Абайдың Бас шәкірті Әріп ақынға музей ашу қажет

271

Ақынын қадір тұтқан елдің рухы биік, ұлылығы асқақ. Ақындарша дүниеге үңіліп, ақын көзімен қарайтын, ақындарша ойлап, жалындайтын ел – батыр ел. «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысып, өлді деуге болама ойлаңдаршы» –  өлмейтұғын артына өзі айтқандай сөз қалдырған данышпан Абайы бар біздің қазақ бақытты ел. Абайды бүкіл әлем таныған жаңа ғасыр келді.

Шәкіртсіз ұстаз тұл – деген ақын, өзінің айналасына ақын шәкірттерін жинап, ақындық мектебін де қалыптастырды. Соның бірі, әрі бірегейі де, Әріп Тәңірберген еді. Абайтанушы, Алаш қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым Қайым Мұхамедханов былай дейді: «Әріп Абай шәкірттерінің ішіндегі өткір тілді, терең ойлы, табиғи дарынды, білімді, мәдениетті, ақынның бірі» (Қ.Мұхамедханов 4-том, 63 бет).

Адам баласы туған тегі, өскен ортасынан қуат алып өседі – десек, ақын Әріп жыр бесігі үзілмеген текті әулеттен. Ақын Әріп 1856 жылы Семей облысы, Жарма ауданында  (бұрыңғы Қандығатай болысында) туған. Найман ішінде Сыбан, Сыбанның бес баласының бірі. Жанкөбек. Жанкөбектен Нардауысты Нарынбай XVII – ғасырда Ташкенттің бегі болған. Нарынбайдан қу дауысты Құттыбай би Абылайханның арысқа салған билерінің бірі болған. 1760 жылы бұдан Байғара би, Байғараның бес баласының ішінде әрі би, әрі ақын Ақтайлақ және Ақтайлақпен бір туысқан Байсал, одан Әлі, Әліден Тәңірберген, Тәңірбергеннен баласы Әріп ақын тарайды.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Бүгінге дейін еленбей, ғылыми айналымға түспей келген тағы бір өнер ошағы бар. Ол Найман ішінде бір ғана Сыбан руынан тарайтын қазақтың 17 ақыны. Мұның таң қаларлығы, бұлар өнер жалғастығын сақтаған жай шәкірттер тобы емес, бір атадан тараған адамдар. Бұл адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс, мәдениетімізге өлшеусіз үлес қосқан ғажайып «Генефонд». Бұлардың алғашқы буыны шешендік пен ақындықты қатар ұстаған ел ағасы билер болса, кейінгілері бірыңғай жыр жолына түскендер». (Қ. Жұмаділов 12-том, 190-191 бет).

Әріп 11 жасында ауыл медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінен білім алады. Қазақстан мемлекеттік архив қорында: «Дело штатного смотрителя Семипалатинских учеников на 1878 год на 626 листах» – деп аталған тарихи мағлұмат сақталған. Осында Әріп оқыған үшінші класс оқушыларының тізімі жазылып, Әріппен бірге «Абай жолы» романының кейіпкерлері Анияр Молдабаев, Жексенаев Айтқазы бірге оқығандығы айтылады. Әріп үшінші кластағы ақырғы  емтиханда барлық пәннен «5» деген баға алып, аса қабілетті үздік оқушы болған.

Әріп 1882 жыл Сергиополь (Аякөз) уезінде орыс тілінен тілмашықтық қызмет істейді. Онда сайлаудағы парақорлық пен жемқорлықты халық атынан сынап жоғары орынға жазғаны үшін жұмыстан босап, Жетісуға кетпек болғанда, Лепсі түрмесіне қамалады. Әріп өзінің кінәсіз екенін Омбы генерал губернаторына арыз жазып бір ай сегіз күнде түрмеден шығады. 1884 жылдың қарашасынан 1887 жылға дейін Қытайда Шәуешек орыс консулында Балкашиннің қол астында істеп, олардың жергілікті халықтарға, болыс, байлармен астасып жасаған қияанатына қарсы ұлттық сезімі өлең боп өрледі:

Байлар жүр мансап іздеп құр далақтап,

Көрінбей малы көзге жүр жалақтап.

Би мен болыс көрінсе қошамет қып,

Қойын сойып ет тартар қос табақтап – дейді.

Әріп Шәуешекке 1870 жылдары көшіп келген көрнекті тарихшы Құрбанғали Қажы Халид (1829-1913) (өзінің «Тауарих Хамса шарқы» «Шығыстың толық бес тарихы» деген еңбегін 1910 жылы Шәуешекте жазып жариялаған) оқымыстымен рухани байланыста болғаны аян. Әріп 1890 жылы туған елі Еңірекей, Қандығатай болыстарында қызмет істеп, ауыл балаларын оқытып, көңіл санасын оятады.

«Ғылым туралы» өлеңінде:

Кәсіп қыл ғылым берер іздесең жем,

Болмайсың таза жүрек ешкімнен кем.

«Күннен де білім жарық» деген мақал,

Соқыр кісі болмайды көздімен тең.

Әріп, араб, парсы, қытай тілдерін жетік білгендіктен Шығыс әдебиет үлгісінде Абайға еліктеп қиса, дастан «Зияда Шаһ Мұрат» дастанын 1884 жылы 28 жасында жазып, Қазан баспасынан төрт рет бастырып  (2774 жол өлең) шығартқан. Әріп шынайы шындықтың,  ардың ақыны. Озбырлық пен пара, барымта мен қалың мал, теңсіздік қабындаған орта жанына аяздай батады.Ол халық жағына шығады:

Мырзалар мүсәпірге қарасыңдар,

Фаниден бақи жайға барасыңдар.

Кедейді босағадан бір өткізбей,

Бай келсе төрге көрпе саласыңдар

Күнәға міне өстіп қаласыңдар.

Жаныңнан артық көрген малың қалып,

Шүпірек үш-ақ қабат аласыңдар.

Ақын туған жер, өскен елге жетері жоқ екенін «Егінбай ұлына» деген өлеңінде:

Ер жігіт елін ұмытпас елірседе,

Желігін бойға сақтап семірседе.

Туған ел жері–суын есіне алсын,

Тізесін бура болып кемірседе – деп ел тілегімен ер тілегінің бір екенін, ері азғанда, елінің тозатынын еске салады.

Әріп шығармашылдығын ұзақ жыл жинап зерттеген Қайым Мұхамедханов: «Әріп кейінгі халық ақындарына үлкен әсер етіп, оларды жазба әдебиет үлгісінде тәрбиелеген. Абай өлгеннен соңғы жиырма жыл өмірінде Әріп ұлы ұстазының әдебиеттегі дәстүрін таза сақтап, өзі де басқа ақындарға ұстаз болу дәрежесіне жеткен» (Қ.Мұхамедханов 4-том, 123 бет).

Бекбосынұлы Сүлеймен бидің өлеңмен жазған «Найман шежіресінде» Жанкөбекті тарата келіп, Әріп туралы айтады:

Байсалұлы Әліден Тәңірберген,

Оның ұлы Әріпті Найман білген.

Тұсында Әріп ақын атаныпты,

Ақындық Байғарадан үзілмеген.

Жел сөзге мұнан ешкім аса алмаған,

Нәсілі қас нағыздың үлгі көрген

Ізденген ақын емес Әріп өзі,

Ешкімнен жеңілмеген келсе кезі – дейді.

Әріпті Абайдан кейінгі «Ғұлама ақын» – деп таныған ақын шәкірті Шұғыбан Қауменов:

Абайдың ізін басқан данышпаным,

Аянбай надандықпен алысқаным.

Орыс, қытай, арабтың тілін біліп,

Білімнің шыңына өрлеп ғарыштадың.

Қайым Мұхамедханов осы Шұғыбан жайында былай айтады: «Мен Әріп ақынның шығармасын жинап, зерттеумен 1939 жылы шұғылдана бастадым, сол кезде Шұғыбанмен таныстым. Әріп ақынның шығармаларын ең көп білетін адамның бірі де Шұғыбан еді. Әріптің көптеген өлең-жырларын осыдан алдым. Әріптің өлеңдерін үзбей жіберіп тұрды» – деп еске алады.

Жармалық халық ақыны Сапарғали Әлімбетов естелігінде: «Жанымнан Тәңірдей құрметтеп оқығаным Абай болды, онан соң мені Әріп ақындыққа баулып тәрбиеледі» – дей келіп:

Абайдың бас шәкірті ақын Әріп,

Атағы кеткен жүйрік жерді жарып.

Бір Алла барлық қазақ ақынына

Шынында қызыр конған Абай дарып.

Әріп Тәңірбергеннің қазақ айтыс өнерінде әдебиетте ерекше құбылыс болғаны «Біржан Сара айтысы». Бұл жайында кім жазды, айтыс болды ма, болмады ма, көп пікір, талас-тартыс болғаны мәлім.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Әріп пен Сара хикаяттары» кітабында көсіле жан-жақты айта келіп «біздің мына жазып отырғанымыз – өмірде болмаған Біржан Сараның айтысы емес, Әріппен Сараның хикаясы, өмірде қосыла алмай кеткен қос ғашықтың сыры. Қазақтың айтыс өнерінде теңдессіз шедевр тудырған Әріп ақынға бағышталған құранымыз!, Сара апамыздың құлпытасына қойған гүліміз!» дейді (Қ. Жұмаділов. Әріп пен Сара хикаяттары. 105 бет).

Қазақ қыздарының бас бостандық азаттығы үшін күресіп, Сараның тағдырына ара түсіп, бостандық алып беруі, ақын еңбегінің бейнетінің өтелгені, ақынға тән ақиқаттың жеңісі еді. Әріптің «Біржан Сара айтысы» ел аралап, ауыздан-ауызға кең тарап, жатталып, ірі жазушы, ақын тұлғалар ортасында таңданыс туғызды. Бұл жайында Саду (Садуақас) Машақов: «…1936 жылы Жамбылдың мерекесін тойлауға Алматыға келген едік. Әр облыстан халық ақындары келдік. Мәжіліс басталғанша төбенің басында отырған жұрттың арасында, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Беймбет Майллин, Сәбит Мұқанов тағы басқа әріптестер бар еді.

Мұхтар маған қарап,

Садуақас мына кісілермен сөйлестіңдерме, қандай өнерлері бар екен?- деді.

Кенен ақсақал өлең де, ән де шығарады екен, ал Қуат ақын Терібаев «Біржан – Сара айтысын» жатқа айтатын көрінеді деген едім, екі-үш адам Мұхтарға қарап:

Мұқа соны айтқызыңызшы! – деп өтінді.

Қуат ақын сол жерде домбырасыз «Біржан Сал мен Сараның айтысын» шұбырта жөнелді, отырған жұрт құмарта тыңдады.

Япырмай, мұндай күшті, мағыналы айтыс бола қоймас. орыс тіліне аударар ма еді, бірақ мұның дәл өзіндей мағынада ешкім жеткізе алмас» – деді Мұхтар.

Қазақ тарихында ақындық өнерде ерекше осындай орны бар ақын Әріп атында  күні бүгінге дейін туған елі Жармада музейі жоқ.

Ең алғашқы құлшыныс бастама, қайта құру, жылымық кезінде, халқын сыйлаған ел, салтын да сыйлайды – деп Жарманың рухани өмірінде ана тілі мен салт-дәстүрін бойтұмар еткен «Мұрагер» клубы халық тарихына, мәдениетінде асылдарымызды танып білуге рухани орталыққа айналып, облыс, республика, баспасөз, радио, телехабардан елді елең еткізіп өткенге мұрагер, бүгінге бұйдагер болды. Осы тұста аудан орталығынан шалғай «Бірінші май» асыл тұқымды қой совхозы Үш Қаражал, Еңірекей өңірінде «Мұрагердің» бір орталығы «Үшбиікте»  «Насихат» атты бұқаралық орталық құрылды. Төрағасы болып совхоз партия ұйымының хатшысы, білімді азамат Еркін Жұмағұлов сайланды. Совхоз директоры Каметов Сағынған орын, уақыт, материалдық жағынан жұрттың қатысуына көмек беріп тұрды. «Насихат» клубы жанынан ашылған  «Сырсандық» отауының қонақтары, көнекөз шежіреші, ауыз әдебиетінің білгірі, кезінде Мұхаңмен (М. Әуезов) Семейде бірге оқыған Ғабділ Ахмет Шәкеров (1914ж) Ақтайлақ бимен аталас Сіламшайық Имам Мұса ұлы (екеуі де қуғын көріп Қытай асып оралған қазыналы қарттар) көне қаптың аузын ашты. Әріптің, Ақтайлақтың шежіресін,  Сабырбай ақын т.б. мұраларын табыс етті. «Сырсандық» атты әдеби шығармашылық отау Ақтайлақ, Әріп бастаған 17 ақын суреттерін салып, деректі фильмдер түсірді. Ақындарға арналған мемориалдық музей қоры жиналып, тұрақты музей үйі де белгіленген болатын. Отау мүшелерінің орта мектеп мұғалімдерінің тікелей қамқорлығымен жиналған дүниелер молыға түскен еді. Сазгер музыка маманы Байжүкенова Күлмира жетекшілігімен Еңірекей ұлт аспаптары оркестрі «Насихат» халықтық орталығының көңіл ашары еді. Орталықтың әрі өзінің көп жылдан еңбектенуінің барысында қазақ ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Серікқазы Қорабаевтың құрастыруымен Ақтайлақ би кітабы тұңғыш рет 30000 данамен 1991 жылы Алматыдан баспа көріп,  халықпен қауышты. 1991 жылы мамырда, ел есінде қаларлықтай  кітаптың түсау кесер тойы өтіп, ол ұлттық ойын,  ат жарыс, көкпар т.б. ұласты. Кітаптың тұсау кесер тойына Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер Ақтайлақтың ұрпағы Мұхтар Айтқазы арнайы келіп, жүрек жарды жылы лебізін айтса, «Ара» журналы редакторының орынбасары Тоқтархан Шәріпжанов:

Үшбиік Еңірекей Үшқаражал,

Ортасын Сарыарқаның қылған базар.

Өрілген бір Сыбаннан он жеті ақын,

Па, шіркін Жанкөбекте не арман бар.

Бабалар тарихына төркіндеген,

Бұл жолдан бір таймаған серпіндеген.

Кітаптың шығуына себеп болған,

Көп рахмет Сағынғанға, Еркінменен- деп жырлаған.

Көптің орынды ұсынысы мен Үшбиік орта мектебіне Ақтайлақ есімі берілді. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойына Еркін Жұмағұловтың иелік етуімен Әріптің атындағы киіз үймен, Абайдың әжесі Найман ішінде Матай қызы төркін жұртынан Зеренің 12 қанатты киіз үйін Сәтбеков Әлкеш екеуіміз Зайсандағы оралман туыстардан сатып әкеп, ішін өлкетану музейіндегі өте құнды ұлттық-этнографиялық мұралармен жасауладық. Біздің Жарма киіз үйлердің бәйгесінде жүлделі орынға ие боп, Елбасының марапатына елмен бірге қуанып көңіліміз жай болды. Той үстінде Еркін ауырып елге қайтып, өз үйінде күтпеген жағдайда мезгілсіз қайтыс болды, отбасы Алматыға көшті. Игілікті бастаған іс тоқтады. Жарма аудандық мәдениет бөлімі рухани ұлы істі жалғастыруға мұрагерлік ете алмай, әнші-күйші шағын топтың шашбауын көтеріп көбік мақтауды қанағат етті. Абайдың ақын шәкірттері  Көкбай Жанатаев пен Шәкер Әбеновке Абай ауданында, Әсет Найманбайұлына Мақаншыда музейлері құрылғалы қашан…

Абайдың 175 жылдық тойы орайында Әріптің музейін ашатын күн жетті. Бұл үшін Үшбиікте жиналған материал баршылық. Тек арнайы орын музей үйін дайындау кезек күттірмесе керек-ті. Арқа сүйер елі барда елінің тілегі мен тілегі бір болған, ақындықта үлкен құбылыс әкелген  Әріпке Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы дөп келіп, сәті  кеп тұрғанда Жарма ауданында Әріп Тәңірбергенов музейінің болуы ата-тегі түгелімен би-шешен, жырау, ақындық үзілмеген (әлемде адамзат тарихында болмаған тарихи-мәдени құбылыс)  әулетті өз ішіне алған, теңдессіз рухани бай музейдің бірегейі болары хақ.

Ақынның мұраты ұрпақ жүрегінде ғасырлар бойы айтылатын өлмейтін өлең болып сақталумен бірге жасау арманы болатын. Сондықтан Қалбатаудағы Георгиевка орта мектебіне Әріптің атын берсе, өзіне жеке музей ашса үлкен құрмет, мәңгілік ескерткіш болар еді.

Мұхаметқазы МҰХАМЕДИҰЛЫ,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Этнограф-тарихшы,

Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі.

Семей қаласы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз