдерінің ғылыми-түсіндрме сөздігін» (2007) шығарып, «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктің» 15 том- Ауыл шаруашылығы томының авторлық ұжымына кіріп (2014), «Мал азықтандыру және азықтандыру сапасын бақылау» (2015), «Мал азықтандыруды ұйымдастыру және бақылау» (2016) анықтамалықтарын жариялады. Осы оқу-әдістемелік еңбектері үшін профессор Н.Омарқожаұлы 2015 жылы Қазақстан Педагогикалық академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды.

академик В.И.Вернадский ескерткіші. Полтава аграрлық университеті. Солдан оңға қарай: Н.Омарқожаұлы, С.Әбдрахманов, А.И.Шуркин.
Бұдан әрі маңдай алды оқытушының «шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей төртінші қыры қылаң береді. Ол студенттердің дипломдық жұмыстарына, магистранттар мен докторанттардың диссертацияларына жетекшілік жасау. Профессордың бұл бағыттағы жұмысы да нәтижелі болды. Ол шәкірттерімен жүргізген бағытты ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ғылыми мектебін қалыптастырып, жетекшілігімен 1 докторлық, 3 кандидаттық, 2 PhD докторлық, 15 магистрлік диссертациялар қорғалды. Ал өз алдына бір шоғыр болған 200 – ге таяу студенттің дипломдық жұмыстарына жетекшілік жасауы ол үлкен қажырлы еңбектің бір белесі.
Бұл тұрғыда Н.Омарқожаұлының Қазақстанның мал шаруашылығы білімі мен ғылымы үшін жоғары дәрежелі ғылыми кадрлар дайындаудағы қосқан елеулі үлесін айтпай кетуге болмайды. Ол 1995 – 2005 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің базасында елімізге белгілі ғалым, қоғам қайраткері Қ.Ү.Медеубековтың төрағалығымен жұмыс істеген бірлескен диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы болып, жүздеген ғылым докторлары мен кандидаттарын шығаруға тікелей ат салысуы дер едік.
Н.Омарқожаұлының ғылыми ізденістері академик В.Вернадскийдің биогеохимия ілімінің қағидаларын Қазақстан табиғи-шаруашылық жағдайларында қолдану бағытында жүргізілді. Әр аймақтарда жүргізілген ғылыми-зерттеуі жұмыстарының нәтижесінде республика жерінің биогеохимиялық өңірлері айқындалып, мал түліктерінің минералдық қоректенуін ғылыми тұрғыдан негіздейтін биогеохимиялық картограммасы жасалды. Онда әр биогеохимиялық аймақ биосферасындағы биогендік элементтер шоғырлану дәрежесі анықталып, жергілікті агробиоценоздардағы қалыптасқан биохимиялық қоректік тізбектері бойындағы биогенді минералды элементтер миграциясын сипатталды. Соның негізінде жергілікті биоценоздар биосферасындағы минералды элементтер шоғырлануына мал мен құс организмінің бейімделушілігі анықталып, олардың гомеостаздық статусын тұрақтандыру шараларын ғылыми негізде жүзеге асыруға мүмкіндік тудырылды.
Нәтижелі оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу еңбектері мен еліміздің мал шаруашылығына жоғары білімді мамандар дайындаудағы қосқан қомақты үлесі үшін профессор Н.Омарқожаұлы ҚР БҒМ «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» (2005) төс белгісі және ҚР АШМ Құрмет грамотасымен (2016) марапаталып, «ҚР құс өсіру саласының Құрметті қызметкері» (2018) құрметті атағын иеленді.
Нұрберген Омарқожаұлы өнегелі отбасының әке-атасы. Жарты ғасыр жұптары жарасып келе жатқан жұбайы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Қабыкенқызымен ғылымдағы жолдарын жалғастырған қыздарын өсіріп: Гүлнұр Нұрбергенқызы – биология ғылымдардың кандидаты, Әсем Нұрберген қызы – экономика ғылымдардың кандидаты, доцент; немерелері Дананы (Нью-Йорк Metrapolitfn college магистранты), Дарияны (теннис клуб дизайн-менеджері), Елнұрды (сарапшы финансист), Елдана мен Елдарды (Білім-инновация лицейінің оқушылары) тәрбиелеуде.
Селекцияның тылсым сырларын терең түйсінген ғалым
Енді, жоғарыда атап кеткендей Н.Омарқожаұлымен қатарласа, иық тірестіре жемісті еңбек етіп келе жатқан адам профессор С.Қ.Шауенов. Институтты бітіріп, диплом алған соң ол Көкшетау облысына жолдамамен барып, сол кездегі Володар (қазіргі Айыртау) ауданындағы «Кутузовский» совхозында ферма зоотехнигі болып қызмет істейді. Аталған шаруашылықта ол үш жылдай зоотехник қызметін атқарып, осы жылдарын мүйізді ірі қара малын өсіру және сүт фермасы қызметінің қыр-сырын меңгеруге жұмсайды.
1974 жылы отбасы жағдайына байланысты туған жері Шымкент облысына оралып, Алғабас ауданының ХХІІ партсъезд совхозының «Төменгі Боралдай» фермасында зоотехник болып қызмет етеді. Онда 1,5 жылдай қызмет еткен соң В.А. Бальмонт атындағы Республикалық біржылдық бонитерлік жоғары мектебіне оқуға жіберіледі. Аталған бонитерлік бір жылдық жоғарғы мектеп Алматы облысы Мыңбаев ауылындағы Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми – зерттеу технологиялық институтына қарайтын. Бұл ғылыми-зерттеу институтында отандық қой тұқымдарының авторлары, Қазақстанның қой шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан көрнекті ғалымдар (академик Медеубеков Қ.Ү., Бальмонт В.А., Петров А., Касымов К.М., Касымов Т.С., Касымов К.Т., Касенов Т., Канапин К., Жумадилдаев Қ. т.б.) қызмет ететін. Бір жыл бойы институт ғалымдарынан әртүрлі мал түрлері өнімдерін жетілдіру, асылдандыру, жаңа тұқымдар шығару бағытында теориялық және тәжірибелік сабақтар алу ол үшін үлкен мектеп болды. Жыл соңында мемлекеттік емтихан сынынан өтіп, нәтижесі бойынша ауылшаруашылығы малдарының зоотехник-бонитері деген біліктілік бойынша санаулы ғана адамдар қатарында қызыл дипломға ие болады. Міне, осы жағдай, жалындаған жас жігіттің ғылымға деген сезімін оятып, мал шаруашылығы ғылымына түбегейлі бет бұруына, оның ішінде селекциялық жұмыстардың қыр-сырларын игеруге және қой өнімдерінің технологиясын жетілдірудің тиімді жолдарын меңгерудегі ұстанымына үлкен ықпал етеді. Осы мақсатқа жету үшін ол 1977-1985 жылдары Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институты аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқиды және ғылыми-қызметкер болып жұмыс істейді.
Ал 1985 жылдан 2004 жылға дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде (бұрынғы Алматы зооветеринарлық институты) қатардағы ғылыми қызметкерден университеттің «Ветеринария және мал шаруашылығы институты» оқу бөлімінің бастығы, директорының орынбасары – «Мал шаруашылығы технологиясы» факультетінің деканы қызметтерін атқарады. 2004 жылдың қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін С.Сейфуллиан атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет істеуде. Яғни, осы жылдың желтоқсан айына дейін «зоотехния және биотехнология» кафедрасының профессоры, 2004-2007 жылдары технологиялық факультетінің деканы, 2008-2011 жылдары «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы» кафедрасының меңгерушісі, қазір осы кафедраның профессоры.

1977 жылдан бері ұдайы ғылыми ізденіс жұмыстарын орындаумен айналысады. Оның ғылыми-ізденіс жұмыстары Қазақстанда өсірілетін әртүрлі қой тұқымдарының төлдегіштігін және өнімін жоғарылату бағытына арналды.
1985 жылы Ресей Федерациясының Ставрополь қаласында орналасқан «Бүкілодақтық қой және ешкі шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында» ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғайды.
Оның көпжылдық ғылыми-ізденіс жұмыстарының нәтижесінде (шағылыстыру, таза селекциялық іріктеу, жұптау, технологиялық шешімдер т.с.с.) әртүрлі қой тұқымдарының төлдегіштігі әр 100 аналық басқа шаққанда 130-дан 203-ке дейін жетті және өндіріске енгізілді. Осы ізденістер бойынша «Қазақстанның Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірінде өсірілетін қой тұқымдарының өз төлінен өсуінің ресурс үнемді технологиялары» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғайды (2001). 2004 жылдан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет етеді. Ол ауыл шаруашылығы мамандарын дайындаумен қатар ұдайы «Агроөнеркәсіптік кешені саласы бойынша қолданбалы ғылыми ізденістер» (1977-2000, 2001-2005, 2006-2008, 2009-2011, 2012-2014 және 2015-2017) бюджеттік бағдарлама аясында қой шаруашылығы бағыты бойынша ғылыми жұмыстар тақырыбының орындаушысы және жетекшісі болды және жалғастыруда. Қазір, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаға жетекшілік етеді. Оның жетекшілігімен жүргізілген ғылыми-ізденіс жұмыстары нәтижесі бойынша «Қазақтың етті-жүнді биязылау қойларының» үш зауыттық аталық ізі (біріктірілген, тығыз жүнді және көптөлді) жасалынды (авторлық куәліктері мен патенттері бар) және сонымен қатар, 1977 жылы басталған ізденіс жұмыстарының негізінде 2011 жылы қазақтың етті биязылау жүнді тұқымының төлшең тұқымдық сүлесі (типі) шығарылды (авторлық ұжыммен).

Сауқымбек Қауысұлының жетекшілігімен бір докторлық (РһD), 2 кандидаттық, 17 магистрлік диссертация жұмыстары қорғалды. Қазір үш магистрлік, 2 докторлық (РһD) жұмыстарға жетекшілік етеді.
Ғылыми және оқу-методикалық ізденістер нәтижесінде 180 ғылыми және оқу-методикалық еңбектері баспадан шыққан. Оның ішінде, бір монография, үш оқулық, 9 ұсыныс, 10 оқу құралы бар.
Сонымен қатар, ол университет, ҚР Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінің қоғамдық жұмыстарына да белсенді қатысады. Атап айтқанда, Қазақ Ұлттық аграрлық және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттерінің, диссертациялық кеңестерінің, факультеттерінің ғылыми кеңестерінің, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғылыми-техникалық комиссиясының, «Ғылым жаршысы» журналы редколлегиясының, Республика бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер қызметтерін аттестациялаудан (қайта аттестауиялаудан) өткізу ведомствоаралық сараптамалық комиссия (2007-2012 жылдар), «КазАгроинновация» АҚ Ғылыми-Техникалық комиссиясының мүшелері (2007-2010), Білім және ғылым Министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ауылшаруашылығы және ветеринария ғылымдары бойынша сараптама комиссиясының төрағасы болды (2007-2012 жж.).

Қазір университеттің Ғылыми-техникалық комиссиясы, және РФ (Екатеринбург) «ауылшаруашылығы технологиялары» Халықаралық ғылыми-практикалық журналдарының редколлегия мүшесі. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті қабырғасындағы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», «Аграрлық техника және технология», «Стандартизация және сертификация» мамандықтары бойынша докторлық диссертациялар қорғау кеңесінің төрағасы (2016-2019 ж) және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының «Мал шаруашылығы және ветеринария» салалық ғылыми кеңесінің, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы оқу-әдістеме бірлестігінің, Қазақтың мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының координациялық кеңесінің мүшесі.
Ғылыми-педагогикалық қызметінің нәтижесі бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындары оқытушыларының жетекші ғалымы тізіміне кірді (2005). Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орынының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2008) және 2017 ж. мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанып, өмірбаяндық деректері Білім ісінің үздігі Халықаралық энциклопедиясының енгізілді (2016.).
Көпжылдық адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ, яғни ауылшаруашылығы ғылымына, біліміне қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін КСРО Агрокешенінің жоғарғы және арнайы орта білім беру басқармасының (1989), Қазақ Ұлттық агроуниверситетінің (1999), С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің 55-60 жылдық, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының 80 жылдық мерейтойлық медальдарымен (2012-2017 жж., 2013 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медалімен марапатталды.
Институтта оқу, ғылыми-зерттеу институты мен университеттерде ғылыми-педагогикалық қызметтер орындау барысында белгілі (беделді) педагогтар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен сабақ алды, кейінірек қызметтес болды. Атап айтқанда, институттағы дипломдық жұмысына академик М.А. Ермеков (сол кездегі институт ректоры) жетекші болған, профессор Қасымов К.М. кандидаттық диссертациялық жұмысына, профессор Сәбденов Қ.С. (1983-1996 жж. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректоры) докторлық диссертацияық жұмысына жетекші болған. С. Шауенов аталған ғалымдар және академик Медеубеков Қ.Ү. т.б. ғалымдардың оның ғалым болып қалыптасуына көп ықпал етті деп есептейді. Сондықтан «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген нақыл сөзге орай, оның адамгершілік, ғылыми-педагогикалық болмысына жоғарыда аталған тұлғалардың, яғни ұлағатты ұстаздардың шарапаты молынан тиген десек артық болмас.
Көп жылдық ғылыми-педагогикалық қызметімен қатар Сауқымбек Қауысұлы жұбайы екеуі үлгілі жанұя иесі бола білді. Жұбайы Майра Мәрденқызы ұзақ жылдар ҚР Орталық статистика басқармасында бас маман, ҚР Қаржы Министрлігінде бөлім бастығы, КЕГОК ұлттық компаниясында басқарма бастығы болып, абыройлы еңбек етті. Қазір зейнет демалысында немерелерін тәрбиелеуде. Олар екі қыз өсіріп, бес немере тәрбиелеуде. Екі қызы да Алматыдағы қазақ мектебін үздік аттестатпен және университетті де қызыл дипломмен бітіріп, финансист-экономист мамандықтарын алды. Әселі Астанада, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры, жұбайы Ғаби Базаралин КЕГОК ұлттық компаниясында бас маман. Дінмұхаммед және Мариям атты ұл мен қыздары бар. Ал Айнұры Алматы қаласында тұрады. Жеке кәсіпкерлік мекемесінде қызмет етсе, жұбайы Дулат Сапарғалиев жеке меншік мекеменің директоры. Екеуінің Дария, Аянат және Ақан атты қыздары мен ұлдары бар.
Мақаланы соңында біз Мұхаммед пайғамбарымыздың 668 хадистерінің біріншісі ғылымға арналғанына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Онда «ғылымның өлгені – есте сақталмағандығы, қызықпайтын адамдарға үйретіп, зая кеткені» деп атап кеткен екен. Бұл кез келген адамға сабақ болар саналы сөз. Сондықтан, жоғарыдағы ғалымдар еңбегін оқырмандарға жеткізудегі біздің көздеген басты мақсат – биыл елімізде Жастар жылы деп жариялануына орай ғылым мен білімді ойларына ұялатып, бойларына дарытқан адамдардың әрқашан жұлдызы жоғары, мерейі үстем болатындығы жәйлі тағы бір тағылымды тәжірибемен бөлісу еді. Бедел биігіне көтерілген қос ғалымның өнегелі өмір жолы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласы, білімі мен ғылымында еңбек етіп жатқан адамдарға, әсіресе, жастарымызға ой салып, үлгі болып жатса біз ойлаған ой-өреміздің орындалғаны деп есептейміз.
Өмірзақ Сұлтанов,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің доценты,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана.