Жер тағдыры – Ел тағдыры!

553

Биылғы 25 наурыз күні жаңадан құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші мәжілісі болып өткені мәлім. «Жерұйық» ақпараттық порталы Ел мен Жердің көкейкесті мәселесі талқыға салынатын осы мәжілістегі ең бір өткір сөздерді жариялай бастауды ұйғарды.

Бүгін солардың алғашқы легін ұсынып отырмыз. А.Күрішбаевтың сөзі таза қазақ тілінде жолданса, М.Әбеновтың сөз мәтіні орыс тілінде мәлімденгендіктен, оны сәл ғана ықшамдап, төл тілімізде ұсындық. Сол сияқты, «Жер – халықтікі!» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Мұхтар Тайжанның да ұсыныстарын  «Жерұйық»  оқырманына жеткізуді мақсат тұттық.

 

Жер жеке меншікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек!

Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жай ғана өндіріс құралы емес, ең алдымен, бұл біздің ұлттық игілігіміз, ата-бабамыздан қалған тарихи мұрамыз, бүкіл халқымыздың байлығы және оның басты құндылығы.

Жер мәселесіне қатысты менің берік ұстанымым: Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікте емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек.

Ең алдымен, бұл біздің геосаяси жағдайымызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі бойынша біз әлемде алтыншы орын аламыз, ал егістіктің алқаптары бойынша жан басына шаққанда Австралиядан кейін екінші орындамыз (яғни, бір адамға шамамен 1,3 га егістік жер келеді). Басқаша айтқанда, бізде халық тығыздығы өте төмен.

Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, біздің жер ресурстарымыздың жеке меншікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мәселен, нарықтық экономикасы дамыған Израильде барлық ауылшаруашылық жерлері мемлекеттің құзырында.

Екіншіден, қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жерасты пайдалы қазбаларының арқасында дамуда, бірақ олар бір кездері аяқталатын, яғни жаңартылмайтын табиғи ресурстар болып табылады.

Сондықтан, мемлекетіміздің болашағы ауыл шаруашылығының дамуымен байланысты болады. Міне, сонда біздің болашақ ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қолжетімді болуы керек. Яғни, олар өзінің аграрлық бизнесін дамыту үшін, жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет.

Үшіншіден, бүгінде «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші болып табылады» деген пікір бар.

Шынында да, агро-өнеркәсіптік кешенге инвестициялар тарту жағынан біз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен көп артта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Австралияда бір гектар егістікке шаққанда 422 АҚШ долларын құрайды, Канадада – 80 АҚШ доллары, ал Қазақстанда бір долларға да жетпейді, яғни 100-400 есе аз.

Шет елдерде инвестициялар тартудың басты шарты ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен жоғары рентабельділігі болып табылады, бұл ең алдымен мемлекеттің тиімді аграрлық саясаты есебінен қалыптасады. Басқаша айтқанда, егер біздің шаруашылықтарымыз шетелдік фермерлер сияқты ұзақ және арзан кредиттермен, мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен (субсидиялармен), кепілдендірілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми-технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, біздің де аграрлық саламыз инвестициялық сұраныста болар еді.

Жалпы, 2016 жылы құрылған мемлекеттік жер комиссиясының өз уақытында қоғамдағы түрлі пікірлерді біріктіріп, жер қатынастарын жетілдіру жөніндегі негізгі ұсыныстарды ескергенін атап өткім келеді. Сондықтан, менің ойымша, қазіргі жер комиссиясы өз жұмысында сол ұсыныстарды негізге алуы керек.

Өкінішке орай, олардың бір бөлігі іске асырылмай қалды. Мәселен, елде жер ресурстарын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін, біз мемлекеттік жер инспекциясының вертикалын қалпына келтіре алмадық. Жер ресурстарын басқару комитеті дербес орган емес, ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты. Сонымен қатар, оның тек 38 адамнан тұратын орталық аппараты бар. Аймақтық жер инспекциялары жергілікті атқарушы органдарға берілген. Сонда аудан әкімі жерді өзі бөледі, өзі оны бақылайды. Бұл дұрыс емес.

Елімізде топырақ-агрохимиялық зертханалар желісін құру мәселесі де шешілген жоқ. Сондықтан жалға берілген жер телімдерінің топырақ құнарлылығы не болып жатқанын нақты білмейміз.

Осы уақыт ішінде біз ауыл шаруашылығы жерлерінің ғарыштық мониторингінің отандық жүйесін заманауи деңгейге көтере алмадық.

Әкімдіктер ауылдық елді-мекендерді жайылымдармен қамтамасыз ету мәселесін соңына дейін шеше алмады. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, қазір ауылдың малын жаюға 32 млн. гектардан астам жайылым жетіспейді. Бұл Үкіметтің қарауына 2016 жылы жер комиссиясы шығарған мәселелердің бір бөлігі ғана, олар әлі күнге дейін түпкілікті шешімін таппады.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев,  комиссия мүшесі.

                            Менің бес ұсынысым

Мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге қарсымын. Соның ішінде ҚР азаматтарына да.

  1. Күні бүгінге а/ш жерлерінің 0,6%-ы ғана жеке меншікке берілгендгін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Жердің қазірде 99%-дан астамы әлі де мемлекет меншігінде.

Негіздеме: бізде, балаларымыз мен немере-шөберелерімізде жерді пайдалану құқысы бола ма, жоқ па?!

Қолданыстағы заңдар мен бүгінгі билік басында отырғандар осы мемлекет меншігін толығымен жекеге таратып жібермей ме? Ата-бабамыздан қалған байлықты келер ұрпақ пайдалану үшін ертеңгі күні өзгеден рұқсат сұрап жүрмей ме? «Латифундистер» миллиондаған  гектар жерді заңдастырып алып, олардың ұрық-шәріпі «рантье» болып шыға келмей ме?

  1. Жерге меншік құқы мәселесін шешу кезінде бүкіл азаматтардың барлығының пікірлерін ескеруіміз қажет.

Негіздеме: а/ш жерін жалға беру мен сату Тәуелсіздік алған жылдардан басталды. Алаң-елең сол бір кезде көптеген азаматтарымыз жаппай қоныс аударып, үй-жайларын арзан бағаға беріп, өзінің жер үлесін қалдырып кетіп жатты. Сондықтан да олар ауылдағы жекешелендіру науқанына қатыса алмады. Бүгінде 19 миллион халқымыздың 100 мыңында ғана жеке меншік жері немесе 49 жылға жалға алған жері бар. Сондықтан халықтың 1 пайызынан кем тұрғындар бәріміздің атымыздан жер тағдырын шешуге құқылы емес.

  1. А/ш жерін тек қана жалға беруді, мұны тек мемлекет атынан ғана жасауды ұсынамын.

Негіздеме:  Жер жеке меншікке берілсін дегенді жақтайтындар жер коммерциялық айналымға түсуі керек деген дәлелді алға тартады, олар тек сонда ғана  жер инвестор үшін құнды болады дейді. Бірақ жерді жалға беру мен алу нарығын реттесек, жерді жеке меншікке бермей-ақ, жер  пайдалану саласында нарықтық қатынастар  құру үшін жеткілікті болар еді. Бұл тұста жерді жалға берудің түрлі мерзімі, түрлі бағасы мен шарты болуы тиіс. Алдын-ала сынақ мерзімі белгіленіп, шарт талаптары сақталған кезде, одан әрі 49 жылға дейін пролонгация жасалуы тиіс.

  1. А/ш жерлерін қосымша жалға беруге (субаренда) тиым салынуы керек.

Негіздеме:  жердің жалға алынуы сол жерді өңдеп, тиімді пайдалануға ынтаны арттыруы тиіс. Жерге салынатын салық сапалы өнім алуға, жаңа технология енгізуге, жұмыс орындарын ашуға түрткі болуы тиіс. Егер жалгер жерді тиімді пайдалана алмаса, онда ол жерді мемлекетке қайтарып беруге міндетті. Жерді тиімсіз пайдаланатын жалгердің оны өз таңдауымен келесі бір қосалқы жалгерге беру құқысы болмауы тиіс. Бұл экономикаға да тиімсіз: өнімнің ақтық құнына делдал-жалгердің қосымша табысы да әсерін тигізеді.

  1. Әкімдіктер жер кодексі талаптарының орындалуын бақыламауы тиіс.Бұл функциялар тек орталық органдарда ғана болуы керек. Сандық және автоматтандыру жүйесі негізінде.

Негіздеме: Жер ресурсын басқару  – бұл саладағы есепке алу, бөлу мен бақылау жасаудың ең бір жемқорлық жайлаған тармағы. Соңғы 5 жылдың ішінде кімнің қандай телімге ие болып отырғанын, ол жер қандай жағдайда екенін, оны қалайша тиімді пайдаланып отыр, ол жер тозып кеткен жоқ па – міне, осы сұрақтардың бірде-біріне толыққанды жауап ала алмай отырмыз. Қолданыстағы заңдылық бойынша бұндай ақпарат жергілікті органдардың сайттарында орналасуы тиіс. Бірақ көбінесе ондай ақпаратты таба алмайсың. Неге? Жергілікті жерлерде белгілі бір  топтар бірлесіп алып, миллиондаған гектар жерді өңдеп жатырмыз деп бюджеттен миллиондаған теңге субсидия алады. Әкімдіктер жерді өздері береді, субсидияны өздері шешеді, өздері бақылау жасайды. Сондықтан да олар жер иелері жайлы ақпараттың ашық болуына қарсы. Жер жайына  ғарыштық мониторинг жасауға барынша кедергі жасап бағуда. Өйтпесе, жердің қанша жеріне тұқым себілгені, топырақтың жайы, астықтың шығымы, т.б. мәселелер әшкере болып қалады.

Мұрат Әбенов, 

Жер реформасы жөніндегі Комиссия мүшесі,  қоғам қайраткері.  

 

Жерді кім жалдап отыр – халық білуі керек

Ортақ мақсаттарға жету үшін бір жұдырықтай болып жұмылайық, топтасайық! Бұл ортақ мақсаттар менің ойымша мынандай:

  1. Жерді тіпті ҚР-ның азаматтарына жеке меншікке сатуға тыйым салу.
  2. Жердің ашық кадастрін орнату. Жерді кім жалдап отыр – халық білуі керек, бұндай ақпарат ашық болуы тиіс.
  3. Әр ауылдың маңайындағы жайылым жерлерін мемлекеттік меншігіне қайтару.
  4. Бос жатқан жерлерді космомонитринг арқылы мемлекетке қайтару.
  5. ҚР азаматтығын беру тәртібін қатаңдыру.
  6. Жердің бөлу мен беру процесін цифрландыру, ашық қылу. Бұл процеске әкімдер бұдан былай араласпау керек.
  7. Банкттердің кепілдіктерінде тұрған жерлерін мемлекеттік меншігіне қайтару.

Мұхтар Тайжанқоғам қайраткері, комиссия мүшесі.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз