«Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен ғана өледі» деген бабаларымыз, «Жатса да аспан күйіп, жер өртеніп, жігіттер күдер үзбе бір Алладан» деп иманынан айнымаған. Әлемді дүрліктіріп жатқан тәж вирусы да, қаржылық дағдарыс та Қазақ елін айналып өтпесі кәміл. Адамның азаматтығы мен адамгершілігі, отаншылдығы, ұлтжандылығы сыналатын, танылатын тұс осы кез. Бұл қыспақтан шынайы мейірбан туысқандық, жанашыр адал достық қана алып шығады. Бұл кесапатты обамен күресте, қарақан қара басының ғана қамын күйттемей, қоғамдаса амал жасағандар жеңіске жетеді. Анау АҚШтың президенті Трамптың денсаулығына байланысты, вирус жұқтырып алды ма деп алаңдап әлем ақпараттары шуласып жатқанына қарағанда, Канаданың премьерінің жұбайы жұқтырып алғанына қарағанда, бұл карона вирус ешкімнің артықшылығын ескермейтін секілді. Сондықтан міне нағызы қазақтың тектілігін көрсететін уақыт туып келеді. Салмақпен қарап, санамен ойлап, сабырмен өмір сүрейік. Дүкенде дүниеге таласып, бірімізді біріміз тапап басып, бірімізден біріміз тартып әкеткен несібе ешкімге опа бермейді. Көпе көрнеу орнықты өз бағасы бар көпке қажетті нәрселерді үстіне қосып сатып, халыққа төнген қасіреттен «Ат өлгені итке той» дегендей пайдакүнемдікке бой алдырудан арланайық. Бұл кез де иншалла өте шығады. Адамдық келбетімізді жоғалтып алмайық. Бірлікте болайық, ағайын- бауырлар!. Қазіргі күндерде халыққа жаны ашитын азаматтар өздерінің ақыл-білімі, саяси шарқы жеткен деңгейде кеңестер айтып жатыр. Соларды тыңдап, санамен сараптап, қарекет жасауымыз керек. Бұл кезеңде жаһандық алпауыттардың арасында жан алысып, жан берісердей саяси ойындар мен теке- тірестер жүріп жатыр. Біздің төбелеспек тұрсын, ойын көтеретіндей жағдайымыз жоқ. Бет-бетімізбен тентіреп, жақ-жақ боп, тоз-тозымыз шығып беркемізден айрылып қалмайық. Бірі жүзге татып, жүзі мыңды қаймықтырған айбынды бабаларымыздай болсақ екен. Біз бір біріміз үшін жауаптымыз. Ұлттың асылы мен ақылмандары ірілік танытатын, даналық көрсететін уақыт туды. Алла бәрімізді ынсап беріп, ынтымақта қылсын!
Құдайберлі Мырзабек, фейзбеук парақшасы