Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе.
Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді.
Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек.
Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда бұл проблема әлі де ушығып тұр.
Мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек. Оларды қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде оқшаулаған жөн.
Мұндай әрбір істі прокуратура органдары ерекше бақылауға алуға тиіс. Әлеуметтік және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі немесе салғырттығына байланысты қатаң жаза қолданылатын болады.
Жалпы, бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы 17 заңмен және заңға сәйкес ондаған актімен реттеледі. Бұл реттеу ісінің күрделенуіне және жүйесіздігіне әкеп соқтырды. Соның салдарынан мемлекет жауапкершілігі айқындалмай, азаматтар өз құқықтарын жете түсінбей жүр. Үкіметке еліміздің Әлеуметтік кодексін әзірлеу жұмысын бастауды тапсырамын.
Әлеуметтік төлемдерді цифрландыру үшін шаралар қабылдау керек. Осыған орай азаматтың «әлеуметтік цифрлы әмиянын» енгізіп, тиісті тауар өткізуші жүйе қалыптастыру қажет.
Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.
Өкінішке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лотереяға, бәс тігуге және букмекер агенттіктеріне жаппай әуестігінің себебі осында. Күнделікті өмірде гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегін менсінбеушілік етек алды.
Алаңдаумен өткен соңғы айларда еңбек етудің баға жетпес қадір-қасиетін жете түсіндік. Кіші медицина қызметкерлері, коммуналдық және қызмет көрсету саласында еңбек ететін азаматтар қыруар жұмыс атқарды. Бұл – нағыз еңбектегі ерліктің жарқын үлгісі. Мұндай адамдар мемлекет назарынан тыс қалмайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жыл, 1 қыркүйектегі
Қазақстан халқына Жолдауынан.