БІЛІКТІ БАСШЫ, БОЛМЫСТЫ ҚАЛАМГЕР Болат Жүнісбекұлының біз байқаған қырлары

516

«Білікті басшы» деп біз кімдерді айтуға тиіспіз? Оның бірнеше өлшемдері бар. Жалпы, білімі мол, тәжірибесі толық, ұйымдастыру қабілеті басым, сауатты да, жауапты жандарды айтқан ләзім. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенде, мінезді «принциптің» баламасы ретінде қолданса керек. Әйтпесе, мінездің түрлері көп қой. Құдай сүйер қылығы жоқ, «ит мінезділер» қанша ма?.. Әлиханның мінезді білімнен жоғары қойып отырғаны – берік ұстаным болар. Берік ұстаным – адамның ішкі жауапкершілігене байланысты. Яғни, ұстаным – мінездің ішкі сипаты. Әлихан ойының арғы жағында «сауатсыз болсаң да жауапсыз болма» деген тілек жатқандай. Қай заманда болсын, қоғам бірінші кезекте кадрдан ақсаған. Яғни, білікті басшылардың жетіспеуінен жалпы (елдік, ортақ) мәселелердің орындалуы ойсырап, ері мойынына кеткен. Бұл шағын мекемелерден бастап атқарушы билік орындары басшыларының барлығына ортақ мәселе…
Сонымен, біздің кейіпкеріміз Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков осы аталған үдеден қалай шығып келеді дегенге ойыссақ. «Естіген – өтірік, көрген – шын» деген рас болса, біз де сол көргенімізді ғана баяндамақпыз. Мақсат – асыра мақтап жақсы көріну емес, жақсының жақсылығын айту, көргеніңді көлегейсіз жеткізу қалам иесінің бір парызы екендігін ескеріп, кейінгі толқын үлгі тұтуға лайық тұстарды ортаға ұсыну.
Басшы бойында болуы тиіс өлшемдердің барлығы бір басынан табылатын тұлғаның бірі – Болат Жүнісбекұлы Жүнісбеков. Өз басым онымен таныс әрі қызметтес болған бір жыл көлемінде Бөкеңнің көшбасшылық қырына көбірек қаныға түстім. Кез-келген қызметкердің жұмыста еркін әрі ынталы болуы көбіне ұжымның дұрыс бақсарылуына байланысты екені ежелден мәлім. Мен соны көрдім және соған көз жеткіздім. Музейдің мұнтаздай тазалығынан бастап ұжымның қоғаммен шығармашылық байланыс орната білуін алдыңғы кезекте ұстауы Абай шаңырағына келушілердің ішкі ризашылықтарын арттыра түсуде. Атқарылған іс пен орындалған жұмыстар аясында көптің көңіліндегі рухани сұранысты қанағаттандыра білу теререң тәжірибе мен ұтқыр ұйымдастырушылық арқасында қол жеткізетін нәтиже. Нәтиженің салмағы да, сан-салалы тармағы да бірінші басшыға келіп тірелмек. Басшы дұрыс болса қосшы қолдан келген бар мүмкіндігін ірікпейді, қайта құлшына іс тындырады. Осы қағидалар ұлы Абай шаңырағы төңірегінде толық қалыптасқан десек артық айтқандығымыз емес.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қабырғалы қаламгер Болат Жүнісбекұлының басты ұстанымдарының бірі – ұлы Абай ұлағатына сай болу және соған қызмет ету. Өзін де, өзгенің де осы бағыттан айнымау керектігін үлкенді-кішілі жиындарымызда аспандатып айтқаннан гөрі астарлап жеткізуге бейім. Бөкең ұғымында әр мекеменің өзіне тән артықшылықтары бар, бірақ ұлы ақынымыздың мұрасы мен мұратын насихаттап отырған біздің мекемеміздің жөні тіптен бөлек. Ол біздің әрқайсымыздан жұмыс барысында жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етпек. Соның бәрін талғам толықтырып жатса тіптен құба-құп. Осы және өзге де керек пен деректі жетекшің түйіліп емес, сүйініп жеткізген кезде орындаушы да не жан қалсын. Солай болғандықтан да Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің аумағында талай тағылымды іс ілгері басып, қоғамнан өзінің лайықты бағасын алып келеді. Арыға бармай-ақ, 2017 жылғы басты-басты шаруаларды бір түгендеп өтсек, көптеген келелі жұмыстарды атап өтуге болады. Былтырғы маусымда «М.Әуезов және Алаш арыстары» мен сонау (700 шақырымдай) Мақаншыдағы Әсет Найманбаев атындағы мұражайлар реэкспозисия-қайтажабдықталып, мүлдем жаңа сипат алуы еліміздің рухани жаңғыруымен өзектес қадам болды.
Раухани жаңғыру дегеніміз бардың байыбына бойлау мен болашаққа баратын бағалымызды санаға сіңіру. Соның бірі – Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен Алаш қайараткерлерінің бостаншылдық болмысын бірегей үлгіде насихаттау. Тарихи жәдіргерлерді жабдықтаудан бөлек Шәкәрім Құдайберді, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұхтар Әуезовтердің түр-тұлғасы арнайы сомдалып, мұражайға келушілерді өздері қарсы алып тұрғандай көрініс тапты. Кезінде ұлы Абайдың атбайлар үйі болған бұл ғимараттың біраз жылдан бері төменгі қабаты қолданыста болмай сұрқы қаша бастаса, былтырдан бастап шырайы кіріп, мұражайдың үлкен бір бөліміне айналып төмендегі төрт бөлме түгелдей келушілерге қызмет көрсетіп тұр. Ауласына жаңадан асфальт төселіп, көшеттер мен гүл шоғырлары егіліп, қоршаулары мен қабырғалары сырланған кезде ескі ғимараттың да еңсесі көтеріліп қалады екен. Оған былтыр Семейде өткен Алашорда үкіметінің 100 жылдығына әр түкпірден жиналған қауым осылай баға беріп жатты. Дәл сол секілді Мақаншыда орналасқан Әсет ақын мұражайының да бұрынғы аумағы әлдеқайда кеңейіп, экспозисия залдарының қатары көбейіп тың дүниелермен толыққанын республикалық БАҚ-ы өз репортаждарында жан-жақты жеткізді.
Аумақ демекші, қорық-музейдің Семейде орналасқан Бас мұражайына қарасты бөлімдердің бір қанаты ұлы ақынның мәңгі мекені Жидебай болса, екінші қанаты шығыстағы шекарамызға жақын Мақаншы жерімен жалғасып жатыр. Сонымен бірге қорық-музей Жидебай, Бөрілі, Тақыр, Құндызды, Шәкәрімнің Саят қорасы, Құнанбай құдығы, Оспан көлі, Кеңгірбай мазары секілді оннан астам тарихи орындарды қамтиды. Соның барлығы жіті бақыланып, жұмысы жүейленіп, қалыпты арнаға түскен.
2017 жылдың еншісіндегі айтпай кетуге болмас шаруаның тағы бірі – Жидебай басындағы Құнанбай құдығының қалыпқа келтіріліп, Кеңгірбай би басына қорықшы бекітіліп және оның тұратын ғимаратына жөндеу жүргізілуі. Ал, айналаны абаттандыру Бас музейден бастап барлық бөлімшелерге ортақ міндет ретінде қалыптасқан. Сол үшін де директор Абай музейіндегі алғашқы абаттандыру маусымын қорық алаңдарына гүл шоғырлары мен тал көшеттерін отырғызудан бастаған. Бұл бір сәттік қана шаруа емес екен. Музей басшысы бастамасымен сол алғашқы маусымда-ақ 1 метрлік қырықтан астам шырша, 100 шақты қарағайдың балапан көшеті мен қайыңдар егілген. Бас музей төңірегінде бой түзеп, тамырланған сол балапан қарағайлар мен шыршалар былтырдан бері филиалдардың аулаларына ауыстырылуда. Сонымен бірге музей басшысы мекеме ауласынан «Абай аналары» алеясын жасатып, ол жерге Ақшоқы, Жйдебай топырағында өнген дала қайыңдарынан оншақты түп көшет әкеп ектірген. Бұл да ұлылыққа тағзым етудің өзіндің бір сипатты болса керек.
Қырық жылдық еңбек жолының отыз жылдайын Семейден сыртқары өткізген Бөкеңнің осы қызметке үлкен бір құлшыныспен келгені ол жасаған қадамдардан аңғарылып отырады. Ол өз бойындағы елге деген сағыныш пен сол жұртқа қызмет етсем және Абай мұрасына еңбегімді сіңрсем деген ішкі бекіністі іс жүзінде көрсете білді. Музейдің ғылыми, техникалық, әлеуметтік салаларының барлық бағытына зер салып, әр істің оңтайлы шешілуіне ынтамен белсенді араласуы соның дәлелі. Ол абайтану мәселесінде де өзіндік үн, парасатты пайым жасап келеді. Соның сүбелісі «Абай қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» деп, ұлы ақынның ұлтына деген сүйіспеншілігін бұрмалағысы келгендерге тойтарыс берерлік тоқтам айтты. Осы мақаласы арқылы-ақ Абай тақырыбының табиғатымен бұрыннан жақын екендігін аңғарты. Адамзаттың бәрін сүюге үндеген ұлы Абай өз ұлтын қалай жек көрсін?! Қайта, қазағын қайтсем қараңғылықтан алып шықсам, білім мен бірліктің жолына салсам деп аласұрып, «қалың елі үшін қайғы жұтты». Алаштың ақиығы Сұлтанмахұмыттың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деуі Абай жаққан жарықтың жарқын сәулесі еді. Абайды дұрыс танып, тура түсіндірудің өзі үлкен мәселе екеніне музей басшысы ретінде лайықты үн қосуы да біліктіліктің белгісі.
Болат Жүнісбекұлының Абайға қызмет етуге деген құлшынысы мен құштарлығын байқататын мысалдың бірі – Абай есімімен байланысты барлық шаруада өзін тікелей жауапты сезінуі. Соның үлкен бір мысалы қаржылық кедергілерге тап болған республикалық «Абай» журналы редакциясына музей қабырғасынан орын ұсынуы. Бірнеше санының жарық көруіне моральдық, материалдық қолдау білдіруі. Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов негізін қалаған «Абай» журналы биыл өзінің 100 жылдық белесін Бас ақын шаңырағы астында қарсы алуын кездейсоқтық деп ойлауға болмас. Тарихи басылымның 100 жылдық құрметіне арнайы көрме жасалып, жұрт назарына ұсынылды.
Әрине, музей басшысы тарапынан Абай есімін ұлықтау мен ұлы ақын тағылымын насихаттауға қатысты іс-шараларды тізе берсек олардың санына таяу арада жетпеспіз. Дегенмен де, республикалық, халықаралық шеңберде жүзеге асырылған шаруалардың кейбірін атай кеткен ләзім. Олар: Тальго жүрдек поездының бірін «Абай жолы» деп атау жөніндегі ұсыныстың «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан қолдау табуы. «Абайды паш еткен әлемге» атты көрменің Өзбекстан жеріне дейін барып қайтуы. Осы аттас көрмелердің Алматыдағы бірнеше жоғары оқу орындары мен мәдени мекемелерден орын алып, бір шеті Оңтүстік Қазақстан облысына дейін жетуі. ЭКСПО – 2017 төрінде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты көрменің орналасауы. Осы халықаралық көрме қарсаңында Абай жырларының төрт тілде жарық көріп, комплект кітапқа айналуы. Кітап демекші, «Абай музейі кітапханасы» сериясымен 2017 жылы 50 кітап жарық көрсе, 2018 жылы да соншасын басып шығару көзделіпті.
2018 жылға жоспарланған шаруалар да өз кезегімен жүзеге асырылған. Осы жылдың беташары Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған 11 бөлімнен тұратын «Әрқашан ұмытылмасқа» атты көрме мен shaкarim.kz сайтының тұсаукесерімен ашылды. Бұл көрменің өзіне тән ерекшелігі Шәкәрім қажының өзі тұтынған (жасаған) шоқпар, саптаяқ және оюлардың бірінші рет көпшілік алдына шығуы. Сондай-ақ, Шәкәрім поэзиясы жайында «Ажалсыз әскер» атты ғылыми мақаласын оқырманға ұсынған Болат Жүнісбекұлы алдағы айларда қажының 2006 жылдары ашылған «Саятқора» музейіне тұтастай реэкспозияция жасатып, экскурсиялық залдар мазмұнын байтуды қолға алып отыр.
Сонымен бірге 18 мамыр Халықаралық музей күні Абай шаңырағына келушілер биыл да жаңа бір көрменің ашылуына куә болмақ. Ол – «Абай жолы» бөлімі. Бөлімнің ерекшелігі – «Абай жолы» әлем әдебиетінің жауһары» және «Қ. Мұхамедханов – абайтанушы» атты тақырыптар мазмұнының түрлі фотосуреттер мен нақты мәліметтердің молдығында. Біріншісінде заңғар жазушымыз М.Әуезовтың «Абай жолын» дүниеге әкелудегі ерен еңбегі тарихи деректермен тиянақталып, әйгілі туындының әлем әдебиеті ортасындағы орынын бекітетін салмақты піклер түзілген. «Абай жолының» алғаш басылымынан бастап әлемнің өзге тілдеріне арналған нұсқалары да осы жерден орын алған. Сол секілді жаңа бөлімнің келесі қанаты абайтанудың асқан білгірі Қайым Мұхамедханов бастаған бір топ абайтанушыларға арналған.
Міне, біз сөз еткен жоғарыдағы мысалдардың барлығы Болат Жүнісбекұлының басшылық қырының шағын бір сипаты ғана. Себебі, ол осы жетекшілік орынға дейінде талай толайым істерді атқарып өз уақытының бағасын алған адам. Атап айтқанда, 1980-ші жылдары журналистикадан басалған еңбек жолы Халық депутаттары Алматы қалалық кеңесінің баспасөз хатшысы, Тіл басқармасы басшысының орынбасары, Алматы қалалық әкімдігінің бөлім меңгерушісі, Ішкі саясат департаментінің директоры қызметтерін атқаруға ұласты. Мәдени мекемелерден Ұлттық музей мен Астана іргесіндегі «Алжир» мұражайында өз қолтаңбасын қалдырды. Марапаттарына келсек, «Астана» және «Астананың 10 жылдығы», «Тәуелсіздікке – 10 жыл», «Конституцияға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерейтойлық медальдары, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Кейіпкеріміздің жетекшілік қырын айта келе жазушылық бітіміне де сәл тоқталсақ. Шығармашылығына зер салған адам Болат Жүнсібекұлын шыныменде болмысты қаламгер екеніне келіседі. Бір ғана мысал, «ОтАсу» роман-диологиясы қазақтан шыққан алғашқы Кеңес Одағының батыры, Тәуелсіз еліміздің бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовке қойылған мәңгілік ескерткіш! Кейіпкер таңдау және оның образын ашуда автор шынайылық шартын берік ұстанған. Оқырманды жетектеп отыратын орамды ой, татымды тіркес, сәтті суреттемелер Бөкеңнің «У» роман-эссесі мен «Алаш-АЛЖИР» екі томдығына және орыс тіліндегі «Неповторимое многоцветье» кітабына да ортақ сипаттар.
Болат Жүнісбекұлы өз оқырмандарын жазушылық шеберлігімен ғана емес, туындыларына тосын ат қоя білуімен де тәнті қылуда. Мысалы, «ОтАсу». От пен Судың отасуы-тоғысуы-бірігуі дегенді немесе От – жалын, Су – сабыр, сондай-ақ, кейіпкерінің От пен Судан аман-есен өткенін білдіретіндей. Сол секілді «У» атауы. Бір ғана әріппен аталған кітапті кездестіру де қиын. Авторды әуелі Абай шығармасында жиі кездесетін «У-лар» түрлі ойларға жетелеген. Ұлы ақынның «шегінен асса миы шығады» деген ұлағатына үңілген қаламгер: «Япыр-ай, өмірде қызық, қуаныш, байлық, ойын, күлкі, тіпті қайғының өзін шегінен асырып алмау керек екен-ау» деген ой түйеді. Өйткені, сол «қызық» дегеніңнің өзі мөлшерінен асып кетсе шыжыққа, яки, қасіретке айналып шыға келуі әбден мүмкін. Балды шамадан артық жеуге болмайтыны секілді шаттықттың да шарты бұзылса «У»-ға ұласпақ. Мінеки, бір тақырыппен бірнеше мағына білдіру де тек болмысты қаламгерлердің ғана қоланан келмек.
Болат Жүнісбекұлы жайлы ойымыздың түйінінде айтылуға тиісті сипаттама – ол оның бойынан әркез байқалатын әділеттілік қасиет. Ол адамды алдымен бойындағы шынайылығына, сөзі мен ісінің тұрақтылығына, сенімге адалдығына қарай бағалайды. Музей қызметкерлеріне қояр талабы да сол: өз ісіне тиянақты, тапсырмаға мұқият, кәсіби ізденімпаз, көбірек еңбектенетін, жауапты сәттерді ұятпен өлшейтін жан иелерін жаны қалмай қолдауға әзір. «Өз бойында әділеттілік ұстанымы жоқ адам өзгенің бойындағы әділікті қадірлей алмайды» деген қағида Бөкеңнің болмысын дәл ашып бере алады. Абайша айтқанда «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» тұлғаның бірі – осы Болат Жүнісбекұлы.
Алаштың кәдесіне жарарлық аға-досқа жазарың таусылмасын, базарың ортаймасын деген тілектен басқа айтар жоқ!
Қайрат Зекенұлы, Семей қаласының облыстық-тарихи өлкетану музейінің директоры. 2018 жыл, наурыз.
P.S. Таяудағы бір гу-гудің арасында «Бөкең Семейден Алматыға қоныс аударады екенді» естіп, «Е, тыныш жүрмейтіндердің шығарып алған бір нәрсесі шығар» деп елемеуге тырысып жүргенде ол рас болып, жанымызда жүрген жақсы аға жыраққа жылыстап та үлгеріпті. Не нәрседе де шапшаң, ширақ қимылдайтын Болат Жүнісбекұлы бұл сыбысты да ауыздан-ауызға көшіп желдей есуіне үлгертпей дереу шешім қабылдап, айналасына жөнін айтып, жұртшылықтан батасын алып аяқты үзеңгіге салып үлгеріпті. Үш күндік жолсапардан оралғанда жұртын сипап қала бердік. Көңіл қоңылтақсып қалды… «Жол болсынды» телефонмен айтуға тура келді. Мұндай сәт кейде біраз нәрсені еске салатыны бар. Менің де есіме былтыр Бөкеңнің 60 жасқа толу құрметіне жазып, жарияланбай қалған мақала орала кетті. Абзал аға деген ақ көңілімнің белгісі ретінде жариялауға асықтым.
Әлеуметтік желіге кірсем Азамат Қажыбай бауырымның ұстазына деген шәкірттік лебізі мөлтілдеген жырлары тұр жарқырап. Ол шумақтарда осы жерден табылсын, лебіздер бір-бірін толықтыра түссін деп жазбамның соңына жұптап қойдым.

ШЫН ОЙЫМНЫҢ КӨСЕМІ
(Болат Жүнісбекұлына)
Жалғанда кездеспес мөп-мөлдір тұнығың,
От асып келесің,
от-жалын ғұмырың.
У да көп сіз жұтқан ақкөңіл ардақтым,
Тепседе кетпейтін бақ орнап,
Таймасын тұғырың.
Сіз өлеңсіз,
Мен сізден тазалық көп көрдім,
Адалдық өткелдің бойымен өткенмін.
Пендені сөкпедің,
кем тұсын бетке айттың,
Көп ауыз қызыл сөз,
Жел сөзді жек көрдің.
Мен соныңды ұнатам!
Сіз өлеңсіз,
Мен сізден адамдық көп көрдім,
Еңбектің ауырын өзіңмен өткердім.
Жалғанда табылмас әділдік ақ туың,
Желбіреп тұрсын тек үстінде көкбелдің.
Мен соныңды ұнатам!
Сіз өлеңсіз,
Көңілдің көзімен көретін баршасын,
Жасанды келбетті жаңқалап аршасың.
Бойыңда қуатың лава боп атқылап,
Жүзіңде нұр ойнап, жанарың көкжасын.
Мен соныңды ұнатам!
Сіз өлеңсіз!
Өлең сіз,
Өлеңсіз!
Азамат Қажыбай
#Семейқаласы
#03 мамыр 2019жыл

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз