Әкесі Қайраттың мәйітін әкетпек болған

1783

Мен ол кезде Семей облыстық ішкі істер Басқармасының саяси бөлімінде жауапты қызметте болатынмын. Желтоқсан көтерілісінің мән-мағнасын, маңызын, тарихта алатын орнын сан-саққа жүгіртіп, бүкіл қоғам бір пікірге келе алмай жанталасқан дәуір болатын. Мәскеудің «орағы мен балғасы» қанша жерден үрейіңді ұшырғанмен, қызыл жалауы мойныңа оралып, деміңді тарылтқанымен, сол көтерілістің аржағында намыс барын, шыңырау түбінен шыққан жаңғырықтай жанайқай барын санаңмен екшейлейтінсің, жүрекпен сезетінсің. Сол кезде сенің санаңмен санасып, жүрегіңнің соғуына, оның түбіндегі сырға құлақ түретіндер болды ғой. Шындықтың бұрмаланып жатқанын ат төбеліндей жандайшап атқамінерлерден басқаларының көздеріні жеткені хақ. Ақиқатты бұрмалап, аққа қара жағып жатқандар да сол шолақ белсенділер болатын. «Бәрін болашақ бағалап, орын-орынына қояр» деп қоятынбыз.

1988-шы жылдың 21-ші мамырында түрмеде бір «декабрист» асылып қалыпты деген суық хабар шекпен киіп, шен таққандардың арасына қас-қағымда тарап кетті. Қазақ екені белгілі. Аты-жөнін ешкім белмейтін. Бұл қаралы хабар есі барларға ой салды. «Неге бұлай болды? Семейге қалай және қашан әкелді? Өз-өзіне қол салды ма, жоқ әлде…» деген сан сұрақтар жауапсыз қалып жатты.

1989-шы жылдың 6-шы ақпанында мені тергеу изоляторы бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Жеке құраммен, тергеу изоляторының ішкі-сыртқы құрылысымен танысып жүрмін. Тар дәліздің түптегі қуысында орналасқан камералардың алдына келгенде қасымдағы көмекшім: «Мына камерада Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, сотталған Қайрат Рысқұлбеков асылып қайтыс болды» дегенде қарақұстан біреу абайсызда түйіп жібергендей болды. Айдарынан жел есіп, қазақтың маңдайына жаратылған талай алаш арыстарының қылышынан қан тамған қызыл өкіметтің қуғын-сүргін жылдарында Семей түрмесінде қасіретті күн кешкендерін тарихтан білетінмін. «О, жаратқан!- деп қолымды кеудеме қойып, – Тура жарты ғасырдан кейін тағы бір алаштың адал азаматының жанын алған сұм саясат! Ұлт мақтан тұтатын жазықсыз жайсаң жандарға тізе батырып, азаптауды осы Семейдің абақтысына жазып қойған ба?» – дедім ішімнен. Камера қаңырап бос тұр екен. Құдай бетін аулақ етсін, камера атаулыға бірінші кіруім.Табалдырығынан аттағаным сол еді, тұла бойым мұзға оранған ызғар сезгендей болды. Жантүршігерлік күңгірт қапас. Қара түнек. Алақандай ғана темір торлы терезеден жарыған жарық та түсіп тұрған жоқ. Өлер-өлмес болып, қылға ілінгендей күн кешіп, сығырайып шам жанып тұр. Тозығы жеткен құбырдан тас еденге су тамшылайды. Камераның іші ызғарлы десем жеткіліксіз болады-ау. Ызалы ма деп те қалдым. Бұл камераның ішіне кім кіріп, кім шықпады дейсіз! Бірақ, Қ. Рысқұлбековтың дәл осы камерада көз жұмып, мәңгілік қаралы камера атанғанына, өшпес қара таңба басылғанына ызаланып, өкси өкініп тұрғандай болды маған. Камераға кіру қалай қиын болса, шығу одан оңай болған жоқ. Себебі, Қайраттың камераға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ қой! Тас қапас жұтып қойғандай болып көрінді маған, қазақтың өткір де өжет ұлы Қайратты!

1993-шы жылдың көктем айларының бірінде мені(ол кезде тергеу изоляторына бастықпын) облыстық ішікі істер Басқармасы бастығының орынбасары, милиция полковнигі Т. Болыспаев (жапа шеккендерге араша түсуден алдына жан салмайтын еді, жарықтық) шақырды. Кабинетіне кірсем, бет-пішіні, түр-тұлғасы семейліктерге ұқсамайтын бір ер адам отыр екен. Алдымен сол кісімен қол алысып амандастым. «Жаңағы айтқан осы жігіт болады, – деді Тоқтарқожа Құрмашұлы бейтаныс қонаққа қарап. –Ал мына кісі – Қайрат Рысқұлбековтың әкесі Ноғайбай ақсақал болады». Орнымнан тұрып Ноғайбай ақсақалмен  көрісіп, қайта амандастым. «Бұл ақсақалдың біраз өтініштері бар екен. Соны орындауды сізге тапсырамын. Өз қызмет орныңызға ертіп кетіңіз, сол жерде ақылдасып, шешерсіздер» – Т.Қ. Болыспаев.

Үн-түнсіз келіп, кабинетке кірдік. «Ал, балам, менің бірінші өтінішім, қарсы болмасаң, Қайрат отырған камераны көрсетші. Соны көріп келген соң, екінші өтінішімді айтармын» – деді Ноғайбай ақсақал. Түрме қызметкерлерінен, онда отырғандардан ешқашан ештеме жасырып қала алмайсың, ол сондай орын. Ешбір жаршысыз-ақ жағдайды біліп отырады. Менің Қайрат Рысқұлбековтың әкесімен түрменің бас ғимаратына кіріп бара жатқаным бәріне мәлім болды. Түрменің үш ғасырға куә болған дәліздеріндегі толасыз болып жататын ары-бері жүрістер, камерадағылардың ішіндегі абыр-сабыр әңгімелер де пышақ кескендей тыйылды. Ешбір бұйрықсыз тыныштық орнады. Жым-жырт.  Едені тас дәлізбен келе жатырмыз. Бойды ауыр сезім билеген. Жан-дүниең алай-дүлей. Камераға жақындаған сайын Ноғайбай ақсақалға көзімнің астымен қарап-қарап қоямын. Еңсесін түсірмей, бойын тік ұстап, мені қамшылар жағына алып келе жатыр.  Камераға кірдік. Мұздай темір төсектің үстінде қатар отырмыз. Сол баяғы ызғарлы камера. Тіс жармай көп отырдық.  Ноғайбай ақсақал үндемеген сайын, оның тұла бойынан мұң төгіліп, шер атқылап жатты. Бұл үнсіздік Жер шары былай тұрсын, ғарышты жаңғыртып тұрды… «О-о-о-й!!! Құлыным-ай, жаның қиналған екен ғой! Қыраным менің, Қайртым менің! У-у-у-ф!» – деп ауыр күрсінді. Сол дәлізбен қайта келдік кабинетке. Қажырлы екен, қайран Ноғайбай ақсақал. Берік екен, қияда қыран тәрбиелеген бүркіт Әке!

«Балам, менің екінші өтінішіме құлақ сал, – деді орамалмен көздерін сүртіп жатып, –  Қайраттың сүйегін елге әкетсек деп едік. Ауыл ақсақалдары Қайраттың сүйегін Түркістанға апарып, хандардың, билердің, батырлардың қасына арулап қайта жерлесек деген ұсыныстар айтып жатыр. Бірақ, қайтыс болған адамды қайтадан басқа жерге апарып жерлеу үшін арнаулы мекемелерден рұқсат алу керек екен. Телміріп олардың табалдырығын тоздыруға менің уақытым да, шыдамым да жете қоймас. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп деген. Сондықтан сен осыған қолғабыс етіп жібер. Баратын жеріңнің бәріне мені тастамай ертіп жүр, шырағым» – деді Ноғайбай ақсақал.

Шынында да құжат жинау – қияметі көп шаруа екен. Ат-тонын ала қашқандар да болды. Қолды орынбасарына қойдырып, мөрді өзі басқан бастықтар да кездесті. Үш күндей жүріп барлық құжаттарды жинап, Ноғайбай ақсақалдың қолына тапсырдым.

Алғысын айтып, еліне кетті ақсақал…

Осы жағдай Семей өңірінің зиялы қауым өкілдеріне белгілі болғанда, олар қарсылық көрсетті. Қарсылық емес, уәж айтты. «Қайраттың кіндік қаны Мойынқұмда тамғанымен, оның тәуелсіздік жолында жасаған ерлігі бүкіл қазаққа ортақ. Ол қазақ халқының жарқын болашағы үшін құрбан болды. Батырдың сүйегі қай жерде жатса да, қазақ үшін оның есімі қастерлі. Түркістанда хандар, билер және батырлар жатса, Семей жерінде Абай жатыр, Шәкәрім жатыр. Батырдың атын, ерлігін біз де қадірлей аламыз, біз де бағалай аламыз. Қайратты мәңгілік мекенінен қозғамайық. Тірі кезінде көрген қорлығы аз болған жоқ» – деді.

Бүгінде Семей шаһарында Қайрат Рысқұлбеков атында көше, мектеп бар. Қаланың ортасында қасқайып ескерткіші тұр. Ескерткіші гүл шоқтарынсыз болмайды. Жас та келіп, кәрі де келіп тағзым етіп тұрады.

Қайраттар қарсы күрескен Одақ та опырылып, келмеске кетті. Қайрат көз жұмған абақты да жер бетінен сүріліп, бір тасы қалмай жоқ болып кетті. Ал Қайраттың есімі ел есінен ешқашан шықпайды.

 Полковник Әли-Хан Омарбеков, Семей.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз