Қажекең спорт аренасында жарты ғасырға жуық тіршілік еткен /иә, тіршілік еткен!/ кәсіби спортшы. Халықаралық ірі жарыстар мен біріншіліктерді қоспағанда грек-рим күресінен төрт рет, еркін күрестен екі рет әлем жеңімпазы атанған балуан. Осы жерде әлем біріншілігінің жеңімпазы атағы туралы айтқанда, ол дәуірдің одан қалды кәсіби спорттың ерекшеліктерін ұмытпауымыз керек. Кәсіби спортта әлем бірінішілігі дәрежесіне теңестірілген халықаралық жарыстар, сондай-ақ, балуандардың шеберлігіне қарай өз классификациясы болды. Ол кезде қазіргі кәсіби бокстағы секілді бір ауылда бірнеше адам қатарынан әлем жеңімпазы атағын иемденуі мүмкін еді. Әлем жеңімпазы болғанда, өз салмақ категориясы бойынша емес, түйе балуан атағы үшін күресетін болғандықтан, бұл атақты жеңіп алудың қаншалықты қиынға түсерін байқау қиын емес.
Алты жылдық арнайы спорт мектебін үш жылда бітірген, жарты ғасырға жуық уақыт кілемнен кетпеген балуанның барлық белдесулерін тізіп жатпаймыз. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қажекеңмен күреспеген әлем балуандары кемде-кем. Олардың ішінде Иван Поддубный, Иван Заикин, Станислав Збышко-Цыганевич, Ганс Каун, Георг Лурих, Поль Абс, Жан Сабатье, Габриэль Лассартес, Стурмент секілді әлем біріншілігінің жеңімпаздары бар. Ғасырдың басында Еуропа мен Россияда кең тараған цирк жарнамаларынан Қажымұқанның осынау атақтары жер жарған алыптармен жекпе-жегі туралы хабарландыруларды оқуға болады. Ол, әрине, жықты да, жығылды да. Өйткені, кәсіби спорттың өз заңдылықтары болатын. Кәсіби спортшылар арасындағы жекпе-жектер ақшаға тәуелді еді, оның үстіне бір жыл ішінде жүздеген рет кілемге шығуға тура келетін. Ал, жекпе-жектердің бірнеше сағатқа созылған кездері де бар.
Отызыншы жылдары Өзбекстан жерінде жүргенде Қажекеңді өзбектің өгіз көтерген Озар балуанымен күрестірмек болады… Озар балуанның: «Ол арнайы күрес мектебін бітірген кәсіби балуан, бізге күресуге болмайды» дейтіні осыдан.
Соғыс жылдары Алматыға келген балуаннан ақын Әбділда Тәжібаев:
– Қажеке талай күштіні көріп те, алысып та жүрсіз ғой, солардың ішінде көңілге толған біреуі болды ма? – деп сұрағанда: – Неге болмасын! Жер кең, халық көп қой… Туған ғой небір жойқындар, – деп бірден жауап берген балуан кәсіби спорттың қиындығын меңзеген.
Қажымұқан жан-жақты спортшы болды. Грек-Рим күресі мектебін бітірген ол американ /қазіргі еркін күрес/ күресінен де жоғары табыстарға жетті. Бұл жөнінде балуанның жары Надежда Чепковская: «…1910 жылы мен Халиоллаға екіқабат едім. Қажымұқанды арнайы телеграммамен Оңтүстік Америкадағы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласына американ еркін күресінің чемпионатына шақыртты. Қажымұқанның сапары сәтті болып, ерін күрес бойынша Американың чемпионы атанды» деп жазды. Қажекеңнің теңіздің арғы бетіне сапары жөнінде 1914 жылы «Русский спорт» журналы да жазған болатын.
Балуанның бұл табыстарына қазақша күрес әдістерінің американ еркін күресіне жақындығы өз әсерін тигізгені анық. Жас Мұқан Санкт-Петербургтегі күрес мектебіне оқуға барғанға дейін он жылдай қазақша күреспен айналысып, Ақмола, Қызылжар еліне аты танымал балуан болғанын білеміз.
Ол шығыс жекпе-жектерін де меңгерді. Қажекеңнің белгісі жапон балуаны Сара-Кеки Джиндофумен күресі жайлы көп жазылды. Осы күресті өз көзімен көріп, балуанның секунденты болған Григорий Динаецкий айтқан әңгіме мынау:
«Аренаға Жапония чемпионы Сара-Кеки шықты. Оның салмағы 190 килограмм болатын. Күрес басталмас бұрын денесін майлап алған ба, қоладай жылтылдайды. Бұл джиу-джитсу күресі еді. Бұл күрестің ережесі бойынша аяқ-қолды сындыру, тіптен өлтіруге дейін рұқсат етілетін. Бұл шарт көпшіліктің зәресін кетірді. Міне, кілемге Қажымұқан шықты. Жоғарыдағы шартпен келіскен сыңайлы. Ол кезде балуанның салмағы қарсыласынан 60 килограмм жеңіл болатын.
Күрес Қажымұқан үшін сәтсіз басталды. Май жағып алған жапондықтың денесіне қол тигізу мүмкін емес-тін. Қарсыласы бірден дөрекілік танытты. Қажымұқанның сол жақ ернін жаралап, құлағының ұшын жұлып алды. Енді бірде арандай аузын тамаққа салды. Барлық күшін жинаған Қажымұқан оң қолын қарсыласының езуіне салып жіберіп, періп қалғанда, алапат күштен Сара Кекидің бас сүйегі жалаңаштанып қалды. Жапондық тіл тартпай кетті. Бірнеше жерден оқ атылды. Қажымұқанды атып еді, жюридегілер жарыс ережесі осындай екенін айтып көндіре бастады. Өкінішке орай, Қажымұқан да қатты жарақаттанған болатын. /Адам Вотчель. «Үш батыр». Знамя труда. 1991 ж./.
Ол цирк өнерпазы ретінде де өнерде өз ізін қалдырды. Бұл жөнінде Надежда Николаевна Чепковская /Бәтима/ былай деп жазды: «Ол Берлинде жуандығы еліден асатын сым темірді мойнына галстук, беліне белдік қылып орап, темірді қамырдай илеп, дегеніне көндірсе, Парижде сахнаға мініп шыққан түйесін мойнына көтеріп алып кетті. Ол 75 пұт салынған арбаны тісімен сүйреп сахнаға шығаратын, алып кеудесіне 20 пұттық тас қойғызып, екі пұттық балғамен уаттыратын».
Сол кездері цирк аренасында «ғажап көпір» деп аталатын нөмір болды. Балуан «көпір» жасап тұрып, үстінен жүк машинасын өткізуге тиіс еді. Әлемде жантүршігерлік бұл нөмірді орындаған екі-ақ адам бар. Бірі – әлем чемпионы Иван Заикин де, екіншісі – Қажымұқан. Бұл нөмірлердің кез келгені Гиннес кітабынан орын алуға лайықты рекордтар болатын.
Қажымұқан өмірбаянының ендігі бір қыры – оның спорттық өмір жолының ұзақтығы. Он бес жасынан топқа түскен балуан жетпіс жасқа келгенше спортты тастаған жоқ. 1927 жылы Орынбор қаласында өткен КСРО чемпионатында ауыр салмақта бас жүлдені иеленген шақта Қажекең елу алты жаста болатын.
Әдетте көпшілік спортшылар спортты тастағаннан кейін босаңсып, кейде денсаулығынан да айырылатыны белгілі. Мұны жылдар бойы денеге, жүрекке түскен салмақтың, кәсіби спортшылар қолданған анаболиктің, допингтің әсерінен деседі. Қажекең болса жетпіс жеті жыл жасады, өле-өлгенше тұғырдан түскен жоқ. Жетпістен асқанда Айдархан, Жанәбіл атты тұлымшағы тоқпақтай қос ұл сүйді. Ұлдары да әкеге тартқан алып күш иелері болды.
Қажымұқан есімі жарнамаларға «жер жүзінің балуаны» деп жазылуы бекерден-бекер емес.
Көрсеттің қайратыңды ел көзіне,
Жеттің де арман еткен дер кезіңе.
Дүрілдеп өттің дүние Бас балуаны,
Ұл тартып туса жақсы енді өзіңе! – деген өлең жолдарында шындық бар.
Дерек көзі: Байхонов, Серік. Дүниежүзінің бас балуаны // Қажымұқан қағанаты: өлеңдер, деректі хикаяттар, естеліктер, мақалалар, ақындар айтысы. – Шымкент: Ордабасы, 2001. – Б. 510-511.
ЖЕКПЕ-ЖЕК
/«Қажымұқан» поэмасынан үзінді/
Жылысып жыл артынан жылдар өтіп,
Барғанда қырыққа жуық жасым жетіп.
Шақырады Жапония үкіметі,
Атақты палуандарды хабар етіп.
Он сегіз Ресейден палуан жүрдік,
Белсеніп күреспекке білек будық.
Манчжурия қаласы – Харбинде екен,
Сауық пен салтанатты келіп көрдік.
Дейді екен бұл күресті «жыю жытса»,
«Сайыс» деген болады қазақша айтса.
Күресте өліп кетсе, құны болмас,
Үлкен олжа – басы аман, тірі қайтса.
Күтіндік екі жеті көріп сыйды,
Құрыштап балуандар күшін жиды.
Сәрвикин үлкен балуан Жапондағы,
Сол келді деп құлаққа хабар тиді.
Бұрыннан белгілі еді оның даңқы,
Ерекше ел-жұртынан шыққан жалқы.
Ойына балуандардың хауіп түсті,
Өлтірмек әлі жетсе – оның шарты.
Харбинде қыбырлаған қалмай халық,
Жиылды тамашаға хабарланып.
Әрқайсы әр нәрсені айтып жатты,
Тобына балуандардың назар салып.
Қойылды үш күн мерзім алысуға,
Аянбай армансыз-ақ болысуға.
Майданның ортасына барып тұрды,
Сәрвикин балуандармен танысуға.
Шабынып тұр шабатын жолбарыстай,
Өртеніп екі көзі жанған шоқтай.
Ресей адамдары хауіптенді,
Көңілі балуаннан харар таппай.
Белбауын тәуекелдің буып белге,
Бір көз сап маңайдағы тұрған елге.
Алысып байқау үшін бағымды бір,
Тоқталмай Сәрвикинге бардым мен де.
Қабақтан қарсы келіп соқты мені,
Темір сойыл-гүрзіден жоқ-ты кемі.
Тәлтіректеп табанды тіреп қалдым,
Жақындап қалғандай боп жанның демі.
Ұшырды бет қаратпай астын-үстін,
Ақырып айбаттанды жиып сұсын.
Босамай, бойды тежеп тұрып қалдым,
Талайын көрген Мұхаң бұл жұмыстың.
Төртіншіде құлақтан алып қалды,
Қос өкпеден Мұхаң да шеңгел салды.
Құлағымның біреуін езіп тастап,
Үстіңгі ерінімді жұлып алды.
Алыстық сілкілесіп оңды-солды,
Шайнатып аппын тағы ортан қолды.
Жер теңселіп, селкілдеп тіккен шатыр,
Қабаһат жан шошырлық шайқас болды.
Қабағым қарс жабылып, қысылды жан,
Бет-аузым көрінбейді, қып-қызыл қан.
Бас терісін сыпырып, жұлып алдым,
Шыңғыртып ақырында «өл» деп дұшпан.
Езуін айырдым да екі бөліп,
Құлаттым жерге соғып иттей көріп.
Тіл көмейін суырып тастап едім,
Ерсінген есерсоқ ит кетті өліп.
Айтыңыз, батыр шықты Жапон қайдан?
Қол келмес оларға ешбір қанды майдан.
Балтырын қанатам деп елдің қауып,
Ақыры болмады ма ақылы айран?!
Халық ақыны, жырау Айтбай Белгібайұлының «Қажымұқан» дастанының толық нұсқасы әзірге қолға түспей тұр. Кезінде ақын бұл дастанын Сәбит Мұқановқа тапсырған.
Жоғарыдағы үзінді «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1946 жылғы 6 қаңтардағы 5 нөмірінде жарияланыпты.