Түркістан делегациясы Семейде

664

Еске сала кетейік, Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысы қалаға жаңа мешіттің жанындағы аумақты абаттандыру түрінде сыйлық жасаған болатын. Делегация өткізілген жұмыстармен танысу және ұлы Абайға құрмет көрсету мақсатында Семейге келді.

Кездесу қалалық әкімдікте басталды, онда жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлар талқыланды. Отырысқа Семей қаласының басшылығы мен Түркістан облысының өкілдері, меценаттар, имамдар мен кәсіпкерлер қатысты. Содан кейін делегация мешітке барып, жүргізілген жұмыстармен танысты. Салынып жатқан мешіттің аумағында бүгінде шыршалар отырғызылып, төсем төселді, балалар және спорт алаңдары орнатылды. Қазіргі таңда жұмыстар 95% орындалды. Жақын арада мұнда 500 көлікке арналған автотұрақ та пайда болады. Жалпы абаттандыру жұмыстарын 20 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Кейін делегация Абай ескерткішіне барды. Түркістан облысынан келген қонақтар ұлы ойшылды еске алып, монумент етегіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, делегация өкілдері «Алаш арыстары» мұражайына барды. Бұрын осы ғимаратта қазақ зиялылары мен «Алаш» партиясының өкілдері жиналған болатын. Экспозицияда алашордашылардың тарихымен байланысты көптеген экспонаттар ұсынылған.

Кездесу соңында делегация өкілдері Семей өңірінен келген қонақтарды әрдайым қуана қарсы алатынын атап өтіп, семейліктерге пандемияның тезірек аяқталып, қалыпты өмірге оралуын тіледі.

«Жерұйық»-ақпарат».

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз