Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы қазақтың ақбас сиырын мыңғыртып өсіріп жатқан «Шалабай» ЖШС Бас директоры Қуаныш Сүлейменов шымбайға батқан шындықтың шымылдығын былайша сыпырыпты:
– Жұмыс барысында кездесетін жәйттерге қарап отырып, «Біз неге осылаймыз?!…», – деп таңдануға тура келеді. Міне, тағы да таңданып отырмын: біздің облыста ауыл шаруашылығына инвестициялық субсидия түрінде биылғы бөлінген 4 млрд. теңгенің 3 млрд. теңгесі жайылымдықтарды суару мен «күн панельдерін» төлеуге жұмсалмақ. Себебі, ол шығынның 80%-ы өтеледі. Қондырғыны өзің сатып алсаң, ол 200-300 мың теңге тұрады, жеткізуші делдалдар арқылы алсаң 3-4 млн. теңге!!!! Ал өнім өндіретін, ұқсататын техника, сеялка, басқа да қондырғы құнының тек 25%-ы ғана қайтарылады….
«Осыған байланысты,-дейді Қуаныш, – АШ министрлігі бұл мәселені қайта қарап, өзгерістер енгізіп, фермерлерді қолдауға тепе-тең шарттар жасауы керек. Осы бір ауыр шақта ол (министрлік) жағдайға жедел үн қосып, уақыттың сынына төтеп беруі тиіс. Егін егіп, оны өсіріп, астық жинап, мал өсіретін, қысқасы, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фермерлерге қолдау көрсетудің маңызы айрықша!».
Шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Қуаныштың жан айқайына орай, соңғы уақытта абайтанумен, шәкәрімтанумен ғана шектелмей, қоғамының осал тұстарын батыл сынап, соның ішінде ахуалы ауыр ауыл мәселесіне орай өткір ойлар айтып жүрген зерттеуші-ғалым Асан Омаров әр күні аса қымбат көктем күнін бағаламаққа шақырып былай дейді:
– Қаржы банктерге емес, ауылға құйылсын! Есте жоқ ескі мезгілден ауыл азық-түлікті, қала киім-кешекті даярлап келді. Соңғы екі ғасырда осы табиғи келісім бұзылып, қала ауылға оны көп саланың бірі санап өктемдік жүргізе бастады. Мына пандемия осы дисбалансқа көзімізді ашып отыр! Әсіресе, қазақ елі үшін ауыл көп саланың бірі емес. Ол тіршіліктің тірегі, өзгенің бәрін сүйреп алуға қауқарлы басты звено. Қазір билікте асфальтте өскен өңкей тәжірибесіз жастар отыр. Өздері білмейді, экс-министр Тұрсынбаев сияқты үлкендерден ақыл сұрамайды. Қаржыны екінші, үшінші дәрежедегі мәселерге жұмсап әлек. Ең болмағанда, қазіргі көктемгі науқан шағында ауыл шаруашылығы басты назарда болуы керек қой. Бұл балаға да ұғынықты ақиқат сияқты. Халқым, үкіметтен бүкіл күшін егін егу мен мал өсіруге салуын талап етейік! Тағы да «Әй, қап!» деп тақырға отырумен аяқталып жүрмеуі үшін. Министрлік өз бетімен шешеді деп сену қиын.
«Жерұйық.kz» порталы.